КОМАНДАЛЫҚ БАСҚАРУ ҰСТАНЫМЫНА ҚАЛАЙ ҚАРАЙСЫЗ?
2017 ж. 27 қаңтар
4712
0
Тәуелсіздігімізге ширек ғасыр толды! Елбасымыздың сөзімен айтсақ, екінші жиырма бес жылдығымыздың жаңа беттері басталды. Бұл уақыт жаңа форматтағы мемлекет үшін көп емес десек те бүгінгі жетістіктеріміз мерзімінен көш ілгері болып тұрғаны белгілі және біз оны мақтанышпен айтып та жүрміз. Әрине, бұл жетістіктер үлкен еңбектің арқасында келіп отыр және осыған көшбасшы болған Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың стратегиялық үлесі орасан зор екендігін мойындауымыз керек.
Бүгінгі таңдағы дамудың стратегиялық мақсаттарының бірі – демократиялық институттарды дамыта отырып, қоғамды басқарудың менеджментін арттыру. Бұл дегеніміз басқарудың тиімділігін арттыру, яғни басқарудың дұрыс жүйесін құру, өз мүддесінен ел мүддесін жоғары қоя білетін менеджерлер институтын қалыптастыру екендігін жасыра алмаймыз. Және бұл туралы Елбасы да көптеген жиындарда ескертіп жүр. Мысалы: «Мемлекет тиімді басқарушыларды тәрбиелеп шығару үшін көп уақыт пен қаражат шығындайды. Ал олар сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол берсе, жұмсалған сол барлық күш-жігер мен шығын босқа кеткен болып шығады. Халық осыны түсініп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірлескен ымырасыз күреске мүдделі болғаны жөн. Қазақстандықтар арасында бұл мәселеге саалғырт қарайтындар болмауы тиіс. Ең бастысы, жұртшылық жемқорлық көріністеріне төзбей, ол жөнінде хабарлап, сол бойынша ілкімді шаралар қабылдануы керек» деген еді Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің Бас прокуроры мен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасын қабылдаған кезінде.
Осы орайда, мемлекеттік қызметкерлер институтының да бірқатар реформалық іс-әрекеттері бар, заңдарға өзгерістер де енгізілуде. Жалпы, бұл істі жақсарту бағытында біршама жұмыстар жүргізілуде. Дегенмен, мемлекеттік қызметкерлер институты жұмыстарының елді толыққанды қанағаттандыру бағытындағы іс-әрекеттеріне қатысты өз ойларыммен бөліскім келіп отыр.
Меніңше, қоғамның даму сатысының бүгінгі межелерінде мемлекеттік басқару жүйесінің командалық принципінен бас тарту жағдайы бүгінгі қоғамның психологиялық әлеуетіне орай қайта қарастыруды қажет ететін сияқты. Ал қоғамда «командалық принцип – жемқорлықтың көзі» деген пікір қалыптасты да, бұл жүйені мүлдем теріске шығарып тастадық. Шын мәнісінде, біз, керісінше, сол командалық жүйені дамыту ұстанымдарын қайта құруымыз қажет секілді. Егер қателеспесем, командалық жүйені сынақтан өткізе келе, өзі соның құрбаны болған, кезінде еліміздегі салық жүйесін басқарған Н.Рахметов мырза болды. Міне, содан кейін бірте-бірте командалық жүйе – жемқорлықтың күретамыры дегендей ой қалыптасып қана қойған жоқ, бұл заңдылыққа айналып кетті және де бұған үлкен үлес қосқан ақпарат құралдары болды десек қателеспеспіз. Соның салдарынан қоғамдық пікір де біржақты қалыптасты. Негізінде, бұл мәселе терең зерттеулерді талап етеді. Сондықтан, меніңше, демократиялық институттарды қалыптастыру, ғалымдардың ортақ зерделеулері негізінде тиісті шешімдер қабылданғаны дұрыс болар еді. Жас мемлекет болсақ та кешегіден бүгінгі жағдайымыз көш ілгері, нәтижесінде қоғам да, адам да өзгеруде. Сол сияқты кешегі әкім мен бүгінгі әкімнің өзі де өзгермей тұрмайды, сондықтан, кешегі ойларды бүгінгі жағдайларға тікелей көшіріп алып келу дұрыс емес деп ойлаймын. Бүгінгі басшы менеджерлердің көпшілігі мемлекеттік басқару институттарының сараптауынан өткендер болса және біздің таңдауымыз дұрыс десек, неге оларға толыққанды сенім артпасқа? Ендеше ол өз командасын өзі жасақтасын, сонда ғана жұмыстың тиімділігі артады деп ойлаймын.
