Елімізде әлі күнге дейін Ленин атындағы 352 көше бар

Елімізде әлі күнге дейін Лениннің атында 352 көше бар. Сондай-ақ, жалпы солтүстік өңірде 650 елді мекен атауының тек 35%-ы ғана қазақшаланған деп хабарлайды «Қазақстан» ұлттық арнасына сілтеме жасап Baq.kz.

Мәдениет және спорт министрлігінің ономастикалық базасында елді мекен, кітапхана, мектеп пен мәдениет үйі секілді нысандарды айтпағанда, елімізде Ленин атындағы 352 көше бар екен. Ал Қазақстанда жалпы Октябрь атында 275 көше, ал Советский атындағы 267 көше тіркелген. Бұл көшелердың атауы көбінесе Қостанай, Солтүстік Қазақстан облысы және Шығыс Қазақстан облыстарында жиі кездеседі.

Ресми мәлімет бойынша Қостанай қаласының тек 15%-ы, Петропавл қаласының 12%-ы, Шығыс Қазақстан облысы көшелерінің 18%-ы қазақшаланған. Ал Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық саяси жұмыс комитетінің бас сарапшысы Елерке Төрехан атауларды қазақшалауға кедергі болған негізгі себептерге тоқталды.

«Біріншіден, елімізде 7 жыл көлемінде мораторий болды. Екіншіден, елді мекенде көшенің атауын ауыстыру үшін ең алдымен бір ай бұрын көше атауының өзгеретіндігін халыққа жариялайды. Олар белгілі бір жерге жиналады. Сол уақытта дауыс беру хаттамасы толтырылады, қол қойылады. Осы жерде көптеген азаматтар қарсылық білдіреді. Соның салдарынан көптеген көше атаулары ауыстырылмай қалады», - дейді сарапшы.

Айта кетейік, кеңестік дәуір мен оның көсемінің атымен аталған көшелер Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл, Атырау мен Маңғыстау облыстарында мүлдем жоқ екен.