Исекешев һәм иттер
2017 ж. 13 сәуір
4307
6
Әсет Исекешев қараусыз жануарларға арналған орталық - Астана қаласы әкімдігінің жанындағы «Астанаветсервис» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнында болды. Исекешевті иттерді ойлауға итермелеген елордалықтардың шағымы екен.
Бұл туралы "Қазақ үні" ұлттық порталы хабарлайды.
Елорда әкімдігінің ресми сайты таратқан мәліметке жүгінсек, 2017 жылдың 1 қаңтарынан 9 сәуіріне дейін «109 қызметіне» қараусыз иттерге таланған 337 астаналық шағым түсіріпті.
Қаңғыбас иттердің қамын жеген әкім оқшаулағышта иттерді 3 күн ұстап, кейін көзін құртатынын естігенде қатты күйзелсе керек, ит аулағыштарға еріктілермен және қауымдастықтармен бірге жануарларды аулау ережелерін халықаралық стандарттарға сәйкестендіруді тапсырды.
Иттер ғана емес, мияулаған мысық біткенді 3 күн ұстап барып жәһаннамға аттандыратын жан алғыштардың әрекеті жаға ұстатты ма екен, әкім жануарларға арналған мемлекеттік оқшаулағыш салу бойынша ұсыныс енгізуді және науқас, қаңғыбас жануарларды қабылдайтын жеке меншік орталықтар мен қабылдағыштар құруды субсидиялау мәселесін қарастыруды тапсырды.
"Ит - адамның досы" деген ұғымға беріктігін көрсеткен Исекешев жауапты тұлғаларға бір апта ішінде мемлекеттік қабылдағыш құру туралы тұжырымдаманы әзірлеп, құрылыстың орнын және оның басталатын мерзімін анықтауды тапсырды.
Ал, "Ит-дүние, мұнша неге олақ болдың, Ұстауға құйрық-жал жоқ, шолақ болдың...", - деп келетін Мәшһүр Жүсіптің өлеңін оқыса, салауатты шенеуніктеріміз ит біткенге спа-салон да ашуға ерінбейді-ау. Абайдың "Мен көрдім дүние деген иттің көтін" дегенін оқыса ше?.. Ойлауға "страшно"!
Сөйтіп, бас қаланың игі жақсылары иттермен ию-қию боп жатқан кезде, Астанадағы Жоғарғы Сот ғимаратының алдына жүзден астам алданған үлескер ереуілге шықты. Жиналғандардың барлығы «Оралдизайнстройсервис» компаниясына пәтер алу үшін арысы жеті, берісі үш жыл бұрын қаржысын салғандар. Үлескерлер аталған компания белгіленген мерзімде пәтер кілтін тапсыру былай тұрсын бір пәтерді бірнеше адамға сату, құрылыс нормаларын бұзу сынды заңсыздықтарға жол бергенін айтады.
[caption id="" align="aligncenter" width="468"] Жоғары Сот алдына жиналған үлескерлер[/caption]Ашынған инвесторлар әділдік орнап, алаяқ компания басшылары жазасын алмайынша және өзімізге тиесілі пәтерлерімізге кіргенге дейін күресеміз деп атойлағаны не керек, қаңғыбас иттердің мәселесі басты назарда тұрғанда. Алдымызда ЭКСПО! Шетелден шікірейіп келетін шылғи туристердің жұмсақ жерінен құтырған иттер қапса қарабет боламыз деп шыж-быж болған әкімдіктің тірлігін қалай бағаламаймыз...
Соңғы тиынын құрылыс компаниясының қоржынына салып берген үлескерлердің қаңғыбас иттермен бірге қаңғырып жүруі қалыпты жағдай ма екен, әлде?.. Әлде, олардың да жағдайы белгілі ме... 3 күннен кейін...
Итшілеткен дүние-ай дейміз бе? Ит-дүние дейміз бе?..
"Қазақ үні" ұлттық порталы