ӘЛІН БІЛМЕГЕН ӘКІМДЕРДЕН ҚАШАН АРЫЛАМЫЗ?
2017 ж. 22 ақпан
1963
4
Өткен жылы тек қана «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша елімізде 2 млрд. теңгеден астам қаржы мақсатты жұмсалмағаны Үкіметтің кезекті отырысында белгілі болды. Бұл толық емес дерекке ұқсайды. Өйткені өзге де бағдарламалар мен жергілікті жерлердегі жоспарлар бойынша жағдайдың оза шауып тұрмағаны белгілі. Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев бөлінген қаржыны игере алмаған әкімдерге бұдан былай ақша бермеңдер деп қатаң тапсырды.
Бұл жыл сайын тұрақты қайталанатын көрініс. Жыл сайын Үкімет отырысындағы қорытынды жиында ақшаны игере алмаған әкімдердің иіні түсіп тұрғанын үнемі көріп келеміз. Қазақстанда бюджет қаржысының игерілмеуі «созылмалы ауруға» айналған сыңайлы. Мысалы, ресми мәліметтерге сүйенсек, 2006 жылы елімізде – 19,3 млрд. теңге, 2007 жылы – 26,3 млрд. теңге, ал 2008 жылы 13,1 млрд. теңге бюджет қаржысы игерілмей қалған. Одан кейінгі жылдардың бірде-бірінде бюджеттік қаржы толық игеріліп көрмепті. Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев осы кемшіліктері үшін бірнеше жайбасар әкімді сілкіп, ұйқысынан оятпақшы болды. Ал, сөз алып ақтала бастаған облыс басшыларын тыңдағысы да келмеді. Игерілмеген теңгелерді бюджетке қайтарамыз деген атқамінерлерге, мәселе қайтаруда емес, заң аясында жұмыс істесеңдер сендерге ешкім тиіспес еді деді Үкімет басшысы. Олардың бюджет қаржысын игере алмайтынынан жалықты ма, жыл сайын қайталайтын жырына құлақ та аспады. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасына трансферттер бойынша берілген қаржыны ең көп игермегендер Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облысының басшылары. Жайбасарлардың көшін аймақтағы елді-мекендерге жылу, жарық пен су тарту үшін бөлінген 900 млн. теңгені ұқсата алмаған Ақмола облысының әкімі, тәжірибелі де білікті деп жүрген Сергей Кулагиннің өзі бастап тұр. Қостанай облысының әкімі де 300 млн. теңгені игере алмағандықтан сөз естіді. Шаһарда индустриалды аймақ құру бойынша жоспарланған іс-шаралар да уақтылы өткізілмепті.
Есеп берген аймақ әкімдерінің жалтарма жауабы мен «сыныққа айтар сылтауының» сиқын аңдаған Сағынтаев орындай алмайтындарың бар, алақандарыңды жайып несіне ақша сұрайсыңдар деп турасын айтты. «Осындай жобаларға қалайша қаржы бөліп жүрсіз? Ақшаны алады да, ойларына келгенін істейді. Сіз Елбасынан ескерту алдыңыз, содан белгілі бір нәтиже шығару керек» – деді Қаржы министрі Бақыт Сұлтановқа. Елбасының ескертуі есінен шыға қоймаған қаржы министрі әрбір жобаны бақайшағына дейін тексеріп, бұдан былай ақшаны үнемдеп, қысып ұстауға уәде берді.
«Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 2016 жылы 739 млрд. теңге бөлінген екен. 105 мыңнан астам жұмыс орыны ашылыпты. Ал бағдарламаның биылғы жұмыс ауқымына 387 млрд. теңге қаралған. Облыс басшыларын сынға алған Сағынтаев, қысқы универсиада ойындарының нәтижесі бойынша есеп берген Алматы қаласының әкімін тыңдағанда ғана жүзі жылыды. Бауыржан Байбек атлеттер ауылындағы барлық тұрмыстық техника мен жиһаздар Алматыдағы 500 әлеуметтік мекемеге үлестірілгенін айтты. 1748 пәтердің баспана кезегінде тұрғандарға берілетінін де жеткізді. Бұл Алматыдағы тұрғын үй кезегін 10 пайызға қасқартатын болады. Ең алдымен әлеуметтік топ, яғни мүгедектер, жетімдер, көп балалылар мен бюджеттік мекеме қызметкерлері қамтылады. Үйлер 8-ден 20 жылға дейінгі аралықта сатып алу құқымен жалға беріледі. Бір шаршы метрі бір айға 1036 теңге деп есептелген. Өзге өңірлердің басшыларын Бауыржан Байбектен үлгі алу керектігін ескерткен премьер-министр:
– Ақшаны игеруде қандай қиындықтар болса да, бұл халыққа маңызды емес. Бюджеттен ақша бөлінді ме, тиісті мақсатта уақытында жұмсалуы керек. Соның кесірінен жұрт жайлы өмірді армандап қана отыр, – деп тағы бір қатаң ескертті.
Ия, мұндай ескертулерді аймақ әкімдері жыл сайын, тіпті Үкіметтің әрбір отырысында естіп келеді. Бірақ содан қорытынды жасап жатқандарды көре алмадық. Сондықтан әкімдерге арнайы қатаң шаралар қолданатын кез жетті. Елбасының өзі президенттік биліктің бірқатарын Үкіметке беру туралы бастама көрсетіп отырған кезде бұл шараны қолға алуға толық мүмкіндік бар.
Қазақта «Көтере алмас шоқпарды белге байламас болар» деген нақыл сөз бар. Кейбір әкімдер бұл туралы естімеген болса естеріне сала кетейік, бұл - қолыңнан келмесе босқа тыраштанба дегенді білдіреді. Қомақты қаржыны бөлдіріп алып, оны мақсатты жұмсамау – қылмыс. Мемлекеттік бағдарламаны орындамау – мемлекетке қастандық жасау деген сөз. Ақша сұрамас бұрын сол қаржыны игеруге деген ішкі мүмкіндіктерді бір саралап алуға болады ғой. Әлін білмеген әкімдердің шалалығынан мемлекеттік ауқымды бағдарламалар аяқсыз қалды. Ақша уақытында жұмсалмағандықтан жол, мектеп, баспана мен аурухана, балабақшалардың құрылысы созылып кетті. Кейбір елді мекендер сусыз, жолсыз, жарықсыз қалып отыр. Демек, тұрмысымызды түзейміз деген тұрғындардың жағдайы одан сайын ауырлай түсті. Міне біздің білікті әкімдердің бітірген ісі. Жұрттың обалына қалғанша қолынан түк келмейтін әкімдер өз еріктерімен қызметінен кетпей ме? Бұл туралы Елбасымыздың өзі Үкіметтің жақында өткен кеңейтілген отырысында ашық айтқан болатын. Бірақ бізде орнынан оңайлықпен кете қоятын әкімдер жоқ-ау...
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz