Рухани Жаңғыру жолына түскіміз келе ме?
Әруаққа сенбейтіндер оқымасын
Мен бұл жазғанымның ешқандай оң нәтиже бермейтінін, ағысқа қарсы жүзгенімнен түк шықпайтынын көріп те, біліп те отырмын, бірақ, айтпай қалайын десем ертең алдына баратын Алладан да бұрын өз арымның, бала-немерелерімнің алдында күнәһар болып, ақталарға жауап таба алмай қалайын деп тұрмын. Асқар Тоқмағанбетов атамыз «Айта алмай кетпе, айтып кет!Айта алмайсың қайтып кеп!» деген жоқ па еді. Ендеше, «құлдан да бір құзыр», бес-он минут уақыттарыңызды бөлулеріңізді өтінемін.
Міне, бірнеше күн болды, латын алфавитіне көшу елдің аузынан түспей тұр. Бірден айтайық, біз де кириллицадан құтылу керек дейтіндердің, бірақ, латыншаға барып тұтылу керек емес дейтіндердің, қатарындамыз. Неге? Бұл сұраққа жауап беру үшін алдымен ұлттың адамзат өркениетіне қосқан үлесі немен өлшенеді деген сұраққа жауап іздеп көрейік. Осыдан 6 мың жыл бұрын жылқыны қолға үйреткен халық басқа емес, қазақ екенін әлем мойындап болды. Сол әлем оған дейін-ақ ғылымға «Бегазы-Дәндібай мәдениеті» деген ұғым енгізген қазақ тарихының атасы Әлкей Марғұланның 25 жыл бойғы жанқиярлық еңбегінің арқасында қола мен темірді адамзат тарихында қойнау қола, темір, көмірге толы Арқадағы Кент, Бұғылы, Шортандыбұлақ, Мыржық, Бегазы, Дәндібай, Ортау, Еңбексүйгіш, т.б. көне елдімекендерде алғашқы болып өңдеген қазақ екенін, қолында жылқысы мен қоласы, темірі бар қазақтың арбаны да бұдан 4 мың жыл бүгінгі қазақ жерін мекендеген біздің ата-бабаларымыз жасап шығарғанын мойындап қойған болатын. Қазақ даласында тұмсығы тасқа тиіп, кері қайтқан Александр Македонскийдің алып қайтқан олжасының үлкені - қола қанжарының орнына байланған алмас қылыш болатын...
Бірақ, біздің бабаларымыздың адамзат өркениетіне қосқан, бұл аталған игіліктерден айрықша бөлек тұратын тағы бір жаңалығы болды, ол – сына жазу еді. Жалпы, адам баласы бүгінгі таңға дейін бар болғаны 13 алфавит ойлап тапқан. Орхон даласы мен Енисей өзені бойынан табылған түрік бітігі - соның бірі. «Күлтегін жазуына» түрік тілдес халықтардың ішінде ең жақыны – бүгінгі қазақ тілі!
Айтыңыздаршы, алфавиттен артық қандай мақтаныш, қандай үлес болуы мүмкін?! Егер, төл жазуымыз болмағанда латынға көшуді қос қолдап қолдайтынның бірі біз болар едік. Бірақ, Аллаға шүкір, бізде жоқ емес, өзіміздің төл жазуымыз бар ғой! Ата-бабамыз мұраға қалдырған! Олар ұрпағы үшін, біз үшін бұдан артық, бұдан бағалы қандай Рухани мұра қалдыруы мүмкін, айтыңыздаршы?!.. Заттай байлықтан ұлан-байтақ жер қалдырды. Оны да жөндеп игерудің орнына қайта-қайта шетелдіктерге жалға да береміз, сатамыз да деп қопаңдап отырмыз. Былтыр әйтеуір әупірімдеп жүріп сатылудан қалың елдің қарсылығы арқасында аман алып қалдық, бірақ, ол мәселе күн тәртібінен түскен жоқ, бар болғаны кейін шегерілді...
