Астанада уақытша тіркеуі жоқ ана науқас баласымен далада қалуы мүмкін
2017 ж. 12 қаңтар
1842
0
Астанада екі бірдей баласы бар келіншек қыстың күні қырауда далада қалуы мүмкін. Жалға беруші екі балалы ананы пәтерден шығаруының себебін уақытша тіркеумен байланыстырады деп хабарлайды Крыша басылымына сілтеме жасап NUR.KZ
Бұл жағдайды келіншектің алты жастағы ұлы Әділдің қатерлі ісік ауруына шалдығуы ушықтырып отыр. Оған дәрігерлер 4 деңгейлі неходжкин лимфомасы және лейкоз деген диагноз қойған. Ал, жақында ағзасына түскен инфекция кесірінен баланың бір көзі көрмей қалған.
"Әділ 2013 жылдан бері төсек тартып жатыр. Оның шетелге барып емделуі үшін біз көлігімізді, жатақханадағы бір бөлмемізді сатып жібердік. Қазір жолдасым "Мүгедек балалары бар немесе тәрбиелеп отырған отбасылар" деген санатта мемлекеттік баспана алуға кезекте тұр. Сол үшін және баламыз аурушаң болғандықтан оған дер кезінде көмек көрсеткенге тіркеу бір жерде болуы тиіс", - деп түсіндірді астаналық әйел.
Қазір ол астаналықтардан көмек сұрап отыр:
"Бізге Астанадан ұзақ мерзімге жалға алатын, уақытша тіркеуге алатын мүмкіншілігі бар бір бөлмелі пәтер керек. Айына коммуналдық қызметті қоспағанда 70 мың теңге төлеуге шамамыз бар. Пәтер мейлінше, агроқалашық, вокзал, Герцен көшесінің бойында болса дейміз. Жеке көлігіміз жоқ болғандықтан, қоғамдық көлік ағылып жатқан жерден іздейміз. Мен ертең көшеде қалмас үшін ұзақ мерзімді келісім шартқа отырмақпын. Мен сіздерге де бұл қиындық туғызып отырғанын білемін, бірақ, біз де шарасыз күйдеміз", - деп жазады екі баланың анасы.