ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫЛАРДЫҢ ҚОЛЫ ҚАНҒА МАЛЫНДЫ
2017 ж. 12 сәуір
2533
2
Өскеменде Жоғарғы соттың экс-қызметкері полицияда істейтін шенді туыстарымен қосылып ағайынды жігіттерді қала сыртына шығарып атып тастаған. Ағайындылардың мәйіттері тек төртінші күні ғана табылды.
Қос бірдей азаматынан айырылған отбасы құзырлы орган атаулыға қарғыс жаудырып, зар жылап отыр. Сапар Әшетаев пен Айбек Қанжекеновты қызмет бабын желеу еткен 4 жігіт үйінен алып кеткен. Полиция куәлігін көрсеткен соң жақындары да олардан жамандық күтпепті. Алайда, ағайындылар сол күйі оралмаған, тек төртінші күні мәйіттері табылған. Сөйтсе, әлгі төртеу оларды қала сыртындағы Шешек тауына апарып атып тастапты. Белгілі болғандай, 28 жастағы Жоғарғы соттың қызметкері өзі секілді шенді жолдастарымен алдын-ала келісіп, әлгі жігіттерден осылай кек алған. Кейін мәйіттерін көлігіне тиеп, Астана тас жолындағы дәретханаға тастаған.
– Полиция атына кір келтіргені үшін Мұсабаев Талант қызметтен қуылды. Қылмысты жасаған Жоғарғы соттың қауіпсіздік қызметкері Ернар Сахариев те жұмыстан шығарылды. Төрт күдікті қамауда отыр. Қылмысқа қатысты күдіктілер бір-біріне туысқан. Қазір арнайы құрылған тергеу тобы олардан жауап алып жатыр, – дейді бұл қанды оқиғаға байланысты ШҚО прокурорының орынбасары Нұрлан Бижанов.
Прокурордың айтуынша күдіктілер кілең шенділер. Бірі – Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының офицері, енді бірі – облыстық соттың қызметкері. Ал ағайындыларды аңшы қаруымен атып салған басты күдікті – анау-мынау емес судьяның баласы. Әріптесінің ұлын небәрі 5 ай бұрын жұмысқа алған Жоғарғы соттағылар оны бірден қызметтен қуған. Артынша іле-шала әкесі де отставкаға өтініш жазыпты.
Қанды қылмыс бойынша істі бірден бірнеше құзырлы орган жүргізе бастады. Күдіктілердің әзірге тек біреуі ғана қылмысты мойындап, қалған үшеуіне жай ғана «Дер кезінде хабарламағаны үшін» деген айып тағылып отыр. Қаскөйлер аңшы қаруынан бөлек табельдік тапаншаны да пайдаланған болуы мүмкін деген күдікпен полицейдің қызметтік қаруын прокуратура тәркілепті. Ең өкініштісі, марқұмдардың артында 5 бала қалып, бәрі де жетім атанды. Үлкені 3-те, кішкентайының дүниеге келгеніне небәрі 10 күн болған. Жесір аналары мен жетімдердің болашақ тағдыры не болары белгісіз.
Бұл құқық қорғаушылар тарапынан жасалып отырған бірінші қылмыс емес, оны жұртшылық жақсы біледі. Осы саланың «сабаздары» өздерін кем дегенде «жарты құдай» есептейтіні бұрыннан белгілі. Өзгелерге өктемдігін жүргізуге дайын тұрады. Сөйте тұра министрлік құқық қорғаушыларға бағынбағандарға 11 миллион теңге айыппұл салуды сұрап Мәжіліске ұсыныс жасағанын білеміз. Кім кімге бағынбай жатқанына енді көз жеткізген боларсыздар. Қызметін пайдаланып, ойларына келгендерін істеген шенділерге тым көп өкілеттілік берілген, соны азайту қажет. Әйтпесе олардан бұдан да асқан қылмыстарды күтуге болады. Қанды қылмысқа тікелей қатысы бар үшеуіне «Дер кезінде хабарламағаны үшін» деген айып тағуларына қарағанда бұл жолы да «Қарға қарғаның көзін шұқымайды» дегеннің кері келетін түрі бар. «Өздері кісі өлтіріп тұрса олар неге прокуратураға хабарлауы керек?» деген қарапайым сұрақ шенді тергеушілердің ойына кіріп-шықпай ма? Әлде соты бар, прокуратурасы бар, полициясы бар әріптестерінің жазасын жеңілдеткісі келе ме? Бұл сөздеріне қарасақ дәп соған ұқсайды. Ал, аңыраған ана, жылаған жесірлер мен жетім қалған бүлдіршіндердің тағдыры шенділерді тіпті де толғандырмайтын сияқты...
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz