ҚАРЖЫГЕРЛЕР ЖЕМҚОРЛЫҚТЫ ЖОЯ АЛА МА?
2017 ж. 07 наурыз
2672
7
БІЗДІҢ МИНИСТРЛЕР ЕЛБАСЫНАН ЕСКЕРТУ АЛСА ҒАНА ҚИМЫЛДАЙДЫ
Бұдан былай Үкімет мемлекеттік сатып алуды майшелпекке айналдырған жемқорлардың жолын жаппақшы. Бір қызығы, қылмысқа қарсы күресуге міндетті құқық қорғаушылар емес, қаржы саласының өзі білек сыбана кіріспекші. Қаржы министрлігі үй, мектеп, аурухана секілді әлеуметтік нысандарды салуға деп қазынадан бөлінген қаржыны бақылауда ұстайтын судай жаңа жүйе әзірлепті.
Біздегі қолданыстағы заң бойынша Үкімет бюджеттің миллиондарын ұлттық компаниялардың қолына ұстата салады. Қыруар қаржыны холдингтердің қалай жұмсағанын және тендердің қорытындысын ешкім тексермейді. Мемлекеттік мекемелерге бөлінген ақша да шотқа түскенше ғана бақылауда болады. Одан әрі пұл болмаса, күл болсын дегендей, онымен ешкімнің жұмысы жоқ. Мұны пайдаланған жемқорлар жалған кәсіпорындар арқылы ақшаны қолма-қол шешіп алып, жымқыруға машықтанған. Әсіресе құрылыс саласында ұрлық-қарлық көп. Бұл аздай жаңадан салынатын нысанның шығынын қолдан қымбаттату әдетке айналған. Енді Үкімет супервайзерлер жалдап, қазына ақшасының тиімді жұмсалуы, салықтан түскен пайда, құрылыстың сапасын, оған кеткен шығынға дейін қатаң қадағалауда ұстамақ. Жаңа жүйе әзірге Астана, Ақмола, Қарағанды облысында тәжірбие ретінде сынақтан өтіп жатқан көрінеді.
Құрылыс саласындағы сатып алуларды қатаң бақылуға алып, шенеуніктер жемқорлықты жоюға бекініп отырғаны бұл бірінші рет емес. Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов Ұлттық статистика органдарының ресми деректеріне сүйеніп, Қазақстандағы көлеңкелі экономика көлемі ішкі жалпы өнімнің 20 пайызынан асады дегенді айтты. Бұдан былай тапсырыс берушіден бастап жеткізушіге дейін барлық ақша айналымын қаржылық органдар өздері бақылап отырмақшы. Әзірге жоба пилоттық режимде енгізіледі. Сонымен бірге министр қаржы саласындағы бірқатар былықтардың бетін ашып берді. Құрылыс шығындары әлдеқайда жоғары етіп көрсетіледі, мерзімдері сақталмайды, ал сапасы сын көтермейді. Құрылыс саласында жалған кәсіпкерлік белең алған дейді министр. Мәселен, былтыр 1792 жалған кәсіпкерлік анықталса, оның 28,6 пайызы құрылыс саласына келген. Бұл да жаңалық емес, оны бүкіл халық біледі. Ал, Үкімет басшысы, жаңа жүйені құрылыс саласындағылар қабылдамаса, қатаң түрде жазалаңдар деген тапсырма берді.
– Ыңғайлы ескі әдісті қимай, жаңа жүйеге қарсылық білдірушілер көп болады. Олар жұмысқа кедергі келтіруге де тырысады. Бірақ күресу керек. Жылдың соңына дейін жіті дайындалып, келесі жылдан бастап мемлекеттік сатып алудың жаңа механизміне көшу қажет, – деді Бақытжан Сағынтаев.
Көлеңкелі экономиканың жолдарының бірі – мемлекеттік сатып алуда жалған кәсіпорындар арқылы бюджет қаражаттарын қолма қол ақшаға айналдыру жолымен жасалатын қылмыстар жиі кездесетіні рас. Оның ішінде бөлінген ақша қаражатының үштен бірі құрылыс пен сауда салаларына тиесілі екен. ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мемлекеттік шығындардың сапасын және қаржы ағымдарының ашықтық деңгейін көтеру үшін келісім-шарттарды қазынашылық сүйемелдеуді, яғни оны басынан аяғына дейін көзден таса қылмай бақылап отыруды ұсынып отыр.
Қаржыгерлердің бұл тосын мәлімдемесі жемқорларды ғана емес, бүкіл жұртты елең еткізді. Біреулер тіпті оған күдік те келтіруде. Біздегі түрлі деңгейдегі толып жатқан әкімшіліктер, сот, прокуратура, полиция, монополияға қарсы комитет, жемқорлыққа қарсы агенттік, ұлттық қауіпсіздік комитеті сияқты азуы алты қарыс құқық қорғау орындарының өзі жылдар бойы жемқорлықты жеңе алмай отырғанда кенеттен қаржыгерлердің қайрат көрсетуін ешкім күтпеген-ді. Құқық қорғау орындарының қолынан келмесе қаржыгерлер-ақ жемқорлықты жойып берсін, оған ешкім қарсы емес. Бірақ, жемқорлықтың жеңімпаз жорығын тоқтатып, оны ауыздықтау қаржыгерлердің қолынан келе қояр ма екен? Бұлай күдіктенуге толық негіз бар. Алдында атаған күштік, құқықтық құрылымдардың күші жетпегенде қаржыгерлердің қолынан келе қояды дегенге сенім аз. Әлде осы күнге дейін олар жемқорлықпен күресті көзбояшылықпен жасанды жүргізді ме? Бұндай пікір білдіретіндер де табылып жатыр. Осы тұста өткенде Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың айтқан бір өткір сөзі еске еріксіз түседі. Қала құрылысындағы жайлаған жемқорлықты, көптеген кемшіліктерді қатаң сынға алған Бердібек Сапарбаев «Барлығы келісіп алған. Тапсырыс беруші, мердігер, жобалаушы, сараптамашы...» – деп құрылыстағы жемқорлықтың нақты себебін айтып берген еді.
Дәп осы жерде жемқорлықты жоя алмай отырған дәрменсіздігіміздің негізгі себебі жатыр деуге болады. Олай демесек, осыған дейін сонда бюджеттен бөлінген халықтың қаржысын бақылау мүлдем болмағаны ма? Болды. Ол туралы біздің телеарналар күн сайын зарлап жатыр емес пе? Тіпті басқасын былай қойғанда, әрбір құрылыс алаңында біздің биліктің «Нұр Отан» партиясының депутаттық қосындары тұрақты бақылау жасап жүрген жоқ па? Құрылыс алаңдарында ілінген тақтайшаларда депутаттардың телефондарына дейін жазулы тұратын. Сонда солардың бәрі нені бақылап жүрген? Бақылау барысында ешкім кемшіліктерді көрмегені ме? Ақырында қомақты қаржы ұрланғаны туралы деректер жарияланғанда ғана бір-ақ білеміз. Бірақ ол кезде бәрі де кеш болады. Халық сенім артып отырған мемлекеттік бағдарламалар толық орындалмай, жоспарланған мектеп, балабақша құрылысы кешігіп, елді мекендер сусыз, жолсыз, жарықсыз қалады. Міне біздегі бақылау мен жоспарға деген шенеуніктердің жауапкершілігінің сиқы осындай. Демек, Сапарбаев дұрыс айтқан, бәрі – қаржы бөлушілер, тендер өткізушілер, мердігерлер және оны толып жатқан бақылаушылар бәрі келісіп алған. Орын алып жатқан жағдай осындай ойға итермелейді. Әйтпесе кемшіліктерді көрмеу мүмкін емес қой.
Біреулерді біздің бас қаржыгер кенеттен неге белсенді бола қалды деген сұрақ та мазалауы мүмкін. Оған да өз пікірімізді білдіре кетейік. Өткенде Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасынан ең соңғы қатаң ескертуін алған Бақыт Сұлтанов енді шындап жұмыс істеуге кіріскен сыңайлы. Өзі бөлген қаржының әрбір тиынын есепке алып отырмақшы. Тың ісіне сәттілік тілейміз. Бірден жемқорлықтың жағасына жармасуына қарағанда жан беру де оңай емес екен. Бұл үшін Сұлтановқа сын айтудың реті жоқ. Жемқорлықты жеңіп шықса Президенттің ғана емес, бүкіл халықтың алғысына бөленері сөзсіз. Олай болса Елбасымыз барлық министрлерге соңғы қатаң ескерту жасауы қажет сияқты. Жандары мұрын ұшына тірелгенде, қызметінен айырылып қалу қаупі төнгенде біздің министрлер ұйқысынан оянып, барлық саланың жұмысы жанданып сала беретінге ұқсайды...
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz