Прокурордың көмекшісі өзін-өзі әріптестерінің алдында өртеп жіберді
2017 ж. 01 ақпан
2028
0
31 қаңтарда түске таман облыстық прокуратура ғимаратының алдында Атырау облысы прокурорының бұрынғы көмекшісі Лейла Смадьярова өзін-өзі өртеді деп хабарлайды Ақжайық басылымы.
Қазір оның ісіне қатысты сот өтіп жатыр. Оған Қылмыстық кодекстің 366-бабы бойынша («Пара алу») кінә артылып отыр. Басылымның мәліметінше, ол өзіне жалпы көлемі 3 млн теңге алды деп тағылған айыптармен келіспейді (яғни, бұл соманы оған екі бөліп берген-мыс, әуелі бір миллион теңге, келесі кездескенше тағы екі миллион теңге).
Басылымның дереккөзге сілтеме жасап жазуынша, Смадьярова басындағы жағдайына осындай жолмен өзіне назар аударту үшін өзін өртеген. Оның айтуынша, ол пара алмаған және оған ол қылмыстық жауапкершілікке тартқан адамдар жала жауып отыр:
"Осы куәгерлердің жауабынан басқа ешқандай дәлелдер жоқ, барлық айып дәлелсіз. Бірақ, ешкім де тексергісі келмейді, мәселенің байыбына бармай отыр", - деген ол.
Смадьярова беті мен тізесін термиялық күйік шалып, күндізгі сағат бірге жақын облыстық аурухананың қабылдау бөліміне түсті. Оның жағдайын дәрігерлер «ауыр емес» деп бағалап отыр, ол есін біледі.
"Әзір ешкіммен сөйлескісі келмейтін пациенттің моралдық жағдайын ескеріп, біз оны уақытша оқшауладық", - деді облыстық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Алуадин Нұрбердиев.