ЖЕТІСУ ӨҢІРІНДЕ МАҢЫЗДЫ ЖОБАЛАР ТАЛҚЫЛАНДЫ

ҚР Президенті  Н. Назарбаевтың «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауы талаптарына және алтыншы сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің өкілеттіктерін іске асырудың екінші сессиясына арналған негізгі іс-шаралар жоспарына сәйкес  ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары В. Божконың қатысуымен облыста Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің көшпелі отырысы өтті.

Көшпелі отырысқа келген Парламент Мәжілісінің депутаттары  мен Үкімет мүшелерін Алтынкөл теміржол бекетінде облыс әкімі  Амандық  Баталов  пен  Панфилов  ауданының  әкімі  Бердәулет  Абдулдаев  қарсы  алды. Алдымен бекеттің күту залында шағын жиын  өткізілді. Онда Амандық Ғаббасұлы Жетісу өлкесінің  әлеуметтік-экономикалық даму үрдісі жөнінде кеңінен әңгімеледі. Облыс дамуы жөнінде қысқаметражды деректі бейнефильм де көрсетілді. Бұдан соң «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында салынатын жаңа қала бейнесі  таныстырылды. Көшпелі отырыс «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА дамыту, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізін салу бойынша «Нұрлы Жол» инфрақұрылымын дамыту мемлекеттік бағдарламасының орындалуын, сондай-ақ Қорғас өзені жағалауындағы селден қорғау құрылыстарының сапасын  білу мақсатында ұйымдастырылды.

Депутаттар «Алматы – Қорғас» автомагистралі құрылысының телімдерін, «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА «құрғақ порт» терминалдарын, «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығын», Жаркент қаласындағы жергілікті өнімді өңдейтін крахмал-сірне зауытын, сондай-ақ Қорғас өзеніндегі селден қорғау құрылыстарын көріп қайтты. Сонымен бірге «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес «Жетіген – Қорғас» теміржолы мен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомобиль дәлізін технологиялық тұрғыдан үйлестіре отырып, «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА құрудағы  мықты индустриялық-логистикалық хабты қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар барысы талқыланды. Сондай-ақ, сауда-экспорттық қызметтің жоғары нәтижелері, ҚР транзиттік әлеуетін іске асыру, Еуропа мен Азия  елдерінен тауар тасымалының ең қысқа мерзімді қолжетімділігін және Қазақстанды жаңа еуразиялық экономиканы қалыптастырудағы қолайлы ел ретінде орнықтыру, өңірдегі инвестициялық ахуалды жақсарту мен инновациялық жобаларды іске асыру үшін отандық әрі шетелдік ірі инвесторларды тарту, өнеркәсіп және өңдеу салалары үшін бәсекелестік артықшылықтарды, сондай-ақ аймақты жеделдетіп дамыту мен жергілікті халықтың жұмыспен қамтылуын арттыруды қамтамасыз ету мәселелері пысықталды.

Көшпелі отырыстың қорытындысы бойынша «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА әкімшілік ғимаратында ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары В. Божко мен облыс әкімі  А. Баталовтың, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі, ҚР Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитеті, ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті, ҚР ҰҚК Шекара қызметі, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА басқарушы компания, «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы» АҚ, сондай-ақ көлік-логистика саласының бизнес-қоғамдастығы өкілдерінің қатысуымен кеңес өтті.

Отырысты ҚР  Парламенті  Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай  Сабильянов ашып, төрағалық етті. Басқосуда ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары В. Божко және облыс әкімі А. Баталов сөз сөйледі. Көлік-логистика жүйесін дамытудың өзекті мәселелері жөнінде ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Б. Камалиев баяндама жасады, Қорғас өзеніндегі селден қорғау құрылыстары мәселелері бойынша ҚР ІІМ вице-министрі      Ю. Ильин баяндады. Негізгі тақырып аясында орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялар мен кәсіпкерлік топтардың өкілдері ойларын ортаға салды. Солардың  арасында  Парламент Мәжілісінің депутаты  Азат  Перуашев «Қорғас»  шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығындағы» екі ел  арасындағы тауар алмасу мәселелері, орталықтың біздің ел бөлігіндегі  құрылыс  жұмыстарының сылбыр  жүргізілуі, кеденшілер мен шекарашылардың  орталыққа келген адамдарға  қызмет  көрсету  деңгейінің төмендігі жөнінде сөз етті.

Депутаттар  тарапынан «Батыс  Еуропа – Батыс  Қытай»  автодаңғылы  құрылысының  белгіленген  мерзімнен  кешеуілдеп келе жатқандығы айтылды. Сондай-ақ, Жоңғар Алатауының  биік  шатқалдарындағы мәңгілік мұз құрсаған Қазан және  Қақпан  атты алты көлдің ауа райының  әлемдік жылынуы салдарынан  үлкен  жобаға үлкен  қауіп  төндіріп тұрғаны түсіндіріліп, соған  сәйкес  Қорғас  өзенінің жағалауын  нықтау  шаралары  уақыт  күттірмей  қолға  алуды  қажет  ететіні мәселенің бірі екендігі атап көрсетілді. Оңтүстік  шығыс  аймақтағы  шекаралық өткелдің стратегиялық қолайлы маңызды нүктеге орналасуы (ескі және жаңа Жібек жолы тоғысқан жерде) Елбасының  көреген бастамасымен «Қорғас – Шығыс қақпасы» атты осы қазақстандық ірі жобаның өмірге  келуіне  себепші  болды. Бұл  жоба  біздің  елге  мол  табыс  әкеле  бастады. Сондықтан оның  қызметін  халықаралық  талаптарға  сай  жоғары  деңгейде  ұйымдастыру  аса маңызды  мәселе болып табылады.

Кездесу соңында депутаттар елдің көлік-логистика кешенін және кәсіпкерлікті одан әрі дамыту, сондай-ақ осы  жобаға  байланысты ҚР заңнамалық базасын жетілдіру жөніндегі бірлескен жұмысты жалғастыру қажет деген байлам жасады.

Мырзағали Нұрсейіт Панфилов ауданы.