Зәуреш БАТТАЛОВА: Уақытша тіркеудің зардабы үй-күйсіз жүрген қазаққа тиді

«Самұрық-Қазынаның» дерегі бойынша, елдегі 17 миллион халықтың 29 пайызы үй-күйсіз екенін ескерсек, 4,9 миллион адам баспанасыз болып шығады. Осы 5 млн-ға жуық санды 227 теңгеге көбейтіп жіберсек, 1 миллиардтан астам теңге шығады. Бұған тіркеуден өтпегендерге салынатын айыппұлды қоссақ, халықтан біраз қаржы сығып алудың мүмкіндігі туатын сияқты…

Картинки по запросу зауреш батталова

Қаңтардың алғашқы дүйсенбісінде күшіне енген «Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның бір бөлігі азаматтарды тіркеуге тұруды талап етеді.

Тұрғылықты жерінен тысқары жаққа бір айдан асатын мерзімге барған әр қазақстандық Халыққа қамту орталығына (жазылып жүргендей, «қызмет көрсету» емес) барып, мемлекеттік баж салығы ретінде 227 теңге төлеп, уақытша мекен-жайы бойынша тіркеуге тұруы тиіс. Бұл талап қонақүйде тұрып, өзге қалада жұмыс істейтін адамдарға да, өзге қаладағы ауруханада жатып, ұзақ емделетін адамдарға да қатысты. Алғашқыларын – қонақүй орналасқан мекен-жай, ал екіншілерін – емделетін орны бойынша тіркейді. Бұл талапты орындамағандарға жеті АЕК (айлық есептік көрсеткіш) көлемінде, яғни 16 мың теңге айыппұл салынады.

Айыппұл уақытша тіркеуге тұрудан бас тартқан тұлғаларға ғана емес, пәтерінде тұрып жатқан адамдарды тіркеуге қоймаған жалға берушілерге де салынады. Жеке тұлғаларға 10 АЕК (22,6 мың теңге), шағын кәсіпкерлерге – 15 АЕК (34 мың теңге), ал қонақүй қожайындары сияқты ірі бизнес өкілдеріне 50 АЕК (немесе 113,5 мың теңге) көлемінде айыппұл салынады.

Парламентте осы заң жобасын талқылау жөніндегі жұмыс комиссиясының тыңдауларына қатысқан экс-сенатор Зәуреш Батталованың айтуынша, жаңа заң күштік құрылымдардың экстремизм мен терроризмге қарсы күресу мүмкіндігін арттырып, қадағалау әрекетерінің күшеюі азаматтық құқық пен еркіндікті шектеу қаупін ұлғайтады екен. Мәселенің мән-жайын толығырақ түсіндіру үшін, «ДАТ!» газеті экс-сенаторды әңгімеге тартқан екен.

– Сіз азаматтарды тіркеуге қатысты заң жобасын дайындау жөніндегі жұмыс тобының отырысына қатыстыңыз: сонда бұл заң халыққа қиыншылық әкелетінін білмедіңіздер ме?

– Алдымен айта кетейін, бұл жұмыс тобының отырыстарына мен ғана емес, саяси партиялар мен басқа да қоғамдық ұйымның өкілдері қатысты. Бізді заң жобасының тұсаукесерінен бастап, дөңгелек үстелде сараптама жасалған отырыстарға шақырды. Белгілі құқыққорғаушылар Александр Жовтис пен Жеміс Тұрмағамбетова және бірқатар қоғамдық ұйым өкілдері осы тіркеу рәсіміне қатысты наразылығымызды білдіріп, жұмыс тобының талқысына салдық. Заңдағы баптар халықаралық стандартқа жатпайтынын, лаңкестікпен күрес мәселесін шешпейтінін, заңға бағынатын азаматтардың құқына шектеу қойылатынын ескерттік. Жұмыс тобының соңғы отырысына дейін көпшілік халықтың әлеуметтік және мемлекеттік қызметтермен қамтылуға қол жеткізе алмай отырғанын да айттық: тіркелейін десе, баспанасы жоқ, пәтер жалдап тұруына жағдайы көтермейді. Мен өзім тіркеу мәселесі арқылы лаңкестікпен күресу мүмкін еместігін де баса айттым. Тіркеу мен лаңкестікпен күрес жөнінде жеке-жеке заң қабылдануы керектігі де ескертілді.

