АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ ТҰРҒЫНДАРДЫҢ САУАЛДАРЫНА ЖАУАП БЕРДІ
2016 ж. 02 желтоқсан
2094
2
Сырқаттанбау алдымен өзіңізге байланысты дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асқан МАРҚАБАЙҰЛЫ
Тән мен жанның амандығы алдымен адамның өмір сүру салтына байланысты. Ағзаң арып-ашып қиналмас үшін ой мен дене еңбегін алмастырып тұру керек. Содан кейін зиянды әдеттерден аулақ жүрген дұрыс. Ол – темекі, ішімдік және қосындысы белгісіз дүдәмал тағамдар. Деннің саулығы – кім-кімді де толғандырар тақырып. Бүгінгі таңда кардиология, ми қан айналымының бұзылуы, онкология дертіне шалдығушылар саны азаймай тұр. Халық арасында жамбас, тізе буын сырқатына шалдығушылар көп. Осыған байланысты эндопротез отасын жасату жайы өзекті мәселеге айналған. Сырқаттанушылықтың көбею себебін ешкім дәл басып айта алмайды. Бірақ, алдын алу жолдары мен дертті меңдетпей ерте анықтау шаралары жандандырылуда. Кеселдің бетін уақытында қайтарса өршімейтіні анық. Бүгінгі таңда денсаулық сақтаушылар салауатты өмір салтын насихаттап, «ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деген тәмсілді көпшіліктің санасына сіңіру барысында жан-жақты жұмыс жасауда. Редакциямызға облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асқан Байдувалиевті шақырдық. Мақсат – облыстың бас дәрігері мен оқырмандар арасына алтын көпір орнатып, тікелей тілдесуге мүмкіндік туғызу. Сұрақ пен сауал лек-легімен түсті. Әңгіменің өрбу барысына мақаланы оқи отырып, қанығыңыздар.
– Сызғанов атындағы ұлттық хирургия орталығында жүрегіме аппарат қойған еді. Біраз уақыт жақсы болып жүрдім. Қазір қайтадан денсаулығым сыр берді. Қол-аяғым ісіп кетеді. Сызғанов атындағы клиника мамандары кезінде жүректі алмастыру керек екенін айтқан. Кейіннен жүрек бар, келіңіз алмастырамыз деп хабарласты. Бірақ, мен жүрегімді алмастыруға қорықтым. Аппараттан кейін жақсы болып кетер деп үміттендім. Енді имплантация жасату үшін кімге, қайда бару керек? Сызғановқа баруға шамам жоқ, ісініп тұрмын. Ентігіп жүре алмаймын. Не істесем болады?
Анар Бектемісова.
Талапты ауылы,
Көксу ауданы.
– Аудандағы кардиологқа барып, қаралу керек. Олар барлық зерттеу құжаттарын облыстық кардиоорталыққа жібереді. Облыстағы дәрігерлер хал-жағдайды қайтадан қадағалап, Сызғанов атындағы ұлттық орталығына сырқатқа көмек көрсету жайлы өтініш жібереді. Сол бойынша медициналық көмек ала аласыз.
Еңбекшіқазақ ауданының Байдібек би ауылындағы орталық аурухананың жарақат бөлімі жабылды. Енді аурухана жабылады деген сыбыс бар. Сол рас па?
– «Денсаулық» бағдарламасы бойынша тұрғындардың орташа өмір сүру ұзақтығын 73 жасқа жеткізу үшін сырқаттанушылыққа сараптама жасадық. Сонда адамдардың мезгілінен бұрын қайтыс болуының бес себебі анықталды. Бірінші – онкология, одан кейін инсульт, инфарк, қауіпті жарақат алу, бесіншісі – шарана кезінде дүниеден өту. Сондықтан адамдарға сапалы қызмет көрсету қолға алынуда. Жабдығы жеткіліксіз, талапқа сай емес бөлімдерді жаптық. Сіздердің ауруханада жансақтау бөлімі жоқ. Жазым болып, жарақат алған адам көбінесе ауыр жағдайға тап болады. Оған реанимациялық көмек көрсетуге тура келеді. Ал сіздердің ауруханада төтенше жағдайға тап болған адамға көмек көрсету мүмкін емес. Сондықтан сырқаттанған адамды бірден аудандық ауруханаға жеткізу көзделуде. Бәйдібек би ауылындағы жарақат бөлімінде 20 төсек болған. Сол жиырма орынның штаты орталық ауруханаға берілді. Дәрігерлер де сол жерге жұмысқа орналастырылды. Ал жарақат бөлімінің орнына күндізгі стационар ашылды. Сырқаттар ол жерге барып, ем-домын ала алады. Жалпы республика бойынша талапқа сай емес 1000-нан аса амбулатория жабылды. Мақсат – нәтижелі қызмет көрсету. Биыл күзге таман сіздердің ауылдарыңызға барамын. Сол кезде тұрғындармен кездесеміз. Жағдайды түсіндіріп, басқа да мәселелерді шешеміз. Сіз де келіңіз. Көкейде жүрген ойларыңызды ортаға салыңыздар.
– Бізде эндокринолог дәрігер жоқ. Өзіңіз білесіз қазіргі таңда гормондық сырқаттар көбейіп кетті. Қант диабетінің зардабын шегушілер де жетіп-артылады. Бізге эндокринолог дәрігер жіберуге көмектессеңіз.
Перизат Айбизат.
Шелек ауылы,
Еңбекшіқазақ ауданы.
– Иә, ауылдарда эндокринолог мамандар жетіспейді. Жас маман тарту барысындағы жұмыс жүйелі жүргізілуде. Бірақ, 7-8 жыл оқыған дәрігер жалақысы дұрыс, әлеуметтік жағдайын жасайтын орынға барғысы келеді. Жас маманды тұрғын үймен қамту жергілікті биліктің міндеті. Бұл туралы Жақып Нұрдәулетовке айтқанмын. Аудан әкіміне де құлағдар еттік. Себебі, келетін кадрдың әлеуметтік жағдайын жасау ең алдымен ауданның бас дәрігері мен әкімінің құзырындағы мәселе. Алдағы жылдары дәрігерлерді бұрынғыдай маман жетіспей жатқан жерге жолдамамен жіберетін болады. Сонда денсаулық сақтау саласындағы тапшылық шешіледі. Қазір де оқу орындарына барып, жастарды жұмысқа шақыру шараларын жүргізіп жатырмыз.
– «Қызыл жарты ай қоғамы» халықаралық федерацияға қабылданды. Осыған орай медицинаның қызмет көрсету белгісін неге «Жарты айға» ауыстырмаймыз? Мәселе айға бата жасайды. «Жаңа айда жарылқа, ескі айда есірке» деп туған айдан жақсылық күтеді. Қыз баланың есімін айға байланысты қояды. Сондықтан «Жедел жәрдем» көлігінің сыртындағы кресті жарты айға ауыстырса дұрыс болар еді.
Өмірзақ,
Талдықорған қаласының тұрғыны.
– Өмірзақ, бұл сауалды біздің облыстық басқарма шешпейді. Қызыл крест бүкіл әлем бойынша қабылданған белгі. Демек, өтінішіңіз республика деңгейіндегі мәселе. Сауалыңызды халық қалаулыларына жолдағаныңыз жөн.
– Мен екінші типті қант диабеті сырқатымен ауырамын. Аудандық аурухана глюкометр бермейді. Өзім сатып аламын. Тез таусылатындықтан 15 күн сайын алып тұруға тура келеді. Оның үстіне «Протрузия диска» диагнозымен бар. Үшінші дәрежелі мүгедектік алайын десем аурухана соған сай нәтиже шығарып бермей жүр. Осыған көмектесуіңізді сұраймын.
Ұлтуар Есімова.
Бақтыбай ауылы,
Ескелді ауданы.
– Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2011 жылғы 4 қарашадағы «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің шеңберінде амбулаториялық деңгейде белгілі бір аурулары (жай-күйі) бар халықты дәрі-дәрмекпен тегін қамтамасыз ету үшін дәрілік заттардың және медициналық мақсаттағы бұйымдардың және бейімделген емдік өнімдердің тізбесін бекіту туралы» N 786 бұйрығына сәйкес, диспансерлік есепте тұратын инсулинге тәуелді қант диабеті ауырлығының барлық сатысы және дәрежесімен ауыратын науқастар қандағы глюкозаны анықтау үшін тест жолақтарымен тегін қамтамасыз етіледі.
Ұлтуар, екінші сұрағыңыз бойынша, Ескелді аудандық ауруханасына тапсырма берілді, көрсеткіш болған жағдайда мүгедектік тобын анықтау үшін әлеуметтік медициналық сараптама комиссиясына жолдама береді.
– Облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Базарқұлованың облыстық денсаулық сақтау басқармасына келісімшарт негізінде мұғалімдерді медициналық тексеруден тегін өткізуге ұсыныс жасағаны жайлы естіп едік. Бірақ, аудандық аурухана білім саласы мамандарын медициналық тексеруден тегін өткізбейтіндіктерін айтуда. Бәрі ақылы дейді. Екіжақты келісімшарт жасалғаны рас па?
