Мемлекеттің зайырлылық принциптері
2017 ж. 28 қаңтар
5954
0
Дін – мемлекеттік саясаттағы, сондай-ақ ел азаматтарының рухани өмірі мен мәдениетіндегі аса маңызды факторлардың бірі.
Қазіргі кезде елімізде қалыптастып үлгірген ішкі саяси тұрақтылықтың алдағы уақытта да берік орнығуы көп жағдайларда мемлекет пен қоғамдық ұйымдардың бірлесіп атқаратын жұмыстарына байланысты.
Еліміздің тәуелсіздік тарихындағы алғашқы кезеңдер ел экономикасын өркендетуге жұмсалса, бүгінгі күні жұмыстар негізінен саяси құндылықтарды барынша дамытуға бағытталуда. Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабының 1-тармағында «Қазақстан Республикасы өзін зайырлы, құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады» делінген. Осы тармақтағы «зайырлы» ұғымы мемлекеттің құрылыстың барлық салаларында, соның ішінде дін саласында ашық, айқын саясат ұстанатынын, азаматтардың ар-ождан бостандығын қамтамасыз ететінін, дін мен мемлекеттік саясатты араластырмайтынын білдіреді.
Ал зайырлы мемлекет дегеніміз- діннің бөлінуі нәтижесінде пайда болған діни емес, азаматтық нормалар негізінде басқарылатын, мемлекеттік органдардың шешімдері діни негізде болмайтын мемлекет. Зайырлы мемлекеттің заңнамасы толықтай немесе ішінара діни нормалармен үйлескен түрде бола алады. Зайырлылық діни ұстанымға қарама-қайшылығымен емес, олардан тәуелсіздігімен анықталады. Ол туралы 2011 жылы қайта қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңның 3-ші бабының 1-тармағында да мемлекет дін және діни бірлестіктерден бөлінгені нақты көрсетілген.
Еліміз зайырлы мемлекет болуына байланысты, ресми түрде діндерге мейлінше бейтарап қарайды: ол діншіл де, дінге қарсы сипатқа ие де емес.
Жалпы әлемде зайырлылықтың үш түрлі үлгісі қалыптасқан:
1. Зайырлылықтың бірінші үлгісі – атеистік үлгі. Оның көрнекі мысалы халқымыз бастан өткерген кеңестік режимді орнықтырған КСРО болып табылады.
2. Зайырлылықтың екінші үлгісі – сепаратистік үлгі. Бұл үлгі діни қауымдастықтардың мемлекеттен бөлінгенін және заңнамада қандай да бір діннің немесе конфессияның ерекеше құқыққа ие болмайтынын негізге алады.
3. Зайырлылықтың үшінші үлгісі – таңдамалы негіздегі үлгі. Бұл үлгі қоғам үшін ерекше құнды болып табылатын, конституциялық деңгейде анықталатын діни басымдықтарды басты тірек етеді.
Қазақстан қазіргі таңда зайырлылықтың екінші үлгісі – сепаратистік үлгісі негізінде жұмыс жасауда. Бұл үлгі діни қауымдастықтардың мемлекеттен бөлінгенін және заңнамада қандай да бір діннің немесе конфессияның ерекше құқыққа ие болмайтынын негізге алады.
Дін мемлекеттен бөлінгенмен қоғамды одан бөле алмаймыз. Себебі қандай да бір дінді ұстанушылар Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылады. Мемлекет діни мәселелерді реттеп, миссионерлік қызметті және діни бірлестіктердің жұмысын қадағалауы қажет.
Қазіргі таңда діни мәселелерге қатысты мемлекет тарапынан жасалынып жатқан іс-шаралардан, ел ішінде орын алып жатқан кейбір келеңсіз жағдайларға немқұрайлы емес екендігін байқап отырмыз.
Зайырлықтың негізгі принципі діни төзімділік болып табылады. Ол үшін біз әр түрлі діндер арасындағы бірлікті өз деңгейінде ұстауымыз шарт. Өйткені, діни бірлік болмайынша ұлттық ынтымақ-бірлік болмайды. Дінді саясатқа айналдырып, өз пайдасына жаратқысы келетіндер мен экстремистік ниеттегі діни ағымдар пайда бола бастаған бүгінгі кезде, дінаралық татулықты мейлінше сақтау біздің басты мақсатымыз екені белгілі.
«Төзімділік» ұғымының мәні қазақ тілінде өте терең: ол шыдамдылық, байсалдылық, ізгілік, келісім деген мағынаны білдіреді.
Өзара төзімділік, шыдамдылық принципі дегеніміз басқалардың діни сеніміне қаншалықты төзімділікпен қарау ғана емес, сонымен бірге соншалықты деңгейде құрметпен қарау, бөтен діндерді шеттетпеу дегенді білдіреді.
Дін – күллі адамзатқа ортақ құндылықтардың бірі. Дін – рухани байлық пен ізгіліктің, татулықтың, сабырлықтың, төзімділіктің, барша жақсылық атаулының бастау жолы. Біздің замандастарымыз үшін елімізде орныққан дінаралық татулық пен төзімділікті, келісімді өз дәрежесінде дамыта түсіп, еліміздің тәуелсіздігін одан әрі баянды етуден артық міндет жоқ.
Жанар Бектаева,
Оңтүстік Қазақстан облысы,
Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары
saigez.kz