– Сіздердің осы ескертулеріңізден кейін, айтқан ұсыныстарыңыз заң жобасынан көрініс тапты ма?

– Жоқ, әрине! Бұл заң азаматтардың еркін жүріп-тұруын қамтамасыз ететін конституциялық құқықтарын шектеп, керісінше, күштік құрылымдардың қарымын күшейтті. Халық үшін алдымен әлеуметтік қолдау қолжетімді болуы тиіс десек, мұндай тұжырым дәл осы заңның діттеген мақсатына қайшы келді. Өйткені бұл заң ең алдымен экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған. Ал біздің қойған талабымыз – азаматтардың әлеуметтік құқының қорғалуы еді. Сондықтан тағы бір заң жобасын жасау күн тәртібінде сұранып тұрған мәселе. Заң күштік құрылымдардың экстремизм мен терроризмге қарсы күресу мүмкіндігін арттырады, бірақ қадағалау функцияларының күшеюі – азаматтық құқықтар мен еркіндіктерді шектеу қаупін ұлғайтатыны сөзсіз.

– Азаматтарды уақытша тұрғылықты жері бойынша тіркеуге алу туралы заңнама Қазақстан Республикасы Конституциясы мен халықаралық адам құқығы нормаларына сай еркін жүру және ерікті түрде тұрғылықты жерді таңдау құқына өрескел қайшы келмей ме?

 

– Әр азаматқа тек Қазақстанда ғана емес, шетелге барғанда да қайда барып, қайда тұратынына халықаралық стандарт бойынша шектеу жасалмауы керек. Бірақ біздің елде бұл нормаға «тіркеу» деген шектеу қойылды. Билік әлемдік тәжірибеге бұрыс сілтеме жасап отыр, өйткені өркениетті елдердің көбінде азаматтарды міндетті тіркеу деген талап жоқ. Оған қоса шетелдік тәжірибеде айыппұл салу туралы сөз қозғаудың өзі мүмкін емес. Әрине, тұрақты экономика мен инфрақұрылымды қолдау үшін, мемлекет нақты бір аймақ тұрғындарының санын қадағалауында ұстауы тиіс, бірақ мұның барлығы салық төлейтін немесе жұмысқа орналасатын жері бойынша жасалады.

Ал Еуропа Одағында бір елдің аумағына одаққа мүше екінші елдің азаматы үш айдан астам уақытқа келсе, онда ол хабарлау сипатында ғана тіркеуге алынады. Бізде бәрі керісінше, тіркеудегі мекен-жайынан басқа жерде тұратын азаматтар үшін қиындықтар туындап жатқанын «ЦОН»-дағы апалас-төпелестен көріп отырмыз. Балабақшаға, мектепке баласын апаратындар әлекке түсіп, жаппай айыппұл төлеуі – қай қисынға сыяды? Осы мәселе халықаралық нормаға қайшы келетін жағдай. Парламенттегі жұмыс тобының отырысында осы мәселені көтергенімізде, билік өкілдері тіркеуге қатысты басқа заң жобасын жасауға кірісеміз деп уәде берген еді. Ол уәделерін орындамайтынына көзіміз жетті, енді, міне, күшіне енген тіркеуге алу заңының зардабы үй-күйсіз жүрген қара қазаққа тиіп жатыр.

– Елдегі шешімін таппаған әлеуметтік мәселе – баспана және пәтер проблемасы. Тіркеу жүйесі – елдегі барлық азаматтардың өз еркімен тіркелу мүмкіндігін қамтамасыз ете алмайтыны, өйткені ел азаматтарының басым бөлігінің басында не пәтері, не жеке меншік үйінің жоқтығы кедергі келтіреді, дейді тәуелсіз сарапшылар. «Самұрық- Қазына» Ұлттық әлеуеттік қорының зерттеуі бойынша, қазақстандықтардың 29 пайызының үй-жайы жоқ екен. Сонда баспанасыз жүрген қазақтарды тіркеуге алудың қитұрқы мақсаты қандай деп ойлайсыз?

– Қитұрқылығы сол – билік тұрғындарға «ЦОН» арқылы әр азаматтың артына қарауыл қойып, аңду әрекетін заңдастыруға кірісті. Уақытша тіркеуге тұру тәртібі бұрыннан бары рас, бірақ ол міндетті емес еді. Әрі ешқандай айыппұл салу тәртібі де қарастырылмаған. Атамекенге оралған қандастарымыздың тіркелуі қиындық туғызуына байланысты бір кездерде заңды мекемелерге тіркеу процесі қарастырылды. Тіпті бір үйге төрт жүздей адамның тіркелу мүмкіндігі болған. Тіркелгендер әлеуметтік қызмет түрлеріне қол жеткізе алған. Бірақ мекеме басшылары үшін бұл жағдай аса қиын мәселеге айналды. Егер осы тіркелгендердің арасынан әлдекім тәртіп бұзып, жауапқа тартылатындай жағдайға тап болса, кесірі тіркеуге алған мекемеге келіп тиеді. Мұндай әдісті қолданудан мекеме басшылары біртіндеп бас тартқан.

Бүгінде кейбір астаналықтар өз пәтерлерін, болмаса үйдің бөлмелерін жалға беріп отырған азаматтарды уақытша тіркеуге алуға асықпайды. Себебі одан кейін қосымша салық пен коммуналдық төлемдерді төлеуге тура келеді деп ойлайды. Осыған байланысты біреулер пәтер жалдайтындарға өз туыстарының үйіне уақытша тіркелуді сұраса, енді біреулер жалға беріп отырған бөлмелерін мүлдем босатуды көздейді. Ел билігі осындай мәселенің алдын алу үшін, азаматтарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге белсене кіріскені жөн болар еді. Мұндай бағдарлама бойынша салынып жатқан пәтердің бағасы қолжетімсіз, әрі салынбай жатып, шетінен қирап жатқанына кім жауап беріп жатыр?

– Шынымен де, үй немесе пәтер қожайындары салық төлеуден немесе қосымша коммуналды қызмет ақысын төлеуден қашып, ешкімді де ресми түрде тіркеуге құлықты емес. Ендеше баспанасыз күн кешіп жүргендер үшін тіркелу жүйесі оңды әдіс деуге бола ма? Тіркеуге отырғаннан кейін дәрігерге көрінуге, тағы да басқа әлеуметтік көмек алуға қол жеткізеді деген ресми насихатқа сіз қаншалықты сенім білдіре аласыз?

– Заң бойынша тұрғылықты жерде тіркелген кез келген азамат әлеуметтік қызмет түрін пайдалана алады. Дегенмен, кешелі бері «ЦОН»-дағы кезекте тұрған нөпір халық тіркелсе де, емхана мен ауруханаға барғанда да жағдайы қарық болмайтыны белгілі. Сапалы ем алатынына сену қиын. Өйткені елдегі денсаулық сақтау мекемелерінің жағдайы да мәз емес: қаржы тапшылығы, қажетті емдеу-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілуі сын көтермейді. Тұрғылықты жеріндегі емханаларға бекітілген науқастар жартылай ғана ем алады, көбінесе ақылы қызмет түрлеріне жүгінуге мәжбүр. Демек, алдағы уақытта осындай ақылы қызмет түріне кеңінен жол ашылатын болды. Ал қара халықтың қалтасы ондай қызмет түрін көтере алмасы анық.

Білім беру саласына келетін болсақ, ата-аналар баласын тіркелген жеріндегі, үйіне жақын мектепке беруі қиындық туғызуда. Әлеуметтік салаға қаржы дұрыс бөлінбегендіктен, денсаулық сақтау, білім беру мекемелері әр адамның сұранысын қанағаттандыра алмай отыр. Сондықтан насихаты елді дүрліктірген алдарқату биліктің дәрменсіз түрін тағы бір рет әшкере етті десек, әбден болады.

– Азаматтарды тіркеуге алудың мақсаты не дегенде, 227 теңге тіркеу құны арқылы ойылып қалған бюджетті толтыру және ЭКСПО-2017 көрмесіне жетіспей жатқан қаржыны қамтамасыз ету амалы жасалуда деген пікірге қандай ой қосар едіңіз?

– Бұл 227 теңге бюджеттің аңырайған жыртығын немесе ЭКСПО-ның жоқшылығын жамай қоймас…

– Әйтсе де, «Самұрық-Қазынаның» дерегі бойынша, елдегі 17 миллион халықтың 29 пайызы үй-күйсіз екенін ескерсек, 4,9 миллион адам баспанасыз болып шығады. Осы 5 млн-ға жуық санды 227 теңгеге көбейтіп жіберсек, 1 миллиардтан астам теңге шығады. Бұған тіркеуден өтпегендерге салынатын айыппұлды қоссақ, халықтан біраз қаржы сығып алудың мүмкіндігі туатын сияқты…

– Иә, дегенмен, бюджеттің жыртығын жамау жөнінде айтылған пікірдің жаны бар. Соңғы бірер жылдың көлемінде үкімет халықтан салық пен түрлі төлемдер саууды тәжірибеге айналдырды. Ел қаржысын ысырапқа, талан-таражға түсіріп жатқандар «суға кеткен тал қармайдының» әрекетімен халықтың алым-салық қамытын қыса түсті.

Дұрыс айтасыз, 227 теңге тіркелу құнына әкімшілік жауапқа тартылғандардың айыппұл сомасын қоссаңыз, ЭКСПО үшін қыруар қаржының көзі табылды. Бірақ бюджетті бөлу процесінде бұл қаржыларды жұмсау баптары жеке-жеке белгіленуіне байланысты ол сома көрменің жыртық-жамауына жетпеуі де мүмкін.

– Тіркелу тәртібін «бұзатындар» негізінен алыс ауылдан үлкен қалаларға жұмыс іздеп келгендер, жетімдер үйінің түлектері, қылмыстық жазасын өтеп шыққандар, мүгедектер, оралмандар, тұрғылықты мекен-жайы жоқтар (БОМЖ), көп балалы отбасылар. Қорғаудың орнына қорлауға тап болған осы топ өкілдеріне тіркелмегені үшін айып салып, жауапқа тарту – қоғамда әлеуметтік әділетсіздік тудырады деп ойламайсыз ба? Әлеуметтік қолдауға зәру азаматтарды тіркелуге мәжбүрлеудің соңы әлеуметтік жағдайды ушықтыруға әкеліп соқпай ма?

– Қолдауға мұқтаж мұндай әлеуметтік топтар аз емес қой. Бірақ үкімет оларға қарайласудың орнына, мәселен, қалаға жұмыс іздеп келген азаматтарға «неге келдің, қайда тұрдың, көшіп нең бар еді, астыңнан су шықты ма?» дегенннің кебін кигізеді екен. Биліктің дәл осы әрекетін – Конституция мен халықаралық адам құқығы нормаларына сай, еркін жүру және ерікті түрде тұрғылықты жерді таңдау құқына қол сұқты деп санаймын. Қазақстан азаматтары ауылда немесе қалада тұру еркін өзі таңдайды. Жергілікті жердегі әкім-қара ешкімді де айтқанымен жүргізіп, айдауына көндіре алмайтыны Ата заңмен бекітілгенін естен шығармаулары тиіс.

