Халық аң-таң болғанмен Мәсімов мәз…

0
1005

Президент сайлауынан кейінгі саяси сахнадан жаңа өзгеріс күткен халық екі сағатқа жетпей орынтағына қайта жайғасқан Мәсімовты көргенде не күлерін, не жыларын білмеді. Биліктің бір тізгіндік жүйесінен шаршады ма, әлде президентке жалғасты сенімді серік бола алатындығына күмән байлады ма, әйтеуір жұрттың көбінің тосын жаңалыққа зәрулігі сондай еді.


Өзгерістің болмауын біздің дағдарыстан құтылып болмағанымызға балаған сасаткерлердің кейбірі бұл мәселенің мәнінде саяси астардан көрі экономикалық мәселелер бар деп те болжап үлгерді.
Әсіресе біздің елдің Қытайдан көп сомада инвестиция тартуына байланысты Қытай компанияларының мұнай-газ, сауда-саттық, қызмет көрсету, құрылыс саласындағы басымдығы әлі де болса бізді тығырыққа тірейтін түрі бар. Ал, инвестицияның қазақ халқына қандай пайда әкелетіндігі әлі белгісіз. Қулығына құрық бойламайтын шығыс аждаһасының көмейінде не жатқанын көру де қиын. Қазақстанға келген әрбір қытайлық компания өз нөкерлерін ерте келеді. Мұның бәрі көрші қақысынан көрі көмескі қақпанға көп ұқсайды. Осы тұрғыдан алғанда олардың Қазақстандағы саяси-экономикалық мүддесінің тиімділігі үшін қолайына жағатын Кәрім Мәсімовтың жылы орынын суытпауы ауадай қажет деседі болжампаздар.
Қырдағы қытай сол есеппен өз бақай қулығын сайлап отырса, ойдағы орыстың да өз ойлағаны бар көрінеді.
Ресейдің премьері Путин мен Мәсімов ауыс жаласардай сыйластар саналады.
Екеуі де ескі Одақтың етегін ұстаған сенімді қолбалалар. Кеңестік емес, Кедендік одақты жанын сала қорғайтын Ресей үшін сенімді серік болып келе жатқан Мәкеңнің орнында қалуы да ұтпаса ұтылмайтын оң ұпай екен.
Ал ел ішінің тыныштығын сақтап, Елбасының етек-жеңін қымтап, пысықтығымен көзге түсіп жүрген бұл азаматты биліктегілердің де аса жек көрмейтіні белгілі.
Осылайша үкімет тағына «уақытша» келген Мәсімовтың ендігі тағыдырын уақыт айтады десек те ел іші гу-гу! Кімге сенерімізді біз де білмейміз.
Әзірше мұртынан күліп жүретін жылы жүзді премердің өз тағында отырғаны бізге де жаман емес. Бұл сөзімізге халық тағы да аң-таң болатын шығар. Мейлі…

Алтай Көктүрік

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз