Апат ошағына айналған ел

2
2806

Алланың қаһарына ұшырады ма?

Құдіреттің ісіне таң қаласың. Кеше ғана жайбырақат «қойын құрттап, айранын ұрттап» тыныш жатқан Жапон елі, не бәрі, екі аптада апат ошағына айналады деп кім ойлаған.
11 Наурызда басталған апат­тың күші жойқын. 18 Наурыздың өзінде Хоккайдо аралында жүз елу жер сілкінісі тіркеліп, биіктігі оншақты метр су толқындары бүкіл қалаларды талқандап кеткен. Жер сілкінудің эпицентрінен 800 шақырымдай алыс орналасқан Токио қаласынан да жер асты дүмпулері байқалған.
Жапонияның ауарайы басқармасының хабарлауына қарағанда, 11Наурыздағы 9 балдық жойқын жер сілкінісінен кейінгі екі апта ішінде 5 балдан асатын жер сілкінісінің 352 сі тіркелген. Бұл былтығы бір жыл ішінде бүкіл Жапония аумағында болған 5 баллдан жоғары жер сілкінісінің 2.3 есесіне пара-пар көрсеткіш. Тіпті, күні бүгінге дейін қара жер «бүлкілінен» танбаған тәрізді. 30 Наурыз 13 сағат 29 минутта шығыс теңіз жағалауында тағы да 6.4 балдық жер сілкінісі тіркелді.

Апаттың салдары

Жапониядағы жойқын зілзала мен цунамиден қаза тапқандар мен із-түссіз жоғалып кеткен адамдар саны 27 мыңнан асты. Ең өкініштісі де осы. Қаза болғандардың саны күн сайын, тіпті, сәт сайын көбейіп келеді. Бұл туралы Жапон елінің полиция басқармасы 30 Наурыз жергілікті уақыт 10:00 шамасында 11232 адам шығыны болғанын мәлімдесе, арада сегіз сағаттан кейін, яғни жергілікті уақыт кешкі сағат 6 да бұл көрсеткіш тағы ұлғайып қаза болғандар 11258 адамға жеткен. Аталмыш орган 30 Наурыз түнгі сағат 21:00 де тағы да мәлімдеме жасап қаза болғандар саны 11362 адамға жеткенін қабарлады.
Міне, осылайша қасіретке батып, қабырғасы қайысқан елдің экономикалық ахуалы да мәз емес. Жапон үкіметі 23 Наурыз күнгі мәлімдемесінде апат тудырған экономикалық шығынның алғашқы межесін жариялады. Бұл меже бойынша, осы жолғы жойқын зілзала мен су тасқыны әсерінен, радиациядан туындаған шығындарды қоспағанда, тек тұрғын үйлер мен тас жолдардың бүлінуінен келіп шыққан тікелей шығын 16-25 триллион йен аралығында болса керек. Бұл 196.528 – 3070.75 миллиард АҚШ доллары деген сөз. Бұл көрсеткіш қазірге дейін Жапон мемлекетінің жалпы ішкі өндірісін 0.5% ға құлдыратқан. Үкімет межесі бойынша, осы шығындарды толтыру үшін қайта құру жұмыстарына 2011 жылғы қазынада 5-8 триллион йен көлеміндегі қомақты қаржы қажет. Бұл реткі апат салдары 1995 жылы Пан Шындағы ауыр жер сілкінісінен асып түсіп, Жапон тарихында екінші реткі дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең үлкен табиғи апат саналып отыр.
Бүгінде «Фукусима» атом электр станциясындағы радиация тудырған зардаптарды қоса есептейтін болса, апат тудырған зиян еселене түсуі бек мүмкін.Бұл тауралы газетіміздің №10 санында Дастан Ельдосовтың «Метановая бомба и взрывы на АЭС» деген мақаласы жарық көрген болатын. Сондықтан, АЭС тың салған «лаңына» тоқталып жатудың қажеті жоқ деген ойдамыз.
Одан қала берді тоқ тоқтауы, тұтынушылар сенімінің жоғалуы сынды қоғамдық шығындар да бұл межеге қосылмайды. Айталық, табиғи апаттан кейін, ел ішінде әшекей бұйымдар сатылуы мен демалыс орындарының саудасы тоқырап, бір бөлім дүкен, кітапханалар мен асханалардың тижараты өткен жылғы ұқсас мезгілмен салыстырғанда едәуір төмендеген.
Токионың қала көшелерінде сауда сарайлары құлазып қалғандай. Жойқын зілзаладан кейін мұнда келушілер қатары сиреп, көптеген сауда орталықтарының тижараты ұқсақ мезгілдегіден бір есеге жуық төмендеген. Әсіресе, киім-кешек саудасы 60-70% құлдыраған.
Саяхат түрлері тоқтап, демалыс орындары да үнсіздікке шомды. Соңғы бір апта ішінде 110 мың адам Жиң дұңға баратын саяхат жоспарын күшінен қалдырды. Соның әсерінен көптеген демалыс орындары жабылып, голб (golf) добын ойнайтын алаңдар да саудасын тоқтатуға мәжбүр болды.
«Жұт жеті ағайынды» деуші еді, Жапониядағы жер сілкінісі мен топансудың салдарынан қалыптасқан жағдай жанартаудың атылуымен тіпті де ушықты. Жанартау ең алғаш рет 19 қаңтарда атқылды. Біреу, екеу емес он үш жанартауға «жан бітті». Жолдарда бес метр қашықтықтан ары ештеңе көрінбей қалған. Соның салдарынан бірқатар рейстер кейінге қалдырылып, тас жолдар мен темір жолдар уақытша жабылды. Жанартаудан шыққан түтіннің биіктігі үш мың метрге дейін жетті. Бұл әсіресе, ауыл шаруашылық егістіктеріне қауіп төндіріп тұр…
Қанша дегенмен «тіс қаққан» ел ғой, осылайша болған жағдайды болған күйінде бүкпесіз «жайып салып» отыр. Жапон үкіметі өте-мөте, азаматтарына және азаматтарының өміріне шын жанашырлық тантып жатқан сияқты. Күніне неше мәрте апат салдары туралы, әсіресе, қаза болғандардың саны жалпақ жаһанға бүкпесіз жариялап отыр. Былтырғы Қызылағаштағы су тасқынында біз «барлығын» жасырып әлек болғанбыз. Халықарада дабыра боп кетсе «көмектескіш көршілер» тағы да «қайтарымсыз көмек» беріп, қайта-қайта «шашыла бермесін» дедік пе, қаза болғандарды «қысып» жүріп 50 ге жеткізбей қойдық. Бірақ, болар іс болды. Аллаһқа жақпаған өтірік адамға да жаққан жоқ. Бұл мәліметке өз халқымыз да, тіпті, сол Қызылағаштықтардың өзі де сенбеді. Мүмкін, «жер өртеп шығарған аттың несі мұрат» деген шығармыз. Мүмкін, «қоянды қамыс, ерді намыс өлтіретінін» жағы білетін елдің баласы болғандықтан, ондай «майда-шүйде» «шығындарды» жеті құрлықты жер үстіне жариялағаннан намыстанған шығармыз. Мүмкін… Қалай болғанда да, «республикамыздың ең қымбат қазынасы» болған адам және адам өмірі туралы жауапкер болу керек екенін, бүгін құрлықтың ана шетінен Жапония бізге дәріс қып оқып тұрғандай.

Жапонға «жәрдемдесу»
жарысы

Жапон еліндегі ауыр апатты жағдай бүкіл әлемнің назарын өзіне аударды. Әр мемелекет әл-дәрменінше гуманитарлық көмек көрсетіп жатыр.
12 Наурыздан бастап әлемнің әр түкпірінен келген құтқарушылар қосыны Токио қаласындағы Шыңтиян халықаралық әуежайына қона бастаған еді. 25-наурызға дейін Германия, Сингапурды қамтыған 25 елдің 600 ге тарта құтқарушылары апатты аймақтарда құтқару жұмысымен айналысуда. 29 мемлекет пен райондардың 1300 тоннаға жуық құтқару бұйымдары да осы әуежай арқылы апат ошақтарына жеткізілуде. Бір қарамаққа шынайы көмек болып көрінгенімен, «ойына келгенін» істейтін «алпауыттардың» бір қатары «көмек беруден» жарысып жатқан сыңайлы… Бұл «жарыста» қытайлар бірінші болғанын мақтан етуде. Айта кетейік Америка екінші, Тайланд үшінші орында көріндеді. Ал, біз ші? Біз… Бұған байланысты 14 Наурыз күнгі Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақ елінің Жапонияға қарата гуманитарлық көмек, құтқарушылар мен өзге де қажетті мамандарды жіберу арқылы қол ұшын беруге дайын екендігін білдірген жапон халқына көңіл айту жеделхатын жолдаған болатын. Осы уәде бойынша, қашаннан аққөңіл қазақ елі де «жарыстан» қалмай «миллион доллары бар конверт» қосып, етке толы 33 мың банкі қалбыр жөнелтіп беретін болды.
Бұл Батыс бастаған «елпек» елдердің адамгершілік көмек саясаты екенінде дау жоқ. Қанша дегенмен бәріміз де ет жүректі пендеміз ғой. Өз басыңа тілемегенді басқаға тілеген адамның адамгершілігі қайсы?! Дей тұрғанмен, бүгінгі әлемге назар аударсақ, бұл Батыс елдерінің екібеткей арамза саясатының «қылаң берген» бір көрінісі болса керек.
Жақында ғана. Ливияда қалыптасқан жағдайға әскери әрекет қолданбауға болмас па еді..?! Ия, Жапонияда жаны қиылғандар да адам, Ливияда Батыстың әскери күштерінің себебінен жаны қиылып жатқанда да адам емес пе? Табиғи апаттан кейін күйрейтін де елді мекендер, соғыстан күйрейтін де елді мекендер… Бірінен бірінің «жорғасы жоқ». Адамгершілік көмек саясаты әділ болатын болса, әлемнің екі қиырында қалыптасқан формасы басқа-басқа, салдары ұқсас уақиғаға мүлде екі басқа позицияда ұстанар ма еді? Осы да әділдік болып па?! Онсызда мұсылмандарға қырын қарап, қалай тиісерін білмей отырған елдерге Ливиядағы уақиға орай жаратып берді. Демек, бұл Батыс күштерінің мейлінше әділетсіз екенін көрсетеді. Ливияға қару кезеген Батыстың көп жағдайда өздерімен «жемтіктес» Жапонияға «көмек көрсетуінің» «сыры» Жапонияның мұсылман елі болмауында жатыр. Біз Жапонияға көмектесуге қарсы емеспіз. Отанын қорғау жолында жазықсыз қаны төгіліп жатқан мұсылмандар үшін «бір ауыз» қалыстық айтып хақымызды өтеу ғана.
Бұл «көмек» Ислам елі ретінде біздің елдің де «майданын» көрсетіп берді. Біз де сол Батыс сияқты позиция ұстанып отырған жоқпыз ба? Ливияға шабуыл жасаған Батыс күштеріне бір ауыз «әңгіме» айта алмадық. Жарайды, ит иттігін қылған шығар, тым құрыса Ресей мен Қытай сияқты «өкіне» де алмадық. Амал қанша?!

Күдіксіз Алланың азабы

«Олар Алланың дінінен басқа дін іздей ме? Көктердегі және жердегі барлық жан ерікті-еріксіз Аллаға бой ұсынады. Сондай-ақ олар, Ол жаққа қайтарылады.(«Әли ғымран» сүресі 83а). Жапон елі азапты қаламаса да, Аллаһ тағала оларға жіберді. «Сондай-ақ олар, Ол жаққа қайтарылып» жатыр. Бұл-бүкіл әлем көріп отырған ақиқат емес пе?
Құранда қиссалары баяндалатын бізден бұрынғы Һұдтың (ғ.с) шақыруын қабыл етпей, жалған тәңірлерінен қол үзгісі келмегендері себепті Аллаһқа серік қосып, Раббымызға қарсы келген Ғад қауымына ауыр азап келді. Алланың аруанасын өлтіріп Саліһты (ғ.с) тыңдамаған Сәмүд елін ащы дауыс қолға алған. Бұл туралы «залымдық істегендерді ащы дауыс қолға алып, олар өз жұрттарында жалмандарынан түсіп типыл болды» делінеді. (Һұд, 67а)
Сондай-ақ, зинақорлық жайлағаны сонша, еркек пен еркек ойнастық жасайтын. Онысынан жиіркенбейтін де, қойғылары да келмейтін Лұт еліне Алланың дініне мойынсұнбағандықтан ең соңында азап жеткені туралы: «оларға апат әміріміз келген сәтте, ол жердің үстін астына келтірдік. Сондай-ақ, үстеріне ерекше әзірленіп қыздырылған тас жаудырдық» делінеді. (Һұд, 82) Міне, тарихтағы Алланың дініне бойсұнудан бас тартып, пайғамбарлар мен елшілерді жоққа шығарып, күнәларын тастамаған залым қауымды осылайша ащы азап қолға алған болатын.
Ал, адамның өмір мақсаты туралы Құранның «Зәрят» сүресінің 56-аятында: «жын мен адамзатты өзіме құлшылық қылулары үшін ғана жараттым» деген. Өкінішке орай жапониялықтардың көбі бұл аятқа сай өмір сүріп жатқан жоқ. Керісінше, Ғад, Сәмүд, Лұт қауымдарына ұқсап Алланың ақиқат дінінен алшақта, өлім келгенде амалсыз қоштасатын техникаларының қатты дамығанына масаттанып өмір сүрген жоқ па…?
Жақын бірнеше жылдарда тіркелген жойқын зізалалар қай елде, қандай қауымдардың үстінде болып жатыр. Ақиқат көзімен қарасақ, бұлар Қытай, АҚШ, Жапонияда тіркелген екен. Ал, Құран шындығына кім қарсы дау айта алады? Осындай зауалдар мұсылман елдерінде неге жиі кездеспей отыр. Бұл арқылы сау адамға ғибрат екені сөзсіз.
Осылайша Жапон еліндегі апатты жағдайды Аллаһ Тағаланың күллі әлемге болған ескертуі деп қабылдаған жөн. «Шын мәнінде азабым да күйзелтуші» («Хыжыр» сүресі, 50 а) деп Алла Құранда ескерткеніндей, азаптың (зілзала, цунами) күйзелтуші екені соншалық, самурайлар елінің өз шамасы келмей қалды. Оған ешбір заманауи техника да, озық қарулармен жабдықталған құтқару жүйесі де, миллиардтаған ақшаның күші де түкке тұрмайды екен. Халықаралық көмекке зәру екенін де жасырып-жаппады. Қуатты мемлекеттер де бірімен-бірі жарысып «көмек қолын» созып, миллиардтап ақша, қыруар тұтыну бұйымдарын жіберіп жатқанына қарамастан азапты тізгіндеу мүмкін болмай отыр. Бұның өзі шексіз күш құдіреттің иесі Алла Тағалаға тең келетін ешбір күштің жоқ екенінің дәлелі. Шынымен де «Аллаға еш нәрсе тең емес»(«Ықылас» сүресі).
Ендеше, Жапон еліндегі басты күнәнің не екенін қайдам? Бізге мәлім жағдай Аллаға қай қауым қарсы келсе, Алланың азабы сол қауымға, кім Аллаға бойсұнса, әлбетте, Алла ерекше мейірімді.

Оразбек САПАРХАН

2 ПІКІРЛЕР

  1. КЕйде апат пен қасірет сынақ үшін де жіберіледі Жапондықтарды ең күнәһар халық деуге келмес Керемет сабырлы, бір біріне мейірімді, нәпсісіне ие, еңбекқор, көп сөйлемейді, мақтаншақтығы жоқ…Өз әлінше құдайды да білетін шығар (жалпы иман – жасырын нәрсе иманы бар не жоқ деп ешкімге айдар тағуға болмайды) оның үстіне олардың арасында тіпті ислам дініне кіріпжатқандары да аз емес

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз