Жетім көрсе жебеген…

2
3542

САБИЛЬЯНОВ САЯСЫНА АЛҒАН БАЛАЛАР АСТАНАНЫ АРАЛАДЫ

«Кімде кім мұсылмандар арасындағы бір жетімді тамақтандыру үшін үйіне ертіп апарса,(кешірілмейтін үлкен күнә (ширк) істемеген жағдайда) Ұлы Аллаһ Тағала оны міндетті түрде Жәннатына кіргізеді»
(хадис).

«Жетім» деген сөз қазақ халқына жат, дегенмен қазіргі таңда қоғамдағы ең бір етек алып отырған өзекті мәселелердің бірі болып отырғаны ешкімге жасырын емес. Не себепті қоғамда жетім балалар көбеюде, оларға кімнің жаны ашып, кім жәрдемдеседі, кім қамқор болып, кім назарға алуда. Бұл сұрақтарға жауап алу қиын, жауап алсақ та одан қорытынды шығару мүмкін емес. Қазақта «Жетім көрсең жебей жүр», «Жетімнің көз жасы удан да ащы» деген сөздеріне қарамастан жетім мәселесі күрделеніп келе жатқаны жасырын емес. Сол себепті жастардың бойында қайырымдылық сезімін ұялатып, өскелең ұрпақты рухани жағынан тәрбиелеп, тағдыр тәлкегіне ұшырап, ата-ананың қарауынсыз қалған балаларға қоғамның назарын аударту үшін 2011 жылдың 30 наурыз – 1 сәуір аралығында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП саяси кеңесінің бюро мүшесі Нұртай Сабильянов айта жүрер азаматтық іс жасады. Оның арнайы шақыруымен Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Науалы балалар үйінің 14 баласы Астана қаласына қонаққа келді. Экскурсия барысында балалар Қазақстанның Тұңғыш Президентінің мұражайын, «Астана-Бәйтерек» кешенін, «Думан» ойын-сауық орталығын, Хан Шатыр, Тәуелсіздік сарайы, Бейбітшілік және келісім сарайы, Елорданың басқа да көрікті жерлерін аралады.
Сонымен қатар, 2011 жылдың 31 наурызында сағат 12.00-де Науалы балалар үйінің балалары Парламент Мәжілісінің ғимаратында болып, оны аралап көрді. Мәжіліс ғимаратын аралау барысында Мәжіліс депутаттары М.Айсина, Е.Рахметов, Н.Сабильяновпен кездесу өтті. Кездесуде тағдырдың тәлкегінде қалған шағында қол ұшын берген азаматтарға, үкіметке алғыста­рын айта отырып, келесі жылдан бастап ҰБТ (ұлттық бірың­ғай тест) 2 рет өткізбесе, оқу орындарына қабылданғаннан кейін де жеңілдіктер қарастырылса, балалар үйінен шыққан соң үймен қамтамасыз ету жағына көмектессе деген сияқты өз наздарын да жеткізді.
Балалардың жолға, қонақ үйіне, тамақтануына, экскурсияға төленетін қаражатын Нұртай Сабильянов қайрымдылық көмек ретінде төледі. Аталған балалар үйіне халықшыл депутат бір бұл ғана емес, бақандай 10 жылдан бері көмек қолын созып келе жатыр. Н.Сабильянов сондай-ақ өзінің дүниеге келген күні 1-маусым балалар күніне тура келген соң, әр жылы туған күнін балалар үйінде өткізуді әдетке айналдырып келеді. Бұл балалар үйіне осы күнге дейін шағын автобус, музыкалық орта­лық, спорттық киімдер мен жабдықтарымен қамтамасыз етті.
Науалы балалар үйінің Астанаға келетін балалары оқуды жақсы оқитын, тәрбиесі үлгілі балалар. Оған әр жылы бітірген түлектерінің 80 пайызы ЖОО-на түсіп жатуы негіз бола алады.
Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Науалы ауылында орналасқан «Науалы балалар үйі» мемлекеттік мекемесі 1934 жылы ашылған. Қазіргі таңда бұл балалар үйінде 90 бала тәрбиеленіп отыр. Әр түрлі ұлт өкілдері болғанымен барлығы қазақ тілін жақсы меңгерген. Мемлекеттік бюджеттен қар­жыландырылатын бұл балалар үйі материалдық-техникалық жағынан толық жабдықталған, балалардың тұруына, білім алып, тәрбиеленуіне барлық жағдайлар жасалған. Балалар үйінің қарамағында 8 ғимарат, 2 отбасылық үлгідегі үй, клуб, жазғы лагері және 4 автотранспорт бар.
Мектеп жасына келген балалардың барлығы Науалы ауылының орта мектептерінде білім алады. Балалардың 80 пайызы мемлекеттік грант бойынша жоғарғы оқу орындарында және колледждерде білім алуда. Жыл сайын облыстық атқарушы орган да балалардың оқуына арнайы гранттар бөледі.
Қазір кім көп, қарабасының қамын ойлаудан арыға бара алмайтын қалталылар көп. Ал бір жылда бір өзі 12 миллион теңгеге дейін демеушілік жасаған саясаткер, халыққа жанашыр, руханиятқа қамқор депутат Нұртай Сабильянов осындай иманды істерімен ел ықыласына бөленіп келеді.
Алла сүйер іс жасаған азаматты Алла қолдай берсін деп тілейміз.

Марал БОТАЕВА

2 ПІКІРЛЕР

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз