Назарбаев: Азаматтарды еш себепіз тұтқындай беруге болмайды
2017 ж. 03 наурыз
2879
2
Нұрсұлтан Назарбаев Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаровты қабылдады деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап NUR.KZ.
Нұрсұлтан Назарбаев орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардағы бос тұрған орындарды қысқарту, сондай-ақ, еңбекақы төлеу қорының қаражатын қайта бөлу арқылы енгізіліп жатқан мемлекеттік қызметшілерді ынталандырудың бонустық жүйесінің маңыздылығын атап өтті.
Төраға Қожамжаров «Б» корпусындағы мемлекеттік қызметшілерді аттестациялау барысы туралы хабарлап, аттестациядан өтушілер жақсы нәтиже көрсетіп жатқанын айтты. Агенттік төрағасының ақпараты бойынша, бүгінге дейін Жоғары аттестациялық комиссияның 14 отырысы болып, республикалық деңгейде 700-ден астам қызметкер әңгімелесуден өткен.
Сондай-ақ, агенттік төрағасы «А» басқарушы корпусын реформалауға қатысты ұсыныстар жөнінде баяндады. Онда қызметкерлердің осы санатына жататын лауазымдар қатарын қысқарту көзделген.
Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлықпен күресу, ұдайы оның алдын алу жұмысын сапалы жүргізу қажеттігіне де назар аударды.
"Қылмыстық қудалау тек заң аясында ғана жүзеге асырылуға тиіс. Азаматтарды салмақты негіздерсіз және бұлтартпайтын дәлелдерсіз тұтқындауға болмайды", – деді Назарбаев.
Мемлекет басшысы кездесу қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.