«Киесіз – жер, қасиетсіз – ел болмайды» дейміз. Жер дегеніміз жансыз зат. Сол жансыз заттың өзінің киесі бар екен. Киесі болмаса «ресурстар қарғысы» деген ұғым да пайда болмас еді. Ол қарғысқа билігі Жаратушының халықтың несібесіне берген ресурсын, яғни, заттай байлығын өңдеп, сол халықтың пайдасына жұмсаудың орнына тек қана сатуды білетін елдер ұшырап отыр. Оның ішінде, өкінішке қарай, біз де бармыз. 25 жылда біз арабтар істегеннің 25-тен бір бөлігін де істей алмадық. Жеріміздің, жеріміздегі табиғи байлықтың киесі ұрып жатыр бізді!..
Енді келіп екінші баға жетпес байлықтан өз еркімізбен бас тартқымыз келеді. Еврейлер 2 мың жыл бойы тек синагогада ғана қолданылып келген көне иврит тілін қайта тірілтті. Міне, жаңғыру, жаңғырту деп соны айтады. Одан олар ұтылды ма?
Бізге де көне руна жазуын тірілтсек, ата-баба әруағы риза болады. Ал, қазақтың «өлі риза болмай, тірі байымайды» деген сөзі жай әшейін ермекке айтылған сөз ғой дейсіз бе? Жоқ, оның тамыры өте тереңде. Тек бұл жерде оны таратып жазуға мүмкіндік жоқ. Сондықтан, бір ғана мысал келтірейік. «Алпамыс батыр» дастанындағы Байбөрі мен Аналықтың Бабай түкті Шашты Әзиз әулиенің басына келіп түнейтін жері.
«...Жылыбұлақ деген жерге келеді. Шеңгелі маңдайына иіліп кеп қадалып жібермегеннен кейін, бір кереметі барын біліп, екеуі сонда түнейді.
Сарғайып таң атқанда,
Көк есегі астында,
Ақ сәлдесі басында,
Сырлы асасы қолында,
Өзі Хақтың жолында,
Бір диуана келді де,
Асамен түртіп оятты.
«Ей, бишара, мүгедек!
Жаныңызға не керек?
Дейсің ғой «маған ұл керек!»
Әулиені қыдырдың,
Жердің жүзін сыдырдың,
Маңдайыңды төбелеп.
Әрқайсысының әртүрлі,
Мәртебесі әр бөлек.
Сен үшін бәрі қиналды,
Бір жерге тегіс жиналды,
«Бір ұл бер» деп «осыған!»,
Бір жаратқан Құданың,
Тура өзіне жылады.
Сексен сегіз серулер,
Тоқсан тоғыз мың машайық,
Бәрінің көңілін қимады.
Мен де тұрдым ішінде…
Жаратушы жалғыз Хақ,
Дәргейіне ұнады.
Ұнағанын содан біл,
Бір қыз қосып сыйлады.
Менің атым – Шашты Әзіз,
Қыламын десең ықылас,
Жарылқады Жаратқан,
Ей, бишара, көзіңді аш!
Ұлыңның аты – Алпамыс,
Қызыңның аты – Қарлығаш».
Енді, осындағы әулиенің бәрі де әруақтар ғой. Әруақ дегеніміз кім? Адамның жаны. Тән өлгенмен жан өлмейтіні белгілі. «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес, Ол бірақ қайтып келіп, ойнап-күлмес» деген жоқ па Абай атамыз да. Жан дегеніміз Рух! Ол – адам мен Алланың арасындағы дәнекер. Жаратылысы таза, батыр, ақылды адамдардың рухы күшті болады. Қазақтың «әруақ қонған ер» дейтін даналық сөзі содан шыққан.
Біз сына жазуға бірден, Тәуелсіздік келген тоқсаныншы жылдардың басында көшіп кетуіміз керек еді. Нағыз халықтың рухын көтеретін нәрсе осы еді. Бірақ, біздің билік 25 жыл бойы рухымызды көтеру тұрмақ, тіліміздің өзін толыққанды мемлекеттік тіл ете алмай келе жатқан жоқ па? Енді Құдай иіп, қандай себеппен болсын, Рухани Жаңғыру жайлы бастама жасаған екен, неге оны іліп әкетпейміз? Әлде де кеш емес!Әлеуметтік желіде менің ойымды айтып жатқан азаматтар аз емес қой, неге олардың жан айқайын тыңдағымыз келмейді, латыншыл мырзалар? Неге сіздер қазақтың өзін ғана тыңдайтын ескі жаман әдетіне басасыздар? «Қанша көп білсең де, көптен көп білем деме» деген, бір-екі ғана адамды тыңдайықшы.
