Алматыдағы 11 жасар баланың өліміне ағасы мен әпкесінің қатысы бар болып шықты
2017 ж. 24 қаңтар
2451
0
Алматыда айуандықпен өлтірілген 11 жастағы Өркен Азаматұлына қатысты жаңа деректер пайда болды. Қалалық ІІД баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, марқұмның өгей ағасы мен әпкесінің қылмысқа қатысы бар болып шықты деп деп хабарлайды NUR.KZ.
Ресми өкілдің мәлімдеуінше, бұл істі марқұмның өгей анасы сыбайластарымен бірге жоспарлапты. 11 жастағы Өркенді өлтіруге ол өзінің бірінші некесінен туған 1995 жылғы ұлы мен 1997 жылғы қызын қатыстырған. Сол үшін ұлы арнайы Шымкенттен келіпті. Бірнеше күн бойы олар өгей інілерінің артынан аңдыған: мектепке қалай барады, қалай қайтады, нешеде шығады, үйге қандай жолмен барады.
19 қаңтар күні Өркен әдеттегідей мектептен шығады. Аялдамаға барар жолда өгей ағасы мен әпкесі отырған көлік тоқтап, ішіндегі адамдарды танитындықтан еш алаңыз көлікке отырады. Рөлде қылмысты ұйымдастырған әйелдің танысы болған.
Әпкесі мен ағасы 11 жастағы баланы алдын ала жалданған Наурызбай ауданындағы саяжайлардың біріне апарады. Медициналық-сот сараптамасының нәтижесінде, жеткіншекті алдымен тұншықтырып, кейін бірнеше жерінен пышақ сұққаны байқалған. Ауыр қылмыстың ізін жою мақсатымен, күдіктілер оның мүрдесін жалдамалы үйдің жертөлесіне көміп тастаған.
Қылмыстық іске қатысы бар делінген бесеуі де қамауға алынып, уақытша ұстау изоляторына отырғызылды.