Біртуар тұлғаға тағзым

тажибаевӘл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Философия және саясаттану факультеті Жалпы және этникалық психология кафедрасы 2011жылдың 23 ақпанында жарқын тұлға, мемлекет және қоғам қайраткері, академик Т.Т. Тәжібаевтың туған күніне арналған «Төлеген Тәжібаев шығармашылығындағы патриоттық тәрбие мәселесі» атты дөңгелек үстел өткізді. Дөңгелек үстелдің мақсаты жастардың патриоттық рухын қалыптастыру және корпоративті мәдениетті дамыту саласындағы қабылданған шешімдердің тиімділігін арттыру жолында Қазақстандағы патриоттық тәрбие жағдайы мен даму тенденцияларын талқылау болды. Дөңгелек үстелді факультет деканы, философия ғылымдарының докторы, профессор А.Т. Құлсариева басқарды. Сонымен қатар, дөңгелек үстелге педагогика және психология ғылымдарының докторы, профессор Қ.Б. Жарықбаев, профессорлар Ж.Т. Түрікпенұлы, С.Т. Темірбеков, журналист-жазушы Жақып Мамадияр, белгілі ғалым Советхан Ғаббасов, ақындар Қазыбек Иса, Болат Шарахымбай, Әмірхан Балқыбек, мүсінші Бинашев Тілеуберді, Т.Тәжібаев ескерткіші мен Төлеген Тәжібаевқа арналған естеліктер кітабының демеушісі, кәсіпкер Асхан Пердебеков және Т. Тәжібаевтың туыстары мен факультеттің оқытушылары, студенттері қатысты. Дөңгелек үстелге ұйытқы болған тақырып Т.Т.Тәжібаев шығар­маларындағы патриоттық тәрбие, Қазақстандағы жастар тәрбиесінің жағдайы мен дамуы, патриоттық рухты қалыптастыру мәселелері (психологиялық астары), ұрпақтар сабақтастығы және корпоративтік рух мәселелері төңірегінде болды. Дөңгелек үстел барысында А.Т. Құлсариева біртуар тұлға Т.Тәжібаевтың өмір жолы кімге де болса үлкен өнеге екендігін, ірі ұстаз ғана артына ірі шәкірттер қалдыратындығын, ел тарихындағы сұрапыл жылдар қиыншылығында болаттай беріктік танытудың азаматтық ерлік болатындығын баса айтты. Т.Т.Тәжібаев елжандылығын тек сөзімен ғана емес, ісімен дәлелдегенінің айғағы ретінде орталыққа (Мәскеуге) рухани тәуелділіктен босаудың бір діңгегі – идеология саласының мамандарын өз елімізде даярлау қажеттігін сезініп, қазіргі философия және саясаттану факультетінде тоғысқан бірнеше мамандық түрлеріне кафедралар ашудан бастап, оны факультет ретінде өсірген. Профессор Құбығұл Жарықбаев Т.Тәжібаевтың ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында оған аса жауапты қоғамдық-мемлекеттік дип­ломатиялық қызметтер атқаруға тура келгендігі туралы айтты. Сонымен қатар, отандық психология ғылымының қазақ топырағында іргетасының берік қалануына да ерекше ықпал жасағанын атап өтті. Ал, профессор Жолмұқан Түрікпенұлы Т. Тәжібаевтың жұмыс жасау тәсілі туралы сөз ете келе, ол кафедраның, ректораттың, ғылыми кеңестің отырыстары мен мәжілістерінде пікірін ашып айтатынын, тыңдау кезінде шыдамдылық пен сабырлылық танытатынын атап өтті. Т.Тәжібаев қолына алған қай ісіне де батыл кірісетіндігі, «Адам бойындағы жақсы қасиеттерді көре білу және соған сүйене отырып, оның одан да жақсы болуына көмектесу», - Т.Тәжібаевтың өмірлік басты ұстанымы екенін баса айтты. Журналист-жазушы Мамадияр Жақып Т.Тәжібаевтың әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 1948-1953 жылдар аралығында ректор болғандығы туралы, оның басшылық жұмысындағы ерекше ұйымдастырушылық қабілетін және университеттегі «Қазақ университеті» газетінің жарық көруіне себепкер болғандығын ерекше еске алды. Рухани-адамгершiлiк және патриоттық тәрбие мәселелері қоғам дамуының жаңа әлеуметтiк-экономикалық жағдайында қайта құрылу мен практикалық міндеттерді айқындау кезеңiн басынан кешіруде. Дөңгелек үстел барысында зерттеу университетіне ауысу процесіндегі патриоттық тәрбие мәселелерін шешуде интеллектуалдық әлеует жұмылдыру, жаңа инновациялық бағыттарды қалыптастыру сынды сұрақтар талқыланды. Қазіргі біздің жастарға Т.Тәжібаевтың өзіне тән ішкі мәдениеті, білімділігі, барлық жағдайлардағы ұстамдылығы мен адамгершілігі үлгі болып қалуы мен жастарды жоғары білімді, өздігінен дербес шешім қабылдай алатын, елінің тағдыры үшін жауапкершілік сезіне алатын азаматтарды тәрбиелеуде рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбиенің маңызы өте зор болып қала бермек. Ал Т.Тәжібаев қазіргі жастарға, болашақ ұрпаққа ізгі жол сілтеген халқымыздың мақтаулы ұлы екені даусыз.

 

Э.К. Қалымбетова Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Философия және саясаттану факультетінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары