Алматылық тергеушілердің «өлі жандарды» тірілту тәжірибесі...
2017 ж. 28 ақпан
2095
0
Орыста «чем дальше в лес, чем больше дров» деген мақал бар. Полициямен «араласа» берген сайын, олардың қарапайым халықтан қаншалықты қашықтап, жемқорлыққа қаншалықты жақындап бара жатқанына көбірек куә бола бересің. Мысалы, осыдан екі жарым жыл бұрын, 2014 ж. 2-қыркүйегі күні түнде Алматы қаласы, Алатау ауданы, Көкқайнар ықшам ауданы, Абай көшесі, №138 үйде, Бақытбек және Гүлбарам Сабазовтардың үйіне олар қазаға кеткен күні түнде ұры түседі. Ұрылар 5 млн.теңге ақшаны, бағасы шамамен 3 млн. теңге болатын алтын, күміс бұйымдарды, әйелдердің екі құндыз (норка) тонын әкетеді.
Ұры, әрине, алыстан келмейді, Сабазовтар тергеу жүргізуге келген Алатау аудандық ІІБ-ның Марат Амиров бастаған қызметкерлеріне сол маңайда тұратын Асқарбек, Жандос және Ерік Салимовтардан күдіктенетінін айтады. Неге? Себебі, сол күні Салимовтар Бақытбектің үйіне әкелген шөпті түсірісуге жәрдем береді. Әңгіме арасында Бақытбек КамаАЗ жүк көлігінің тіркемесін (прицеп) сатқанын айтады. Тіркеме дегеніңіз әжептәуір ақша, 8-9 мың доллардың айналасы. Оның үстіне Б.Сабазов өзінің туған өлкесі Шығыс Қазақстан облысынан машинасымен ірі қара мал сатып әкеліп, үйінде семіртіп бағып, сойып, қаланың базарына етін өткізуді кәсіп етеді. Оны ауылдастары, оның ішінде Салимовтар да, әрине, өте жақсы біледі. Әрі, Салимовтар бұрын да полицияның «көзіне түскен», мәліметтер базасында саусақ таңбасы бар адамдар болып шығады. Осындай адамдардан күдіктенбегенде енді кімнен күдіктенесің?
Полицейлер қылмыс болған жерді суретке түсіреді. Бір «қызығы», тергеу тобының автокөлік жүргізушісі жұрттың бәрінің көзінше Б.Сабазовтан: «Тауып берсек, 50-де 50-ге келісесіз бе?» деп сұрайды. Одан да «қызығы» криминалист ұрылар терезені ашқан ұзын жұмыр темірден саусақтың ізін түсірудің орнына шүберекпен жақсылап сүртіп жояды, тергеуші болса оны айғақ зат ретінде хаттамаға түсірмейді.
Тергеу тереңдеген сайын «полицияның қызығы» да көбейе түседі. Не болып жатқанын сұраған Сабазовтарға полицейлер дөрекі жауап береді. Тек 06.09.2014 ж. ғана Асхат Шынғожин есімді жедел уәкіл Сабазовтардың үйіне келіп, күдіктілердің үйін көрсетуді сұрайды. Содан бірнеше сағат өткенде, түнгі 21.00 шамасында Жандос және Асқарбек Салимовтер Сабазовтардың үйіне келіп, қорқытып кетеді. Бұл қалай сонда?..
19.09.2014ж. сағат 16-00 шамасында Сабазовтардың үйіне келе жатқанын айтып оларға қоңырау шалған А.Шынғожин Ауди-100 маркалы қоңыр автокөлікпен тіке Салимовтардың ауласына өтіп кетеді-дағы, жарты сағат өткенде ол үйден шығып, көріп, танып тұрса да, Сабазовтардың тоқтатқанына да қарамастан кетіп қалады...
Тергеуді алдымен А.Молдашев деген тергеуші бастап, үш айдан кейін істі ...жауып тастайды. Іс кейін ұрлық болған күні тексеру тобында болған Шайдилдинге түседі. «Бір күні үйдің қасында тұрсам, бір машина қасыма келіп тоқтады» дейді Г.Сабазова. «Сөйтсем, Шайдилдин екен. Мен оны таныған жоқпын. Өзі сұрады: «Ұрлық болған үйдің адамысыз ғой?» «Иә». «Заттарыңызды алдыңыз ба?» «Табылып па еді?» деп едім, «Бермеді ме сіздерге?» деді де, дереу тілін тістей қойды. Міне, содан бері бізде полицейлерге деген сенімсіздік болды...»
Екі жылдан бері Сабазовтардың Алматыда бармаған есігі, жазбаған хаты қалмайды. Бірақ, бәріне «отписка» келеді де тұрады. Тергеуші Шайдилдиннің еркінсіп кеткені сондай, бір күні тіпті бұлардың өзіне ұрсады: «Сендер, немене, жан-жаққа жазасыңдар да жатасыңдар? Ол хаттарыңның бәрі айналып келіп маған түседі. Айттым ғой сендерге, жазбаңдар деп!».
Биылғы жылы қаңтар айында Сабазовтар көмек көрсетіңізші дегеннен кейін іспен таныстым. Бұл іс бұдан біраз уақыт бұрын жәбірленушілердің арызы бойынша «Нұр Отан» партиясының Алатау аудандық комитетінде қаралып, оған қалалық ІІБ бастығы қатысқан екен. Мен сол отырыстың хаттамасын алып, онда қабылданған шешімді партия қадағалап отыр ма, жоқ па, соны білейін дедім. Барсам, бір жас жігіт шікірейіп, жауап бергісі келмейді. «Сіз біздің партияның жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы комитетке кіріп, соларға арыздансаңызшы» дейді. «Шырағым, мен сіздердің сол комитеттеріңізге бәсекелес және сіздердің комитеттеріңізден жұмысты жақсы істеп жүрген республикалық қоғамдық қордың өкілімін. Оған дәлелім, біздің қоғамдық қордың төрағасы желтоқсан айында мемлекеттік марапатқа ие болды, «Құрмет» медалін омырауына тақты. Ал, «Нұр Отанның» антикоррупциялық комитетінің төрағасы медаль алған жоқ... Міне, қызметтік куәлігім. Міне, визиттік карточкам. Ал, мына кісі сіздерде қабылдауда болды ма?» «Болды». «Ендеше, қабылдаудың хаттамасын бұл кісіге неге жібермей жүрсіздер? Хаттаманы бұл кісінің үйіне жіберіңіз. Жібермейтін болсаңыз, оның себебін де жазбаша түрде беріңіз».
Осыны айттым да, Г.Сабазованы ертіп шығып кеттім. Ертесіне Гүлбарам қоңырау шалды. «Не болды?» «Нұр Отан» 25-қаңтар күні келіңіз, сол күні облыс прокуроры келеді екен, сол кісімен кездесуге келіңіз» деп шақырып жатыр. Сіз де келсеңізші». «Жарайды, көрерміз».
Оған дейін, сол «Нұр Отаннан» шыққан бойда түстен кешке дейін Асхат Салимов дегеннің моласын іздедім.... Неге? Тергеушілер иезуиттік тәсілмен жұмыс істеген. Ұрланған ақша мен заттай дүниені ұрылар мен полицейлер өзара бөліске салған. Және «адал бөліске» салған – ақша полицейлердің қолында кеткен-дағы, алтын-күміс бұйымдар мен құндыз тондар ұрыларда қалған. (Олар затты ақшаға айналдырудың жолын жақсы біледі ғой). Ақшаны алып алғаннан кейін полицейлер ұрыларды қорғауы, жазадан аман алып қалуы керек қой, «әділдігі» сол емес пе өзі? Полицейлер нанын «адал жеу» үшін не істейді енді? Бұдан пәленбай жыл бұрын ұрлықпен айналысқан, қолының таңбасы полициядағы базаға түскен, бірақ, бүгінгі таңда бақилық болып кеткен Асхат Салимовтың қолының таңбасын базадан алады-дағы сараптамаға жібереді. Сараптама, әрине, «бұл адамның саусағы ізі ұрлық болған жерден алынған қолдың таңбаларына ұқсамайды» деп анықтама береді...
Күдіктілер жағы беттестіруге де Асқарбек Салимовты алып келеді, ал оның қолындағы құжаты ...Асхат Салимовтың атында! Асқарбек Салимов 1978 жылы туған. Асхат Салимов – 1974 жылы туған, 2006 жылы қайтыс болып кеткен екен. Оның жаназасын шығарған молда да тірі көрінеді. Алдында Г.Сабазова Е.Салимовқа «Асқарбек қайда?» дегенде, «Тауда қой бағып жүр» деп жауап берген екен. Ал, бір ай өткенде Асхатқа айналып шыға келген...
Сонымен, полиция Салимовтардың жаңадан саусақ іздерін алмаған. Бұрынғы, 2006 жылғы түсірілген саусақтардың суретін іске тіккен! Бірақ, құлпытасты ауыстырып үлгермеген. Мүмкін, ойларына келмеген де болуы керек. Не деген шектен шыққандық! Тіпті, құлпытасты ауыстырғанда да Асхаттың қаза болғанын білетіндер әлі тірі жүр ғой... Мүмкін, оларды да қорқытармыз, немесе сатып алармыз деген ойда болған шығар...
Жарайды, Мен содан Асхат Салимовтың моласын іздейін. Қарды белшеден кешіп жүріп. Сегіз жылдан бері мазар кеңейіп кеткен. Жаурап қатып қалдым. Бақытбектің үйіне барып, киімімді ауыстырып, құрғақ киім киіп, түстен кейін қайтадан келдім. Ақыры, Асхат Салимовтың қабірін таптым. Оған қойылған құлпытаста туған жылы мен қайтқан жылы жазылады ғой, бізге де керегі сол. Мен оны суретке түсіріп алдым.
Ойпырмай, не деген бұрмалаушылық! Фальсификация, орысша айтқанда. «Жүрек жұтқан» тергеушілер екен.Сонымен, қаңтардың 25-іне Алматыға бардым. Алатау ІІБ-ның бастығына кірдім. Соңғы екі жылдағы үшінші бастық екен.Жас жігіт, бірақ, білімді екені байқалып тұр. Бәрін біліп, түсініп отыр, сонда да «мен жаңадан келдім ғой» дегенге салып, аңқау адамның кебін кигісі келеді. Өлген адамның қолының суреті базада тұр ғой. «Базадан алған суретті іске тіккенің – қылмыс қой!» деймін. Айтар жауабы жоқ, қарауындағыларды шетінен сықпыртып жатыр... Істе үйдің терезесінің жақтауынан түсірілген қолдың ізінің он бір суреті тігілген. Біз соларды сұратамыз, ал, полиция көшірменің қап-қара, сапасы нашарын береді...
Полицейлер қылмыскерлермен бірге деген сөзіміздің тағы бір дәлелі – қылмыстық процессуалдық кодекстің оперативтік тергеу тобы не істеуі тиіс деген баптар бар ғой, солардың талаптары орындалмаған. Терезені бұзған ломды тергеушілердің сүртіп тастағанын айттық. Жарайды, оның беті бұжыр, қол таңбасы түспеуі мүмкін дейік. Бірақ, терезе жақтауында түскен таңба сол ломнан ба, басқадан ба, зерттеу үшін, оны айғақты зат ретінде тергеушілер алып кетуі керек еді ғой? Ол істелмеген. Оперативтік топ иісшіл итті әкелмеген, ізді індетпеген. Күдіктілердің ұялы телефондарындағы сол күнгі кімге қашан қоңырау соғылғандығы жайлы мәліметті провайдер компаниядан алмаған, олардың телефондарын тыңдауға қоймаған. «Шырағым, осы секілді толып жатқан заң бұзушылық бар. Мен ол үшін сіздерді аямай ұрамын. Заң шеңберінде, әрине!» дедім.
Билеуші «Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық филиалы не істейді? Олар қоғамдық қабылдау өткізіп, құқық қорғау органдарының өкілдерін шақырады, бірақ, ол кездесудің хаттамасын жәбірленушілерге бермейді? Бұл – істің әділ шешілуіне тырыспау деген сөз! Олардың бұл әрекеті халықтың ашу-ызасын тудыруға бағытталған, сондықтан міндетті түрде жазалануы тиіс деп білемін.
Прокурорлардың да кінәсі көп бұл жерде. Олар заңның бұзылмауын, бұлжытпай орындалуын қадағалаушы бірден-бір құзыретті мемлекеттік орган ретінде қандай да бір заң бұзушылықты көрсе, оны жедел түзетіңдер деп нұсқау беруі тиіс. Екінші суреттен сіздер «қылмыскерлер анықталмады» деген сылтаумен істің бірнеше рет, оның ішінде соңғы рет 27.06.2016ж. жабылғанын, оны аудандық прокуратура дұрыс деп танығанын, бірақ, бұл ҚР ІІМ Тергеу комитеті өзінің 16.01.2017ж. хатында тергеуді қайта жаңғыртуға нұсқау бергенін, 3-суреттен Алматы қаласы прокурорының нұсқауы бойынша тергеудің бұл шешімі 16.02.2017 ж. бұзылғанын көріп отырсыздар.22.02.2017 ж. Сабазовтарды Алматы ҚІІД бастығының 1-орынбасары Нұрқаев мырза қабылдап, ол кісілердің көзінше Алатау АІІБ-нің бастығына 2017 жылдың 4-наурызы күні тергеу ісінің барысы жайлы есеп бересің деп тапсырыпты.
Шынымен-ақ сең сөгілейін дегені ме?..
Жаңабек Әбішев, заңгер
qazaquni.kz