Семейде Абайдан гөрі Лениннің ескерткіштері әлдеқайда көп болып шықты (фото)
2017 ж. 08 ақпан
6429
2
Семейде келмеске кеткен КСРО көсемі Владимир Лениннің ескерткіштерінен көз сүрінеді. Жергілікті мәдинет үйінің тұсында тұрған үлкенді-кішілі жиырмаға жуық мүсін еріксіз көз тартады деп хабарлайды NUR.KZ.
Соған қарағанда, коммунистер атаулы күнде гүл шоқтарын қойып, әлі күнге дейін тәу ететін сыңайлы. Ал ескерткіштің соғылғанына қанша уақыт өтсе де, олардан ешқандай ақау табу мүмкін емес.
Тіпті, сол ұзын соңар көше де Лениннің атында. Халықтың бір бөлігі бұл көшені белгілі абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедхановтың атына беру керек деп дабыл қаққан болатын. Енді бірі Әлихан Бөкейханның еншісіне бергенді жөн санаған көрінеді. Алайда, жергілікті тұрғындардың басым бөлігі Мұхамедхановты танымайтындарын айтып, Ленин атындағы көшені сақтап қалған.
Бұл бастаманы көтерген зиялы қауым өкілдері жергілікті билікке сан мәрте өтініш хат жолдаған екен.
Басшылық бұған қатысты қоғамдық тыңдау өткізді. Бірақ олардың қандай шешім қабылдағаны ел үшін жұмбақ күйде қалып отыр. Ескерткіштер шағын саябақта тұрғандықтан, онда келетін тұрғындардың қарасы қалың.
Сондықтан, кішкентай бүлдіршіндерді ертіп шыққан үлкендер "Лениннің қазаққа қандай қатысы бар?" деген сауал туындаса, жауап таппай қиналатынына еш күмән жоқ. Бүгінге дейін қаз-қатар сап түзеген мүсіндерді алып тастайтын шенді табылмай тұр.