ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРЛІГІНДЕГІЛЕР ЕРІГІП ЖҮР МЕ?
2017 ж. 12 сәуір
1819
3
Мәжілістің кезекті отырысында халық қалаулылары ҚР Энергетика министрлігіне электр энергетикасы бағытындағы салалық жарыстарды өткізу ережесін әзірлеп ұсынудан бас тартуды талап етті. Жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында депутат Павел Казанцев министрлік өз құзыретіне кірмейтін жарыстарды өткізу құқығын заңнамалық тұрғыда тіркеуге талпынып отырғандығына назар аударып, заң жобасын бірден сынға алды.
«Бұл қалай? Өкілетті органның салалық жарыстарды өткізуден басқа атқаратын жұмысы жоқ па? Атап айтқанда ол заңның нормасы ретінде тіркеліп отыр», – деді депутат. Оның пайымынша, бұл қызметті қоғамдық бірлестіктер де атқара алады. Сондықтан осындай түзетуді енгізудің мүлдем қажеті жоқ. «Үкімет өзіне тән емес қызметтерді мемлекеттен өзге салаларға қоғамдық ұйымдарға беріп жатқанын жариялап жатырмыз. Ал, бұл министрлік заңнамалық бастамалар арқылы салалық жарыстарды өткізу міндеттерін өзіне алып жатыр» – деді Казанцев. Өз кезегінде Энергетика министрі Қанат Бозымбаев бұл норма заң жобасына Қазақстан электр энергетикасы қауымдастығы өтініші бойынша енгізілгенін айтып ақталды. Қауымдастық Қазақстанда осындай жарыстарды өткізу үшін елімізде қандай да бір ережелер болуын алға тартуда. Алайда Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин бұл норманы еш талқылаусыз заң жобасынан алып тастау керектігін айтып, шорт кесті.
Депутаттар дұрыс айтқан, проблемасы басынан асатын бұл сала басқа жұмыс таппай қалғаны ма? Олай болса, біздің оқырмандарымыз ұсынған мына мәселелермен айналыссын. Бірінші, ондаған жылдар айтылса да енді ғана қолға алынған қуат өндірушімен тұтынушылар арасындағы қаптап кеткен делдалдарды барынша азайтсын. Екіншіден, ескірген, сонау кеңестік кезеңнен келе жатқан электр жүйелерін жаңартсын. Үшіншіден, электр қуатына деген негізсіз көтерілген бағаларды түсірсін. Төртіншіден, апатты жағдайды созбай, жұртты қараңғы қапасқа қамап қоймай, жөндеу жұмыстарын жедел ұйымдастыруды үйреніп, халыққа қызмет көрсету мәдениетін көтерсін. Бұл тұрғындардың толып жатқан талабының жүзден бірі ғана. Алдымен осы төрт талапты тап-тұйнақтай етіп орындаса тұтынушылар оларға шексіз риза болар еді. Одан кейін жай ғана жарыс емес, әлемдік деңгейдегі Олимпиада өткізсе де өз еріктері.
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz