Қазақ қызы Тоқтар Серіковке хат жазды: Сіз мені тоқалдыққа алар ма едіңіз?!.
2017 ж. 29 наурыз
12639
48
Алматы қаласының 35 жастағы тұрғыны Айсұлу Беркінбай танымал әнші Тоқтар Серіковке хат жазды. Жуырда отандық телеарнаға сұхбат берген әнші "Қытай азаматтарына тұрмысқа жезөкшелер ғана шығады, қазақтың ар-намысты қыздары оларды менсінбейді" деп мәлімдеген болатын. Тоқтардың тоқ етер сөзіне наразылығын білдірген Айсұлудың хатын Қамшы порталы жариялады.
Хаттың мазмұны төмендегідей:
«Құрметті Тоқтар Серіков, сізді әнші ретінде ерекше қадірлейтін едім. Әндеріңізді тыңдап өстім, еліміздегі бетке ұстар азаматтардың бірегейі деп санадым. Жарыңыз Бейбіт Сейдуалиева екеуіңіздің өміріңізге қызыға қарап, отбасылық құндылықтарды бағалай білетін жанұя деп үлгі тұттым. Бірақ, түсінгенім, адамды сыртқы келбетіне қарап қана бағалауға болмайды екен. Иә, өнеріңізге, талантыңызға ғашық болдым. Сахнаға шыққан осы екен деп, ауыздарын жыбырлатып әйтеуір бірнәрсе айтатын әнші сымақтардың жанында талантты дарын иесі деп бағалап жүрген сіздің ішкі жан-дүниеңіз бен пейіл-ниетіңіз істеген әрекетіңізге мүлдем сай келмейді екен.
Жақында «Сырласу» бағдарламасында қытай жігіттеріне тиген қазақ қыздары жайында өз пікіріңізді айтып қалыпсыз. Бұны барлық ақпарттық сайттар жарыса жазды. Айтқандарыңызды менің де көзім шалды. «Қытайға тиетіндер кімдер? Жезөкше қыздар тиеді, әбден болған, ар-намысы, тегі жоқ, қаны жоқ, қазаққа түрі ғана ұқсайтын біреулер тиюі мүмкін. Олар тисе тие берсін, қайғырмаймын. Ал нағыз менің қарындастарымның тиюі мүмкін емес» деген екенсіз.
Тоқтар мырза, сізге түрі ғана емес, қаны да, жаны да, тегі де қазақ, бірақ қытай азаматына тұрмысқа шыққалы жатқан алматылық қыз ретінде хатымды жолдамақпын. Жасым биыл 35-ке келеді. Осы уақытқа дейін неге жалғыз жүр деп сөгерсіздер. Жоқ, қазақ жігіттерін менсінбегенім немесе мансап қуғаным емес, қартайып қалған ата-анама қарайластым. Қазақстандағы шет елдік компанияда жұмыс істеп, бар жағдайларын жасадым. Мен олардың жалғыз қыздары едім. Тұрмыс құр, ана атан деп ата-анам талай жылдан бері қақсап келді. Алайда, ол кісілердің қу тізелерін құшақтатып қойып, басқа шаңырақтың отын тұтатып отыруға дәтім бармады. Не дегенмен, маңдайыма қыз болып дүниеге келу жазылған соң, көнбеске амалым жоқ. Тұрмыс құрып, ана атану әр әйел затының міндеті ғой.
Ал, енді ойлап көріңізші, жасы 40-қа таяп қалған, көзінде жастық жанары таусылған адамды әйелдікке қай қазақ алсын. Мәселен, өзіңіз әйелім жоқ деп елестетіңізші? Жағдайымды түсініп, білсеңіз, сіз мені алар ма едіңіз, Тоқтар аға? Елімізде тоқал алу мәселесі заңдық тұрғыдан қабылданып, міндеттелгеннің өзінде жаңадан үйленген ер-азаматтар былай тұрсын, тіпті, шал-шауқан үрімдей жас қыздарды алуға тырысатын еді ғой.
Оның үстіне қазақта қалыптасқан түсінік бар: 25-тен асып, тұрмысқа шықпаған қыз отырып қалған болып саналады. Ондайлар өзіне лайық жігіттерді таңдаймыз деп, ешбірін жақтырмай, түбі жалғыз қалды дейсіздер. Әсіресе, бұндай түсінік қазақ жігіттерінің ойын жаулаған. Ал, шет елде мүлдем басқа менталитет. Олар үшін өмірде ештеңе де кеш емес. Қыз-жігіттер үйленіп-тұрмыс құруға да асықпайды. Жасы келсе де, жалғыз жүрген қыздарға ер-азаматтар үрейлене қарамайды. Мен де өзімді түсінетін жігітті іздедім, маған аянышты халмен емес, шын сүйіп, көңілімді жұбата алатын нағыз азаматпен бірге болғым келді. Сөйтіп, Қазақстанда жұмыс істеп жатқан қытай азаматын жолықтырдым. Ол маған барлық жағынан қолдау көрсетіп, көмектесіп жүреді. Тіпті, ата-анам үшін де қолынан келгенін істеп бағып жүр.
Қайталаймын, менің қытай азаматымен бас қосуыма себеп жезөкшелік немесе намысымның жоқтығы емес, өзімді түсініп, шын сүйетін азаматтың болғаны. Әр сөзіңізге абай болсаңыз екен, Тоқтар мырза! Адамның жан-дүниесіне үңілмей, сырттай ғайбаттауыңыз нағыз азаматқа тән қылық емес. Егер қытайлық жігіттерге шын мәнісінде ақша үшін немесе басқа да арам-пиғылмен тұрмысқа шықпақ болған қыздарды көрсеңіз, өзіне жеке айтыңыз. Бұндай сөздеріңізбен халыққа жақтым деп ойласаңыз, қателесесіз!»
qamshy.kz