Полицейлер 11 жастағы баланың өліміне қатысты жаңа деректерді айтты
2017 ж. 23 қаңтар
4349
1
Алматы облыстық ішкі істер департаментіндегілер 11 жастағы Өркен Азаматұлының өліміне қатысты жаңа деректерді айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, Өркен Азаматұлының өгей шешесі мен оның төрт сыбайласының осы қылмысқа қатысы бар. Күдіктілердің арасында әйелдің қызы мен баласы бар екені белгілі болды. Тергеу мәліметінше, ол баланың әкесінен кек алу үшін осындай қылмысқа барған. Әйел қылмыс жасамай тұрып, Шымкенттен бірінші некедегі 1995 жылғы ұлын шақыртқан. Содан ол досымен бірге сонда келіп, әйел оларға баланы ұрлау үшін 100 мың теңге ұсынады. Кейінірек әйелдің 1997 жылғы қызы, ұлы және оның досы баланы аңдып, 19 қаңтарда ұрлап кетеді.
"Олар баланы аялдамаға барар жолда қарсы алып, содан бала оларды танығандықтан, көлікке отырады. Көлік жүргізушісі әйелдің танысы болып шығады, сондай-ақ, ол да бұл қылмыс жайлы білген. Содан төртеуі баланы ұрлап кетіп, Наурызбай ауданындағы жер үйлердің біріне апарады. Әйел бұл үйді алдын-ала жалдаған екен. Сараптама баланың сол күні-ақ қайтыс болғанын көрсетті. Олар баланы қылғындырып, жарақаттаған. Сол жақта жерлеген", - деді ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Сонымен қатар, ІІД ресми өкілі баланың өгей шешесі мен оның досының Шымкентке кетпекші болғанын айтты. Алайда олар ұсталды, себебі баланың әжесі арыз жазған. Айта кетейік, 11 жастағы Өркен осы уақытқа дейін әжесімен бірге тұрған екен. Әжесінің айтуынша, Өркен жауапкершілігі бар бала болатын және ол ешқашан кешікпейтін.
"Өтініш келіп түскеннен бері біз қаладағы барлық компютерлік клубты тексеріп шықтық. Түрлі нұсқаларды ойладық. Криминалдық полиция қызметкерлері де өз нұсқаларын қарады. Содан баланың өгей шешесінен күдіктендік. Қазір олар уақытша ұстау изоляторына қамалды", - деді Салтанат Әзірбек.
Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің 99 және 125- баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Баланың әжесі Бағдагүл апаның айтуынша, өгей шешесі бұл қылмысты әкесінен кек алу үшін жасаған. " Бұл әйел менің ұлыммен ұрысатын. Ұлым одан кеткісі келді. Содан ол ұлымнан осылайша кек алды. Баланы ұрлап, өлтіріп тастады. Олардың тағы бір баласы - үш жастағы қызы бар", - деді баланың әжесі.
Айта кетейік, мәйіті табылған 11 жастағы баланы өлтірді деген күдікпен өгей шешесінің және тағы төрт адамның ұсталғаны хабарланған болатын. "2005 жылғы Азаматұлы Оңғарды ұрлау және өлтіруді ұйымдастырды деген күдікпен оның өгей шешесі - 1980 жылғы азаматша А. ұсталды", - делінген еді ІІД хабарламасында.
Еске салайық, Өркен Азаматұлы кеше өлі табылған еді. "Полицейлер бүгін түсте хабарласып, Өркеннің денесін тапқанын айтты. Баланың неден өлгенін олар әлі айтпады. Оны тану бардық, бұл біздің Өркен", - деген еді оқушының ағасы Нұрбек.
Азаматұлы Өркен түсте сабақтан қайтып келе жатқан уақытта жоғалып кеткен. Соңғы рет оны сыныптастары көрген екен. Олардың айтуынша, Өркен сағат 13.30 бен 14.00 аралығында сабақтан шығып, Шевченко мен Розыбакиев көшелерінің қиылысындағы аялдамада тұрған. Кейіннен ол № 135 автобусқа мініп, үй жағына қарай кеткен. Содан кейін оны ешкім көрмеген.