АҚШАҢЫЗ БОЛМАСА АРАМ ӨЛЕСІЗ
2017 ж. 02 ақпан
2165
2
ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНЫҢ «СЫРҚАТЫН» КІМ ЕМДЕЙДІ?
Әлеуметтік желіде жарияланып, айдай әлемге әйгілі болған алматылық бас дәрігердің қол астындағы қызметкерлерге берген «дәрісі» жұртшылықтың жағасын ұстатқаны белгілі. Сөйтіп басы ауырып, балтыры сыздап келген науқастардың қалтасын қағып, тақырлап жіберуге үгіттеген бас дәрігердің аты-жөні де анықталды.
Кезінде Алматы қаласындағы №4 аурухананың бас дәрігері болған Әнуар Аманов жиналыс кезінде «Ауырып ем іздеп келген науқастарды аямай айналдырыңдар! Әртүрлі ауруды жамап, көптеген нұсқаулық жазып, кабинеттер арасында жүгіртіп, қалтасын барынша қағып қалуға тырысыңыздар!» дегенге саятын үндеуі жазылған бұл бейнетаспа тез арада «хитке» айналып, оны көрген көпшілікті есінен тандыра үркітті. Әнуар Амановтың өзі қызметін ауыстырып, одан кейін қалалық №7 аурухананың бас дәрігері болып кете барған. Біреулердің айтуынша ол жерде де сол бұрынғы «дәрісін» жалғастырғанға ұқсайды. Адамдардың амандығын тілеп ем жасаудан бұрын, науқастардың есебінен ақша жасаудың амалын алға қойған Аманов лауазымды қызметінен біржола шеттетіліп, желідегі жанжалдан соң тіркелген фактінің қыр-сырын анықтап, шара қабылдау мақсатында Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының жанынан арнайы комиссия құрылды. Тергеу қорытындысы шыққан соң оның нәтижесі жария болмақ. Соңғы деректерге қарасақ, бас дәрігерді бұрынғы әріптестері қызғыштай қорғап жатқан көрінеді. «Айналдыру» деген сөзді медициналық термин деп тапқан әріптестері филология ғылымында тың жаңалық ашып, тексерушілердің өзін таңғалдырғанға ұқсайды. Олай болса, «Айналдыру» сияқты «Жемқорлық» деген сөздің де түп-төркіні медицина ауылынан болғаны ғой? Қатардағы емделушілер ғана емес, денсаулық сақтау саласының білгірлері де қазіргі толып жатқан бағдарлама аясында ауруханалар науқастан мүмкіндігінше көбірек ақша алып қалуды көздейтінін ашық айтып жатыр. Әйтеуір қандай да бір қызметті ақылы етуге асығатын ақ халаттылар ақша десе айылын жиятын емес. – Ауырған адамға дәрігерлер пайдасы тиетін, науқасты тез оңалдыратын дәрілерді жазып беру керек. Сосын оның тағы бір құйтырқысы бар. Бұрын дәріхананың барлығы үкіметке қарады ғой, ал қазір барлығы жекеменшік. Кейбір дәрігерлер нұсқаулық жазғанда тек қана белгілі бір дәріханадан сатып ал деп айтады. Бұл жерде де сыбайластық жемқорлық бар, – дейді денсаулық сақтау ісінің үздігі Ізбасқан Аймағанбетов телеарналардың біріне берген сұхбатында. Еліміз бойынша мұндай мысалдарды жүздеп келтіруге болады. Айта кетелік, осы тектес қылмыстары үшін Алматы облысындағы аудандық ауруханалардың 4 бас дәрігері қызметінен босатылды. Олардың арасында Ұйғыр мен Сарқанд ауданы және Талдықорған қалалық емханасы мен облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы бар. Өңірдегі денсаулық сақтау саласындағы айқай-шудан кейін аймақ басшылары осындай шұғыл шешімге келген. Әсіресе Қаскелең қаласында тіркелген балалар өлімі мен пациенттер тарапынан түскен толассыз шағымдар қатаң шара қолдануға түрткі болған. Осыған ұқсас фактілер басқа да облыстарда жиі орын алып жатады. Ең бейбіт, ең мейрімді, бір кездегі ең беделді саланың қатарына жататын біздің медицина жүйесі былыққа белшесінен батқалы ондаған жылдар болғанын ашық айтуымыз керек. Науқастан ақша алу әдетке айналғалы қашан, тіпті осы үрдісті олар заңдастырып алғандай, еш қымсынбайды. Шынын айтсақ, республикалық бюджеттен өзгелерге қарағанда қаржы көбірек бөлінетін де осы сала. Адамдарымыздың денсаулығын сақтау жолында көптеген экономикалық қиындықтарға, дүниежүзілік дағдарысқа да қарамастан біздің мемлекет аянып жатқан жоқ. О жағынан Үкіметке айтар өкпеміз жоқ. Соңғы жылдар мемлекеттік бағдарламалар аясында еліміз бойынша қаншама емханалар мен ауруханалар салынды. Олардың бәрі заманауи, озық медициналық құралдармен жабдықталған. Қажет деген мамандарды шетелдерде оқытып қайта дайындауға да есепсіз қаражат бөлінді. Солардың бірі кезінде Аманов басқарған Алматы қалалық №4 аурухана да судай жаңа, қазіргі талаптарға толықтай жауап беретін техникамен жабдықталған ғимараттардан тұратын медициналық кешенге ие болды. Ал, халыққа көрсетіліп жатқан қызметтің түрі жаңағыдай.
