МЕДИЦИНА САЛАСЫНА ТҮБЕГЕЙЛІ ӨЗГЕРІС ҚАЖЕТ
2017 ж. 04 сәуір
4201
2
АТҮСТІ ТЕКСЕРУЛЕР ОҢ НӘТИЖЕ БЕРМЕЙДІ
Медицина саласы ұлтымыздың болашағына тікелей жауапты. Мемлекетіміздің басты байлығы – адамдарымыздың денсаулығын сақтауға міндетті болғандықтан жылдар бойы жемқорлыққа салынған бұл саланың жұмысына түбегейлі өзгерістер енгізіп, тәртіп орнатар кез жетті. Адамдарымыздың денсаулығын сақтау үшін мемлекет тарапынан осы салаға бюджеттен ақша жеткілікті мөлшерде бөлінсе де қыруар қаржы өз мақсатында жұмсалмай, жемқорлардың жемсауында кетіп жатыр.
Бұл туралы денсаулық сақтау, құқық қорғау, кәсіпкерлер мен түрлі қоғамдық ұйымдар өкілдері қатысқан аталмыш саладағы жемқорлыққа байланысты өткен ордалы отырыста кеңінен сөз болды. Шынында да саланың жұмысы сын көтермейді. Соңғы он жылда саланың қаржыландырылуы бірнеше есеге артқан. 2005 жылы 191 млрд. теңге болса, 2016 жылы 1 трлн. теңгеге дейін жеткен. Алайда, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының халықаралық рейтингі бойынша Қазақстан 145 елдің ішінде небары 111-орында тұр. Оның бірден бір себебі – жемқорлық. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасымыздың өзі саланы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ететін «Самұрық-Қазына Фармацияның» кәсіпорнын тексеріп, қатаң шара қолдануды тапсырғаны белгілі. Содан бері бұл салада маза жоқ. Жаппай тексерулер жаңа былықтардың бетін ашып, көптеген қаржылық заң бұзушылықтар анықтала бастады. Президенттің сынынан кейін тексерістен көз ашпаған «Самұрық-Қазына Фармацияның» тағы бір былығы әшкере болды. Дәрі-дәрмекке жауапты компания мемлекеттен бөлінген қаржы есебінен 6 жылда 27 миллиард теңгеден аса заңсыз пайда көріпті. Сондай-ақ, жыл басынан бері еліміздегі медицина саласында қанша экономикалық заң бұзушылық тіркелгендігі де сөз болды. Тек қана биылғы 2 айдың ішінде пара алмақ болып немесе сол сияқты қылмыс жасағаны үшін 16 лауазымды тұлғаға қатысты қылмыстық іс қозғалған. Бұдан бөлек 97 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылыпты. – 2016 жылы 80 лауазымды тұлғаға қатысты 200-ден астам жемқорлық қылмыс тіркеліп, 22 адам сотталды. Бұлар негізінен көптеген себептері бар қылмыстық істер. Сотталғандардың дені – Павлодар, Қостанай, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстары және Алматы қаласынан, –деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас-жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев. «Біздің есебіміз бойынша қосқан бағалары шамамен 9 пайыз. Бәсекелестік бойынша агенттік тексеріп, монополистік табысы 26,7 миллиард теңге болғанын анықтаған. Ал айыппұл 1,3 миллиард теңге. Мұны бюджет қаржысын үнемдеу деуге келе ме?» – деді бұған қоса «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов. Отырысқа қатысқан денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері осы жан-жақтан жаудырған сынға қарсы дау айта алмады. Есесіне аймақтық басқармаларға құзырымыз жүрмейді деп ақталды. Тіпті, басқарма басшыларын тағайындау кезінде салалық министрлікке мақұлдату қажет деген міндетті заңды да елемейді дейді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы Болат Төкежанов. Демек, жергілікті билік медицина саласына көлденеңнен келіп килігетінін байқауға болады. Өзге де қатысушылар қол жетпес квота мәселесін, қарттарды ауруханалардың қабылдаудан қашқақтайтынын, қажет дәрі-дәрмектердің қолжетімсіз және тым қымбат екенін ашық айтты. Түпкілікті нәтижеге жету үшін дәрігерлерді білім беру орнынан бастап жемқорлыққа қарсы тәрбиелеу керек дегендер де болды. Ия, Елбасының тапсырмасына орай бұл саланың қаржылық есебі тексеріліп жатыр. Президенттен тікелей бұйрық алған жаңа министр Елжан Біртанов аймақтардағы медицина мекемелерін аралап, жағдайды өз көзімен көріп таныса бастады. Танысатындай министр бұл салаға бүгін ғана келіп отырған жоқ, жағдайды онсыз да жақсы біледі. Бұл сапарлары көбінесе жаңадан іске қосылғалы жатқан міндетті медициналық сақтандыруды жарнамалауға бағытталған сияқты. Әсіресе Алматы қаласына келгендегі сапары соны көрсеткендей болды. Астанадағы №5 емханаға барғанда да ЭКСПО-2017 көрмесі қарсаңында дәрігердерді ағылшын тілін үйренуге шақырумен шектелгенін байқадық. Телеарналардан көрсеткендей емханада 70 жастағы зейнеткер Өмірзақ Тайжанова аталмыш медицина мекемесінің қызметіндегі кемшіліктерді жиналған жұрттың көзінше министрдің бетіне басып берді емес пе? Ал, Елжан Біртанов айтылған мәселелердің бәрі жаңалық емес деп отыр. Білікті мамандардың дені жалақысы жоғары жеке медициналық ұйымдарда қызмет көрсететінін қынжыла айтқан министр, жаңа реформаның аясында мұның бәрі ескеріліп шешіледі дейді. «Біріншіден – жергілікті емханада жұмыс істейтін дәрігерлердің жалақысын көтеру қажет. Онсыз ешқандай жұмыс болмайды. Екіншіден, күнделікті келіп жүрген халықтың маманға медициналық кеңес алуға кіруін реттеу керек. Оған арнайы ақпараттық технология енгізуіміз қажет» – деді министр сол жерде. «Бәрін реттейміз!» деп науқас әжейді бөлек алып кеткен дәрігерлерге бір ауыз ескерту жасамаған министр бұл сала жұмысын қалай түземекші? Көрсетілген кемшіліктер жаңалық емес екенін жұрттың бәрі біледі, тіпті өздері министрге көзін бақырайтып қойып айтты ғой, одан артық не керек? Мәселе сол кемшіліктерді жоюда болып отырған жоқ па? Осы аса маңызды істі кім атқарады? Тағы да Елбасымыз министрді арнайы шақырып алып тапсырма беруі керек пе? Олай болса Үкімет, оның ішінде толып жатқан министрліктер несіне отыр? Президенттік биліктің бірқатар бөлігін Үкіметке беріп, белсенді жұмыс істеңдер дегендегі сиқымыз осы ма? Біздің салалық министрліктер Елбасына сеніп алғаны соншалық, өз беттерімен ешқандай жұмыс істегісі келмейді. Немесе кәсіби деңгейлері тым төмен. Әрине, дәрігерлердің жалақысын көтеруге ешкім қарсы емес. Бүгінгідей қымбатшылық кезеңде мардымсыз жалақымен жұмыс істеу жемқорлыққа итермелеуі мүмкін. Дегенмен, мемлекеттік қызметкерлердің еңбекақысын неше рет көтерсек те олардың жемқорлықтан біржолата қол үзгенін көрмеппіз. Сондықтан бұл «сырқаттың емін» басқа жақтан іздеу керек шығар. Жалақыны көтерумен ғана жемқорлықты жоя алмаймыз. Жемқорлыққа қарсы күресті университеттен емес, балабақша, мектеп қабырғасынан бастағанымыз ләзім. Әділін