«Біздің арғы ата-бабаларымыздың да өздерінің керемет жазу үлгілері болған, соны қолдансақ санамыз еркін болады, ұлттық өзгешелігімізді пайымдап, құлдық санадан құтыламыз. Қазіргі заманда оның компютерлік нұсқалары жасалып қойған, көптеген оқу құралдары, үйрету әдістемесі дайын тұр. Қысқа уақытта халыққа үйретіп, қолданысқа енгізуге болады...». «
Біріншіден, латынша қолданғаннан халықтың ұлттық санасы оянып кетпейді. Екіншіден, латын алфавиті арқылы орыс тілді қазақтар саны азаяды деу - өте балаң пікір. Қазақ халқын жаппай қазақ тілінде сөйлеткенде ғана тіліміз өлмейтінін мойындайық. Басты мәселе - осы. Үшіншіден, латынның интернет тілін меңгеруге септігі тиеді деу де асығыс пікір. Интернет тілі деген тіл жоқ. Кей кісілер ағылшын тілі мен латын алфавитін шатастырып алатын секілді... Латын алфавитіне көшті деп әлем біздің тілді үйреніп, біздің әдебиетті оқуға кіріспейді. Бізге қазір мемлекет боп іштей ұюымыз ауадай қажет. Халайық, мұндайда фантазияны емес, логиканы іске қосу керек».
«Ойбай, алфавит бірдей болса, біз түріктектес ұлттардың жазғанын оқи алатын болар едік, рухани жақындасар едік» дейді кейбіреулер. Кеңес кезінде алфавит бір болды, қайсыңыз өзбек, қырғыз, түрікмен, әзірбайжанның газет-журналы мен кітабын оқып қарық қылдыңыз? Оқыған жоқсыз! Алда да оқи алмайсыз. Неге? Себебі, алфавит бір болғанмен тіл бөлек. Өзбек «жигар жеңіз» дейді, не беріп отырғанын түсінесіз бе? Түсінбейсіз. «Бахор келді» дейді. Не ұқтыңыз?
Екіншіден. Алфавит дегеніміз бар-жоғы құрал ғана. Пышақ, күрек, компьютер секілді. Мемлекеттің гүлденуінің тілге ешқандай қатысы жоқ! Ол тіпті тікелей мемлекеттік құрылымға да тәуелді емес. Сенбесеңіздер санап көріңіздер – ең дамыған 20 елді алыңызшы, оның ішінде абсолютті монархия да бар, конституциялық монархия да бар, республика да, тікелей президенттік билік те бар, парламенттік-президенттік, парламенттік биліктегі елдер де бар. Демек, елдің дамуы алдымен оның басшылығына, екінші кезекте мемлекеттік құрылымының формасына байланысты.
«Латыншылдардың» ең үлкен көзірі - «латын алфавитіне көшсек, әлемдегі білім мен ғылымнан қиналмай-ақ сусындар едік». Тағы да істің мәнін білмей сөйлеу. Латын емес, тікелей ағылшын алфавитін сол күйінде, тіпті ағылшын тілін қабылдасақ та автоматты түрде бай, қуатты, білімді, озық ел болып кетпейміз. Әлемнің 25 елінде ағылшын тілі әрі мемлекеттік, әрі ресми жалғыз тіл. Олардың ішінен Ұлыбританияны, АҚШ-ты (31-штатты) және Австралияны ғана дамыған елдер қатарына қоса аласыз. 37 елде ол мемлекеттік тілдің біреуі. Олардың арасынан тек Канада, Ирландия мен Индияны ғана дамыған ел деуге болады. 62 елдің ішінен алтауы немесе 25 елдің ішінен 3-еуі ғана. 10 пайызға жетпейді! Бұл да сіздерді ойлантпай ма?.. «Япония, Китай, Южная Корея. Так вот, во всех этих странах уровень владения английским один из самых низких в мире. Представляете? Это "языковые кретины" (есть такой термин в социолингвистике). Близкая к этому ситуация в Испании, Франции, Польше. Они не стали от этого хуже развиваться».(Фейсбуктен).
Биліктегі біздің орыстілділерге керегі де осы – бүтін қазақтың енді тіл мен дінге қоса алфавиттен де қақ бөлінгені. Бүгін іс жүзінде орыстілді биліктегілер (олардың өзі ағылшынша жаман білмейді, ал, балаларын жаппай-поголовно ағылшынша оқытып жатыр) латын әрпін қабылдасақ ертең-ақ қостілді – орыс және ағылшын тілді, арғыкүні толықтай ағылшын тілді елге айналып шыға келетінімізді көріп отыр. Өйткені, мемлекеттік қызметті, іс қағазын, ғылым-білім, банк, сот, құқық органдары тілін қазақ тілі ете алмаған біз орыс тілінің ықпалында кетеріміз айдан анық. «Екі алфавит қатар жүре тұрады» деген желеумен бүгінгі қазақтілді сфера ғана сол күйінше қазақ тілінде, басқасының бәрі орыс тіліне қалады. Бұны басыңыздағы шашыңыздай көре беріңіздер!
Неге? Себебі, қазақы рухтан айрылған, қазіргі өзінің жанына жайлы, орысша айтсақ комфартабельно орыс тілінен айрылмас үшін ғана қазақтың тілін, яғни, қазақтың өзін де еш қиналмай құрбандыққа шалып отырған орыстілді қазақтарға қандай тілді мемлекетте өмір сүрсе де бәрібір, тек өздерінің жағдайы жақсы болса болғаны. Қазақ тілін көгертпей отырған солар екенін, орыстар мен басқалардың солардан теріс үлгі алып, «қазақтар болашағы жоқ өз тілін үйренбегенде, бізге не керек» деп отырғанын бәріміз де көріп отырмыз, бірақ, нақ солар билікте отырғаннан кейін, билік - машина-дағы, қоғам - адам болғаннан кейін қарсы қимыл жасауға дәрменсізбіз. Олар ағылшынды айтасыз, оған қоса (немесе оның орнына) қытай тілін енгізіп жіберуі әбден мүмкін. Бәрімізге аты-жөні мәлім бүгінгі бір Парламент депутаты күні кеше вице-премьер кезінде: «Қытай біздің көршіміз, Қытай біздің тағдырымыз, сондықтан қытай тілін үйренуіміз керек» деген жоқ па? Көрші біткен неге біздің тағдырымыз болуы тиіс? «Әйел біздің тағдырымыз, тағдырымыз болған соң белгілі ғой, бағымыз не сорымыз» деп еді Мұхтар ағамыз, Қытай да, Ресей де біздің тағдырымыз болса, бағымыз емес, тек қана сорымыз болатыны да белгілі ғой!..
Яғни, латыншаға көшу тек қана артықшылықтардан, ал, көне түркі жазуына көшу тек қана кемшіліктерден тұрмайды екен. Екі жақтың да плюсі мен минусы бар екен. Бірақ, төл жазуымыздың басты артықшылығына – ұлттық Рухымызды Жаңғыртатына қарсы айтар уәж жоқ қой! Ұлт та жеке адам секілді өзінің жақсы төл затының болғанын мақтаныш тұтпай ма? «Ұлт пен ұлтты теңестіретін жалғыз нәрсе - білім» деген Мұхтар Әуезов атамыз. Ал, алфавит білім атаулының бастауы емес пе? Ендеше, өркениетке қосқан теңдессіз құндылығымызды қайта тірілтіп, кеуде керіп жүруімізге кім кедергі? Оны біз тірілтсек, оның артықшылығын көрген, 20 жыл өтсе де латыншаға ауысқаннан аты бәйгеден озып келе алмай қиналып отырған өзге де түрік тектес ұлттар ертең-ақ бізден үлгі алмайды деп кім айтты сіздерге?
Сонымен, табиғи байлығымызды сатып, «ресуртар қарғысына» ұшырап отырған біз оның үстіне бүгінгі мүмкіндікті пайдаланбай, қарғыс үстіне қарғыс жамаймыз ба (өйткені, латынға бір кірсек, қайтып шыға алмайтынымыз анық), жоқ әлде біз де қолынан іс келетін ұлт екенімізді көрсетіп, әлемдік өркениетті байытамыз ба? Шын мәніндегі Жаңғыру дәуіріне - қазақтың Қайта Өрлеу дәуіріне енеміз бе?
Таңдау – өз қолымызда...
Өмірзақ Ақжігіт,
"Қазақ үні" ұлттық порталы