Жанат Мұқашев,
Сарқан аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы.
– Облыстық денсаулық сақтау басқармасына білім басқармасынан білім беру мекемелерінің педагог қызметкерлерін жыл сайын тегін медициналық тексеруден өткізуге ықпал жасау туралы хат түскен.
Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі № 319-III «Білім туралы» Заңының 48-бабы 4 тармағына сәйкес, мектепке дейінгі, орта білім беру мекемелерінің қызметкерлері, техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларын іске асыратын мекемелердің қызметкерлері жыл сайын Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 15 желтоқсандағы «Тегін кепілдендірілген медициналық көмек көрсету тізбесін бекіту» туралы №2136 қаулысында бекітілген тізбеге сәйкес, медициналық тексеруден тегін өтуге болады. Тегін кепілдендірілген медициналық көмек көрсету тізбесіне кірмейтін медициналық қызметкерлерді жұмыс беруші мекеме төлеуге міндетті.
– Дәрігерлер науқастанған балама сырқатына байланысты біраз уақыт укол салғызып тұру керектігін айтты. Әр уколдың арасы 12 сағаттан жақын болмауы тиіс. Таңғы сегізде уколды Талдықорған қалалық ауруханасына апарып салғызамын. Екінші уколды кешкі сегізде салуы тиіс. Бірақ, кезекші дәрігер кешкі уколды салудан бас тартады. «Бір жағдай болса мені кінәлі етесіңдер. Салмаймын, басқа жаққа апарыңдар», – дейді. Ол неге кәсіби міндетінен қашады? Осы жағдайды түсіндіріп беріңіздерші?
Оқырманымыз аты-жөнін айтудан бас тартты.
– Сіз учаскелік дәрігердің жолдамасымен балаңызды күндізгі стационарда емдете аласыз. Сонымен қатар, барлық емхана жылжымалы кезекпен сағат таңғы 08.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс жасайды. Ауруханаларда стационарлық ем қабылдап жатқан науқастар мен қабылдау бөлімі арқылы медициналық көмекке жүгінген адамдарға дәрігерлік көмек көрсетілуі тиіс. Көрсетілмеген жағдайда басшылыққа шағым түсіріп, талап етуге құқыңыз бар. Сенім телефоны күндіз-түні жұмыс жасайды. Медицинаның 8(7282) 41-12-12 Сall орталығына немесе 8(7282) 39-50-74 сенім телефонына хабарласуларыңызға болады.
– Келінім толғатып, аудандық ауруханаға түсті. Дәрігерлер дұрыс қарамай қойды. Тіпті босандыруды да ұмытып кеткендей мүлде көңіл бөлмеді. Сонан соң балам барып дәрігерге ақша беріп еді, бірден жағдайын жасай бастады. Қарақтарым, бұл шындық. Ақша бермесең дұрыс емдемейтін жағдай біздің медицина саласын жаулап алғаны анық. Оны бәріміз білеміз. Керек болса сол дәрігердің де атын атап беремін. Шара қолданыңыздар. Әйтпесе, басқа адамдарды да зарлата береді.
Раушан Дүкенбаева.
Алмалы ауылы,
Панфилов ауданы.
– Раушан апа, ақпаратыңыз үшін алғыс білдіремін. Қазақстан Республикасының азаматтары мен оралмандарға Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 15 желтоқсандағы «Тегін кепілдендірілген медициналық көмек көрсету тізбесін бекіту» туралы №2136 қаулысына сәйкес, медициналық көмек ақысыз көрсетіледі.
Аудандық орталық аурухананың басшылығына осы өтініш бойынша қызметтік тексеру жүргізуге тапсырма берілді.
– Мен Талғар ауданының тұрғынымын. Жақында Талдықорған қаласына қоныс аударайын деп жатырмын. Жаңадан ашылған қалалық көпсалалы ауруханаға көлік жүргізуші болып немесе «Жедел жәрдемге» жұмысқа орналасқым келеді. Көмектессеңіздер екен.
Марлен Ыбырайымов.
Кеңдала ауылы.
– Марлен, сізбен хабарласып, түйіндемеңізді алайық. Содан соң, орын болса қолдан келген көмектен аянып қалмаспыз.
– Мен Текелі Қарттар үйінің тұрғынымын. Екінші топтағы мүгедекпін. Соңғы кезде көзімнің көруі нашарлап кетті. Ота жасату керек сияқты. Қайда, қалай жасатса болады? Көмектессеңіздер.
Дәулет Айтмұханбетов.
