КӘСІПКЕРГЕ КЕЛТІРГЕН ШЫҒЫНДЫ ШЕНЕУНІКТЕРДІҢ ӨЗДЕРІ ӨТЕСІН
2017 ж. 15 наурыз
1894
0
«Ақ жол» партиясының жетекшісі Азат Перуашев кәсіпкерлікті заңсыз тексерген шенеуніктердің кесірінен келген шығынды сол шенеуніктердің өзіне өтеуге міндеттеуді ұсынды. Көптеген кәсіпкерлерді алаңдатып отырған бұл депутаттық сауал Үкімет басшысының атына жолданды.
Азат Перуашев ҚР Бас прокуратурасы алқасының Қарағандыға жасаған іс-сапары барысында анықталған деректерді мысалға келтірді. Айталық, 2015 жылы жалған кәсіпкерлік фактісі бойынша 437 қылмыстық іс қозғалса, оның бар болғаны 7-і, яғни 1,5 пайызы сот қарауына жіберілген. Ал, 2016 жылы дәл осы баппен қозғалған істердің саны екі есеге артып, 948-ге жетті. Алайда сотқа жолданғаны тек 6 пайызы ғана. «Бұл істердің 94-98% ешқандай негізсіз қозғалады немесе әдеттегідей бопсалаумен аяқталады. Шенеуніктердің осы әрекетінің кесірінен жыл сайын 35 мыңнан 70 мыңға дейін кәсіпкерлік нысаны, бұл ел бойынша тұрақты түрде ҚТС төлеушілердің тең жартысы, санкция қаһарына ұшырайды. Бұдан кейін мемлекеттік органдар көлеңкелі экономика үлесі артты деп дабыл қағады» – деп атап көрсетті партия жетекшісі.
Азат Перуашев бұл тексерістер мен тергеулер кезінде мекеме құжаттары, мөрі, мәліметтер базасы, банктік және қаржылық есептерге дейін бұғауланып, қаржылық операциялар тоқтатылатынын баса айтты. Соның салдарынан кәсіпкер қызметі айлап тұралап қалады. Осындай тексерулердің кесірінен келісімшарттар міндеттемелері орындалмай қалады. Несие мен салық уақытылы төленбеген соң тағы да үстінен төпелеп айыппұл салынады.
Кейде қозғалған іс тоқтатылған күнде де кәсіпкер өз ісіне орала алмай жатады. Себебі тергеу жүріп жатқан уақытта шығынға белшеден батқан ол тақырға отырады. Бұндай фактілер Бас прокуратура есебінде де көрсетілген.
Айта кетерлігі сол, көп жағдайда кінә кәсіпкерден емес, сыбайлас жемқорлыққа бой алдырған шенеуніктерден. 2014 жылы жалған кәсіпкерлікке жағдай жасаған Қостанай, Жамбыл, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарының салық органдарының 16 қызметкері мен жетекшісі жауапқа тартылды. Өкінішке орай, бұл деректер жыл сайын азаймай отыр.
«Алайда, заң бұзған шенеуніктердің жауапталуы, кәсіпкерге келтірілген шығынды өтемейді. Олардың әрекетінен құрдымға кеткен кәсіпкердің ісі қайта жаңғырмайды», – деді Азат Перуашев.
«Қазіргі қолданыстағы Әкімшілік заңбұзушылықтар Кодексі мен Қылмыстық Кодексте кәсіпкерлікті заңсыз тексерген шенеуніктерді келтірген шығынын өтеуге міндеттеу жазасы қарастырылмаған. Кәсіпкер шығынын өтеуді шенеуніктен емес, ол қызмет ететін ведомствадан, яғни мемлекеттік бюджет есебінен, талап ете алады. Егер қазына қаржысы бизнес өкілдері төлейтін салықтар есебінен жасақталатындығын ескерсек, сыбайлас жемқорлыққа бой алдырған шенеунік келтірген шығынды кәсіпкерлер салығынан өтеу заң тұрғысынан алып қарағанда қаншалықты дұрыс деген сауал туындайды. Оған қоса қылмысқа жеке бастың жауапкершілігі ұғымының қағидаттарының қайда қалғаны?
Елімізде тексеруші органдар тарапынан кәсіпкерлерге жасалатын «қысымның ауқымын» ескере отыра, сондай-ақ, «Қазақстанның үшінші жаңғыруы» Жолдауында қойылған бұқаралық кәсіпкерлікті дамыту міндетін орындау мақсатында біз, «Ақ жол» партиясы, Үкімет пен Бас прокуратураға қадағалаушы орган қызметкерлеріне заңсыз тексеру нәтижесінде кәсіпкерлерге келтірген шығынын өзі өтеуге міндеттейтін жеке басына материалдық жауапкершілігін енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз» – делінген сауалда.
«Ақ жол» ҚДП баспасөз қызметі
qazaquni.kz