Әділін айтып, ағынан жарылсақ, бұл бір ғана осы аталмыш емдеу мекемелерінде орын алып отырған оқиға емес. Бүкіл еліміз бойынша етек алып, жайылып кеткен жемқорлық. Сенбесеңіз кез-келген емхана мен ауруханаға барып көріңізші. Барлық зертханалар ақылы жұмыс істейді. Ақша бермесеңіз оның табалдырығын аттап баса алмайсыз. Тіпті зерттеу түрлерінің қанша ақша тұратынына дейін жазып қойған. Есепте тұрған ауруларға тиісті тегін дәріні бірде берсе, бірде бюджеттен ақша түскен жоқ деп бермейді. Ал, есепте тұрған науқас ол дәріні уақытында қабылдамаса өліп кетуі әбден мүмкін. Оны ойлап жатқан дәрігерлер жоқ, олардың бар мақсаты – көбірек ақша жасау ғана. Науқастың өмірі олар үшін - бір тиын. Үкіметтен бөлінген ақша түспей жатыр деуі – сыныққа айтар сылтау ғана. Шын мәнінде алдындағы осы сала үздігі Ізбасқан Аймағанбетов айтқандай қымбат, аса қажет дәріні дәріханалар арқылы өткізіп өздеріне пайда табады. Оның орнына сапасыз, тиімділігі жоқ дәрілер жазып бере салады.
Ал, операция туралы айтудың өзі артық. Медициналық бұл қызметті көрсету түрі тек қана ақшаға жасалады. Жай ғана теңге емес, оның күрделілігі мен асқынуына байланысты мыңдаған доллар сұрайды. Ақша бермесеңіз қолына пышағын да алмайды. Сонда жаңағы хирургтерге үкімет тарапынан еңбекақы мүлдем төленбейтін болғаны ма? Бір қызығы, жұрттың бәрі ота жасау тек қана ақылы деп есептейді. Соған қарағанда хирургтер халық арасында «түсіндіру» жұмыстарын жақсы жүргізгенге ұқсайды. Заң бойынша бізде медициналық қызмет тегін деген қағида қайда қалды? Әлде ақылы қызметті дәрігерлер Мәжіліске ұсыныс жасап, өздері бекіткізіп алды ма? Тіпті онкологиялық науқастар мен ауру балаларға да отаны ақылы жасайтынын қайтерсіз. Обыр деп аталып жүрген қатерлі ісік, өкпе құрты, спид, балалалар ауруы түгелдей тегін емделуі керек емес пе? Бұл туралы заңымызда тайға таңба басқандай анық жазылған. Осы сияқты біздегі денсаулық сақтау саласының «сырқатын» айта берсек жалғасып кете береді, тек «диагнозын» қойып үлгерсеңіз болғаны. Міне біздің медицина саласының бүгінгі сиқы мен келбеті осындай. Оны біз айтпасақ та дәрігерлердің алдына жиі баратын халық жақсы біледі.
Осы жерде «Халық түгелдей білгенде саланы басқарып отырған шенеуніктер бұл жемқорлықтан мүлдем бейхабар болғаны ма?» деген заңды сұрақ туары сөзсіз. Міне, алдымен дәп осы сұраққа жауап іздеуіміз керек. Оған бір-ақ жауап бар – білгенде қандай! Қол астындағы санаулы ғана емхана мен аурухана басшыларының немен айналысып жатқанын білмесе қалалық Денсаулық сақтау басқармасындағы немесе министрліктегі шенеуніктер ай бағып отыр ма? Көпшіліктің пікірінше науқастардан алынған ақшаның бір бөлігі сол шенеуніктердің де қалтасына түсетін сияқты.
Емханалардың маңдайшасында «Мемлекеттік-қазыналық мекеме» деген жазуды көруге болады. Бұл нені білдіреді? Қызметкерлерінің айтуы бойынша ол қосымша шаруашылық жүргізіп, ақша табуға болады дегенді көрсетеді екен. Демек, мемлекет толықтай қаржыландырып отырған мекемеге жемқорлық жолын ашып беріп отырған өзіміз ғой. Кейбір қызметтерді ақылы етуге рұқсат берген соң олар одан әрі білгенін істейді. Осындай былықты саланы басқарып отырған шенеуніктер білмеуі тіпті де мүмкін емес. Жақында Денсаулық сақтау министрлігі жеке бөлініп шығып, қайтадан өз алдына отау тікті. Оған шетелден білім алып келген білікті маман Елжан Біртанов министр болды. Кеше ғана «Еуразия-1» телеарнасында қысқа ғана сұқбат берген судай жаңа министр «Саладағы жемқорлықты жоя аласыздар ма?» деген тіке қойылған сұраққа «Жоя аламыз!» деп нақты жауап бере алмай күмілжіді. Демек, денсаулық сақтау саласының «сырқатын» емдеп, жақын арада жұмысын дұрыс жолға қояды дегенге сенім аз. Сондықтан Есеп комитеті мен прокуратура орындары бұл саланы бақайшағына дейін тексеріп, нақты шаралар қолдануы қажет. Жемқорларды жұмыстан шығару аз, тура түрмеге тығу керек. Өйткені ұлтымыздың болашағы осы салаға тікелей қатысты. Қатаң шұғыл шаралар қашан қолға алынады? Оны ашып айта алмаймыз. Ал, әзірше медицина мекемелерінің жұмысына реніш білдіріп бізге хабарласып тұратын қалың оқырманарымызға: «Құдай күндеріңізді дәрігерлерге қаратпасын, дендеріңіз сау болсын!» дегіміз келеді.
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz