ҚЫМБАТШЫЛЫҚ ҚҰРСАУЫНАН ҚАШАН ҚҰТЫЛАМЫЗ?
2017 ж. 28 ақпан
3065
4
БІЗДЕГІ БҰҒАУСЫЗ БАҒАҒА БИЛІК ЕНДІ ҒАНА НАЗАР АУДАРА БАСТАДЫ
Аймақтарды аралап, Елбасының Жолдауы мен Үндеуін жергілікті тұрғындарға түсіндіріп қайтқан халық қалаулылары қарапайым адамдардың хал-ахуалымен танысып, тұрмыстағы түйткілдерін көріп ой түйіп қайтқан секілді. Жергілікті жерлердегі жұрттың жағдайы шынымен де жүректерін жаралады ма, Астанаға қайтып оралысымен мәжілісмендер бір бекем шешімге бел байлаған сыңайлы. Депутат Тұрғын Сыздықов Үкімет пен Бас прокуратура атына біздегі бұғаусыз кеткен бағаларға қатысты шұғыл сауал жолдады.
Депутат өз сауалында еліміздегі базарларда азық-түлікке деген бағаның тым шарықтап кеткенін айтып, бұл мәселені жіті және тұрақты бақылауға алу қажеттігін талап етті. «Халық күнделікті тұтынатын аса қажет қарапайым азық-түліктің – қант, қарақұмық, жұмыртқа, пияз, картоп сияқты 24 түрінің бағасы соңғы кезде 2 есе өсіп кеткен. Тіпті астықты аймақтардың өзінде нанның құны көтерілген. Ал, еттің бағасы бір келісі 2 мың теңгеге бір-ақ шыққан» – дейді депутат. Бұл мәселе бірінші рет көтеріліп отырған жоқ. Бағаның бұғаусыз кеткенін БАҚ өкілдері жылдар бойы жазып та айтып келеді. Бірақ оған назар аударған билік жоқ. Олар үшін нарық заңын сақтау бірінші кезектегі мәселе. Рас, анда-санда жергілікті әкімдерге шүйіліп, «Бағаны неге бақыламайсыңдар?» деп қоятыны бар. Ал, шын мәнінде осы істі нақты қолға алғанын байқамадық. Қарапайым халықтың тұрмыстық деңгейін оның сатып алушылық мүмкіндігінен-ақ аңғаруға болады. Басқасын айтпағанда, тек қана аса қажет, күнделікті тұтыну тауарлардың қараша үшін қолжетімсіздігі – кедейліктің бірінші белгісі. Миллионға жуық, бәлкім одан да жоғары (ол жағы көпшілік үшін құпия) жалақы алатын министрлер мен әкімдердің, бизнестің басында жүргендердің қанша қымбатшылық болса да қылшығы қисаймайтынын білеміз. Сондықтан да мәселе тек қана қарапайым тұрғындардың жағдайы жайында болып отыр. Тәуелсіздік алып, нарық дегеннің нақты не екенін білмей жатып біз осы бір жүйеге басымызбен кіріп кеткеніміз белгілі. Біздің басты ақылшымызға айналған батыстық білгірлердің айтуынша бұл жарықтық бәрімізді жарылқайды деген соң көзді жұмып кірісіп кеттік. Міне ширек ғасырдан асты, сол нарық дегеннің қызығын көріп келеміз. Жиырма бес жылда нарық қарапайым халықты қалай қарық қылғанын көріп, басымыздан өткердік. Сонда да соқырға таяқ ретінде ұсынғандай нарықтан айырылар емеспіз. Әрине, теория жүзінде ол экономикамызды алға сүйреп, халықтың тұрмысын жақсартуға тиісті еді. Жалпы еліміз бойынша ілгерілеу барлығын ешкім жоққа шығара алмас, әлемдік көштен қалмай соның алдыңғы қатарынан көрінеміз деп тырысып жатырмыз. Бір өкініштісі, әлеуметтік жағынан нашар қорғалған адамдар үшін сол нарықтың теория мен тәжірибесінің арасы тым алшақ болып шықты. Бір кезде қоғамның меншігіндегі бар байлықты жекешелендірісімен бай мен кедей деген екі тап пайда болды. Ондаған жылдар бойы жинақталған ортақ қазына ата-бабаларымыздан нотариус арқылы рәсімдеп алғандай сол тұста қолында билігі барлардың еншісіне өтті де, қарапайым халық қу тақырда қалды. Баяғы ортақ байлықты көпшілікке «тең үлестірген» атышулы купондарымызды мүлдем ұмыттық, оның тек қарашаны алдаурату үшін жасалғанына енді ғана көз жеткіздік. Бағаны өз ырқына жіберген күннен бастап, ол үнемі шарықтау үстінде. Оның қай жылы қаншаға көтерілгені туралы деректерге сүйене отырып толықтай мәлімет беруге болатын еді. Бірақ қажеті қанша, халық оны көзімен көріп, басынан өткерді емес пе? Баға десе онсыз да жұрт жүрегі ауырып, қан қысымы көтерілетіндей жағдайға жетті, қотырын қасып қайтеміз. Нарық заңы бойынша бәсеке пайда болып, тауар құны төмендеуге тиісті еді. Бізге тап болған бәсеке нарық заңына бағынбайтын тоңмойын бәле болып шықты, әйтеуір бағаның аяғы жерге тимей-ақ қойды. Үкімет инфляциямен күресіп, жалақыны, зейнетақыны әлсін-әлсін көтеріп қояды. Онысы ешқандай нәтиже берген емес. Жаңадан белгіленген жалақы, зейнетақы жұрттың қолына тимей жатып, базардағы баға көтеріліп шыға келеді. Не деген ұшқырлық десеңізші?! Оған Үкіметтің қаулысы да қарары да қажет емес. Міне біздегі баға еркіндігінің сиқы осындай. Жалғыз азық-түлік емес, коммуналдық төлемақылар мен өзге де тауарлардың бағасы қолжетімсіз. Сонда Үкімет қыруар қаржы жұмсап, әлеуметтік қолдауды тойымсыз кәсіпкерлер үшін жасап жатыр ма? Оларды кәсіпкер деп атаудың өзі қиын, шетінен саудагерлер. Өйткені тауар өндірушілер санынан ортадағы делдалдар жүздеген есе көп. Азық-түлік пен дәрі-дәрмек бағасының бассыз кеткені туралы Сенат депутаттары Дариға Назарбаева, Ләззат Қиынов, Мұхтар Алтынбаевтар да айтқан болатын. Бірақ одан не пайда, айтылады, қалады. Мысалы, бір малды өсіру үшін кем дегенде 2-3 жыл қажет. Енді соны сойып сатуға апарып көріңізші, базардың табалдырығынан аттай алмайсыз. Базарды иемденіп алғандар сіз еңбектеніп әкелген етті жарты бағасына алып, үстіне екі есе баға қойып өздері сатады. Сонда екі-үш жыл малды бағып-қағып өсірген адам емес, ортадағы делдал пайдаға кенеледі. Сол сияқты басқа да өнімдерді өткізу де дәп осы тонаудан өтеді. Бұл бізде «баға еркіндігі», «нарықтық бәсеке» деп аталады. Жоқ, бұл жемқорлық, мафия! Басқаша атау мүмкін емес. Сөйте тұра Үкімет бағаға бақылау жасауға құлықсыз. Өйткені бағаға бақылау жасау нарық заңына томпақ келеді екен, батыстықтар ренжіп қалуы мүмкін. Бейнебір біз батыстықтар үшін өмір сүріп жатқандаймыз. Егер ол заң халыққа пайда әкелмесе оның керегі қанша? Тіпті батыстықтар ұсынған ереже болса да? Ал, бұл саланы сыбайлас жемқорлық жайлағанын биліктің көргісі келмейді. Соған қарағанда бұл бір мықтылардың бизнесі болуы керек. Бәлкім дәп сол билікте отырғандардікі шығар. Оны анықтап, қатаң шара қолдануға тиісті әкімдіктер мен құқық қорғау орындарының өкілдері сол мықтылардың алдында дәрменсіз. Содан барып жабулы қазан жылдар бойы жабулы күйінде қалып келеді. Жақын арада оған бақылау жасайды дегенге сенім аз. Өйткені біздегі жемқорлық жең ұшынан жалғасып, жағаны жағалап тақиялы төбемізге дейін жеткен, әбден тамырланып алған. Біздің бұл айтып отырғанымыз бағаның негізсіз өсуіне тікелей әсер ететін сауда мен халыққа қызмет көрсетудегі кейбір кемшіліктер ғана. Қаза берсек одан да басқа себептері толып жатыр. Бізде сыныққа айтар сылтау көп, бағаның өсуін үнемі құбылып тұратын біресе мұнайға, біресе долларға жаба саламыз. Мұнайдың бағасы көтеріліп, доллар төмен қарай домалап жатыр, теңгеміз төрлетті деп Ұлттық банк халықтан сүйінші сұрағандай болғанмен, азық-түлік бағасы бәрібір түскен жоқ, керісінше күннен-күнге көтеріліп барады. Сонда қалай болғаны, мұнай мен доллардың біздегі бағаға еш қатысы болмағаны ма? Бұған қаржыгерлер мен биліктегі экономистер енді қандай сылтау айтар екен? Бағаны реттеумен айналысатын, оны негізсіз көтерткізбеуге ықпал ететін манополияға қарсы күрес мекемесі өкілдерінің өздері пара алып жатса не айтуға болады? Оның бұрынғы басшысы Мұрат Оспанов миллиардтап айыппұл төлеп түрмеден құтылды. Ал, олардың рұқсат берген жебір бағалары тұрғындардың қалтасын қағып, тұрмысын төмендетіп жатыр. Біздегі бағаны бақылаудың барысы осындай... Енді не істеуіміз керек? Ол үшін өзіміздің отандық өндірісті дамытып, оны өткізетін толып жатқан делдалдардың көзін жою қажет. Өндірушілерде өз өнімін өздері өткізетіндей мүмкіндік болғаны дұрыс. Кейде өзіміздің тауарлардың да шетелдіктерден қымбат болатынын көріп жүрміз. Неге? Тағы да сол тойымсыздық, тағы да сол жемқорлық, тағы да сол жеңіл пайда табуды көздегендердің кесірі. Атамзаманнан бері бүкіл әлемде тауардың өзіндік құны деген ұғым бар. Оған сол тауарды жасауға жұмсалған материалдық шығындар мен еңбек кіреді, басқа ештеңе емес. Ал, бізде бір тауар он қолдан өтіп бағасы өсіп кетеді. Қазір кім де болса тек қана өз пайдасын ғана ойлайтын күн туды. Кедей бай болсам, бай Құдай болсам дейді. Жоғарыдағылардан үлгі алған жұрт жемқорлықтың жетегінде кетті. Оны да өзіміз қолдан жасап отырмыз. Осы бір кемшіліктерді жою үшін халықтың санасын материалдық байлықтан рухани құндылыққа бұру аса қажет. «Ашыққаннан құныққан жаман» деген екен қазақ атамыз. Аштықты да, қырғын соғысты да, қилы-қилы қиын кезеңдерді басынан өткізген қазақ ұлтында дәп қәзіргідей құныққандық ешқашан болып көрген емес. Жер аударылып келген жат жұртты өзінің аузынан жырып беріп асыраған қазаққа не болды, қайда бара жатырмыз? Осының бәрі біздегі дұрыс идеологияның жоқтығынан, әсіресе ата-бабадан мұра боп жеткен ұлттық тәрбиенің әлсіреуінен болып отыр. Өзгені емес, өз қазағымызды қысып, қанап жатқанымызды қашан түсінеді екенбіз...
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz