Елбасы мақаласындағы тезистер рухани жаңғыруды тездетуі мүмкін
2017 ж. 13 сәуір
2953
0
Біздің бала кезімізде, әлде бозбала, бәлкім, тіпті, қалам ұстап, қағаз бетін «шимайлай» бастаған шағымызда ма екен, газеттерде «Оқыдық, пікір айтамыз» дейтін айдар болатын. Сол айдардың «айдарынан» ұстап алып біз де бүгін әлемжелі мен дәстүрлі БАҚ бетін дуылдатып жатқан «Рухани жаңғыру» тақырыбында ой білдірмек болып отырмыз.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғырудың» біз барынша мән беріп, берік байлам етіп алуға тиісті тұстары мыналар:
Біріншіден, «ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды». Бұны мақала авторы «Ұлттық бірегейлікті сақтау» тарауында айтып отыр. Ілгеріде біз, Құдайшылығын айтайықшы, тап бүгін де, «ұлттық мәдениет» дегеннен гөрі «Көпұлтты Қазақстан халықтарының мәдениеті» деген терминді қолданғанды құп көріп келеміз. Алайда бұл термин елімізде өмір сүріп жатқан диаспора өкілдерінің дәстүрін, тілін, әлеуметтік тұрмысын толық қамтамасыз еткенімен, «Жаңа замандағы жаңа Қазақстанның» мәдениетіне соны соқпақ бола алған жоқ. «Көпұлтты Қазақстан халықтарының мәдениеті» қазақстандық саясаттың сахнасындағы декоративті материалға жарағанымен (әлі де жарауы мүмкін) доминантты мәдениет – бәрінің басын қосып, бір арнаға тоғыстыратын мәдениет, әр күн сайын өзінің қажеттілігін аңғартып тұрды. Ол, әрине, мақала авторы жазып отырғандай, «ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елдің» мәдениеті еді. Демек, ендігі кезекте ұлт жанашырлары «ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды» деген сөзді биліктегі жауапты тұлғалар мен мақала авторының есіне салып, керек кезінде талап етіп отыруға тиіс.
Екіншіден, білім. Білім болғанда ұлттық рухани құндылыққа негізделген білім. Тоқсаныншы жылдардың басында-ақ Қазақстан жастарды топыралтып дамыған елдердің озық оқу орындарына мемлекет қазынасынан қыруар қаржы бөліп, білім алуға жіберіп жатты. Содан бері де ширек ғасырды шиырып тастаппыз. Ал, «кәне, шыққан мүйізің?» Әрине, бойында жігері бар қыз-жігіттер мемлекеттік органдарда, ірі бизнестік құрылымдарда қызмет жасап, табыс тауып жүрген шығар. Бірақ, олар біздің билік пен бизнестегі космополитизмді, тілдік нигилизмді түрлендіре түскені болмаса, басқалай игілікті қадам жасай қойған жоқ. Міне, осылайша, қазақты қашанда жерге қаратумен қарқынды жұмыс жасап келген күштерге бүгінгі мақаласымен Президент қатты соққы берді ме деген ойдамын. Өйткені мақала авторы «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын қолға аламыз» дегенді айта келіп, 100 жаңа оқулықтың тек мемлекеттік тілде білім алатын жастарға арналатындығын ашық білдірді. Былай деп: «Біз алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасаймыз. 2018-2019 оқу жылының өзінде студенттерді осы оқулықтармен оқыта бастауға тиіспіз». Өз тілінде терең білім, жан-жақты ақпарат алған адам қай ортада да өзін еркін ұстайды. Бұны, бір деп қойыңыз. Екіншіден, мейілінші терең әрі сапалы білім беретін тілге деген сұраныс та, құрмет те жоғары болады. Осы жайтты іштей бек түсінген автор «Жер жаһанның жұрты жапа-тармағай үйреніп жатқан ағылшын тілін біз де жедел үйренуге тиіспіз» дейді де: «Бірақ, мәселе бұған да тіреліп тұрған жоқ» деп ескертеді. Ендеше мәселе не нәрсеге тіреліп тұр? Мақала авторының ойынша, бар мәселе сананың ашықтығында. Ал, сананың ашықтығы зерденің үш ерекшелігін білдіреді.
«Біріншіден, ол дүйім дүниеде, Жер шарының өзіңе қатысты аумағында және өз еліңнің айналасында не болып жатқанын түсінуге мүмкіндік береді.
Екіншіден, ол жаңа технологияның ағыны алып келетін өзгерістердің бәріне дайын болу деген сөз. Таяудағы он жылда біздің өмір салтымыз: жұмыс, тұрмыс, демалыс, баспана, адами қатынас тәсілдері, қысқасы, барлығы түбегейлі өзгереді. Біз бұған да дайын болуымыз керек.
Үшіншіден, бұл – өзгелердің тәжірибесін алып, ең озық жетістіктерін бойға сіңіру мүмкіндігі. Азиядағы екі ұлы держава – Жапония мен Қытайдың бүгінгі келбеті – осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланудың нағыз үлгісі». Бұндай мүмкіндіктерді бізге неге пайдаланбасқа? Ол үшін қазақтың болмысына сырттан қараудың қажеті жоқ. Қазақ қоғамы әлемге қашанда ашық және өзгеден өзіне қажеттіні ғана қабылдап, сіңіре алатын қасиетке ие. Ал, қазіргі жағдайда қазаққа сырттан күштеп таңылатын басы артық дүниелер жетіп артылады. Шамасы, ісіміздің алға баспай тұруының бір себебі осында болса керек.
Әрине, Президент бұған дейін де тың бастамалар көтеріп, серпінді ойлар айтқан болатын. Бірақ, оның көбін қазақ ортасы бірден қош көрді дей алмаймыз. Меніңше, Елбасын ел руханиятына шұғыл бет бұрғызған жайт, алдымен, Қазақстан үшін қауіпті күштердің көбейе түсуі болса керек. Ол қандай күштер? Ол – экстермизим, ол – діни жат ағымдар, ол – ұлтты өзінің ұлттық келбетінен айырып, тілі мен ділінен жеріндіретін мультимәдениттердің көші. Қазақ зиялыларының осы күнге дейін «Бізге ұлттық идеология керек» деп зар қақсауының себебі де осындай келеңсіз жайттарды ерте бастан көре білгенінен еді. Екіншіден, қазақ ұлты жан санының артуымен бірге ұлттық мақсат-мұрат жолында тас-түйін болып біріге алатын қуатты күшке айналғанын билікке күн сайын дәлелдей бастады. Халықтың сондай күшке айналғанын біз былтырғы Жер мәселесінде көріп отырдық. Бұл жайт те Елбасын ұлтты рухани тұрғыдан жаңғырту қажет деген ойға жетелеуі мүмкін.
Қысқасы – осы. Әрине, бұның сыртында мақала авторының латын қаріпіне жүйелі түрде өту, Туған жер, Туған ел бағдарламасы мен бірге қазақ жерінің тарихи-туристік белдеулерін түзу, заманауи қазақ қоғамының қалыптасуына үнсіз ғана үлес қосып жүрген 100 азаматтың есім-сойын анықтау, қазақ зиялылары мен олардың шығармаларын шет елдерде насихаттау деген ойларын қуана құптаймыз. Тек соның бәрі кезекті науқанның жайымен жайдақталып кетпесе болғаны. Ондай жағдайға біз, жалпы оқырман, зиялы қауым, қоғам белсенділері, сергек ойлы жастар ырық бермеуге тиіспіз. Өйткені, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы тезистер қазақ қоғамының рухани жаңғыруын тездетуі әбден мүмкін.
Дәурен Қуат
Abai.kz