Осындай әлеуметтік әділетсіздіктің түбі азаматтардың зығырданын қайнатып, төзімін тауысатынын билік білмей отырған жоқ. Бірақ сөйте тұра, үкіметтің өзі жағдайды ушықтырып отыр. Мұның соңы үлкен әлеуметтік теңселістерге тап қылуы әбден мүмкін.

– Азаматтарды тіркеуге алудың алғашқы күндергі нәтижелері көрсеткендей, жемқорлық пен парақорлықтың белгілері біліне бастады. Тіркелуді талап ететін орындар азаматтардан ақша сұрап, пара алудың астыртын жолын іздемейді дегенге кім кепіл береді? Сұраныс – ұсынысқа сай жасалады демекші, «жүз пайыздық тіркелуді қамтамасыз етеміз» деген хабарландыру ғаламтор бетін кезіп кетті. Демек, ресми тіркелу тәртібін айналып өтудің де жолы бар ғой?..

– Астыртын «бизнес» жасап, жемқорлықпен айналысатындарға таңданудың қажеті жоқ. Ғаламторды қойып, көшедегі бағандарда, бұрыш-бұрышта «тіркелуге көмектесеміз» деген хабарландырулар менмұндалап тұр. Заң жобасын парламенттегі жұмыс тобында талқылаған кезде осы мәселе де көтерілді. Мәселен, учаскелік полиция қызметкері үй аралап, тексеріс жүргізген кезде тіркеуі жоқ азаматтарды «қорғап» қалу ақысын алмайтынын кім қадағалап отыр екен? Лаңкестікпен күрестің орнына жемқорлықтың тағы бір түріне жол ашылды десем, ешкім де артық айтты демес.

– Азаматтарды тіркеу – терроризм мен экстремизмнің алдын алады дегенге сенуге бола ма? Лаңкестермен күрестің әрекеті тіркелуге ғана тіреліп қалған ба?

– Иә, тіркеуге алу – құқық қорғау мекемелеріне терроризммен күрес үшін таптырмайтын әдіс болды. Өздерінің кәсіби білімін жетілдіріп, лаңкестермен күрес тәсілін тиімді іске асырудың орнына қарапайым азаматтарды аңдудан ары аса алмай отырғандарына не деуге болады? Тіркелген азаматтарға бақылау жасау арқылы лаңкестіктің алдын аламыз деу – сандырақ мәселе. Халықаралық норма бойынша, тіркеу немесе тіркелу – азаматтардың жеке басының құпиясы, ол жария түрде жүргізілмеуі тиіс. Сонымен бірге азаматтардың жеке басына қатысты мәліметтер құқық қорғаушы мекемелердің қолына берілмеуі керек.

Қазақтандағы саяси дағдарыстың нәтижесі осыған келіп тірелді, саяси алаң – биліктің қарсыластарынан тазартылды, алабөтен ойлайтын азаматтар атылды, асылды, қуғынға түсті, түрмеге қамалды. Енді қалғаны қарапайым халықты бір бұрышқа тығып, әлеуметтік құқын шектеу ғана болып тұр. Жиырма бес жылдық жеке адамның шексіз билігінің жеткен жері осы болды! Тіркеуді желеу еткен лаңкестікпен күрестің астарында бүгінгі шатқаяқтаған билікті сақтап қалудың қитұрқы әрекеті жатыр. Мәңгілік ештеңе жоқ екені белгілі, ендеше транзитті кезеңнен өту – билікке де, ел азаматтарына да сын болатын кезеңге келдік дей беріңіз…

– Сол кезеңге тезірек жетсек екен, Зәуреш ханым! Сұхбатыңызға рахмет!

Бақытгүл МӘКІМБАЙ