Асанғазының Астанасы кімге үлгі болмақ?

Жетімнің күйін кешіп, жалтақтықтан арылмаған қайран қазақ тілі! Тәуелсіз жиырма жылдың жүзінде көше көшеде масайрап тұрады ма десек, әлі де өңің солып, жүзің сынық қалпыңдасың?! Обалыңды ойлайтын жан табыла қояр ма екен... Астана қаласы бар қыры жағынан басқа қалаларға үлгі болуы керек болса, Оразкүл Асанғазының Астанасы кімге үлгі болмақ? Асанғазы деп отырғанымыз Астана қаласының Тілдерді дамыту басқармасының бастығы. Тіл дегенде алдына жан салмай өзін жарнамалайтын апамыз осы көзге бақырайып тұрған қателіктерді айтқанымыз үшін жазғырмай кемшіліктің орнын толтырса екен дейміз. Тіліміздің мынадай ақсап тұрған жағдайынан кейін тәуелсіздікпен бірге өскен біздердің тіліміз қайдан түзу шықсын. Әне міне дегенше қала қалада тілдер фестивалі де басталды. Фестивалдің аясында тіліміздің түзеліп қалуына үлес қоссақ деген ниет біздікі. Дос бар дұшпан бар демекші өзге қаладан келген біздер сияқтылар үшін беткетұтар деген қаламыздың жағдайы мынадай сақау болғаннан кейін шетелден келгендердің алдында тіпті жер шұқимыз ғой. Астанасына қарап елін таниды десек жағдайымыз белгілі. Мына қателіктерден кейін кабинеттеріндегі қағаздарын тексерудің өзіне ұяласың. Толған қателіктер. Қазақстанға осы қаладан бұйрықтар берілетінін ескерсек мемлекеттік тілге деген талапты Астанадан бастап қатаң күшейтуіміз керек. «Көрмес түйені де көрмес» деген осы болар. Бір қабаттың биіктігіндей жазудан қате жіберіп жатсақ, онда Астананың кабинеттеріндегі қағаздарын тексеруге де жүрексінеді екенсің. Музейдің қазақшасы мұражай екеніне ешкімнің дауы жоқ... Әдетте бастауышта оқитын бала к мен қ-дан қателесетін еді. Мұны жазған адам бастауышқа да басын сұқпаған сыңайлы... Аспанда сансыз жұлдыз болушы еді. Мына «ЖУЛДЫЗ» қайдан адасып келді екен... Басына қазақтың қалпағын киген мына құбыжық тілін шығарып қазақ тілін мазақтап жатқандай әсер қалдырады екен. Оның үстіне «ң»-ның орнына «н» жазып қойыпты. Әуезовты орысшалаған әумесер аудармашы «көшені» де орысшаға ыңғайлаған ау шамасы... Бәлкім көкке оранған Көкшетауды астаналықтар Кокшетау деп атайтын шығар. Мына ескертуден кейін жаны қазақ жүргізушісі «откізіп» жібермейтіні анық... У мен Ү-нің жазылуынан ұқсастық тапқан адам оның айтылуында айырмашылық барын біледі ме? Астанадағы барлық жоғары мемлекеттік органдар (Ақорда, Үкімет үйі, министрліктер) маңдайша жазуларын тек мемлекеттік тілде жазады да Ауыл шаруашылығы министрлігі негі екі тілде жазады? Ауылдан келген қазақша түсінбейді десе керек. Масқара! Мына «ҮЙДІН сәні» көшенің сәні болмай тұрғанын қарашы... Сыра деп аталатын теңізді естуіңіз бар ма? Мүмкін, теңіздей сыра шығар. Астана осындай ң әрпі н-мен ауысып кеткен «теніздерге» толы. «Европамен» (Еуропа емес) иық теңесіп тұрған қазақ «бүйымдарын» көруге асық болады екенсің... Тіл мамандарына сұрақ: линзаны да қазақшалайтын болғанбыз ба? Немесе осы жазулардан бірнәрсе ұға аласыз ба? Барлық қателіктерді газетімізге беру мүмкін болмағандықтан, тек әр саладан бір екі қателіктерді беріп отырмыз. Жалғасын келесі сандарынан көре аласыздар. (Басы. Жалғасы келесі санда) Фазылбек Әбсаттарұлы Астана қ.