Дариға Назарбаева: денсаулық сақтау жүйесінің өзін «емдеу» керек!
2017 ж. 17 қаңтар
2982
1
Өткен 2016 жылы Қазақстанның денсаулық сақтау саласына 1 трлн 16 млрд теңге бөлінген. Бірақ мемлекеттің бұл шығыны дұрыс жұмсалуда деп айта аламыз ба? Өйткені қазақстандықтардың дәрігерлік көмек пен қызмет сапасына деген көңілі жылдан-жылға толмай келеді. Рас қой?
Осы орайда жақын арада елімізде енгізілгелі отырған міндетті медициналық сақтандыру туралы сенат депутаты Дариға Назарбаева ой толғапты. Оқып көрелік.
Денсаулық сақтауға құйылатын инвестиция неге нәтижесіз?
Ең басты себеп – қаржыны тиімсіз жұмсау. Басқару, жоспарлау және қаржыландырудағы кемшіліктер:
1. Денсаулық сақтау саласының қазіргі әкімшілік жүйесі күрделі, қымбат және ауқымды. Медициналық мекемелерге қаражат түрлі мемлекеттік және жергілікті басқару органдарының елегінен әрең өтіп, қатты «қысқарып» жетеді. Бөлінген ақшаның 15-30% (!) ғана науқасты емдеуге қалады.
2. Біздің білім беру жүйеміз денсаулық сақтау саласы бойынша кәсіби басқарушыларды дайындаған емес. Жақсы дәрігер – мекеменің жақсы басқарушысы бола алмайды. Осыдан медициналық мекеме де, пациент те ұтылып жатыр.
3. Медицина кадрлерін дайындауды әлі де жетілдіру керек. Оқу орындарының коммерциялануы жағдайды қиындатты. Диплом сату – ұлттың денсаулығы мен мемлекет мүддесіне шаш-етектен зиян келтіруде.
4. Мемлекет «кереует-орын» есебін жақсы төлейді. Осыдан келіп гипердиагностика, хирургиялық операцияларды қажет етпейтіндерге де ота жасай беру көбейді. Созылмалы аурумен ауыратын адамдар саны артты.
5. Бірінші орында дәрігердің немесе медбикенің біліктілігі емес, тікелей таныстық, телефон құқығы, басқа да жайттар тұрады. Нәтижесінде біз штаттық кестенің өтірік көбейтілгенін, шығындарды артығымен есептегендерін көріп отырмыз.
6. Емдеу жұмыстарының тиімділігін білдіретін «индикаторлар» дәрігерлердің диагонозды ауыстыруына, жағдайдың нақты бейнесін жасыруға итермелеп отыр. Ауруды шын мәнінде анықтау және берілген көрсеткіш санынан артық кетудің арты айыппұл төлеуге соқтырады. Бұл жүйе өзін-өзі алдап отыр.
7. Министрлік қағаз жүзіндегі есеп алуды әлі тоқтатқан жоқ, өзіндегі ақпараттық жүйеге сенбейді. Бірақ ақпараттық жйүеге едәуір қаржы бөлуде. Есеп беру жүйесін қолайлы әрі оңай ету қажет.
8. Кепілдендірілген бюджеттік қаржыландыру азғындық пен салақтыққа соқтырады – өйткені үнемдеуге, үздік болуға, жақсы жұмыс істейтіндермен бәсекесуге тырысуды қажетсінбейді. Бөлінген қаржыны дер кезінде “игермесең”, таяқ жейсің. Ал үнемдеп жұмсағандарды қаржыландыру кезінде аз ақша бөлініп «жазалайды»…
9. Отандық медицина салалық стандарттар құрсауынан шыға алмай келеді. Бұл қызмет көрсету құнының қымбаттауына, емдеу шараларын өтірік санмен көбейтуге соқтырады.
Ақшаны қайдан алу керек?
Біз – медициналық сақтандыру жолын таңдадық. Медициналық сақтандыруды енгізу – салықты шамалы өсіруді білдіреді. Жүктеме мемлекет, жұмыс беруші және жұмысшы арасында әртүрлі пропорцияда бөлінеді.
Реформадан қандай нәтиже күтеміз?
1. Мемлекеттің, жұмыс берушінің және жұмысшының жауапкершілігі принципін енгізу. Жақын арада міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне көшу басталады. Реформаның мәні мынау: жұмыс жасындағы азаматтарды медициналық қамтамасыз ету мемлекеттің, жұмыс берушінің және шамалы деңгейде – жұмысшының өз есебінен іске асырылады.
Мемлекет бұрынғыдай кепілдендірілген тегін медициналық көмектің барлық көлемін төлейтін болады – жедел жәрдем және санитарлық авиация, шұғыл медициналық көмек, туберкулез, диабет, онкология, гепатит, жүйке аурулары секілді әлеуметтік маңызды ауруларды егу және емдеу және т.б. Сонымен қатар мемлекет тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне кірмейтін маңызды медициналық қызметті (алғашқы медициналық санитарлық көмек, жоспарлы операциялар…) қаржыландыруды өз мойнына алады. Бұл қызметтер халықтың әлеуметтік аз қамтылған бөлігін медициналық сақтандыру пакетіне кіреді, ал бұл 9,8 миллион адам. Олардың ішінде зейнеткерлер, мүгедектер, барлық жастағы балалар, жоғары оқу орындарының студенттері – барлығы азаматтардың 15 санаты бар. Олардың әрқайсысына ай сайын бюджеттен орташа айлық жалақының 7 пайызына тең қаражат бөлініп отырады.
Жұмыс берушілер 2017 жылдан бастап жұмысшының орташа табысының 2 пайызынан бастап, 2020 жылға қарай 5 пайызына дейін аударады.
Жұмысшылар медициналық сақтандыру үшін тек 2019 жылдан бастап қана жалақысының 1 пайызын, ал 2020 жылдан бастап 2 пайызын төлей бастайды.
Азаматтардың денсаулығына инвестицияларға жұмысшылар мен жұмыс берушілер тарапынан қатысу — жалпыәлемдік тәжірибе, дамыған елдерде ондаған жылдардан бергі еңбек шартының міндетті бөлігі.
2. Бұл жүйеге сақтандыру полисін жеңіл бағамен сатып алу мүмкіндігін беру арқылы «өзін-өзі жұмыспен қамтушы» халықты тарту. «Өзін-өзі жұмыспен қамтушылар» қатарына 2,1 миллион азаматты жатқызу қабылданған. Олар жұмыссыздар ретінде тіркелмеген, жұмысқа ресми қабылданғандар болып саналмайды, салық төлемейді, әлеуметтік сақтандыру қоры мен зейнетақы қорына төлемдер жасамайды, бірақ әлеуметтік сфера қызметін белсенді пайдаланады: жәрдемақылар алады, медициналық қызметтерді пайдаланады, балаларды мектепте оқытады және т.б. Бұл қызметтердің ақысын салық төлеушілер төлейді.
3. Жеке меншік ерікті медициналық сақтандыруды дамыту, олар жоғары деңгейдегі қызмет түрлерін бере алады, міндетті сақтандыруды дамыту секілді ол да маңызды. Әлемдегі бір де бір мемлекеттің бюджет қаржысы есебінен халықты медициналық қызметпен 100 пайыз қамтамасыз етуге шамасы келмейді. Бұл тақырыптағы барлық әңгімелер утопия немесе жауапсыз популизм болып табылады. Мемлекет ерікті сақтандыруды дамыту саясатын қолдау саясатын жетілдіруі керек.
4. Аурулардың алдын алу бойынша жұмыстарды күшейту:
— емханалық көмекті дамытуға басымдық беру,
— жалпы тәжірибе және отбасы дәрігерлері рөлін нығайту,
— саламатты өмір салтын жаппай насихаттау, денсаулық пен әдемілік культін енгізу,
— балалық кезден спорт пен жақсы тағамдарға деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу, мектеп дәрігерлері мен медициналық кабинеттер рөлін арттыру.
Бұл маңызды іске денсаулық сақтау, білім, мәдениет, спорт, әлеуметтік желілер және коммерциялық емес ұйымдардың, жалпы алғанда қоғамның барлық жүйесін тарту қажет.
Ұсынылып отырған алдын алу шаралары мен амбулаторлық-емханалық қызметтер халықтың денсаулығын жақсартады, созылмалы ауру адамдардың санын қысқартады, қымбат тұратын ауруханалық кереует санын азайтады, ал жалпы алғанда денсаулық саласына кететін шығыстарды оңтайландырады. Дамыған елдер бұл жолмен табысты жүріп келеді, ал бізге олардың тәжірибесінен үйрену керек.
Медициналық сақтандыру – денсаулықты қорғау саласындағы мемлекет пен жеке меншік бизнестің өзара әрекеттесуінің ыңғайлы құралы. Ол әр адамды жеке қаржыландыруды білдіреді, атап айтқанда, әр азамат, өз сақтандыру полисінің қожайыны, «жағдайдың иесі» болып, дәрігер мен медициналық мекемені өзі таңдай алатын мүмкіндікке ие болады. Клиникалар мен ауруханалар әр пациент үшін жақсы дәрігерлерді тарту, сапалы емдеу, шығыстарды азайту, соның арқасында жақсы ақша таба білу арқылы күресетін болады.
Медициналық сақтандыру жүйесінің қалыптасуы – бұл күрделі және ұзақ уақытты қажет ететін процесс. Денсаулық жүйесінің барлық қатысушыларына жаңа жағдайларда оқып, еңбек етуге тура келеді. Бұл кезең жеңіл болмайды. Тәжірибе ылғи өзінің түзетулерін енгізіп отырады.
Мінсіз әдіс әзірше ешкімде де жоқ. Бірақ саладағы қазіргі жағдайға енді төзуге болмайды!