Арман Сқабылұлы: Қазақ телевизиясын кілең сайқымазақтар басып алды
2017 ж. 15 наурыз
6171
15
Тоқсаныншы жылдары, қазақ телевизиясының дүрілдеген тұсында оның басы-қасында жүрген мамандар көрерменді көгілдір экранға елітіп қоятын. Сол кездегі телебағдарламалар әр қазақтың төрінен ғана емес жүрегінен орын тауып, жадында жатталып қалатын еді. Салмақты телеөнімді көрермен еш жатырқамайтын. Телевизия ұлтты ұйытқан күшті құрал еді. Ал қазіргі жағдайы қалай?
Танымал тележурналист Арман Сқабылұлын қазіргі қазақ көрермендерін тәрбиелеп отырған телевизияның жайы туралы NUR.KZ порталына сұхбат берген екен. Оқып, таразылап көрелік.
- Біз бала күнімізден Қайнар Олжай, Серік Абас-шах, Серік Жанболат, Нұртілеу Иманғалиұлы және өзіңіз сияқты телевизияның майын ішкен журналистердің шығармашылығымен сусындап өстік. Сіз қайнаған қазақ телевизиясында салмақты дүниелер көп еді. Ал қазір, өзіңіз айтпақшы, эфир толған «сайқымазақ-жүргізушілер». Жеңіл-желпі бағдарламалардың телеэфирді жаулап алуы ненің белгісі деп ойлайсыз?
- Бұл - қиын сұрақ. Менің ойымша, осының бәрі рейтингтік есептеу жүйесінен басталды. Алдымен коммерциялық арналар, содан соң мемлекеттік арналар осы рейтингтің соңында кетті. Қайсыбір арнаның немесе бағдарламаның рейтингі жоғары болса, соған коммерциялық ұсыныс, жарнама, демек қосымша қаржы көбірек түседі деген сөз. Оған келісуге болады. Нарық кезеңінде рейтингтің болуы керек те шығар. Бірақ біздегі жағдай мүлде басқа. Елімізде рейтингтік есеп жүргізу бір ғана компанияның қолында. Ең сорақысы, сол есептегіштер жүз мыңнан аса тұрғыны бар облыс орталықтарында ғана қойылған. Өзіңізге белгілі, ондай қалаларда қазақ тілді аудитория аз. Соған сәйкес қазақша салмақты, тәрбиелік мәні бар немесе дәстүрді насихаттайтын бағдарламалардың рейтингтері төмен болады. Соның кесірінен талай керемет бағдарламалар жабылып та қалды. Ал мемлекеттік арналардың негізгі көрермендері ауылда. Олар рейтингтік есептеуге кірген жоқ, әлі де кірмей отыр. Екіншіден, арна басшыларынан рейтинг талап етеді. Олар коммерциялық арналардың рейтингті қалай алып жатқанын зерттей келе, сайқымазақ шоулардың халықтың сұранысына ие болып жатқанын біледі. Содан кейін осыған ұқсас ресейлік, шетелдік бағдарламаларды көшіріп алу басталды. Ондағы талап - жүргізушілердің барлығы танымал, сахнада жүрген адам болуы керек. Журналист пе, журналист емес пе - маңызды емес. Жылтыраған адамның бәрін эфирге шығару етек жайды. Сонымен экранды жаулау басталды.
- Оның нәтижесі қандай?
- Ең сорақысы, біз ұлттық идеологиямыздан айырылып қалдық. Соңғы алты-жеті жылда кез келген нәрсеге күле беретін талғамы төмен көрермен тәрбиеледік. Көрерменді арзан күлкіге баулып алдық. Екіншіден, әдеттегі құбылыс ретінде арналарда әншілерсіз немесе танымал шоумендерсіз бағдарлама жасалмайтын болды. Арналарда сондай саясат ұстайтын продюсерлер көбейді. Мысалға Қоянбаевтың ұлттық арнаға бас продюсер болуын алайық. Таңғы бағдарламаны жаңа форматта шығарды. Мен бұл туралы әлеуметтік желіге де жазғанмын. Бұл - таза Қоянбаевтың қолтаңбасы. Таңғы танымдық бағдарламаны өзінің бағдарламасына ұқсатып, шуылдатып отырғызып қойды.
Ерлан Қаринді жақсы саясаттанушы ретінде білемін, бәлкім жақсы менеджер шығар. Бірақ, оның жанына кәсіби профессионалдар керек. Жақын арада түбегейлі өзгерістер енгізбесе, сайқымазақтардан құтылу оңай емес. Телевизияда жүргенде жеке басымнан өткен тәжірибемнен білетінім, оларды эфирден алып тастау, орнына басқаны алу деген үлкен шаруа, орнынан айырылмай қояды. Салмақты бағдарламаларды жасау үлкен жігерді қажет етеді. Және бұл мемлекетттік деңгейде жасалуы тиіс шаруа. Жай ғана арналардың басшысын ауыстырғаннан ештеңе өзгермейді.
Айтарым, мемлекеттік арна халықтың ақшасына шығып жатқаннан кейін, олардан рейтинг талап ету дұрыс емес. Ұлттың дәстүрін, тарихын, мәдениетінен хабар беретін бағдарламаларды халықтың бес-он пайызы көрсе де, соның өзі идеологияға керек нәрсе. Мемлекеттік арналардан рейтинг талап етіп, шоуларды қаптатып қоюға болмайды.
- Әлеуметтік желіде сіз шоу-бизнес өкілдерін жиі сынайсыз. Жақында Баян Есентаеваның елге «идеал» болғанына қатысты пікіріңізді оқыдық. Жалпы, әртістер туралы ақпарат қоғамда үлкен қызығушылыққа ие. Ал маңызды дүниелер жұрт назарынан тыс қалып жатыр. Сонда біздің қоғам осындай жеңіл-желпі жылтыраққа ғана әуес пе?
- Бұл сұрақтың жауабын жаңа бердім ғой деймін. Мәселе Есентаевада емес. Тіпті анау күні білім министрінің өзі: «Шоу бизнесті өздеріңіз жазып жатырсыздар, сонан кейін біз де тестке қостық», - дейді. Одан кейін бір апта өтпей жатып, Есентаева инстаграмдағы парақшасында: «Мен конституциялық реформаны қолдаймын», - деді. Солай деп мыңдаған адам жазуы мүмкін. Бірақ БАҚ «Есентаева да реформаны қолдады» деп жатыр. Неге десеңіз, Есентаеваның фамилиясы тұрса, ел-жұрт елең етеді. Менің ойымша, бұл - өте үлкен мәселе.
Баянның өзі де: «Мен ешкімге жалынып жатқан жоқпын. Өздері шығарып жатыр», - деп айтыпты ғой. Мен кезінде бір танымал әртістің өз төбетіне ұрғашы ит іздегені туралы ақпаратқа пікірімді жазып едім. Енді біраз уақыттан кейін олардың иттерінің қалай ылыққанына дейін оқитын шығармыз. Адамның жеке басына тиісуге болмайды. Бірақ Баянның басынан өткен жағдайдан кейін ол ешқандай идеал болуға тиіс емес еді. Жасыратыны жоқ, менің де немерем Instagram-да Баянның парақшасына кіріп қарайды. Ұрпағымыздың болашағы не болатыны мені алаңдатады. Бұл - жоғары биліктің араласуымен, белгілі бір заң тетіктерімен ғана тоқтатылатын нәрсе.
- Арман мырза, Қытайда өтіп жатқан телебайқауда Димаш Құдайберген қазақтың атын аспандатып жатыр. Мұндай атақ-даңқты оған шетелдіктер әперіп отыр. Елімізде осындай әншіні бағаламаудың сыры неде деп ойлайсыз?
- Мен енді телевизия саласының маманы ретінде жауапты сол төңіректен іздеп көрейін. Жалпы жұлдыздың жұлдыз болуына телеарналар тікелей себепші. Телеарналарда әншілер қатысатын мерекелік бағдарламалар немесе түрлі жобалар болатынын білесіз. Онда эфирге шығу үшін сұмдық талас-тартыс. Бәрі көрініп қалуы керек, бір жеріне ілініп қалуы керек. Әрқайсысының қолында бір-бір фонограмма. Кейбірінің телевидениеде тамыр-таныстары бар. Ал есіктің сыртында Димаш сияқты он шақты адам танысы жоқ, жанды дауыспен айтатын бағдарламаларға жете алмай жүр. Мен бір-екі рет фонограммамен жүрген керемет әншілердің жанды дауыспен айтқанының куәсі болғанмын. Мүлде дауыс жоқ.
Бізде көрерменді, тыңдарманды алдау әлі жалғасып жатыр. Бұл мәселені біраз зерттеп көрдім. Көрші Өзбекстан мен Түркіменстанда фонограммаға мүлде тыйым салынған. Еуропа елдерінде кез келген концерттің афишасында әншінің фонограммамен айтатыны туралы ескерту жазылады. Сонда көрермен өзіне концертке баратынын-бармайтынын анықтап алады. Ал Ресейдің Думасы осымен төртінші жыл талас-тартыспен осыған қатысты заңды қабылдай алмай келе жатыр. Оған ол жердегі шоу бизнес өкілдері, әншілер қарсы. Фонограммамен айтатын әншілердің қаптап кеткені, олардың телеэфирлерді жаулап алуы Димаш сияқты таланттардың шығуына бөгет болып отыр. Фонограммамен айтса айтсын, бірақ халықты алдамасын, ескертсін. Телеарналарда да тура сондай саясат. Олар мүлтіксіз таза орындалып, жазылған әнді ғана береді. Ал жанды дауыспен айтатын балаларға жол жоқ. Егер фонограммамен ән айтуды заңды түрде ретке келтірсе, он емес 100 Димаштың шығатынына мен сенемін.
- Өзіңіз бір кездері «Еларна» деп аталған телеарнаның тізгінін ұстадыңыз. Наурыз мейрамы қарсаңында елімізде тағы да «Еларна» телеарнасы ашылғалы жатыр. Бұл аттас арна осымен үшінші рет ашылмақ. Оған не дейсіз?
- Мен оны телеарна деп қабылдай алмаймын. Бұл үш-төрт адамның істей салатын жұмысы. Мұнда «Қазақфильмнің» түсірген көркем, деректі фильмдері көрсетіледі дейді. Біздің кинотекамыз соншалықты бай деп ойламаймын.Күндіз-түні қойғанның өзінде де үш ай төрт айдың ішінде ол киноны бітіріп тастаймыз. Өткенде телеарна арқылы Әуезов драма театрында қойылған спектакльдердің теленұсқаларын шығару туралы ұсыныстар болды. Ал енді атына келер болсақ, арнаны «Еларна» деп қоймау керек еді. Ол «Еларна» мен қазіргі «Еларнаны» салыстыра алмаймыз. Мұның ғұмырының қанша болатынын кім біледі?! Менің есебімше, көпке жетпейді.
Бүгінде сіз немере сүйген атасыз. «Сын түзелмей мін түзелмес» дейміз. Осы орайда балаларға арналған жалғыз телеарнамызға қатысты халық арасында көп сын айтылып жүр. Осыған қатысты не айтасыз?
- Қытайлық ССTV деген арна 36 бағытта жұмыс істейді. Оның ішінде балалар арналары да бар. Қытайда болғанымызда, тек қана анимация жасайтын арнасына ат басын тіредік. Редакцияда қырық шақты компьютерде отырған аниматорлар біздің көзімізше бас аяғы бір сағаттың ішінде бес минуттық мультфильм жасап шығарды. Жақында ғана «Балапан» арнасынан тапсырыс алған жігіттермен сөйлестім. Он серияны алты-жеті ай дайындайды екен. Ол технологияға да байланысты болып тұр.
Немеремнің «Балапан» арнасын көргенін қалаймын. Бірақ одан жалығып кете ме, шетелдік арнаға ауыстырып алады. Одан кіші немерем қазірден бастап ресейлік «Маша мен аю» мультфильміне әуес. Сонда біздің балалар шетелдік кейіпкерлермен өсіп келе жатыр деуге болады. Біздегі ең үлкен кемшілік анимация жасайтын болсақ, жаңа заманға лайықтап, жаңа оқиғамен, жаңа кейіпкерлермен жасамаймыз. Біз баланың миын ашытып, әлі сол батырлар, жоңғарлармен соғыс туралы көрсетеміз. Меніңше, «Балапанның» қасына тек қана қазақ тілінде сөйлейтін тағы бір арна керек. Қазақша үйретуде телеарнаның балаларға әсері өте күшті болады.
Қазір эфирдегі тіл тазалығы көңілге қаяу түсіріп жүр. Қабатовтың шоуларынан бастап, кез келген бағдарламаны алсақ, шұбарланған тіл, ауызекі сөз өріп жүр. Оған ешқандай бақылау жоқ сияқты?
- Баяғыда, Қабатов әлі мектепте оқып жүрген кезде «Тамаша», «Бауыржан шоу» дүрілдеп тұрды. Және олар «Хабар» арнасы арқылы өтіп жүрді. Сол кезде Серік Абас-шах бас продюсер болып жүрген кезі болуы керек, мынадай тәжірибе болатын. Монтаждалып әкелген дүниені арнайы бір редактор, ішіндегң орысша немесе артық кеткен, ұятсыздау, анайы сөздерді теріп, тазалап отыратын. Өздеріне де тазалататын. «Тамашаның» жетекшісі марқұм Ұлықпан Есенов «онда тұрған не бар?» деп өзінікін дәлелдегісі келген. Серік те қайтқан жоқ, жібермейтінін қадап айтты. Ал қазір біраз бағдарламаларда орысша сөздер өріп жүр, ішіне диалект сөздер де, кейде дөрекі сөздер де ілесіп кетеді. Арналардың басшылары осыны қатты қадағаласа деймін.
Сізді телевизияға шақырса, қайта келер ме едіңіз?
Телевизияға қайта шақырса енді бармаймын. Бірақ жастарға ақыл-кеңес беруге, көмектесуге дайынмын. Қазіргі жұмысым өзіме ұнайды.