Ал қазіргі таңда «командалық» принциптен бас тартуымыздың әсері мемлекетіміздің экономикасының дамуына тежеуші күш болып қана қоймай, ел сенімін абыройлы атқарушы басқарушыларға зиянын тигізіп жатқандары да баршылық. Ең қиыны – мемлекеттік қызметкерлерге деген ел сенімі әлсірейді. Соның кесірінен билікке деген сенімсіздік те арта түсуде. Бұл қаншалықты дұрыс немесе бұрыс? Осы жөніндегі ойымның негізі төмендегі пікірлерден туындап отыр. Олар:
- еліміздің білім және ғылым саласының білікті ұйымдастырушысы, ҚР ҰҒА академигі, қоғам қайраткері, ұстазым Өмірбек Арсланұлы Жолдасбековтің 90-шы жылдардың аяғында «...он жылдан кейін Елбасымызға елді басқару қиындай түседі, себебі, елде дұрыс адамдар тапшылығы арта түседі» деген пікір айтқан еді. Сол сөз күні бүгінге дейін ойымнан шығар емес.
Расында да солай ма деп қаласың. Ал 2010 жылы Ресейдің сол кездегі президенті Д.Медведев елдегі модернизациялау бағдарламаларындағы кемшіліктерді сынай отырып, экономикадағы инновациялық бағыттардың үлесін айқындау мақсатында АҚШ-қа өзінің аппаратының 1-ші орынбасары В.Сурковтың басшылығымен Үкімет басшысының 1-ші орынбасары И.Шуваловты, қаржы министрі А.Кудринді, экономикалық даму министрі Э.Габиулинаны, РФ «Сбербанк» президенті Г.Грефті, Роснаноның бас директоры А.Чубайсты және бірқатар лауазымды тұлғалардан тұратын делегацияны іс-сапарға жіберді. Іс-сапар нәтижесінде А.Чубайс пен Г.Грефтің пікірі: «Ресейлік экономиканың инновациялық рельске өтуіне кедергі келтіретін ең үлкен мәселе ол – лайықты адамдардың тапшылығы... Сондай-ақ жетістік формуласы – дұрыс адамдарды таңдауда, Ресей құрамында бұл үлкен проблема екендігі жасырын емес. Ал осындай жағдайда модернизацияның сапалы жүзеге асырылуы екіталай емес пе?!» дегенге саяды. Сонымен қатар, Ресейдің бірқатар ғалымдары нарықтық демократиялық дамуға көшкен кезеңнің бастапқы жылдарында жетекші құрамда өз ісіне адал, білікті мамандардың азаюы туралы ойды айта келе, оның себебін қоғамдағы әрбір азаматтың генетикалық тектілігіндегі ар-ұят нормаларының қоғамның өзгеруіне орай қалыпты немесе қалыпсыз болуымен байланыстырады.
Міне, осы орайда, біз басқарушы органдардың жетекшілерін (министрлер, әкімдер...) дұрыс таңдадық делік, яғни жоғарыдағы ойларға сәйкес «дұрыс адамды» таңдадық. Ал енді бүгінгі қоғамда жоғарыдағы пікірлермен келісетін болсақ, дұрыс кадрлардың тапшылығы орын алып отырғандығы анық. Яғни мемлекеттік қызметкерлердің басым бөлігінің өз мүддесін ел мүддесінен жоғары қойып отырғандар құрап отырғандығы тағы шындық. Әрине, олармен қарқынды күрес жүргізілуде. Дегенмен, барлық салада орын алып отырған мұндай келеңсіздіктер жиілеп кеткендей. Оны күнделікті өмірімізде көріп, естіп отырмыз. Олай болса, дұрыс таңдау барысында тағайындалушы жетекші менеджеріміздің (министр, әкім және т.с.с.) командасыз баратын ортасы бүгінгі таңда «дұрыс еместердің» басымдылығына ие орта болып отыр емес пе деген ой қылаң береді. Кейде мен осы орайда «дұрыс» басшының тиімді басқару мүмкіндігін біз қолдан шектеп отырған жоқпыз ба деп те ойлаймын. Себебі, олардың белгілі бір мекемеге (ұйымға) командасыз баруын талап етіп отырмыз. Бұл қаншалықты дұрыс?! Сонда біздің таңдау жасаған «дұрыс» басшымыздың барған ортасына тәуелді болуының ықтималдығы жоғары болып отырған жоқ па? Нәтижесінде біз «лайықты» деген кадрларымыз дұрыс ортаға түссе жақсы, ал бүгінгі қоғамдағы ықтималдығы жоғары «дұрыс емес» ортаға барған болса, онда дұрыс кадрларымыздың сапалы жұмыстар атқару ықтималдығы төмен болатынын өмірдің өзі көрсетіп отырған секілді. Бұл жағдайда қаншалықты дұрыс адам болса да бұрыс жүріске ықтималдығы жоғары «машинаның құрбанына» айналуы мүмкін немесе жемқорлыққа иек артып, амалы жоқтан бұрыс кадрлар қатарынан табылып жатыр демеске лажың жоқ. Немесе бұл сыннан оннан бірі ғана жүйкесін тоздырып барып өтуде. Олардың өзі тәжірибесі мол Елбасы сынына шыныққандар ғана және олар арамызда өте аз, бірақ белгілі де сенімді тұлғалар. Сондықтан «дұрыс» басшы таңдасақ, сенімділікті де арттыру мақсатында тиісті дәрежедегі командасын өзі жасақтау құқығы берілуі өте маңызды деп ойлаймын және бұл бүгінгі инновациялы заманның талабы десек, артық болмас. Міне, сонда ғана біз тиімді басқаруға сенімділік арттыру арқылы тиімділікті арттырамыз және дұрыс емес ортаны ауыздықтауға мүмкіндік артар еді.
Жалпы, болашақта қоғамның тәрбиеленуінің негізінде дұрыс субъектілер басым болғанда ғана командалық жүйеден бас тартармыз, яғни, басқару жүйесінің форматын бүгінгі «командасыз» жүйеге өткізуге болар еді деймін. Сондықтан, өзімнің жеке пікірім ретінде көпшілікке басқарудың командалық принципін қолдау қажет екендігін айтқым келіп отыр.
Елде дұрыс адамдар жеткілікті, әсіресе қарапайым ортада, яғни дұрыс адамдарды таңдау – жарқын болашағымыздың демократиялық үдерістеріне үдемелі жол ашады. Бұл ретте, ойымды жоғарыдағы орыс саясаткерлерінің: «жетістік формуласы – дұрыс адамдарды таңдауда» деген сөздерімен аяқтағым келеді.
Иә, бұл менің жеке пікірім. Соныменен, командалық басқару принципіне сіз қалай қарайсыз?! Ой бөлісе отырсаңыз...
Талжан Раимбердиев,
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ
вице-президенті, техн.ғ.д., профессор,
Түркістан қаласының құрметті азаматы
qazaquni.kz