Ел анасы Бәтима Сақауова – 90 жаста

Бүгін Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Алматы облысының Құрметті азаматы, дербес зейнеткер, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Бәтима Есболатқызы Сақауованы 90 жасқа толған мерейлі күнімен арнайы барып құттықтады.

Облыс әкімі абыз анаға ізгі тілегін білдіріп, ықылас көрсетті.

- Өзіңіздей ақылы кемел, аузы дуалы елдің анасы арамызда аман жүргені – бізге үлкен мәртебе. Ел басқарып жүрген азаматтардың әрбір қадамын сырттан бақылап біліп отырасыз, тілектес боп, қажет кезінде жол көрсетіп, кеңес бересіз. Сіздің өміріңіз кейінгі жастарға үлгі-өнеге, олар ойын да, бойын да сіздерге қарап түзеуі керек. Сондықтан ғибратты ғұмыр жолыңызды БАҚ-та жазып, көрсетуіміз қажет. Ел өзіңіздей қайраткер тұлғаларымен, халыққа адал қызмет көрсеткен ұл-қыздарымен еңселі. Жасыңыз жүзге жетсін, алдымызда ақылшы абыз анамыз болып аман жүріңіз, - деді А. Баталов.

Б. Сақауова - жастайынан ел ісіне араласып, Бәйкен Әшімовпен бірге Талдықорған облысын құруда білек түре еңбек еткен, ерлермен бірге атқа қонып, Жетісу өңірінің идеологиясының мығым болуына, әлеуметтік дамуына бар білімі мен күш-жігерін жұмсаған жан. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарында Талдықорғанның тұралап қалған шағында елдің сабыр сақтап, бірлігінен ажырамауына, қиындықты қайыспай көтеріп шығуына жігер берген ақылман анасы да, данасы да болған осы Бәтима Сақауова сынды ел тұтқалары болатын. Қиындықта ғана емес, елдің бүгінгідей еңсесі тік, еңбегі еселі шақта да көптің тілеуін тілеп отырған Бәтима ана:

- Өздеріңдей ел азаматтары атқа мініп, ел ісіне араласқанда мен де үйде отырып тақымымды қысып отырамын. Осы жолдан таймай, елге қызмет етіңдер. Алла осы берген абыройынан айырмасын! Маған деген ақ пейілдеріңе разымын. Азаматтар аман болсын, ел аман болсын! – деп аналық ақ батасын берді.

Облыс әкімі А. Баталов Бәтима Есболатқызын «Көзі тірі шежіре, бүгінгі күннің батыры» десе, абыз ананың тәлімін көріп, тәжірибесін шыңдаған, алдыңғы толқын ардагерлердің бірі Күләш Түменбаева «Парасат патшайымы» атады.

Айта кетсек, Бәтима Сақауованы мемлекеттік басқару ісінде ұстаз санаған бірқатар азаматтар бүгін Жастарға қызмет көрсету орталығында жастармен кездесу өткізіп, облыстық «Жетісу» телеарнасынан естелік-пікірлерімен бөлісетін болады.

qazaquni.kz

ҚАЙСАРЛЫҚ

Тамыры терең тарихымызға зерделеп қарасақ,  елдің өркендеуі мен тыныштығы жолында басын бәйгеге тіккен нәзік жандылар аз болмаған. Елін қорғауда кейбір ерлерден озық тұрып, білегіне шоқпар іліп, ұрандап топқа кірген қайсар қыздарымыз қаншама?! Қанішер Кирдің басын қанға бөктірген Тұран даласының қаһарман қызы Тұмар ханшайымнан бастап, Отан үшін от кешкен Әлия мен Мәншүктің ерлігін қайталап, тәуелсіздік жолында жастық жалыны мен жанын құрбан еткен Ләззат пен Сабиралардың арасында қаншама тарихи тұлғаларымыз тарих тақтасына есімдерін алтын әріппен жазып кетті. 

Бір адам жайлы айтылар ойды тереңнен толғап, тарихты қозғап жатқандағы бар мақсатым – ерлік пен елдік жолында еңбек етіп, қайсарлық таныту бағзы заманнан бері қанымызда бар қасиет екеніне ерекше тоқталу еді. Тағы сол тарихымызды парақтасақ, рулы елдің ұйытқысына айналған Домалақ, Дарабоз, Гауһар аналар, ұлттың ұлы перзенттерін дүнигеге әкеліп, дала заңымен тәрбиелеп, әлемдік деңгейдегі тұлғаға айналдырған Шоқанның әжесі Айғаным мен Абайдың әжесі Зерелер ұлттық тәрбиемізде әжелер мектебін қалыптастырғанын ешкім жоққа шығара алмас. Жеріне маңдай терін төгіп, аянбай еңбек етіп, көзінің тірісінде-ақ ел Анасына айналған Зылиха Жанболатқызы, бүгінде төріміздің сәні, көңіліміздің әні, өміріміздің мәні болып ортамызда жүрген еңбек ардагерлері Бижамал Рамазанова, Күләш Айтжанова, Бәтима Сақауова сынды ел құрметіне бөленген аяулы жандардың өткен жолдары кімге болса да үлгі-өнеге. Қазақтың қасиетті қара өлеңінде кездесетін: «Омыртқа ішіндегі жұлындаймын, қыз да болсам, әкемнің ұлындаймын», – деген қарапайым ғана екі жол сол қайсар қыздарымыздың бейнесін ашып беретіні сөзсіз. Бүгінгі қозғап отырған әңгімемдегі осы бір екі жолдың кейіпкері еңбек ардагері, қоғам қайраткері, Жетісудың аяулы анасына айналған асыл жанның бірі – Бәтима Есболатқызы Сақауова десем, асыра айтқандық емес. Әрине, елден естігенім бойынша жазып отырсам, күмәндануыңызға болар. Ал көзіммен көріп, сөзін тыңдап, ел басқару жолында талай-талай қиын-қыстау сәттерде келелі пікірлерді ортаға салып, ортақ оймен көптеген мәселені бірге шешкендіктен ол кісі жайлы қандай әңгіме айтсам да, ақиқаттан алшақтамайтыным шындық. Бәтима Есболатқызы ең алдымен көненің көзін көріп, сөзін көкейіне түйіп өскен зерек жан. Олай дейтінім, еңбек жолындағы қандай баспалдақтары болмасын, соның бәрінде ұлттық тәрбиенің уызы аңқып тұратын. Кеңестік қоғамда қызмет еткенімен талбесіктен басталған тәрбиесінің негізі қазақы ортада, ұлттық бағытта қалыптасты. Әуелі ол кісінің дүниеге келген топырағының өзі қазақ руханиятына Молықбайдай қобызшыны, Көтен Тәуіптей әулиені, Ілиястай Құлагер ақынды, Ақын Сарадай дара қызды, Барлыбек Сырттановтай Ата Заңымыздың негізін қалаған Алаштың арыстай ұлын сыйлаған қасиетті өңір. Осындай өлкеде дүние есігін ашып, еңбекке араласқан Бәтима Есболатқызының қазақы құндылықтарымызға бей-жай қарамайтындығы айтпаса да түсінікті. Көзім көрген бір мәселе – Бәтима апай басшылық еткен қай мекенде болмасын жастарға деген көзқарас өте жоғары болды. Жастарды еліміздің болашағы деп, олардың шуақты өмір сүруіне барынша қолдау көрсетіп келді. Ол кісі басқарған ауданның аумағында отбасын көтерген жас шаңырақтың қуанышы міндетті түрде тойланатын. Және Бәтима Есболатқызы солардың қуанышына арнайы барып, аналық тілегін айтып, ақ батасын беріп қайтатын. Сонымен бірге «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген қасиетті қағиданы берік ұстанған жан. Осы мақсатта қай ауылда болмасын, шарана дүниеге келген отбасында міндетті түрде «Бесік жырының» айтылуын қадағалап отыратын. Кейде кеңестік қоғамды орынсыз жоққа шығарып жатады. Ол дұрыс емес. Әр дәуірдің кемшілігі болатыны сияқты өзіне тән ерекшеліктері мен жетістіктері де бар. Әрине, тоталитарлық жүйені аңсап отырғаным емес, тіліміздің шұбарлануына, дініміздің тұмандануына кейбір жағдайларда ұлттық құндылықтарға көз жұма қаратқан саяси жүйе болды. Бірақ, ұлтын сүйген жандар орайын тауып, ыңғайын келтіріп, ұлттық дәстүрді сақтап келді. Бүгінгідей «Құдайы тамақ» деп анық айтпаса да, «Бір шәугім шай» деп, сол жерде құран да оқылды, ән де айтылды, күй де тартылды. Сөйтіп, ұлттық өнеріміз бен дәстүріміз бір арнада замана көшіне ілесіп келді. Соның бірі жоғарыда айтып отырған Бәтима Есболатқызының жас келіндерге «Бесік жырын» айтқызуы еді. Ал қазір ел Тәуелсіздігіне 25 жыл толып отыр. Ширек ғасырдан бері өз қолы өз аузына жеткен, алып елдермен иық тірескен, жаһандануға жұтылып кетпей келе жатқан елге айналдық. Бұл зор мақтаныш. Бірақ, осы тәуелсіздік жылдарындағы жас келіндер «Бесік жырын» айта ма?! Бірен-саран кездесетін шығар, ал ақиқатында «бесік жыры» ескіліктің қалдығы сияқты қалып бара жатқаны шындық. Ал Бәтима апайдың кезінде «бесік жыры» айтылғанының бір куәгері менмін. Бұл Сақауованың елдің есінде сақтауы керек бір қыры ғана. Иделогия – мемлекеттің ең көңіл аударып, назардан тастамайтын саласының бірі. Саналы ғұмырын ел басқаруда өткізген Бәтима апай мықты идеолог қыздарымыздың бірі бола білді. Өзіне жауапкершілік жүктелген аймақтағы мектеп пен балабақшаның жүйелі жұмыс істеп, жас ұрпақтың заман талабына сай білім алуына зор еңбек сіңірді. Бүгінгідей жаңа замандағы таңдай қақтырар жаңалыққа толы болмаса да, өз заманының сұранысын қанағаттандырып, 200-300 орынды болмаса да, 90-100 балғын тәрбиелейтін балабақшалар, ауыл балаларын толықтай қамтамасыз ете алатын мектептер жұмыс істеп қана қойған жоқ, сонымен бірге бүгінгі таңда мемлекет және қоғам қайраткері атанған, ауылда қалса төрт түлігін өріске өргізіп, егістік алқабын алтын дәнмен көріктендірген еңбек адамдарын қалыптастырды. Соның нәтижесінде Бәтима салған сара жолда дара тұлғаға айналған қаншама азаматтар ортамызда жүр. Бәтима Есболатқызының қайраткерлігінің тағы бір қыры келер аптада отыз жыл толғалы отырған Желтоқсан көтерілісі кезінде де көрініс тапты. Алматыдағы дүмпудің дауысы Талдықорған төріне де жетіп, жастар жағы өре түрегелгенде осы Бәтима Есболатқызы солардың алдына шығып тоқтау салды. Ұзақ жыл қайнап-қайнап келіп атылған жанартаудың алауына өртеніп кетпеуге шақырды. Рас, қазақты қазақ басқару керектігін бәрі қалады. Бірақ сабырлылық сақтамаса, сол кездегі жүйе қазақ жастарын аяйын деп тұрмағаны анық еді. Босқа таяққа жығылып, жас жанын құрбан етпей ақырын жүріп, анық басып, ақырын күту керектігін ана жүрегімен