Азат Перуашев: Үкімет ұлттық экономиканы дамытатын тұжырымдама әзірлеуі қажет
2017 ж. 08 ақпан
1728
0
Үкімет шеттен инвестиция тарту бойынша стратегия әзірлеумен шектелмеуге тиісті. Сонымен қатар экономикалық мүддені қорғап, оны әрі қарай дамытатын концепция дайындауы тиіс. – Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Премьер-министрдің атына осындай сауал жолдады. Тұжырымдамада Қазақстанның сыртқы экономикалық әріптестерімен қарым-қатынасының ортақ талабы жазылуы керек. Және онда ұлттық экономикалық мүдде ескерілуі тиіс, – деді депутат. Ол мұндай тапсырманы Елбасының да өз Жолдауында айтқанын ескертті. Депутаттың дерегінше, соңғы кезде елімізде жұмыс істеп жүрген шетелдік компаниялар инвестициялық жобаларға өз елдерінің кәсіпорындарын тартып, отандық компанияларға кедергі келтіріп отыр. Сондай-ақ: «Ақтөбе облысының басшылығы қытайлық «Ұлы қорған» компаниясынан қазақ жұмысшыларын қысқартпауды тағы талап етті. Қысқартулар компанияның табысы артқан тұста жүріп жатқанын айта кету керек. Бізге отандық кәсіпкерлер үнемі шағымданады. Олардың айтуынша, шетелдік инвесторлар амалын тауып сервистік жұмыстар мен қондырғылар жеткізу келісімшартын өз елдерінің жеткізуші компанияларына алып береді. Сондықтан, Үкімет халықаралық әріптестік аясында ұлттық экономикалық мүддені қорғап, оның ары қарай дамуына ықпал еткені жөн» деді Азат Перуашев.
Оқырманға ескерте кетейік, біз өткен жолы Ақтөбе облысында жұмыс істеп жатқан қытайлық «Ұлы қорған» компаниясы Қазақстан тарапынан 500-ге жуық жұмысшыны қысқартқаны туралы айтқан едік. Қысқарту барысында шетелдік және қазақстандық жұмысшылардың арақатынасы сақталмаған. Қысқартуға ұшыраған мұнайшылардың жүзге жуығы ғана еңбекпен қамту орталығына келіп, жұмыс сұраған. Облыста қазір 1257 тұрғын жұмыспен қамту бөліміне тіркелген.
ASTANATV.KZ