ЕҢБЕК МЕРЕКЕСІ - ЕЛДІҢ БЕРЕКЕСІ

Ауылшаруашылығы еңбеккерлерінің кәсіби мерекесіне орай Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында салтанатты шара өтті. Оған облыстық деңгейдегі басқарма, департамент басшылары, ауылшаруашылығы құрылымдары мен кәсіпорындардың жетекшілері және шаруа қожалықтарының иелері мен сала қызметкерлері қатысты. Кездесуде аталған саланың өркендеуіне өзіндік үлес қосып жүрген ардақты мамандық иелеріне ерекше сый-құрмет көрсетіліп, ілтипат білдірілді.

Ауылшаруашылығы еңбеккерлерінің кәсіби мерекесіне орай Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында салтанатты шара өтті. Оған облыстық деңгейдегі басқарма, департамент басшылары, ауылшаруашылығы құрылымдары мен кәсіпорындардың жетекшілері және шаруа қожалықтарының иелері мен сала қызметкерлері қатысты. Кездесуде аталған саланың өркендеуіне өзіндік үлес қосып жүрген ардақты мамандық иелеріне ерекше сый-құрмет көрсетіліп, ілтипат білдірілді.Мерекелік басқосуда облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ бастаған топ алдымен өңірдегі алдыңғы қатарлы деген ауылшаруашылығы тауар өндірушілерінің көрмесін тамашалады. Бұдан соң телекөрсетілім арқылы осы сала бойынша облыс көлемінде жүзеге асырылып жатқан шаруа барысы назарға ұсынылды. Бейнефильмде даласы еңбекке, дастарқаны дәмге толы Жетісу өңірінде осы бағыттағы тындырымды істердің мол екендігі паш етілді. Онда өңір экономикасының негізгі тірегі ауылшаруашылығы болғандықтан жетекші сала әрдайым басты назарда екендігі, сондай-ақ аграрлы өңірде егін егіп, төрт түлікті көбейтуде және жеміс-жидек пен көкөніс өсіріп, өндірілген өнімдерді қайта өңдеу сияқты істерде қол жеткізілген толайым табыстар мен еңбектің тайқазанын тасытуда атқарылған жұмыстардың аз еместігі мәлім болды.

Биылғы ауа райының қолайлы сәтін тиімді пайдалана білген ауыл еңбеккерлері өнім берекелілігін арттыруға бар күш-жігерін жұмсап, маңдай терлетіпті. Сондай-ақ, Елбасының Жетісу жеріне келген іссапарында өңірдегі жемісті істерді, әсіресе ауылшаруашылығы, соның ішінде қант қызылшасы мен жүгері өсірудегі тың жетістіктерді бағалап, оң баға бергендігі көрсетілді. Келесі кезекте Амандық Ғаббасұлы көпшілік алдына шығып, арнайы баяндама жасады.

– Сіздерді кәсіптік мерекелеріңіз – ауылшаруашылығы еңбеккерлері күнімен құттықтаймын. Ел экономикасының дамуында ауыл еңбеккерлері өздерінің лайықты үлесін қосуда. Биыл ел үшін ерекше жыл болып тұр. Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойын халқымыз жасампаз істермен, үлкен жеңістермен қарсы алмақ. Оның айғағы мерейтойымыздың құрметіне облыста бір күннің ішінде 25 жаңа балабақша ашылды, сондай-ақ 25 өндіріс көздерін іске қоспақпыз. Өңірдегі ауылшаруашылығы саласының өнімділігі жыл санап артып келеді. Облыстың ішкі жалпы өңірлік өнімінде агроөнеркәсіп саласының үлесі 70 пайызды құрайды. Қол жеткізген тың табыстар – жетісулықтардың қажырлы еңбегінің нәтижесі. Бүгін мереке күнінде ауылшаруашылығы өндірісінің озат қызметкерлерін мақтанышпен атап өткенді жөн санап отырмын. Атап айтқанда, «Жақсылық» ШҚ басшысы Жақсылық Үшкемпіров, «Адал» агроөнеркәсіп кешені» АҚ бас директоры Серік Смайылов, «Хильниченко және К» коммандиттік серіктестігінің директоры Виктор Хильниченко, «Компания Сарыбұлақ» ЖШС директоры Жеңіс Смайылов, «Қыдырәлі» ЖШС директоры Секен Шеңгелбаев, «Молжігітов» ШҚ басшысы Исатай Молжігітов, «Империя Фуд» ЖШС директоры Арман Джавидин, «Нүсіпов және К» ЖШС директоры Қанатхан Нүсіпов, «Нам» ШҚ басшысы Нам Герман, «Әмір-Айша» ЖШС директоры Серікжан Есімжанов, «Ернар» ШҚ басшысы Тасқын Жапарқұл, тағы басқалары алдына қойылған міндеттерді табысты орындауда. Сіздерге ерен еңбектеріңіз үшін шын жүректен алғысымды білдіремін! Тәуелсіздік күні қарсаңында Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен тағы да құттықтап, қажырлы істеріңізге жеміс тілеймін. Еліміздің өркендеуі жолында еңбектеріңіз жана берсін. Тәуелсіздігіміздің тұғыры мықты болсын! – деді.

Сондай-ақ, облыс басшысы Жетісу өңірі бойынша ауылшаруашылығында қол жеткізген жетістіктерді тізбектеді. Мәселен, мемлекеттік қолдаулардың арқасында сала көрсеткішінің жоғарылап, халық жағдайының жақсарғаны, өндіріске алдыңғы қатарлы технологиялар енгізіліп, егістіктерде тамшылатып суарудың кеңінен қолданыла бастағаны, сондай-ақ, егін шаруашылығы бойынша басым дақылдарға арналған алқап көлемінің ұлғайып, бақты интенсивті жолмен өсірудің жанданып келетіндігі айтылды. Биыл Ескелді ауданы еңбеккерлерінің қант қызылшасын өсіріп, өнімділікті еселеуде алдыңғы қатардан көрініп келе жатқаны да мақтанышпен аталып өтті. Сол сияқты мал шаруашылығының дамып, төрт түліктің жыл сайын көбейіп келетіндігі алға тартылды.

Мерекелік жиын соңында облыс әкімі бір топ еңбек озатына Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі мен «Ауылшаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісін қадады. Облыс әкімінің Алғыс хаты мен Құрмет грамоталарын алғандардың да қуанышында шек болмады. «Үздік ауылшаруашылығы тауар өндірушілері» номинациясы мен биыл өткен «Ауылшаруашылығы жәрмеңкесі» байқауының және ауылшаруашылығы өнімін қайта өңдеу кәсіпорындарының жеңімпаздары да марапатталды.

Айгүл Байбосынова,

"Жетісу" газеті