БЕНЗИН БАҒАСЫ БАҚЫЛАНАДЫ, БІРАҚ...
2017 ж. 20 наурыз
2086
0
ҮКІМЕТТІҢ БҰЛ УӘДЕСІНЕ КӨПШІЛІК КҮДІКПЕН ҚАРАЙДЫ
Бензин қымбаттамайды деп қуантты энергетика министрі Қанат Бозымбаев. Үкімет бұдан былай жанармай бағасын өсірмей ұстап тұру үшін жұмыс істейтіндіктерін жария етті. Бұған дейін бензин бағасын бұғаулауға болмайды, нарық заңына сәйкес ол бәсекелестік негізінде ерікті түрде табиғи реттеліп отыру керек деп мәлімдеген министр өзінің алғашқы ойынан айнып қалыпты. Қуатты саланың тізгінін ұстап отырған министрге еліміздегі баға атаулының тым шарықтап кетуіне орай Үкіметке сауал жолдаған Мәжіліс депутаттарының ескертуі әсер еткен сыңайлы. Әлде бұл көктемгі егіс науқаны қарсаңындағы амалсыздықтан қарастырылған құйтырқы, қысқа мерзімді шара ма? Осыған дейін шенеуніктер мен сарапшылар еліміздегі үш бірдей мұнай өңдеу зауыты жөндеуге жабылып, жұмысын уақытша тоқтатқандықтан бензин бағасының өсетінін ашық айтқан-ды. Сол-ақ екен, жанармай бекеттері бағаны көтеріп алып халықты тағы бір дүрліктірді. Осы салада «тер төгіп» жүрген кейбір кәсіпкерлер өзара келісіп алып жанармай құнын аспандатып, құқық қорғаушылардың құрығына да ілінді. Не керек, бағаны шұғыл көтере қою жағынан біз әлем бойынша алдыңғы орындардың бірінде тұрмыз. Жалақы мен зейнетақы көтерілетінін кешкісін телеарнадан ести сала, ертеңінде таң бозарып атпай жатып кез келген заттың құнын оп-оңай көтере саламыз. Тауардың өзіндік құны, бүкіл әлем бас иетін атышулы нарық пен бәсеке заңына түкіріп қойып, оны тіпті қаперімізге де алмаймыз. Біздегі тұрақты орын алған баға саясатының сиқы осындай. – Біз бензин бағасы қымбаттап кетпеуі үшін жұмыс істеп жатырмыз. Оның үстіне біздегі бензин құны төмен. Мәселен, Ресейде АИ-92 бензині 180 теңге тұрады. Ал, Еуропа елдерінде тіпті жоғары, – деді министр баяғы ескі әуеніне басып. Шенеуніктердің осы бір әләулайы халықты жалықтырып жібергенін ашық айтуымыз керек. Алдымен өзіміздің тұтынушылардың, яғни қарапайым халықтың сатып алу қабылетіне назар аудару керек емес пе? Батыс пен біздің тұрмыстық деңгейіміз әзірше теңесе қойған жоқ. Еуропа бензиннің бір литрін 5 мыңнан сатса біз де бағаны сол деңгейге көтеруіміз керек пе? Сол мақтаулы Еуропа елдерінің көбісінде мұнайдың өзі түгіл исі де шықпайтынын неге ескермейміз? Мұнайы болмаса олардың бензині қайдан арзан болсын? Құдайға шүкір, мұнай жағынан ешқандай таршылық көріп отырған жоқпыз. Ал, сол шикізатты дұрыс өңдей алмай отырсақ – ол біздің өзіміздің шалалығымыз. Олардың тағы бір айтар сылтауы бар – бізде бензин арзан болса көрші елдер оны түгелдей түбімен қотарып алып кетеді-мыс. Сонда қалай болғаны, бізде шекара деген атымен жоқ па? Мыңдаған шекарашылар мен кеденшілерді не үшін ұстап отырмыз? Әлде олар бізден сыртқа тасымалданып жатқан тауарларды тексеруді мүлдем қойған ба? Әншейінде шекарадан өткенде қойын-қонышыңа дейін тіміскілеп, түк қоймай тексеретіндер бензинге келгенде көздері байланып қала ма? Сылтау айту үшін де негіз, адам сенерліктей бір себеп болуы керек қой. Шынын айтсақ, бензин бағасы бақылауға алынады, оның бағасы төмендейді дегенге көпшілік күдікпен қарайды. Себебі біздің еліміздің тарихында осы күнге дейін қандай да бір тауарға деген бағаның төмендеуі әлі болып көрген емес. Әрине, бұқара бензин бағасының түскенін қалайды. Өйткені қуат көзі қымбаттаса өзге тауарлардың да құны көтеріледі. Бүкіл әлем бойынша кез-келген шаруашылық, өндіріс салалары электр қуаты мен жанармайға тікелей тәуелді. Қуат көздері қымбаттаса тауар бағасы көтеріледі, сәйкесінше халықтың тұрмысы төмендейді. Бұл - заңдылық. Он жерден нарық заңы болса да бағаға деген қатаң бақылау қажет. Өйткені, бізде нарық заңын ескеріп, оның ережелерін орындап жатқан ешкім жоқ. Мүмкіндік берсек кім де болса бағаны барынша көтеріп, көбірек пайда табуға тырысады. Өкінішке орай, осыған дейін халық тарапынан бағаның негізсіз көтерілуіне бақылау жасау керектігі талай рет талап етілсе де Үкіметтің осы бағыттағы нақты қимылын көрген емеспіз. Бұл жолы қалай ғана депутаттардың сауалына құлақ аса қойды деп көпшіліктің таңырқауы да содан болар. Қалай десек те, ел экономикасы мен бұқараның тұрмыстық жағдайына тікелей әсері бар баға саясатына сақ болғанымыз жөн. Баға біреулердің есепсіз баюына емес, мемлекеттің қуатын арттырып, халықтың тұрмысын жақсартуға қызмету етуге тиісті. Зейнолла АБАЖАН qazaquni.kz