айтайықшы, біздің медицина саласы қаржылық жағынан кемшілік көріп отырған жоқ. Бүгінгі заманға сай келетін қаншама емханалар мен ауруханалар салынып, іске қосылды. Қаншама мамандарды дайындап оқытып жатырмыз. Олардың жұмыс істеуіне толық мүмкіндік жасап бердік. Енді не жетпейді? Мәселе осы отырыстың ортақ тақырыбына айналған жемқорлықта болып отыр. Науқастарды бізде арнайы маман немесе техника жоқ деп ақылы медициналық қызметке жіберуі, қымбат дәрінің орнына арзан, пайдасы жоқ дәрі жазып беру, қызметін мемлекет қаржыландырып отырса да түрлі себептерді ойлап тауып науқастардан ақша алуға тырысу соны көрсетеді. Ондай фактілер жетерлік, жіпке тізіп жатудың да қажеті жоқ. Мысалы дәп осы дәрігерлердей ғана жалақы алатын мектеп мұғалімдері «Балаларыңды басқа мектепке апарып оқытыңдар немесе оқытқаным үшін ақша төлеңдер» деп жатқан жоқ қой. Яғни, көпшілік арызданатындай біздегі медицина саласын жемқорлық жайлап алған. Сондықтан да бұл салаға түбегейлі өзгеріс керек. Оны тексеріп, шара қолданатын әкімдіктер мен министрлікті көріп отырған жоқпыз. Сол себепті халықтық бақылауды күшейтіп, қоғам мүшелерінің белсенділігін арттыру керек. Бізде халық қамын жейтін депутаттар мен түрлі деңгейдегі әкімдік қасындағы қоғамдық кеңестер бар. Олар да ештеңе бітіре алмай отыр. Себебі – халық сенім артқан сол депутатттар мен кеңес мүшелері билікпен ауыз жаласып кеткен. Оларды сол билік тағайындаған соң әкімдікке тікелей тәуелді. Қоғамдық кеңесті әрбір ықшам аудандарда ұйымдастырып, жергілікті тұрғындардың өздері сайлағаны жөн. Ол үшін кеңес мүшелері ғылым докторы болудың қажеті жоқ. Жалақысыз, қоғамдық негізде жұмыс істейтін азаматтар бізде әлі де баршылық. Қазір кез-келген адам сауатты. Керек болса солардың ішінде қаланы басқара алатын адамдар да табылады. Ең бастысы, кеңес мүшелерінің сана-сезімі жоғары, қолы мен жүрегі таза болуы қажет. Қоғамдық негізде құрылғанмен олардың ұсынысын, ескертпелерін салалық басқармалар мен жергілікті әкімдіктер міндетті түрде есепке алуға, санасуға тиісті. Сонда олар халық алдында жауапты болады. Тағы бір айта кетерлік жағдай, «Қазақ үні» газеті осы медицина саласындағы кемшіліктерді көрсетіп, тұрақты түрде материалдар жариялап келеді. Бірақ, содан қорытынды шыққан емес. Телеарналарымызда күнделікті айтылып жатса да соған көңіл аударған шенеуніктер жоқ. Бір қарағанда біздің министрліктегілер газет оқымайтын сауатсыздар сияқты. Соған қарағанда БАҚ туралы заңға өзгертулер енгізіп, ережелерді қатайту керек. Әрбір сын материалға салалық басшылық халық алдында қысқа мерзімде жауап беретіндей талап қою қажет. Өйткені журналистер жеке басының қамын емес, көпшіліктің мұңын жазады. БАҚ жеке бір министрді немесе әкімді жерлеп, беделін түсіруді көздемейді. Саладағы кемшіліктерді жою үшін халықтың талабын көтереді. БАҚ-ты ата жауындай көретін шенеуініктерге осыны түсінетін кез жетті. Бұл тек қана медицинаға емес, барлық салаға қатысты жағдай. Билік те, БАҚ-та, қарапайым халық та өзіміздің ортақ Отанымызды дамыту, көркейту үшін жұмыс істеп жатқан жоқпыз ба?!.
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz