Қырқынан шықпаған қыздың жанайқайы Қайрат Мәмиге жете ме?

ҚР Жоғарғы сотының төрағасы

Қайрат Мәмидің назарына!

Құрметті Қайрат ата!

Мен Кәукер Жанерке Жанболатқызы 2017 жылдың 27 ақпанында дүниеге келдім. Мен дүниеге келмей тұрып, яғни өткен 2016 жылдың тамыз айының 3-і күні әкем кісі қолынан қаза тапты. Басынан қатты тиген соққының кесірінен әкешім Әбдікерімов Жанболат Кәукерұлы бұ дүниемен қоштасып кете барды.

Шешем қалды, зар еңіреп. Әжем мен атам қалды, қарашаңырақтың иесі саналатын ұлдарының қабірін құшақтап. Мектеп есігін биыл ғана ашқан әпкем қалды, әкесіз жетім болып. Әкемнің бауырлары қалды, «қанға-қан, жанға-жан» деп інілерінің кегін не қайтарарын, не қайтармасын білмей... Мен ол кезде дүние есігін әлі ашпасам да, анамның құрсағында жатып, сол бір ауыртпалықтың бәрін тұла бойыммен сезініп жаттым.

Қайрат ата, қазақ жетімін жылатпаған ел еді ғой. Бізді жылатып, әкесіз жетімек еткен Керімжан Рүстем атты азамат қазір бостандықта «гөлайттап» жүр. Менің әкемнің сонда сұрауы болмағаны ма? Біреудің малын өлтірсе де, жазаға тартатын заңымыз бар еді ғой. Менің әкемнің мал екеш мал секілді де құны болмағаны ма? Осыны ойласам, жан-дүнием тітіркеніп, тұла-бойым қалшылдап кетеді. Дүние есігін әлі ашып үлгермеген сәбидің жүрегіне жара салу – Тәуелсіз, дамыған, әлемдегі 30 елдің сапына қосылуға талпынған мемлекет үшін ұят емес пе? Бір үйлі жанды қайғының теңізіне батырған қылмыскерді бостандыққа жібере салу бүкіл қазақ елі азаматтарының ашуын туғызарына бек сенемін. Сондықтан да, Сізге хат жазып, көмек қолыңызды созуыңызды өтініп сұраймын.

Қайрат ата! Сіздің мен секілді немереңіз бар ма? Құдай оның бетін ары қылсын, сол немереңіз менің күйімді кешіп жатса, тыныш ұйықтар алар ма едіңіз?. «Әр қазақ – менің жалғызым» дейтін ұлттың ұлы емес пе едік?!. Демек, мен Сіздің де немереңізбін. Менің сөзімді жерге тастай көрмеңізші.

Әкем Әбдікерімов Жанболат Кәукерұлы кісі қолынан қаза тапты. Қарағанды облысына қарасты Балқаш қалалық соты қылмысты істі қарап, Керімжан Рүстемді 106 бабтың 3-тармағымен (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) қылмысты деп тауып, 9 жылға бас бостандығынан айырды. Керімжан Рүстемнің заңгерлері бұл жазамен келіспей, Қарағанды облысының сотына жүгінеді. Облыстық сот Балқаш қалалық соттың үкімін өзгертпей күшінде қалдырады. Осылайша әкемді өлтіргендердің қылмыстық ісі Жоғарғы сотқа дейін жетеді. Неге екенін қайдам, Жоғарғы сот Керімжан Рүстемнің қылмысына белгіленген 106 бабтың 3-тармағын 104-баптың 1-тармағына өзгертіп (Абайсызда қазаға ұшырату 1. Абайсызда қазаға ұшырату – үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады), сосын Елбасының тәуелсіздіктің 25 жылдығына жариялаған Рақымшылығына іліп, сот залынан босатып жіберді.

Құрметті Қайрат ата! Елбасымыздың рақымшылығы қылмыскерге бұйырып, бізге бұйырмай ма? Бізді төбемізден тас түскендей есеңгіретіп тастаған бұл үкімнің соңы неге апаратынын өзіңіз ойлап көріңізші.

Әжем Күлзипаш Сейітова 

Біріншіден, әжемді аяймын. Әкемнің қазасынан кейін денсаулығы күрт нашарлап кетіп еді. Жоғарғы соттың шешімінен кейін тіпті жағдайы төмендеп, өз аяғымен жүрген әжем мүгедек арбасына таңылып қалды.

Атам Әбдікәрімов Кәукер

Екіншіден, атам «балалары (әкемнің бауырлары) «кек қуамын» деп бір бәлеге ұшырап қала ма деп жаны шығардай шырылдап жүр.

Үшіншіден, әкемнің бауырлары Қазақстан мұсылмандар діни басқармасына барып, қазақы жолмен «қанға қан, жанға жан» дәстүрін жаңғыртуға пәтуа сұрады. Мүфтият пәтуә беруден үзілді-кесілді бас тартыпты. Мұның соңы тағы да қылмысқа жалғасып кетсе, кім жауапты?

Анам Әбдікерімова Ғалия Батыржанқызы мен әкем Әбдікәрімов Жанболат Кәукерұлы

Төртіншіден, отыз жасында азаматынан айрылып, жесір қалған шешем Әбдікәрімова Ғалия Батырханқызы заң жолымен әділдік таппаса, жоғарғы соттың алдына барып өзін-өзі өртеуі әбден мүмкін ғой. Мұндай жағдай бола қалса, әкемнің ісін қараған Жоғарғы соттың қызметкерлері жауапты болмай ма?

Кәукер Зере Жанболатқызы

Бесіншіден, мектеп табалдырығын биыл аттаған Кәукер Зере Жанболатқызы мен дүниеге жаңа келген менің кейбір шенеуніктердің кесірінен күштік құрылымдарға деген кері көзқарасымыз қалыптасып кетсе, бұл Тәуелсіз Қазақстан үшін ең үлкен қауіп емес пе? Бір үйлі жанды бағып отырған әкемнің жанының кейбір судьяларға көк тиындық құны жоқ шығар. Бірақ, кеудесінде шырылдаған жаны бар жетімектердің көз жасының құнының қандай болатынын Елбасымыз жақсы біледі.

Құрметті Қайрат ата!

Әкемнің нұрлы жүзін өмірде бір рет көре алмаған менің тағдырымды ешбір балаға Құдай көрсетпесе екен. Сол үшін де Елбасының халыққа жасаған жақсылығын, рақымшылығын өз мүдделеріне пайдаланып, бізді жылатқандарға шара қолдануыңызды сұраймыз.

Қазақстан заңы барлық адамға бірдей. Біз ол заңға құрмет етеміз. Құрмет еткендіктен де, Сізге хат жазып, көмек сұрап отырмыз.

Әкемді өлтірген адам бостандықта жүрген кезде Тәуелсіз Қазақстан жерін басып жүру мен үшін өте қорқынышты, үрейлі.

Тұла-бойымды билеген осы үрейді сейілтіңізші, Қайрат ата!

Мынау - менмін!

Сәлемнен Кәукер Жанерке Жанболатқызы

Abai.kz