айтып, толқынның алдына тосқауыл болды. Ол кездегі көзқарас бойынша, қорқақтық танытқандай көрінуі мүмкін еді. Бірақ, бүгінгі таңның таразысына салып жіберсек, қаншама жасты жазықсыз құрбан болудан сақтап қалғанына көзіңіз жетеді. Міне, ұлтын, ұрпағын сүйген ана пейіл еңбегінің жемісі. Сонымен бірге еңбек жолында көптеген сіңлілеріне жол сілтеп, бағдаршам болып, қоғамнан өз орындарын табуға да себепкер болды. Бәтима Есаболатқызы Жетісу жерінің өркендеуіне маңдай терін төгу арқылы, Қазақстанның дамуына өлшеусіз үлес қосқан жан. Әсіресе, салт-дәстүріміз бен ұлттық өнеріміздің жандануын да назарынан тыс қалдырмаған. Жоғарыда айтқанымдай ауыл-ауылда отау құрған жастардың басқосуы атаусыз қалмайтын. Сондайда аудандағы, ауылдағы көркемөнерпаздар ұжымдары жұмыла кірісетін. Тойдың ажарын ашып, базарын кіргізетін де солар болатын. Ал бүгін ше? Шетінен керемет, бір-бір жұлдыз. Заман талабы деп жаба саламыз ғой. Әйтпесе, өнер саудаға түскен уақыт болды қазір. Сөзінің дәмі, әуенінің мәні жоқ әндер салтанат құрды. Ессіз әндер құлақтан кіріп, есімізді алғанда сол халық әндері мен халық композиторларының, Шәмші мен Нұрғисалардың сөзі алпыс екі тамырыңды идіретін, әуені көңіліңді әуелетіп әкететін әндерін аңсап кетесің. Өйткені Бәтима апамыздай ел аналары мен солардың ізін басып келе жатқан мына біздер сол ән мен сол кезеңнің нағыз дарындарының көзін көріп өстік. Бүгін сол күндердің бәрі сағыныш. Қайта оралмайды да, қайталанбайды да. Бәтима Есболатқызындай қайсар жандардың өнегелі өмірін ұрпаққа үлгі ету үшін  өткенді еске алып тұрғанның айыбы жоқ. Ел анасына айналып, құрметке бөленген Бәтима апай қазіргі таңда торқалы тоқсанның төріне шықты. Қазақы тілмен айтқанда саналы ғұмыры ат үстінде өтті. Осыдан 70 жыл бұрын яғни, 1946 жылдың сәуір айынан партияға қабылданған еңбекқор жан зейнеткерлікке шыққанға дейін сенім мен жауапкершілік деп аталтын қасиетті қос ұғымды қос қанатына айналдырып, тынымсыз еңбек етті. Нәтижесінде елдің құрметтісіне айналды. Жаны нәзік болғанымен бойындағы қайсарлығы оны ер-азаматтармен қатар еңбек етуге үйретті. Осы өмірінің ширек ғасырын тәуелсіз Қазақстанмен бірге жасап келеді. Алдыңғы толқын ағалар ғана емес, кейінгі буын інілер де ақылман ананың алдына барып, батасын алып, өнегелі өмірі жайлы сыр-сұхбат құрып тұрады. Мерейлі мерекелерде құшақ-құшақ гүл шоқтарын ұсынып, көңілін марқайтып қайтады. Бүгінгі айтулы жастың нақ төрінде отырған еңбек ардагеріне замандасы ретінде, іні пейілмен аз-кем ой толғап, қуанышына ортақтасуды жөн санадым. «Анау ауданда істегенде, облыста жүргенде» деген ресми-ақпараттық,  жаттанды сөздерден және балалық шағында көрген қиындықтарын қайталап айтып жатпай, ол кісімен қызметтес болған жылдардағы көзіммен көрген, көңіліме түйген қасиеттерін айтуды жөн көрдім. Ғибратты ғұмырыңыздың тоқсан дейтін тұғырында тұрсыз, жыр Жамбылдың жасына жетіңіз Бәтима апай!

Наурыз Қылышбаев, Алматы облысының Құрметті азаматы.

ТОҚСАННЫҢ ТӨРІНДЕ

Ой-санам кеткен күнді сараласын, Қиялым қияндарды араласын. Ел-жұрттың жүгін талмай көтеретін, Көрдім мен салиқалы ел анасын, – деп толғаған екен сарқандық ақын Жомарт Игіман өзінің жыр жауһарында ел анасы жайлы. Шынымен де  бақытты балалықтың бал дәмін емес, кермегін көп татқан жан табан етін сөгіп, маңдай терін төгіп жүріп Еңбек Ері атанып, ел анасына айналды. Бұл бүгінде тоқсанның төріне шыққан Бәтима апа Есболатқызы еді.

«Ағынды менің Ақсуым, арқырап әлі ағарсың», – деп құлагер ақын Ілияс атамыздың жырына арқау болып, қарапайым ғана сөздермен ғаламат суреттелген байтақ өлкеміздің қойнауы құт, топырағы киелі Ақсудың бойында жарық дүниеге келген Бәтима апамыздың өмірі шынымен де, соқтықпалы соқпақты тағдырға толы еді. Әкесі Есболат пен анасы Камалдың көзін ашып көргені, перзентім деп аузын ашып өпкені ең әуелі осы Бәтима апамыз болыпты. Артынан ерген төрт сіңлісін де мынау жарық дүниенің жамалында бірге жасауға жазбапты. Бірінен кейін бірі сәби шағында-ақ арғы өмірге аттанып кете барған. Асқар таудай әкесін орда бұзар отызында қақаған қыстың боранды бір күнінде ажал құшағына орап әкетсе, анасы жиырма бес жасында жесір атанып, көп ұзамай ол кісі де мәңгілік өмірге кете барған. Осылайша тағдыр тауқыметін тартқан жан небір ауыртпалықты басынан өткерсе де, қайсарлығымен соның бәрін жеңіп шығып, тоқсанның төріне де келді. Тәлім ала білетін адам болса аяулы ананың өмірі тәрбие мектебі екені анық. Бұл бір ғана отбасына арналған мектеп емес, Отанымыздың көшін алға тартамын деген еңбекқор жандардың бәрі де үлгі алатын ғибратты ғұмыр жолы. Осы жолдың бір сүрлеуімен жүру менің де маңдайыма бұйырыпты. Бәтима апаны он бес жылдан бері білетін болсам, соның он жылында етене таныс бола бастадым. Әуелі өнердің қара шаңырағы саналған театрда еңбек етіп жүргенімде асабалық кәсіппен айналысатын кезім. Отау құрған жастардан бастап, ел ағаларының, еңбекпен есейген аналарымыздың мерейлі тойының тізгінін ұстау бірнеше мәрте бұйырған еді. Сондай сәттерде алғашқы сөзді алып, тойдың шымылдығын ашып беретін құрметті жандардың көшін осы Бәтима апам бастап тұратын. Алғашында сол әулеттің ет бауыр жақыны, жанашыры деп қабылдағаныммен, кейіннен көптеген той-қуаныш пен айтулы мерекелерде де жақсы бастаманың шымылдығын ашып, аналық батасын беріп жүргенін жиі көретін болдым. Беделі биік, абыройы асқақ жан екенін көкейіме түйіп жүріп, көрген сәтте бала пейілмен алдынан шығып амандасып, анаға деген құрметімді білдіріп жүрдім. Сол күндердің бірінде өмір арнасы мені театр әлемінен бір сәт те ойлап көрмеген журналистика айдынына бұрып әкетті. Мемлекет және қоғам қайраткерлерімен араласу, келелі кездесулерден ой түйіп, айтулы жиындарды насихаттау негізгі жұмысыма айналғандықтан көптеген басқосулардың басы-қасында жүруге тура келеді. Міне, осы кездерде Бәтима Есболатқызының өмір жолымен кеңінен танысып, еңбегімен ер атанған ананың тағылымды жылдарынан сабақ ала бастадым. Осыдан он жыл бұрын Бәтима апаның сексен жылдық мерейтойы қарсаңында «Елмен бірге есейдім» атты естеліктер мен лебіздерге толы кітабы жарық көрді. Жинақтан Бәтима апа өмірінің соншалықты ауыртпалыққа толы өткенін оқып, ер мінезді қайсарлығына таңғалдым. Міне, сол кітапты парақтап отырмын. «Неңді сенің аңсаймын, бала шағым?!» деген шағын тақырыппен басталған ғұмырнамалық жинақтағы қасіретке толы жылдар көз алдымнан кино ленталарындай өтіп жатыр. Мен ол кісінің тек табан ет, маңдай терінің жемісін көрген осы кезін ғана жақсы біледі екенмін. Бүгінгі абырой биігіне көтеріліп, ел анасына айналған асқақ шыңнан көз салсақ, бақытсыз балалық шақ деп айтуға келмейтіндей. Анығына келсек, шыныменде өзі айтып отырғандай аңсайтындай, сағынатындай балалық ғұмыр басынан өтпепті. Буыны қатпай жатып жетімдіктің қамытын киген нәзік жанды Бәтима апа өмір жолында болаттай шыңдалып, тағдырының ауыр жүгін арқалап, ерге бергісіз қайсарлық танытыпты. Бүгінгі ұрпақ осындай ер мінезді асыл аналардың еңбегімен келген осы бір бейбіт те берекелі заманның бағасын біліп, уақытында қадірлей алса ғой деген үміт оты жылт ете қалады көңіл төрінен. Содан ба, әйтеуір өлең жолдары еріксіз өріле кетті ойыма: Асыл ана тіршілік гүлін еккен, Көз жіберсем жолыңа жүріп өткен. Қилы тағдыр көрсең де мойымаған, О, киелім, не деген құдіретті ең.

Өткерсең де өмірдің дауыл күнін, Ертегідей көресің бәрін бүгін. Жаулығыңның ұшына жаның түйіп, Тағдырыңның көтердің ауыр жүгін. Адал еңбектің өтеуі қашан да болатыны ақиқат. Соноу жылдары мектепте қатардағы мұғалім болып еңбек жолын бастап, өмір баспалдақтары биліктің биігіне дейін шығарған жылдарға көз жіберсе, Бәтима апа ұялатын ештеңе жоқ. Керісінше, осындай қиыр-қиыр жолдан қалай өткенмін деп өзіне-өзі  таңғалуға болатындай. Басты ұстанымы – адалдық, ұлттық салт-дәстүрін бабалар аманаты деп қарау, ұрпақ алдындағы жауапкершілік кешегі кеңестік қоғамда да бүгінгі тәуелсіз елімізде де Бәтима Есболатқызы деген ананың болмысын қалыптастырып, тұлғасын тарих бетіне алып шықты. Сол аяулы жан дәл бүгін тоқсан жастың төріне шықты. Қос ғасыр, екі дәуірдің куәгері болған аяулы анаға балалық тілекпен жүзжылдық мерейтойдың төрінде отыруды сұрадым Жаратқаннан. Балалықтың кермек дәмі бұл күнде бақыттың балын ұсынды. Алматы обысының Құрметті азаматы атанып, Жетісудың ел анасына айналдыңыз. Еңбекпен өрілген өмірдің нәтижесі өнегелі жол болып, жас ұрпақты жарқын болашаққа шақырып тұрғандай. Маңдай тердің өтеуі деген осы болар, аяулы ана!

Жұматай Оспанұлы