Жетім қалған төрт баланы бір жыл бойы өз үйінде паналатқан ақын кім?
2017 ж. 06 қаңтар
7721
32
Енді олар өз үйлеріне қол жеткізді
Ақтөбелік ақын Гүлімай Қуанышева ата-анасыз қалған төрт бірдей баланы үйіне тұрғызып, оларға бір жыл бойы қамқор болды деп хабарлайды "Ақтөбе" газеті.
Оқырмандардың есіне салсақ: «…Әкесі қайтқанда Айнұр байланыс колледжінің бірінші курсын тәмамдаған болатын. Қаршадай қыз анасына қолғабыс етпек болып, еден де жуды, кафелерде даяшы болып жасады, қоғамдық көлікте кондуктор да болды. Түнгі сағат 3-терде жұмыстан келіп, таңғы сағат 7-де тұрып, сабағына барады, одан кешке келіп тағы да жұмысына кетеді. Бірақ сонда да анасына қарап «уф» деп, ауырсынған емес. Анасы төсек тартып жатып қалғанда, колледжді жаңа бітірген Айнұр жатақхананың бірінші қабатындағы дүкенге сатушы болып орналасты. Кішкентай бауырларын сүйреп жүріп жұмысқа барады, келеді. Анасына екпе салу үшін үйіне жүгіріп кетеді. Бірақ, анасы әлсін-әлсін ауырып қала беретін болған соң, нәпақасын айырып отырған ол жұмыстан да кетуге мәжбүр болды. Себебі науқас анасына сағат сайын екпе салуы керек».
Бұл мақаладан кейін, Айнұрға қол ұшын созғандар көп болды. Бірақ сол жандардың көпшілігі қаржылай, киім-кешек, азық-түлік арқылы бір сәттік көмекпен шектелсе, солардың арасында Айнұрдың телефон нөмерін алып, хал-жағдайын үзбей сұрап тұрған бір жан болды. Ол — Гүлімай Қуанышева еді. Француздың ұлы жазушысы Бальзактың: «Ешкімге жария етпей, үн-түнсіз жақсылық жасау құдайға шын сенетін жандардың ғана қолынан келеді» — дейтін сөзі бар. Ақтөбенің ақын қызы Гүлімай сондай жандардың қатарынан болса керек. Гүлімайдың Айнұр мен оның бауырларына деген қамқорлығы — қазіргі күні тек мыңнан бір адамда ғана кезігетін шынайы жанашырлық еді.
Аналары қайтыс болғаннан кейін, баспанасы жоқ балаларға енді пәтер жалдау тіпті мүмкін болмай қалды. Сонда Гүлімайға: «Олар біздің үйде тұрса қайтеді?» — деген ой келді. Әрине, алдымен жолдасымен ақылдасты. Жолдасы Алмас ойланбастан келісті. Өздерінің үш баласы бар. Аяқ астынан жеті балалы отбасына айналды.
Алмас пен Гүлімайдың араласуымен, балалардың тағдыры тез өзгерді. Айнұрдың ең үлкен тілегі — бауырларын балалар үйіне таратпай, өз қамқорлығына алу болатын. Ол үшін жұмыс мәселесін шешу, жақсы мінездеме алу, басқа да құжаттар жинау … сынды толып жатқан кедергілермен бас қатырып жүрген.
— Үш бауырын қамқорлыққа алу үшін Айнұрға жұмыс, мінездеме керек болғанда, қаладағы 32-ші мектеп-гимназияның сол кездегі директоры Марта Малайдар бірден оны кітапханашы етіп қабылдағанда, қуанышымызда шек болған жоқ, — деп еске алды Гүлімай.
Одан әрі болашақ баспана қамына кірісті. Жалдамалы пәтер кезегіне тіркелді.
— Айналайын Айнұрым, тауқымет көре жүріп, тиын-тебенін жинақ банкіне жия берген еді. Бір жыл ішінде қанша мейірімді жандар қол созды! — дейді Гүлімай.
Сөйтіп, жуырда Айнұр «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы бір бөлмелі пәтер алды. Пәтердің кілті қазір қолына тиді.
Ал бір жыл бойы балаларды өз қамқорлықтарына алып, туған балаларындай бағып-қаққан Алмас пен Гүлімай Шолановтарға: «Жақсылықтарыңыз Алладан қайтсын!» — дейміз.
Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА