АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ДӘРІГЕРЛЕР ТЕГІН ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТТІ
2016 ж. 03 желтоқсан
1347
0
Мемлекет денсаулыққа жіті көңіл бөлуде. Жақында Алматы аймақтық онкологиялық диспансерінде ардагерлерге тегін дәрігерлік қызмет көрсетілді.Аталған шараның ойдағыдай өтуі үшін алдын ала аудандық емханаларға хабарланды. Барлық тұрғындарға тиісті ақпарат берілді. Әсіресе, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, Чернобыль апатына қатысқандар, Семей жеріндегі полигонның зардабын шеккендер бірінші кезекте түгенделді. Ауған соғысында болғандар мен әскери қызметкерлердің отбасылары назардан тыс қалған жоқ. Сонымен бірге, жасы 65-тен асқан қариялардың да жайлары ескерілді.Сол күні онкологиялық диспансердің барлық бөлімдері қауырт жұмыс істеді. Онкохирург, онкомаммолог, онкогинеколог және ультрадыбыстық зерттеу аппаратында тыным болмады. Тексерілуге келгендердің барлығы мұқият қаралды. Дәрігерлермен емін-еркін сұхбаттасты. Сұрақтарына тыңғылықты жауап алды.
– Аурудың алғашқы белгілері білінген жағдайда дәрігерлік көмекке жүгінудің жөні бөлек. Әрбір адам осы мүмкіндікті ескеруі керек. Бүгінгі өтіп жатқан дәрігерлік шараны соған арнап отырмыз, – дейді Алматы аймақтық онкологиялық диспансердің директоры Саяхат Олжаев.
Саяхат Тауырбекұлының айтқан әңгімесінен біз көп жайды аңғардық. Әлемдегі озық технологиялармен бірге оған қатысты зиянды жайлар да белең алады екен. Мәселен, өзіміз күнделікті тұтынып жүрген қалта телефоны радиация тарататынын ескере бермейміз. Компьютер мен теледидарға да солай қараймыз. Ал бұл заттарды пайдаланудың мөлшерін білу аса маңызды. Тым шектен шығуға болмайды. Сөз жоқ, ғылым жетістіктері керек. Бірақ, обырдан қорғанудың жолын біліп отыру – ол да бізге аса қажет.
Өркениетті мемлекеттерде дәрігерлік тексеруден өтуге жұрт айрықша мән береді. Бұл үрдіс оларда тұрақты дағдыға айналған. Бізге де сондай дәстүрді берік ұстанатын мезгіл жеткен сияқты. Десек те, емханаға дер кезінде келіп ақпарат алатындар әлі де аз болып жатыр. Ауруды асқындырудың арты – өкініш. Көпшіліктің осы жайды қаперге ұстағаны керек-ақ. Саяхат Тауырбекұлы ардагерлерге оның жайын жан-жақты түсіндірді.
Қаралуға келгендер көп нәрсені көңілге түйді. Мәселен, бүгінгі таңда аурудың алдын алған жағдайда обырдың 30 пайызын тоқтатуға болады. Күні ертең бұл көрсеткіш 40 пайызға жетуі мүмкін ғой. Ол үшін дәрігерлік тексеруден уақытылы өтіп тұрудың пайдасы мол.
Аталған шара жұртшылыққа қалай әсер етті? Осындай сұрақтарға жауап іздеп, көпшіліктің пікіріне құлақ түрген едік.
– Дер кезінде тексерілудің пайдасы болмаса, зияны жоқ. Мен Семей өңірінің тумасымын. Сондықтан осындай шараның ұйымдастырылғанын әрдайым қолдаймыз, – дейді Іле ауданынан келген Нәзигүл Нұрбекова апай.
– Бұл – мемлекеттің қамқорлығы, қарияларға көрсеткен құрметі. Орталықтың дәрігерлеріне дән ризамын. Өйткені олар өз ісінің нағыз майталмандары – дейді Еңбекшіқазақ ауданының тұрғыны Еркін Қошқарбаев атамыз.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мұндай иігілікті шараны алдағы уақытта да жалғастыра бермек. Ардагерлер алғыс айтса, марапаттың үлкені сол емес пе?
Болат Мәжит