МЕКТЕПТЕГІ МЕДИЦИНА ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ЖҮЙЕСІНЕ БЕРІЛЕДІ
2016 ж. 03 желтоқсан
1950
0
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова телебайланыс арқылы өз жұмысына есеп берді. Шара барысында министр медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігі, әлеуметтік ахуалды жақсарту мен жұмыспен қамтамасыз ету бойынша атқарған жұмыстарын мәлімдеді.
Мектептегі медицина денсаулық сақтау жүйесіне берілетін болады. Мақсат – балалар арасындағы аурулардың алдын алу. Осыған орай, тиісті нормативтік-құқықтық актілер дайындалды. Оқушылар шаршап, жүйкесі жұқармауы үшін сабақ уақытында әлсін-әлсін жаттығулар жасап, жыл бойы сауықтырып отырудың жолдары қарастырылады. Ұл-қызды уақытымен тексеріп тұру үшін мамандар бригадасы білім ошақтарын өздері аралайтын болады. Мектептерде дене бітімі мен көз нашарлауының алдын алу үшін дәрумендер беру, физиотерапиялық процедуралар жүргізу, сүт өнімдерімен қамтамасыз ету негізгі жолға қойылады. Бұл жұмыс биылдан басталды. Қаңтар-наурыз айларында 2,6 млн. оқушы профилактикалық тексеруден өтіп, 305,8 мың оқушы диспансерлік есепке қойылған. Алдағы жылы мектеп медицинасын дамыту мақсатында бюджеттен 5,9 млрд. теңге қарастырылғандығы шараға баса көңіл бөлінгендіктің айғағы.
Скринингтік бағдарламаның тиімділігі анықталды. Болашақта ауруды ерте кезеңде анықтау мәселелері бойынша медицина қызметкерлері қайта оқытылып, скринингтік тексеруден өткен азаматтарды бақылау мен есепке алудың ақпараттық жүйесі құрылады. Азаматтар денсаулығы жайындағы медициналық анықтаманы халыққа қызмет көрсету орталықтарынан ала алады. Ал мамандарға қаралу керек болса, халыққа қызмет көрсету орталықтары электронды жүйе арқылы дәрігердің бос уақыттарын анықтап, тіркеуге қойып береді.
Бүгінде тағы бір түйіні қиын мәселе – тегін дәрі-дәрмек алу. Диспансерлік есепте тұрған ауруларға жеңілдігі бар дәрілік заттарды беру процедураларын оңайландыру қарастырылуда. Созылмалы аурулары бар пациенттер үшін тоқсанына бір рет қымбат дәрілерге рецептер жазылып беріледі.
Биылдан бастап «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы қарқын алмақшы. Бағдарламаның басты бағыттарының бірі – алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету. Мұнда артериалдық гипертензия, созылмалы жүрек кемістігі және қант диабеті бар сырқаттарды емдеуге баса көңіл бөлінбекші. Жиын барысында Тамара Дүйсенова кең таралған сырқаттарды емдеу барысындағы көрсеткішке тоқталды. Жобаны жүзеге асырудың нәтижесінде, пациенттердің 75 пайызында артериалдық гипертензия деңгейінің көрсеткіші тұрақталып, артериалдық қысымды бақылау және гипотензивті препараттарды тұрақты түрде қабылдау машықтарының қалыптасуы байқалды. Созылмалы жүрек кемістігі бар пациенттерді ауруханаға жатқызу жағдайы 2 есеге азайды, – деді министр ханым.
Жиын барысында министрге сұрақ-сауал жолдауға мүмкіндік туды. Талдықорған қаласынан сұрақ қойған Серік Шүйкембаев өзінің инсульт алғандығын, дәрігерлердің арқасында бүгінде едәуір жазылып қалғандығын айтып, медицина қызметкерлеріне алғысын білдірді. Сондай-ақ, ол оңалту орталығы арқылы тағы көмек алғысы келетінін айтты. Министр Тамара Дүйсенова оған Астана қаласында емделуге мүмкіндік туғызатынын жеткізді.
Есеп беру жиынында «Жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыру шаралары жайы да айтылды. Осы мақсатта 5 үйлестіру кеңесі құрылып, оларға жауапты республикалық денсаулық сақтау ұйымдары анықталды.
Жедел медициналық көмек көрсетудің екі сатылы біріктірілген үлгісін құру жоспарланып отыр. Бірінші, жергілікті деңгейде жедел көмек пен санавиацияның бірыңғай қызметі құрылады. Оған облыстың санавиациясы, ауданның, қала мен ауылдық жерлердегі жедел көмек стансылары кіреді. Екінші, республикалық деңгейде қызмет құрамына санавиация, автоматтандырылған GPS жүйесі мен телемедицинасы бар жедел көмек қызметінің бірыңғай диспетчерлік қызметі кірмек.
Жоғары оқу орындарында кадрларды даярлау сапасын арттыру мақсатында әлемдегі 500 үздік университеттерден әріптестерді шақырып, жұмыс жүргізілуде. Олар: АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Оңтүстік Корея, Финляндия және т.б. елдердегі медициналық мектептер. Сондай-ақ, ағымдағы жылғы қыркүйек айынан бастап 6 медициналық колледжде мейірбикелерді даярлаудың финдік үлгісі енгізілетін болады.
Шара барысында жыл соңына дейін мүдделері бір қызметтердің өзара қарым-қатынасы жандандырылып, білім жүйесі, денсаулық сақтау саласы, әлеуметтік қорғау мен пробация қызметі мамандарын оқыту ұйымдастырылатындығы айтылды.
Гүлжан Тұрсын