Балам Алматыға ұшаққа ақшасы болмай, машинамен кетіп еді - Еркін Ізбасардың анасы
2016 ж. 13 желтоқсан
5873
51
Ақтөбеде мұнай ұрлығымен айналысқан қылмыстық топ мүшелерінің арасында күш құрылымдарының өкілдері болған. Үш күннен бері қамауға санкция беріп жатқан сот мұны растағанымен, нақты кімдер екенін ашып айтпай отыр. Осы уақытқа дейін 12 күдікті қамауға алынды. Араларында топты басқарды деген айып тағылған атышулы Еркін Ізбасар да бар. Бірақ адвокаты мен туыстары оның мүгедектігін айтып, сот санкциясына наразылық білдіруде.
Ақтөбедегі қалалық сот осы аптада демалыссыз жұмыс істеді, деп хабарлайды КТК телеарнасының тілшісі. Мұнай ұрлығына қатысты ұсталғандарды мұнда сағат сайын жеткізіп жатыр. Осы уақытқа дейін 12 адамды екі айға қамауға алуға санкция берген. Судья қара алтын айналасындағы оқиғаға күш құрылымдары өкілдерінің де қатысы барын айтты. Бірақ олардың атын атап, түсін түстемеді. Тек белгісі біреуі прокуратурада жұмыс істеген.
Қамауға алынғандардың арасында «Ағайынды төртеу» деген лақап атпен танымал ұйымның серкесі - атышулы Еркін Ізбасар да бар. Ал оның құқығын танымалдығы одан кем емес - адвокат Серік Сәрсенов қорғап жүр. Ол кезінде Арқанкергенде сарбаздарды қырып тастаған Владислав Челахтың ісімен танылған еді. Бұл жолы қорғаушысын ақтап алатындығына сенімді. Ең алдымен қамауға алу туралы санкцияның күшін жоюға кіріспекші. Өйткені арбаға таңылған, әрі бүйрегінен айрылған мүгедекке абақтыда еш жағдай жасалмағанын айтады.
"Бірінші топтағы, жүре алмайтын мүгедек өз жағдайын абақтыда жасай алмайды ғой. Онымен қоса бүйрегінің жоқтығынан үнемі дәрігердің бақылауында болуы керек. Сот оны қашып кетеді деп қамауға алды.Сонда, арбада отырған оған қанат бітіп ұшып кете ме?" дейді адвокат Серік Сәрсенов.
Еркін Ізбасардың анасы ұлының қылмысқа қатысы барын естігенде талып қала жаздапты. Оның көлденең тапқан табысын көрмедік деп тіпті таң қалып отыр. Өйткені, күрестен Алматыда өтетін чемпионатқа баруға қорадағы екі жылқысын сатып, жолақысын тауып беріп едік дегенді айтады.
"Ұшаққа мінуге ақшасы болған жоқ. Екі атын сойдырып машинамен кетті. Бұл шексіз, шетсіз жала. Балам мұнайды түсінде де көрген жоқ" дейді Мейрамхан Ізбасарова.
Дегенмен, Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегілер мұнай ұрлығына қатысты топты дәл осы Еркін Ізбасардың басқарғанына сенімді. Әрі бұл арам іске радикалды салафиттік топтардың да қатысы бар көрінеді. Ал әзірге қамауға алынған 12 күдіктінің арасынан әзірге Ізбасардың жақындары ғана санкцияға қатысты облыстық сотқа шағым жазыпты. Ол апта соңына таман қаралмақшы.
Естеріңізге салсақ, "Ағайынды төртеу" атты қылмыстық топтың жетекшісі, 50 жастағы Еркін Ізбасар өткен аптада Алматыда ұсталып, Ақтөбеге арнайы ұшақпен жеткізілген болатын.