Сталин және Қазақстан

0
5648

Жаңа ғана саяси билікке келген большивиктер Үкіметінің құрамында Ұлт істері бойынша комиссариаттың белгіленіп, оның басшылығына грузин И.В. Джугашвили – Сталиннің тағайындалуы олардың алып империядағы ұлтаралық қатынасты игеріп, бір ізге салуға ұмтылысының көрінісі болатын В.И. Ленин енді ғана үкімет құрамындағы Комиссариялық қызметін бастаған И.Сталинді ауыстыра алатын басқа адам жоқ деп білді. Сөйтіп Кеңестер Үкіметінің ұлт саясатының мазмұны мен бағыт-бағдарын, жұмыс механизмін анықтау кезінде ұлт істері бойынша комиссар И.Сталин тұрды. Кейінірек бұл комиссариат оның ұсынысы мен жойылғанымен, И.Сталин өмірінің соңына дейін бұл саясатты бағыттауды өз қолынан шығарған емес.

Басқаша айтқанда, кеңес үкіметінің ұлт ісіндегі саясатының архитекторы, яғни теориялық негіздері мен теориялық мазмұнын анықтаушы И.Сталин болды деп айтуға негіз жеткілікті.
Большевиктер партиясы билікке империядағы ұлт –азаттық қозғалыстың өрлеу шағында келді. Ал қазақ қоғамындағы бұл қозғалыстың негізінде жер үшін күрес, яғни орыс шаруаларын қоныстандыру арқылы қазақтарды құнарлы жерлерден ығыстыруды тоқтату және ұлтқа өзін-өзі басқару мүмкіндігін беру сияқты іргелі талап –тілектер жатты. Анығырақ айтқанда, мұндағы азаттық қозғалыс таптық мазмұн емес, ұлттық сипат алды.

Билікке келген большевиктер партиясының ұлт мәселесінде нанымды бағдарламалық ұстанымы болған емес. Партия көсемі В:И:Ленин билік үшін күрес барысында Ресейді «халықтар абақтысына» теңеп, отарлық тәуелділіктегі аз ұлттардың өздерін-өздері билеу құқын мойындайтындықтарын ашық мәлімдеді. Өмірлік тәжрибе көрсетіп бергеніндей бұл саяси билікті алғанға дейін айтылған уәде еді, ал билікті алғаннан соң ұлттардың өздерін-өздері билеу құқы оның тек еңбекші бұқара бөлігіне ғана тиесілі «құқық» болып шықты.
Сонымен бірге большивиктік басшывлықтың империя құрамындағы ұлттардың өз мемлекеттігін құра алу құқына қатынасы да бір келкі болған жоқ. Мәселен, ол октябрь революцичясы жеңген бетте Польша мен Финляндияның мемлекеттік тәуелсіздігін бірден мойындады. 1922 жылы Кеңестік Республикалар одағы құрылғанда Украина, Белоруссия және Кавказ сырты республикаларына федеративтік негізде одақ құрамына ену құқы берілсе, мұндай» құқық татар, башқұрт, Орта Азия халықтарына берілмеді. Олар автономиялық құрылмдар түрінде Ресей Федерациясының құрамына енуге тиіс болды.
И.Сталин тікелей В:И:Лениннің қолдацымен міне осы саяси курсты теориялық тұрғыдан негіздеуші және оны парактикалық жағынан өмірлік шындыққа айналдыру ісін тікелей жүргізуші тұлға міндетін өз мойнына алды.
Кеңес үкіметінің ұлт істері бойынша комиссары қызметіндегі И.Сталиннің Қазақ қоғамына қатысты істерімен жақынырақ таныса бастауы 1918 жылдың наурыз айынан басталады. Осы жылдың наурыз айының ортасында Алашорда үкіметінің тапсырамасымен Кеңес үкіметі басшыларына 2-ші жалпықазақ (1917, желтоқсанында) съезінің шешімдерін жеткізу үшін Оралдан Мәскеуге Халел және Жаһанша Досмұхамедовтар келеді. Азамат соғысының босағасында тұрған Кеңес Үкіметіне қазақ автономияшыларымен ымыраға келуі аса маңызды еді. В.И.Лениннің тапсыру бойынша И.Сталин 19-наурыз күні Семеймен телеграф арқылы хабарласып, Алашорда үкіметі төрағасының орынбасары Халел Ғаббасовпен келіссөз жүргізеді. Кеңес Үкіметі атынан сөйлеген И.Сталин 2-ші жалпықазақ съезі қабылдаған шешім мен «Ресей халықтарының құқығы туралы декларацияның» (1917 ж. 3-қарашада қабылданған) өзара үндес екендігін мәлімдеп, осы жағдай Кеңес өкіметіне Алашорданы мойындауға негіз болатындығын білдіріп, өз ретінде Алашорданың Кеңес өкіметін мойындауын талап етеді.
Алашорда Кеңесі Сталиннің ұсынысын талқылап, 1918 жылы 21 наурызда «Совет үкіметін Ресейдегі барлық автономиялы халықтардың кіндік үкіметі» ретінде мойындайтындығын білдіріп, өз ретінде «жалпықазақ-қырғыз съезінің қаулысы бойынша тоқтаусыз Алаш автономиясы» жариялайтыныдығын мәлімдейді.
Міне осы берген жауабында Алашорда Кеңесі Алаш автономиясы құрамына енетін облыстар мен уездерді атайды. Қазақ мемлекетінің территориялық ауқымын анықтау ісінде бұл құжаттың маңызы зор еді. Сондай-ақ жауап тексінде Алашорда өкіметі тек қазақ ұлтының ғана емес, барлық қазақстандықтардың өкіметі болатындығы, соған байланысты оның құрамына «қазақтан басқа халықтардың көбінен көп, азынан аз он кісі» сайланып кіретіндігі,. Ал Алаш автономиясында заң шығаратын Һәм ел билейтін үкімет Алашорда» болатындығы, құрылтай жиналысы шақырылып биліктің сипаты анықталғанға дейін советтер Алашордаға «жәрдемші» есебінде міндет атқаратындығы айтылады.
Кеңес Өкіметі Алашорданың бұл аталған және басқа саяси ұстанымдарына байланысты ұсыныстарына алғашында түсінгендік танытқанымен, ал іс жүзінде оларды қабыл алды ма? Әрине, қабыл алған жоқ. Өйткені Алашорда ұсыныстарын қабыл алу үшін мәнінде қазақ елінің ұлттық мемлекеттілігін құру құқын мойындаумен бірдей еді.
Осы жылдың 28 наурызы күні Мәскеуден семейдегі Қазақ комитетіне И.Сталин мен мұсылмандар ісі бойынша комиссар М.Вахитов қол қойған жедел хат келіп жетеді. Хатта Мәскеудегі Ұлт істері Халық Комиссариаты жанынан қазақ бөлімі ашылатындығы, міне осы бөлімде қызмет атқаруға өкілдер жіберу ісі алғашында Алашорда үкіметіне жүктелгендігін 29 наурыз күні Семейге Х.Ғаббасов атына жолдаған жедел хатында Х. Және Ж.Досмұхамбетовтар да растайды.
Тарихи деректер Кеңес өкіметіне Алашорда өкіметімен ара қатынасының араға 5-6 күн салып-ақ түбегейлі өзгеріске ұшырағандығын айғақтайды. Мұндай бетбұрыстың себебін түсінуге болады. В.Ленин мен И.Сталиннің басқарған билікке қазақ еліндегі басшылықты «буржуазиялық-ұлтшылдарға» беруге болмайтын еді. Ұлт істері бойынша комиссар И.Сталиннің ендігі уақытта ықыласы қазақ ұлт-азаттық қозғалысының шынай еркін білдіруші Алашорда үкіметіне емес, азаттық қозғалыстан мүлдем алыс, тіптен оның басшыларымен дүрдараз Ә.Жангелдин, К.Тоғысов, М.Тунгачин сияқты кісілерге ауды.
И.Сталин 1918 жылы 7 сәуірде Кеңес өкіметінің Торғай облысындағы комиссары Ә.Жангелдинге жолдаған жеделхатында орталық биліктің бұл ұстанымын былайша негіздеді: «Бужуазиялық-ұлтшылдық ұстанымындағы топтар автономияны өз бұқарасын қанау құралына айналдыру үшін талап етіп отыр. Сондықтан да олар орталық кеңестік билікті мойындаумен бір мезгілде жергілікті советтерді мойындағылары жоқ және ішкі істеріне араласуға қарсы».
Орталық билікке Қазақстандағы басқару ісіне кімдердің керек екендігін жақсы түсіне қойған Ә.Жангелдин алаштық топқа қарсы күресте өзіне одақтас бола алады деген үмітпен бұрынғы Торғай облыстық губернаторы жанындағы татар және қазақ басылымдары бойынша цензор қызметін атқарған Мұхамедияр Тұнғачинді Мәскеудегі қазақ бөлімінің меңгерушісі қызметіне ұсынған еді. Бұл ұсынысты қабыл алған И.Сталин 1918 ж. 11 мамырдағы бұйрығымен М.Тұнғачинді Ұлт істері бойынша Халық Комиссариаты жанындағы Қазақ бөліміне меңгеруші етіп тағайындады. Бұл арада коммунист И.Сталин М.Тұнғачиннің сұлтандық шыққан тегі мен патшалық тұсында атқарған шенеуніктік қызметіне соншалықты көңіл аударған да жоқ еді.
И.Сталиннің қазақ азаттық қозғалысына қарсы ұстанымын тағы да бірі мынандай фактіге байланысты айтып өткен артық емес. Қазақ арасында өзінің күмәнды әрекеттерімен аты шыққан Көлбай Тоғысов 1918 жылы 21 сәуірде В.Ленин мен И.Сталин атына жеделхат жолдап, онда «Совет үкіметінің платформасында тұрған және онымен қол ұстасып келе жатқан» «Үш жүз» деген социалистік бағыттағы партия құрғандығын, оның «кадет Бөкейханов басқаратын буржуазиялық «Алаш» партиясына қарсы екендігін білдіреді». 6)
И.Сталин тез арада Ә.Жангелдинді телефонға шақырып: «Менімен Көлбай тоғысов сөйлесті, ол «Үш жүз» партиясын құрушы. Осы партия бізге жақынырақ деп оцйлаймын. Онымен байланысып, бұл өзі қандай партия және Тоғысовтың кім екенін білген жөн. Егер бұл партия шынымен де Алашордаға қарсы әрекет жасап, бізге жақындығын танытып отырса, онда оны өзімізге тарту керек» деген ұсыныс жасайды.
Ал шын мәнінде қазақ қоғамы мойындаған «Үш жүз» партиясы туралы айту қиын еді. 1917 жыллдың соңында болып өткен Бүкілресейлік құрылтай жиналысына депутаттар сайлау барысында «Үш жүз» атынан түскен кандидаттар Алаш партиясы атынан ұсынылғандардан анағұрлым аз дауыс жинап, ойсырай жеңілген еді.
Қортыта айтқанда, кеңестік орталық билік, оның ұлт істері бойынша комиссары 1918 жылдан бастап-ақ «буржуазиялық-ұлтшылдармен» күрес ұранын жамылғы етіп, шын мәнінде қазақ ұлт-азаттық қозғалысын басып жаншу жолына түсті. Ал бұл жолда олар кіммен болсада тіл табысуға даярлықтарын байқатты.
В.И. Ленин мен Сталинннің өкіметінің жүргізіп отырған курсының әделетсіздігін тура түсініп, оған қарсылығын ашық білдірген жеке тұлғалар орыс демократиясының арасын да баратын. Сондай тұлғалардың бірі Тимофей Иванович Седельников (1876-1930) болды. Шыққан тегі – Орынбор қазағы, мамандығы-жер өлшеуші Т.И.Седельников 1905 жылы «Борьба за землю в Киргизской степи и колонизационная политика правительства» аталатын еңбек жазып, онда өкіметтің қоныстандыру саясатын ымырасыз сынға алып, сол үшін «сенімсіз» ретінде танылып, соған қарамастан Мемлекеттік думаға депутат болып сайланып, думада сібірлік депутаттардың қолдауымен қазақ жерін құарқынды отарлауға байланысты жергілігті халықтың жер тапшылығына ұшрап отырғандығын баяндап, 53 депутаттың қол қойылған мәлімдемені Дума төрағасына тапсырады.
Т.Седельников орыс отаршыларына ұнай қоймайтын бұл ымырасыз мінезін кеңестік билік тұсында да байқатады. 1920 жылы Қазақстандағы жоғарғы билік Қазақ әскери-революциялық комитетінің мүшесі бола жүріп ол орыс «бонапартизміне» ымырасыздық танытып, нақты іс-әрекеттерімен көзге түседі. Түрлі басқосулар мен ресми жиындарда сөз алған ол жергілікті халықты «ұлы орыс шовинизмі мен имперализміне» төзбеуге, оларға қарсы соққы беруге шақырады.
Мұнымен шектелмей Т.И.Седель­ников 1920 жылы сәуірде В.И.Ленинге «Қазақ Республикасы және қазақ кедейі жөнінде» аталатын атақты хатын жолдайды. Хатында ол «бұрын әрбір орыс губернаторының немесе крестьян начальнигінің жергілікті халықтың атынан өкіметтің ұстанымы шеңберінен шықпайтын» арыз-тілектер жолдайтын «өз башқұрттары» мен «өз қырғыздары» болушы еді. Осы «үйреншікті құбылыс» сәл өзгерістермен енді біздің де жергілікті партиялық және советтік мекемелерімізде жаңғыра бастады. Ал «сенімсіздер» бұрын да қудаланатын, қазір де қудалануда. Егер сен интернационалист болсаң онда орысша ойла, орысша жазуға міндеттісің, ал партияда жоқ ұлтшылдармен достық құруға ешқандайдав құқық жоқ.
Міне осы Седельников В.И.Ленинді Қазақстандағы билікке халыққа және атқарылып жатқан іске жаны ашымайтын «алаяқтарды» тартпай, «халықты тонамайтын интеллигенттерге жол ашуға» шақырады. Қазақ ісіне қатысты кемшіліктермен ымырасыз күрес жүргізді.
Т.Седельниковтың мұндай ұлыорыс­тық шовинизмге қарсы әрекетін Қазақ өлкелік РКП (б) бюросының президиумы өз отырысында арнайы талқыға салып, мынандай баға береді: 1. «Өзінің барлық сөйлеген сөздерінде Седельников таза қазақ ұлтшылдығы тұрғысынан коммунистерге қарсы демократтық үгіт жүргізуде».
2.Партия өкілдері мен жергілікті партия ұйымдарына ұлыорыстық шовинизм мен империалистік ұстанымсда тұрсыңдар деген айып тағып қазақтарды орыстарға қарсы қойып, сол арқылы ұлтттық сезімді қоздырып, тіптен кейбір коммунистер «қазақ өшу жолында тұрған ұлт» деп айтты-мыс деген сөз таратуда.
3. Міне осы үгітті жүргізу ісінде ол қазақ ұлтшылдарына және Алашорда өкілдеріне сүйенеді, олармен тұрақты түрде кеңестер өткізеді… Қазіргі уақытта осы мазмұндағы фактілер біраз жиналған және оның Алашордалық ұлтшыл-қазақ тобының жетекшісі ретінде коммунистік ұйымдарға қатынасы біржола анықталып отыр.
Қазақ өлкелік партия ұйымының бюросы Т.Седельниковтың бұл қазақшыл ұстанымын айыптап, мынандай мазмұндағы қаулы қабылдайды.
1.Т.Седельниковтың үстінен партиялық бақылау орнату қажет деп табылсын.
2.Орынбор губкомы мен өлкелік партия комитеті бюросы президиумының бірлескен мәжілісі шақырылып, онда Седельниковтан түсінік беру талап етілсін…
3.Седельниковке губком бюросының және ұйымдастыру бюросы президиумының рұқсатынсыз өз бетінше партия және жалпы саяси жиналыстарда сөйлеуге тиым салынсын».
Т.Седельниковтың Қазәскерревком құрамындағы қызметін біржақты қазақ ұлтшылдығы тұрғысынан қарауға негіз жоқ-тын. Мәселен, ол 1920 жылы 26 суір күні «жалпы қазақ съезін шақыру туралы» мәселе қараған Қазревком отырысында ревком мүшесі Бақытжан Қаратаевқа байланысты сот ісін қозғап, оны тұтқынға алып, соттап және жер аударуды» талап етеді. Б.Қаратаевтың Казревком құрамында қалу-қалмауы шешілгенге дейін бұл билік орнының жұмысына қатынаса алмайтындығын мәлімдейді.
Т.Седельниковтың бұл ұсынысын Байтұрсынов қолдайды. Ол мәселеге байланысты РКП (б) Қазақ өлкелік ұйымдастыру бюросы өз қаулысында Б.Қаратаев ісі туралы төтеннен мәселе көтергені үшін Т.Седельниковқа қатаң ескерту жасап, оны қолдағаны үшін А.Байтұрсыновты да тәртіпке шақырады.
1920 жылы 26 сәуір кешіндегі Б.Қаратаевқа байланысты Казревком отырысындағы жанжал кеңестік биліктің қазақ қоғамына байланысты өзара қайшы екіжақты ұстанымының бетпе-бет келуінің көрінісі еді. Оның бір жағында орталықтың «сенімді» өкілдері А.Авдеев, Н.Кулаков, сондай-ақ жеке бас мүддесі үшін ревком құрамындағы коммунистермен ымыраға келуге әзір Б.Қаратаев тұрса, екінші жағында жалпы қазақ ұстанымын соңына дейін қорғап, сол үшін де ревкомның құрамынан кетуге әзір Т.Седельников пен А.Байтұрсынов тұрды.
Осы арада көңіл аударуға лайық мынандай нәрсе бар; басында И.Сталин тұрған орталық билік Қазревкомдағы А.Байтұрсынов пен оның патшалық кезеңнен бергі қарсыласы Б.Қаратаев арасындағы егесте соңғысы жағын қолдады.
Қазәскерревкомның 1920 жылы 4 мамырдағы (№24 хаттама) шешімі мен Т.Седельников бұл билік орнының құрамындағы қызметінен босатылды.
Қазәскерревкомның бұл шешімін Мәскеудегі Халком Кеңесі бекітті.
Сонымен бірге, Т.Седельниковтың Қазревкомның мүшесі Б.Қаратаевты «пара алғандығы және қызметін асыра пайдаланғандығы үшін» жауапқа тарту туралы ұсынысы кешігіңкіреп болса да орындалған еді. Осы жылғы 28 шілдеде Жымпиты ревкомының шешімімен Б.Қаратаев тұтқынға алынды.
Сонымен азамат соғысы жағдайында қазақ ұлт-азаттық қозғалысымен ымыраға баруға мәжбүр болған Кеңес үкіметі Қазәскерревкомының құрамына А.Байтұрсыновты төрағаның орынбасары ретінде енгізе отырып, сонымен бірге оған мүшелікке кезінде ұлт-азаттық қозғалысқа қарсы ұстанымымен танылған М.Тунғачин және Б.Қаратаев сияқты кісілерді еңгізу әрине кездейсоқ нәрсе емес-тін. Мұндай шешімнің арғы жағында қазақ ұлт-азаттық қозғалысын біртіндеп әлсіретіп, ең ақыры біржола сөндіру мұраты жатты.
Сонымен бірге, осы мезгілде-ақ ұлттық мүддеге қарсы түрлі ағым және күштердің өзара мақсаты жұмыс істеу әдіс-айласы да қалыптаса бастаған еді. Мәселен, Б.Қаратаев Т.Седельниковтың жалпы қазақ съезін шақыруға байланысты ережесін «ұлтшылдық сипатта жазылған, советтік биліктің ұстанымына қайшы келетін» құжат ретінде бағаласа, өз кезегінде Қазәскерревкомының мүшелері А.Авдеев пен Н.Кулаков Мәскеудегі С.Пестковскийге жолдаған хаттарында Т.Седельников пен А.Байтұрсыновқа қарсы әрекеттегі Б.Қаратаевқа «сенімді» коммунист ретінде мінездеме берді.
Кеңестік билік­тің ұста­нымын ы­мырасыз сын­ға алған А.Байтұр­сыновтың хаты да Т.Седельниковтың В.И.Ленинге жолдаған хатымен бір мезгілде жазылып, сондай-ақ мазмұн жағынан онымен үндес еді. А.Байтұрсынов хатында Қазақстанға байланысты орталық биліктің принциптік мәні бар екі кемшілігін көрсетті: 1) Қазақстанды басқару үшін жіберілген орталықтың өкілдігінің белгілі бір көзқарасы, соған сәйкес жұмыс жоспары жоқ, мұндай жағдай қазақ шындығына қатысты ұстаным мен жоспардың орталықтың өзінде болмауына байланысты; 2) орталықтың жіберген өкілдігі мен жергілікті халықтың арасында өзара сенім жоқ.
Осы жағдайды баяндай келіп, ол қазақтарды бұрынғы патшалық билік тұсындағыдай орталық тағайындаған генерал-губернаторлар арқылы емес, өз елінің мүддесін жеке басының қамына айырбастамайтын, ел сеніміндегі шынайы коммунистер мен ұлт зиялылары арқылы басқаруды ұсынды. Т.Седельниковтың айтылған сын ескертпелері сияқты, А.Байтұрсыновтың да бұл ұсыныстары ескерусіз қалды.
Алғашқы жылдардан бастап-ақ Мәскеулік Орталық Қазақстанды ерекше назарда ұстады. Оған себепші болған қазақ жерінің аса зор экономикалық потенциалы еді. КСРО-ның экономикалық мүмкіндігі өскен сайын одақтағы Ресей Федерациясы, Украина республикалары сияқты Қазақстанның да үлес салмағы арта түсті. Соған байланысты Орталық Қазақстандағы саяси биліктің ұшын жергілікті халықтың өкіліне емес, өзі тағайындаған наместниктері арқылы қо­лында ұстады. Ал кеңестік кезеңде саяси билік Республикадағы коммунистік ұйым­ның бірінші хатшысына тиесілі болды.
Кеңестік жетпіс жылдан астам мезгілде Қазақстандағы саяси биліктің басында қазақ ұлтының өкілдері (М.Мырзағалиев, Ж.Шаяхметов, Д.Қонаев, Н.Назарбаев) 34 жыл шамасында отырған. Қазақстанды осы уақытта басқарған жиырма басшының төртеуі ғана қазақ халқының өкілдері болды.
Міне осы кеңестік кезеңде Қазақ­станды басқарған төрт қазақ басшыларының біреуінің ғана, яғни Жұмабай Шаяхметовтың басшылық қызметі И.Сталин билігіне тұс келеді екен. Бұл арада арине, Ж.Шаяхметовтың біраз уақыт (1928-1938) ОГПУ-НКВД жүйесінде белсенді қызмет атқарғандығы есепке алынғандығы ақиқат. Ондай болмаған күнде И.Сталин Ж.Шаяхметовты Қазақстандағы ең жоғарғы саяси басшылыққа жібермеген болар еді.
Жалпы И.Сталин билігі тұсында қазақ саяси басқарушы тобы арасында республикадағы ең жоғарғы саяси билік басында болуға лайық қайраткерлер аз болған жоқ, олар сандық тұрғыдан да, сапалық тұрғыдан да жеткілікті деңгейде еді. Қазақ ұлтының ұлттық жаңғыру кезеңін басынан кешіргендігі оның бүтіндей бір саяси қайраткерлер шоғырын тарих сахнасына шығарғандығынан анық байқалды.
Империя көлемінде қазақ интеллектуалдары кеңестік кезеңге дейін-ақ поляк, татар, грузин сияқты ұлттардың зиялылары қатарында жүрді., ұлттың күн тәртібінде тұрған ең өзекті мәселелерін теориялық тұрғыдан қорытып, мемлекеттік дума сияқты саяси билік мінберінен қоя білді. Жоғарғы саясатта жүрген И.Сталиннің қазақ зиялыларының мұндай саяси белсенді қызметінен хабарсыз болуы әрине мүмкін емес-тін. Осы ретте оның алаштық ұстанымдағы Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Досмұхамедовтармен түрлі себептерге байланысты жүздескендігін, кеңестік ұстанымдағы Т.Рысқұлов, С.Қожанов, С.Сейфуллин, Н.Нұрмақов, С.Асфендияров, Ж.Мыңбаев сияқты қайраткерлерді қызмет бабында қабылдап, түрлі мәселелерге байланысты пікір алысып тұрғандығын ескерген жөн. Яғни, И.Сталин Октябрь революциясы жеңісі қарсаңындағы империядағы жалпытүркілік және жалпы мұсылмандық қозғалыстар арнасындағы қазақ азаттық қозғалысының қарым-қабілетінен жақсы хабардар болғандықтан да пассионарлық ұстанымдағы қазақ басшыларын тежеп ұстауды, сондай-ақ олардың арасындағы ерекше ықпалдыларын тіптен Қазақстандағы саяси басшылыққа жібермеуге баса назар аударды деп тұжырым жасауға негіз жеткілікті.
Татар тарихшысы Б.Сұлтанбеков 1923 жылы тікелей Сталиннің тапсырмасы бойынша басталып кеткен «Сұлтанғалиевтің ісіне» байланысты «ең жоғарғы билік бұл істі ұлттық республикалардың, ең алдымен мұсылмандардың, жетекші тұлғаларын «ықтырып», «жуасытып» алу үшін пайдалану жөнінде шешім қабылдағанға ұқсайды» деген тұжырымы шындыққа жақын. Өйткені М.Сұлтанғалиев «ісін» қарауға арнайы шақырылыған РКП ОК-нің ұлттық республикалар мен облыстардың жауапты қызметкерлерінің төртінші кеңесіне (Мәскеу, 1923, 9-12 маусым) одақтағы барлық ұлттық республикалар мен облыстардан 58 адам (олардың 24 Орталық комитеттің мүшелері мен оған кандидаттар), сондай-ақ РКП (б) ОК саяси бюросының мүшелері мен оған кандидат 11 адамның (сырқат Лениннен және Совнарком төрағасы Рыковтан басқа) 9-ы түгел қатынасады.
Кеңесте Сұлтанғалиев ісін талқылау барысында келтірілген материалдар ГПУ-дың Х.Петерс басқаратын Шығыс бөлімінің барлық мұсылман республикалары басшылары үстінен (Оның ішінде ОК мүшелері, үкімет басшылары да бар) құпия чекистік бақылау орнатылғанын анық байқатқан еді. И.Сталиннің тікелей тапсырмасы бойынша жүргізілген бұл операция «2-ші парламент» аталынды. 24) Құпия «тыңшылар» арқылы алынып ең жоғарғы басшылыққа беріліп отырған бұл мәліметтердің ішінде бақылаудағы қайраткерлердің жеке адами қатынастары, басқа жағдайда айтылмайтын сөздері, интимдік фактілер де молынан табылатын еді. Баяндамашыдан соң бірінші болып сөз алған Т.Рысқұлов кезінде М.Сұлтанғалиевтен бір емес екі бірдей хат алғанын жасырған жоқ, айтты. Ол хаттарда соншалықты көңіл аударарлық та ештеме жоқ екендігін баяндады.
Сонымен бірге ол саясатшылдыққа салынып шығыс республикаларында қалыптасқан нақты жағдайдан жалтарып, З.Валидов пен М.Сұлтанғалиевті айыптауға көшкен жоқ, қайта ол өзіне тән турашылдықпен бұл екі қайраткердің көңіл-күйіне негіз боларлық өмірлік себептердің бар екендігіне назар аударды: «Елдің шығыс бөлігіндегі жағдайға келсек, біз қоғамның шаруалар бөлігін өзімізге біржола қарата алған жоқпыз, өйткені оған жер бермедік. Теміржолда істейтін шығыстық бұқара халық орыс жұмысшыларымен тең жағдайда емес…
Жетісу облысындағы қырғыз кедейлері жерсіз күйде қалып, олардың үстінен 125 десятина жері бар және 15 батрақ жұмсап отырған орыс кулагының жұдырығы төніп тұрғанда ол қырғызға интернационализм деген жақсы нәрсе, сондықтан да совет үкіметіне жақын болған жөн деп қанша айтсаң да, ол бәрі бір совет билігін әлгі кулактың билігі ретінде қабылдайды».
Қазақстан саяси республикада ұлтаралық қатынастың шиеленісуіне негіз болып отырған шынай жағдайға көңіл аударуды талап еткен Т.Рысқұловтың бұл пікіріне И.Сталин бастаған орталықтағы басшылық құлақ аспады. Керісінше и.Сталин Т.Рысқұловтың «жіберілген қателіктері үшін» кешірім сұрайтындығына сенімді болды. И.Сталин жауап сөзінде «Мен Рысқұловты тыңдадым, соған байланысты мынаны айтуым қажет. Оның сөзі жүректен шыққан сөз емес, шындықтан жалтарудың көрінісі, жалпы оның сөзі ауыр әсер қалдырады… Сөз сұлтанғалиевшылдықпен идеялық, идеологиялық байланыс жөнінде болып отыр. Ал Рысқұловтың Сұлтанғалиевпен ондай байланысы болды, бұл анық, оны Рысқұловтың өзі де жоққа шығара алмайды»,-деді.
И.Сталиннің түсінігінше Түркістан республикасында Т.Рысқұлов сияқты ұлтшылдық ұстанымында тұрған қайраткерлер қатарында С.Қожанов пен А.Икрамов та бар еді. Сондықтан да сөзінде олардың атына арнап «бұлардың екеуі де бүгінгі Түркістан мен патшалық Түркістанның арасында ешқандай да айырмашылық жоқ, тек маңдайшадағы жазу ғана өзгерген, ал Түркістан сол патша тұсында қандай болса, қазір де сол күйінде деген пікірде.
Ал егер Түркістан шынымен де патшалық тұсындағыдай отарлық тәуелділікте қалса, онда басымшылардыкі тура. Олай болса Сұлтанғалиевті біз соттамауымыз керек, керісінше совет жағдайында отарлық тәртіпке ымырашылдық танытқанымыз үшін ол бізді соттауы керек. Егер осының бәрі де рас болса, онда сіздердің өздеріңіздің басмашыларға неге қосылып кетпегендеріңізді түсіне алмадым?», – деген ойын айтты.
Бұл 1923 жылы болатын. Енді ғана орнаған саяси тәртіп жағдайында өз елінің мүддесін қорғай алмайтындығын дәл түсінген Зәки Валиди тоған ендігі уақытта Әнуар Пашамен бірігіп әрекет жасау үшін басмашылар қозғалысына кетті. Кеңестік орталықтың ұстанымына наразы М.Сұлтанғалиев өз көңіл-күйін ашық білдіргені үшін ГПУ-дің Лубянкадағы абақтысына түсті.
М.Сұлтанғалиевтің абақтыға жабылуы, кейін зерттеушілер бір ауыздан мойындағанындай, кеңестік саяси элитаға қарсы жүргізілген репрессиялық шаралардың басы еді. М.Сұлтанғалиевпен жеңіл «есеп айырысқан» И.Сталин өз «күшін» сезіне бастаған еді. Сұлтанғалиевті көпе-көрнеу «құрбандыққа» бере салғандықтарын Троцкий, Каменев және олардың сыбайластары кешігіп түсінді. Ендігі кезек кеңестік шындыққа қатысты ашық сыни ұстанымдағы Тұрар Рысқұлов сияқты қайраткерлердікі еді.
Сонымен, жоғарыда баяндалған фактілер кеңестік биліктің бастапқы кезеңде қазақ ұлт-азаттық қозғалысын ашықтан-ашық басып тастау ұста­нымында болғандығынан жеткілікті дәрежеде түсінік береді. Биліктің осы ұстанымы кейінгі кезеңдерде өз жалғасын тапты. Бұл тақырып зерттеу жұмысының ендігі бөлігінде баяндалады.

 

Мәмбет Қойгелді,
тарих ғылымдарының докторы

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз