ЖЕМҚОРЛЫҚ -ЖЕГІҚҰРТ ОНДАЙ ҚЫЛМЫС ЖАЗАСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

Биылдың өзінде облыста 350 мемлекеттік қызметші сыбайлас жемқорлыққа жол бергендігі үшін жауапқа тартылған. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыс­тырғанда 30 пайызға көп. 

Мұндай ақпар облыстық әкімдікте Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев пен мыңнан аса мемлекеттік қызметші бас қосқан кездесуде айтылды. Өңірде жемқорлықпен ұстал­ғандар көшін әкімдіктер мен ішкі істер органдарының бастап тұрғандығы мен заңды бұзушылықтың Талдықорған, Алакөл және Іле аудандарының мемлекеттік қызметкерлері арасында жиілеп кеткендігі де осы жиында тілге тиек болды. Сол себепті семинар-кеңес жұмысында «Бұл әлеуметтік дертке қалай қарсы тұруға болады?», «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін қандай шаралар қолданған жөн?» деген сынды өзекті сауалдар талқыға салынып, қоғамды дендеген бұл індетке қарсы күресте жұмыла әрекет етудің маңызына ерекше екпін берілді. Елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізіліп жатқан саясаттың негізгі қағидаттары мен оны жүзеге асыру барысы туралы мәлімдеме жасаған ҚР Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев: – Егер мемлекеттік қызметші әдептілік негіздеріне немқұрайды қарайтын, азаматтармен дөрекі сөйлесетін болса, ол сыбайлас жемқорлыққа да жол беруге бейім болады, – деп Қазақстанның жемқорлық деңгейі бойынша әлемнің 168 елі арасында 123-орында тұрғанын атап өтті. Агенттік төрағасының орынбасары өз сөзінде мемлекеттік қызметкер сыйлық алатын болса, оның өзі пара алуға жататындығын нақты мысалдармен түсіндіріп, жиналған қауым назарына арнайы түсірілген бейнематериалды ұсынды. Басқосу барысында мемлекеттік қызметшілердің қоғамдық тәртібі де назардан тыс қалған жоқ. Облыс басшылығына және Әдеп жөніндегі уәкілге жүйелі түрде бақылау жасап, мемлекеттік қызметшілердің теріс тәртібі байқалса, оларға бірден тиісті шара қолданып отыру ұсынылды. Алик Шпекбаев өз баяндамасында сыбайлас жемқорлық қылмыстары жиі тіркелетін салаларды атап өтті. Олар: жер қатынастары, құрылыс, білім беру, мәдениет және спорт салалары. Төрағаның орынбасары Мемлекеттік қызмет істері агенттігі және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының жергілікті департаменттеріне аталған салаларда сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне мұқият талдау жасап, оларды жою үшін нақты ұсыныстар әзірлеуді және мемлекеттік органдарда түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізуді тапсырды. «Қоғамдық істерден өзіне пайда табуды көздейтіндер бейіттерді тонауға да барады» деген белгілі ойшылдың сөзін жиналғандардың есіне тағы бір салған Алик Шпекбаев облыстық басқарма басшыларына бюджет қаражатын жымқырғанға қатаң жаза қарастыр­ылғанын қадап айтты.

Облыстың барлық аудан, қалаларының мемлекеттік қыз­метшілері қатысқан бейне-селекторлық режимде өткен бұл жиында белгілі жемқорлық қылмыстары бойынша бейнероликтер көрсетіліп, кез келген заңбұзушылықтың жазасыз қалмайтындығын нақты мысалмен көрсету мақсатында бұрын мемлекеттік органдарды басқарған экс-шенеуніктердің өз кінәларын мойындаған әңгімелері ұсынылды. Бұл бейнежазба заң алдында бәрі тең екендігін айқындай түсті.

 – Елбасы саясатының негізгі басымдықтарының бірі – сыбайлас жемқорлықпен күрес. Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев айқындап берген «5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын іске асыру басым бағыттардың бір болып отыр. Сондағы жемқорлықпен күрес мәселесінің маңыздылығы ескеріле келе облыста айтарлықтай жұмыстар атқарылуда, – деген аймақ басшысы Амандық Баталов қорытынды сөзінде облыста сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы тұру жайының бұрынғыдай қатаң бақылауда болатындығын айтты.

Меруерт Молдағалиева