– Дәулет, сіз жергілікті жеріңіз бойынша Текелі қалалық ауруханасының офтальмолог-дәрігеріне қаралуыңыз керек. Дәрігердің қорытындысынан кейін ота жасауға көрсеткіш болған жағдайда, Бірыңғай ұлттық денсаулық жүйесі ұстанымы бойынша қай жерде, қалай емделуді өзіңіз таңдауға толық құқығыңыз бар. Ауруханаға жатқызу порталына Текелі қалалық ауруханасы қояды.
– Балқаш ауданында 30 мың халық тұрады. Осынша тұрғыны бар ауданда заманауи УЗИ аппараты жоқ. Бар, бірақ, маман жоқ деп естиміз. УЗИ-ға түсу үшін бізді Алматыға жібереді. Шаһарға барып медициналық тексерістен өтіп қайту үшін кемінде 40-50 мың теңге қаржы кетеді. Осы жағы әсіресе жасы келген адамдарды қинауда. Ол жерде тек кеңес беріп, ауданға қайтарады. Өзіміз сырқаттанып жүріп, табаннан таусыламыз. УЗИ аппаратын іске қосып берсеңіздер екен.
Бекен Шыбықбаев,
Ақдала ауылдық ардагерлер
кеңесінің төрағасы.
Балқаш ауданы.
– Рахмет, аға, сауалыңызға. Бұл жағдайды жақсы білеміз. Бұл тек сіздерде ғана емес, облыс бойынша ақсап тұрған мәселе. Жақында бас дәрігерлерді жинап, мәселені шешу жолдарын қарастырамыз. Маман тапшылығы қиындық туғызып тұрғаны рас. Биыл оқу бітірушілерді жұмысқа тарту барысында келісімшарттар жүргізіп жатырмыз. Мәселені оңды шешуге тырысамыз.
– Менің саусағым қатты сырқырап ауырады. Кей кездері түнімен көз ілмеймін. Невропатологқа көрініп едім «Блокада» қою керек деді. Иығымнан укол салды. Укол салған жер кей кездері ота жасаған сияқты тартып ауырады. Менің білейін дегенім, «блокада» қанша уақытқа дейін әсер етеді? Күші кеткен соң саусақтарым қайтадан сырқырап жүрмей ме?
Гүлбаршын Жанатбекова,
Ақсу ауданының тұрғыны.
– Сіздің тексеруден өткен қағаздарыңызды көрмей ештеңе айта алмай тұрмын. Жалпы блокаданың күші 8-16 сағатқа дейін жетеді. Егер сол уақыт өткенде сырқатыңыз сыр бермесе сізге ем жүрді деген сөз. Спортпен шұғылдануға тырысыңыз. Физиоем алып тұрыңыз. Ауыратын саусақтарыңызды тоңдырып алмауға тырысыңыз. Менің атымнан облыстық аурухананың неврология бөлімінің меңгерушісі Салтанат Жексенбекқызына барып, көрініңіз.
– Менің жасым сексенде. Қанқысымым жиі көтерілетіндіктен диспансерлік есепте тұрамын. Дәрі-дәрмекті тегін алуым керек. Бірақ, маған керек дәріні ала алмаймын. Оның орнына басқа дәрі береді. Маған «Предуктал», «Кардимакс» жазып берсе, аурухана орнына басқаны ұсынады. Осы дұрыс па? Сондай-ақ, немерелерімді жазғы лагерьге жіберу үшін «Яйцаглист» сараптамасына 1700 теңгеден төлеймін. Балаларға тегін болмаушы ма еді?
Айғайша апа.
Көксу ауданы.
– Апа, қойып отырған сұрағыңыз орынды. Сізге «Предукталдың» орнына басқа дәрі берсе онда тұрған ештеңе жоқ. Олардың құрамы бірдей. Тек атауы ғана әртүрлі болуы мүмкін. Шығаратын фирма әртүрлі болғандықтан дәрінің аты да сан алуан болады. Қай фирма дәріні арзанырақ ұсынса, содан алуға тырысамыз. Сондықтан, дәрігер сіздің сырқатыңызға сай дәрі береді. Одан сескенбеңіз. Ал немерелеріңізді тексеруден ақылы түрде өткізсе, ол аудандық аурухананың еркі. Себебі, ауруханалар шаруашылық жүргізу құқы бойынша, ақылы қызмет көрсетіп, қаржы табуы тиіс. Бірақ, мен қазір ауданның бас дәрігері Ғани Бартайұлына хабарласып, сіздің дәрілеріңізді тездетіп бер деп айтамын. Сол кісіге барыңыз. Мәселеңізді шешеді.
Тікелей байланысты жазып алған Гүлжан Тұрсын.