Наурыздың 15-күні біраз қауым ел – қоғам өкілдері, журналистер, мемлекеттік қызметкерлер жалпақ жұртқа жар салынған игі бастаманың – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет агенттігі мен «Қазақстанның Азаматтық Альянс» заңды тұлғалар бірлестігі бірге өткізген сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәселелер бойынша Азаматтық бастамалардың І Конгресінің онлайн тәртібінде көрсетілген форумының куәсі болды.
Обалы не керек, І Конгресті ұйымдастырушылар аянып қалмаған секілді, жоғарыда аталған заңды тұлғалар арасындағы ынтымақтастық іс-шаралардың кең көлемді Бірлескен жоспары жасалыпты. Форум бағдарламасына сәйкес алғашқы сағатта 12 адам баяндама жасап, екінші сағат түгелімен талқылауға беріліпті. Дұрыс-ақ дедік.
Бірақ, қазақтың жиыны уақтылы басталушы ма еді, бұл мәжіліс те біршама кешігіп ашылды. Бірақ, оған қынжыла қойған ешкім болған жоқ, үйреншікті нәрсе ғой, ең бастысы – мазмұн ғой деп күттік. Жиынды «Қазақстанның Азаматтық Альянс» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Нұрлан Ерімбетов ашты. Сөзі үлкен үміт күттірерлік-ақ болып шықты. Тіпті, осыны дәлме-дәл келтірейікші:
«Бүгінгі жиынға қоғамның ең белсенді мүшелері қатысып отыр. Облыстарда да дәл солай. Осы жерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы шынайы ой-пікірлеріңізді ортаға салып, ашық айтып, көпшілікпен бөліссеңіздер. Ондай құлшыныс бәріңізде де бар. Және ол ойларыңызды айтқан кезде біздің тарихымызды, халқымыздың табиғатын, менталитетін, оның ерекшеліктері мен бүгінгі әлеуметтік деңгейін ескере отырып айтыңыздар. Себебі, бүгінгі жемқорлыққа қарсы күрес ол құқықтық ұғым ғана емес, ол адамгершілік, моральдық ұғым. Шындап келгенде, бұл күрес еліміздің Тәуелсіздігінің сақталып қалу немесе қалмауы жолындағы күрес. Сол себепті, сіздер бүгін бұл күреске жаңа леп, жаңа толқын алып келуге тиіссіздер. Біз бүгін пара алып тұрғын-үй салатын жер телімін сатып жүргендерге тосқауыл қоя алмасақ, ертең олар Отанымызды сатып кетеді. Жетер үйімізде отырып алып жұдырық түйгеніміз! Күресетін кез келді... Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін!»
Иә, керемет сөздер! Дайын нақыл, дайын ұран!..
Жарайды, форум жұмысы, нәтижесі соған лайық болсын деп тілейік.
Екінші сөз ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаевқа берілді: «Сіздер бүгін теңдессіз оқиға куәсі болып отырсыздар – Азаматтық бастамалардан туындаған сыбайлас жемқорлыққа қарсы І Конресс өз жұмысын бастады. Бұл – төменнен бастау алған тірлік. Ол сонысымен ерекше, әрі маңызды. Бұл жиынға мұрындық болған «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына, 1-ші жемқорлыққа қарсы медиаорталыққа және «Қазақстанның Азаматтық Альянс» заңды тұлғалар бірлестігі, біз оларға шын жүректен алғысымызды айтамыз. Форум жұмысына Парламент депутаттары, мемлекеттік ұйымдардың басшылары, этномәдени бірлестіктер жетекшілері, өзге де қоғами институттар басшылары қатысуда. Бүгін заң жұмыс істеуде, қылмыс жазаланбай қалмауда. Мысалы, гонконгтықтардың үлгісімен «Есіктен есікке» бағдарламасы бойынша қала тұрғындары коммуналдық төлемақы түбіртегімен қоса жемқорлыққа қарсы жадынамалар да алып жатыр. Гонконг, Сингапур, Оңтүстік Корея мемлекеттері жемқорлыққа қарсы қоғамдық төзбеушілік қалыптастыру арқылы бүкіл әлемге жақсы өнеге көрсетіп отыр. Дәл сол шарамен қатар «Болашаққа парасыз барамыз. Бірге!» атты дәл осындай жемқорлыққа қарсы ұтқыр топ та өз жұмысын бастады. Олар халық арасында түсіндіру жұмысымен бірге қоғамдық қабылдау да жүргізеді. Агенттік сонымен қатар Азаматтық Альянспен, Қазақстан кәсіподақтар федерациясымен және І-ші жемқорлыққа қарсы медиаорталықпен тізе қосып:
- «жасырын сатып алушы» әдісімен қоғамдық аудит;
- мемлекеттік қызметтегі мүдделер қақтығысын қарау;
- мемлекеттік сатылымдарды қызмет пен тауарға қойылған бағаның дұрыстығы тұрғысынан мониторинг жасап отыру;
- еңбек ұжымдарында жемқорлыққа қарсы сауаттылық сабақтарын өткізу;
- «Жолдағы» жемқорлыққа қарсы 10 қадам» секілді іс-шаралар ұйымдастырып жатыр. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, қоғам әлеуетін іске қоспай, екі арада әріптестікті орнатпай жемқорлықты жеңу мүмкін емес. Сол себепті билік пен азаматтық сектор арасындағы диалог ауадай қажет».
Осы екі азаматтың сөзімен тоқтайық. Неге? Өйткені, бұдан кейін сөйлеген шешендердің сөзінің ешқандай осалдығы болған жоқ. Барлық «шыжық» баяндамашыларға берілген бір сағат уақыт біткен соң басталды. Н.Еримбетов мырзаның «шынайы пікірлеріңізді ашықпай батыл айтыңыздар» дегені сол сылдыраған бос сөз күйінше қалып қойды – ол модератор ретінде 14 облыстың ішінен бар-жоғы 3 облыстың, Ақтөбе, Маңғыстау және Қарағандының өкілдері сөз берді де қойды. Онда да «1 минутта!» деп ескертіп берді. «Мендегі бар махаббат, осыменен бітті» деп кезінде Оспанхан Әубәкіров ағамыз жазғанындай, «16.00–17.00 ОБСУЖДЕНИЕ, в том числе с участием регионов» деген дардай аты бар бір сағаттық «Қорықпай талқылау» 10 минутта тәмәм болды...
Ерімбетов мырза өзі сонша уәде берген пікір алмасуды неге шолтаң еткізді десек, жиынның соңында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет агенттігінің түрлі қоғамдық ұйымдарға арнаған Алғыс хатын табыстау көзделген екен. Ең бірінші болып марапатталатын адам – Ерімбетовтың өзі екен... Іс-шара бағдарламасында жоқ болса да... Бұны көрген кезде біздің бар аптығымыз су сепкендей басылды.
Онсыз да кірер кезде «біздің мекеменің ішкі тәртібі бойынша ұялы телефондарыңызды алып кіруге рұқсат жоқ» деп, бұрынғы Қаржы полициясының қызметкерлері бізден оның бәрін сыпырып алған болатын. «Біз жиналысты бейнетаспаға түсіреміз, кейін оны өз жұмысымызда пайдаланамыз деп отырмыз» деген уәжіміз түкке аспаған еді. Енді, ең болмаса бір ауыз айтар сөзімізді де айта алмай, шенеуніктердің «галочка» үшін өткізген іс-шарасынан, конгрестің жұмыс тілімен айтқанда, «не солоно хлебавши» болып қайттық. (Бұндай жағдай тек біздің облыста ғана болмағанын мақала соңындағы «Мәлімдемеден» оқып біле аласыздар...)
Біздің елде бір кеңшар директоры туралы кезінде «Білемін, сенің атың Ерімбетов, жүруші едің мойныңа ерің кетіп...» деп басталатын өлең болған. Бұл Н.Ерімбетов жайлы да кезінде 2010 жылы журналист, «Қазақ үні» газетінің («Жас қазақ үні») сол кездегі Бас редакторы Өмірзақ Ақжігіттің «Осторожно, Еримбетов, он многолик и опасен!» деген мақаласы да шыққан еді. «Кәрі орыс мұсылман болмайды» дейді қазақ. «Горбатого могила исправит» дейді орыстар. Ерімбетов елдің арасын ашпаса, қоспайды. Оған сеніп жүрген Алик Шпекбаев мырза да аңқау адам ғой деймін...
«МӘЛІМДЕМЕ»
Біз, 15-наурыз 2017ж. Астана уақытымен сағат 15.00-де бүкіл республика бойынша онлайн тәртібі бойынша өтетін жемқорлыққа қарсы форумға 12 адам болып, бұрынғы Қаржы полициясының Қызылорда облыстық бөлімшесіне келіп қатыстық. Байқағанымыз – оған келіп қатысушыларға алдын ала арнайы тізім жасалғандығы. Ол тізімге кіргендер – мемлекеттік қызметшілер, аудан әкімі, әкімдік қызметкерлері, дін орталығынан имамдар, студенттер мен мұғалімдер. Қысқасы, «шақырумен» келгендер. Қалта телефоны мен бейнекамералы құралдарды алып қойды. Өзімізбен бірге жиын залына алып кіруге ешқандай рұқсат етпеді. Ішке кірерде тұла бойымызды түгел тінтіп барып кіргізді. Бізбен бірге қатысуға ниет етіп келген қоғамдық орындардың кейбір мүшелері ренжіп, кетіп қылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің бұл тек «кезекті», көзбояшылық әдісі деді олар.
Залда тек мемлекеттік қызмет адамдары ғана қалғып-мүлгіп отырды.
Біздің облыста «Сенім» телефоны жоқ. Болса да ол өз дәрежесінде жұмыс істемейді. Республикалық «Сенім» телефонындағы қыздар тек орыс тілінде ғана жауап береді. Және олар коррупцияны «мемлекеттік» және «мемлекеттік емес» деп екіге бөледі. Жеке алаяқтар мен беймемлекеттік құрылымдардағы болып жатқан жағдай жайлы ақпаратпен бөлісіп, хабардар еткіңіз келсе, сізге бірден: «біз ондай мәселелермен айналыспаймыз, ол жөнінде жергілікті полицияға арызданыңыз» дейді.
Онлайн – форумға қатысуға келген 12 адамның атынан:
1. Жеткерген Жусупов, тәуелсіз журналист, «Жемқорлыққа қарсы халықтық комитет» қоғамдық қорының Қызылорда облысындағы өкілі
2. Сағат Есмаханұлы, саясаткер, журналист-жазушы
3. Ғани Әлиев, жеке кәсіпкер
4. Нұршат Ерболат, қала тұрғыны
5. Хаттам Үсіпәлі, зейнеткер
Сламбек Мергенбаев,
«Жемқорлыққа қарсы халықтық комитет» қоғамдық қорының ОҚО бойынша өкілі
qazaquni.kz