РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ рухтандырған жиын
2017 ж. 14 сәуір
7704
22
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты мақаласы қоғамда қызу талқылануда. Бүгін Алматыда да зиялы қауым бас қосқан келелі кеңес өтті.
Рухани жаңғыруға бастаған Елбасы мақаласын кең көлемде талқылауды Тәуелсіздік бесігі - Алматы қаласының бастауының да мәні зор. Жиынға зиялы қауым мен қоғамдық ұйымдар, саяси партиялар өкілдері және Алматы қаласы әкімдігінің жауапты қызметкерлері қатысты.
Жиынды жүргізіп отырған қала әкімі Бауыржан Байбек маңызы зор мақаланың бағдарламалық мазмұнына ерекше тоқталды:
«Мақала екі күннің ішінде ғылыми, шығармашылық-интеллигенция өкілдерінің, ұлт зиялыларының, қалың жұртшылық тарапынан кеңінен қолдау тауып, мерзімді баспасөз және әлеуметтік желі парақшаларында қызу талқыланып жатыр. Ұлт санасының жаңғыруын мақсат еткен бұл еңбек - бағдарламалық құжат. Үлкен екі бөлімнен тұрататын мақаланың екінші жартысында Елбасы кез келген жаңғырудың ең алдымен Ұлттық болмысқа, дәстүрдің замана сынынан сүрінбей өткен озығына негізделуін қадап айтып отыр», - деген қала әкімі мемлекет дамуындағы ұлттық мәдениеттің рөлін кеңінен атап өтті.
Жиында Қазақстан Жазушылар одағы төрағасы, ақын-драматург Нұрлан Оразалин, Ұлттық Ғылым Академиясының президенті Мұрат Жұрынов, халық әртісі Асанәлі Әшімов, академик Төрегелді Шарманов, бұрынғы білім министрі, педагог Шәмша Беркімбаева, қоғам қайраткері, мәдениеттанушы Мұрат Әуезов, жазушы, кинодраматург Смағұл Елубай, неміс мәдени қоғамы жастар ұйымының төрағасы Артур Бадлер сөйледі.
Атап айтқнада, Нұрлан Оразалиннің Елбасы мақаласын сараптай келе айтқан "Қазақ халқы көрінгенге ере беретін босбелбеу боркемік ел емес" деген сөзі, Мұрат Жұрыновтың "Мектеп бітірген түлектер тапсыратын Ұлттық бірыңғай тестке қазақ тілі мен ағылшын тілін енгізу керек. Сонда оқушылар бұл тілдерді жақсы меңгеретін болады" деген ұсынысы, Асанәлі Әшімовтың : "Латын әліпбиін 70 пайызы қазақ балалары болып табылатындықтан орыс мектептеріне де ендіру керек. Әйтпесе, ұлттық ұйысуды ойлап жүргенде, ел екіге бөлініп кететінін ескерейік" деген сөздері ел есінде қалды.
Академик Төрегелді Шарманов кешеге дейін қазақ тілінде сөйлеу қауіпті болып келгенін өз басынан мысал етіп айтты:- Кезінде мен бір ғылыми жиында елдің бәрі орыс тілінде сөйлеп жатқанда қазақ тілінде сөйледім. Сол күні біреулер өз ана тілімде, мемлекеттік тілде сөйлегенім үшін сыртымнан арыз жазып жіберіпті. Алматыдағы С.Асфендияров атындағы Қазақ медициналық университеті он ай бойы басшысыз болды. Кейін Астанадан бір әйелді жіберді, амандасқаннан қоштасқанға дейін тек орысша сөйлейді. "Айналайын, сен еліңді, бізді сыйласаң ең болмаса қазақша амандасып, екі-үш ауыз қазақша сөйлесейші" дегеніміздіде елең қылмады. Мұны министрге де айттық, министр де ескертті оған, құлағына да қыстырған жоқ. Бұндай басшылармен қалай рухани жаңғыра аламыз? Осындай құлдық санадан арылуымыз керек! Медицина саласы латын әліпбиіне өтуді қуана қос қолдап қолдайды. Өйткені медицинада түгел латын алфавиті қолданады,үлесі - 92 пайыз. Ал орыс тілінің үлесі бір жарым пайыз ғана!..
Шәмша Беркімбаева "Ұлттық тәрбиенің негізі - қазақ мектебінде ғана қалыптасады. біз ең алдымен "Ұстаз мәртебесі" туралы заң қабылдауымыз керек" деді. "Қазақ тілінде білім алып, тәрбиеленбеген адамнан қазақ мемлекетінің қамын ойлайтын қайраткер шықпайды" деп, Алаш арыстарының сөзін жаңғыртып айтып жүрген Шәмша Беркімбаева қазақ тілінің Атазаңдағы өз орнына шыға алмай келе жатқанын ашына айтты:
- Қазақ мектебі ауыр жағдайларды басынан өткізді. Өткен ғасырда 900-ге жуық қазақ мектебі жабылды. Осының бәрі ұлттық санамызға түскен сызаттар, ол әлі кете қойған жоқ. Тәуелсіздік жылдары 1300 мектеп салынып, олар негізінен қазақ мектебі болып ашылды. Сол кездегі астанамыз Алматыда 70 жыл бойы бір ғана қазақ мектебі болды. Бүгінде оның саны 70-ке жуықтап қалды. Болашақта 65 аралас мектептің басым бөлігі қазақ мектебі болады деп үміттенеміз, - деді Шәмша Беркімбаева.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы тек қазақ тілінде жарияланғаны мәлім. Алматыдағы жиын да әкім Бауыржан Байбектен бастап, тек қазақша өтіп келе жатқан. Бұл әдемі жалғасып келе жатқан үрдісті Мұрат Әуезов бұзды. "Менің қазақша сөйлей алатыныма сенетін шығарсыздар, бірақ мен орыс тілінде сөйлеймін"-деді ол мінбеге міне сала. Залдағылардың қозғалысы байқала бастағанда, "Біз сізге орысша айтып, түсінбей отырғандарға түсіндіріп беріңіз деп сұрап отырмыз ғой"-деп, Бауыржан Байбек Мұрат Әуезовты қыспақтан құтқарып жіберді... Кейін сөйлеген неміс А.Бадлер де қазақша жатық сөйледі. Сонымен бұл неміс қазақша, қазақ орысша сөйлеген жиын болды. Содан да болар, 1987 жылы осы Мұрат мырзаның әкесі, қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтың 90 жылдығында барлық қаламгерлер орысша сөйлеп жатқанда, «Қазақ тілінде «Абай жолын» жазып әлемге танылған Мұқтар Әуезовтың 90 жылдығында бір ауыз қазақша сөйлейтін қазақ қаламгері қалмапты» деп, қазақша келістіріп тұрып, баяндама жасаған, өзі айтқандай "соңғы қазақ" , қазір мұсылмандар зираты Кеңсайда жатқан, Бадлердің ғана емес, менің де көкем Герольд Бельгер еске түсіп кетті...
Обалы не керек, Мұрат Әуезов Ресей тілінде сөйлегенімен, рухани отарсыздану, түркі әлемінің бірлігі туралы маңызды мәселелерге тоқталып, "латынға өту қымбатқа соғады дегендер ши шығарушылар" деп, шовинистік пиғылдағыларды түйреп өтті.
Белгілі жазушы Смағұл Елубай отарсыздану мәселесін көтеріп, латын әліпбиіне қарсы "шошыған үндерді" сын садағына ілді. Сонымен қатар Елбасының "коммунизм, фашизм, либерализм күйреді" дегені тура айтылған, деп, либерализмнің күйрей бастағанына нақты мсалдар келтірді. "Сол либерализмнің әсері болып табылатын гомосексуализм, жезөкшелік, педофилдік қылмыстар бұрын біздің Ұлы далада аты да естілмеген. Енді неге сол қылмыстардың ұясы болып табылатын түнгі клубтар Алматыда қалайша қаптап тұр?"-деп қала әсіміне сұрау салды.
Жалпы алғанда, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын талдаған Алматыдағы алқалы жиын өте мағыналы болды деп айта аламыз. Енді тек барлығы нәтижелі болу үшін Асанәлі Әшімов ағамыз айтқандай, "Сөзден іске көшу керек!"
P.S. Бір әттегенайы, 8 баяндамашы сөйлеген жиында талқылануы тиіс пікірталаста сөз сұраушылардың көптігіне қарамастан үш-ақ адамға сөз берілді. Сағат 11-ден өте басталған жиын көбінесе алдыңғы қатарларда сап түзеп отырған әкімшілік қызметкерлеінің тыпыршуына байланысты 13-00-ге жетер-жетпес бітіп қалды. Елбасымыз ұлттық рухани жаңғыруға Ақ жол ашып беріп отырғанда, "Ақ жол" партиясы төрағасының орынбасарына - осы жолдардың авторына ұсынысын айтуға сөз берілмей қойғаны қынжылтты. Ұлттық мүддені ұлықтау үшін 25 жыл күткен құнды да, тарихи құжат үшін ең болмаса, 2,5 сағат уақыт қимасақ, кімге қиямыз?..
Қазыбек ИСА
Асанәлі Әшімов:
"Латын әліпбиін 70 пайызы қазақ балалары болып табылатындықтан орыс мектептеріне де ендіру керек. Әйтпесе, ұлттық ұйысуды ойлап жүргенде, ел екіге бөлініп кететінін ескерейік"
Мұрат Жұрынов:
"Мектеп бітірген түлектер тапсыратын Ұлттық бірыңғай тестке қазақ тілі мен ағылшын тілін енгізу керек. Сонда оқушылар бұл тілдерді жақсы меңгеретін болады"