Тірегіміз – татулық

Тәуелсіздігімізді төрткүл дүниеге паш етіп қана қоймай, көршілес елдермен мемлекеттік шекарамызды заңнама талабына сай бекіткен тұңғыш жетістігіміз еліміздің бірлігі мен ішкі тұрақтылығына алтын арқау болды. Бірлік пен тыныштық орнады. Дүние жүзінің барлық мемлекетіне даңғыл жол тағы ашылды.

«Ырыс алды – ынтымақ» деген даналықты ұстанған қазақстандықтар тізе қосып, экономикалық тұрғыдан өсу жолдарын қарастырды. Сөйтіп, әлемдегі дамыған өркениетті 50 елдің қатарынан орын алуға талпынған жайымыз бар. Біле білсек, бұл Елбасының ширек ғасырдан бергі қажымай, үнемі жақсылыққа бастай білген ерен еңбегінің бір парасы. Татулықты тірек етпей, алға басушылық болмайтынын әлемде болып жатқан түрлі саяси оқиғалар көрсетіп отыр. Сондықтан, біздің елде құрылған достық институтының, яғни Қазақстан халқы Ассамблеясы рөлінің зор екенін қанша қайталап айтсақ та артық емес.

Мемлекеттік ұлттық саясаттың негізінде сенім, салт-дәстүр және толеранттылық секілді асыл құндылықтар жатыр. Бүгін оны әрбір қазақстандық түсініп келеді. Тәуелсіздіктің 25-ші белесінде биылғы жылы Алғыс айту күнін алғаш атап өтуіміз де жайдан-жай емес. Ең алдымен, бұл бүгінгі күні Қазақстанда үйлесім мен өзара түсіністік орнатқан, бірлік пен ынтымаққа негізделген мемлекеттік саясаттың салтанатты көрінісі. Көгілдір көктемнің бірінші күні Жетісудағы 103 этнос өкілі Елбасының туған өлкесінде алғашқы көзайым қуанышты жоғары деңгейде атап өттік. Шыны керек, елге еш тосқауыл қойылмағандықтан, Алғыс айту күні аясында өңірде екі жүзден астам шара өткізіліп, оған 50 мыңдай тұрғын тартылды.

Осы екі жүз шараның әрқайсысы жетісулықтардың қоғамдық-саяси өміріне оң әсерін тигізді деп ойлаймын. Алғыс айту арқылы адамдар арасындағы түсіністіктің, сыйластықтың жаңа қыры ашылды. Түрлі этнос өкілдері бір-біріне ризашылық білдіріп, риясыз көңілін де танытқанының куәсі болдық. Бұл, әлбетте қуана құптарлық жайт емес пе?! Игі қадам халқымыздың тыныштығын бекемдей түсті.

Бүгінде Алғыс айту күні кең қанат жайып, халықтың санасына сіңісіп келеді. Нақты мысал келтірсем, 1 наурыз – Алғыс айту күні аясында Қаратал ауданының Бастөбе аумағында депортацияға ұшыраған

этностар өкілдері орнатқан «Қазақ халқына мың алғыс» атты монументтің жанында салтанатты митинг өтті. Қаратал ауданының құрметті азаматы М.Гвак, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, облыстық «Огни Алатау» газетінің бас редакторы А.Идигов, күрд этномәдени бірлестігінің белсендісі Г.Асланоглы өз сөздерінде тағдырдың тәлкегіне ұшыраған этнос өкілдерімен бір үзім нанды бөлісіп жеп, үйіне паналата білген дарқан көңіл, қонақжай қазақ еліне шексіз алғысын білдірді. Шара барысында аудандық мектеп оқушылары «Қазақ халқына тағзым» атты әдеби-шығармашылық композициясын көрсетті. Салтанатты шара аудандық Мәдениет үйінде өнер ұжымдары әзірлеген концерттік бағдарламамен жалғасты.

Қазақта «Қуанса, бала қуансын» деген жақсы сөз бар. Соны жете түсінетін білім саласы қызметкерлері 26 ақпан 1 наурыз аралығында Алғыс айту күніне орай, барлық мектепте ынтымақты, патриотизмді, достықты, қазақстандық бірегейлікті қалыптастыру мақсатында «Алғыс білдіремін!», «Елбасына мың алғыс!», «Мектебім сені жақсы көремін», «Ұстазыма алғыс айтамын», «Қазақ еліне мың тағзым!», «Шын жүректен!», «Жүректен шыққан жылы сөз», «Біз татумыз», «Алғысымыз шексіз!» тақырыптарында жазған шығармалар байқауы өткізілгені де құптарлық. Мәтінді мәнерлеп оқудан жарысып, әр мектепте сынып, тәрбие сағаттары, салтанатты жиындар өткізілгенін де бүлдіршіндер шаттана айтқаны қуаныштарын білдірмей ме?! «Ата-анам – алтын тұғырым», «Нұрлы өмір», «Байтақ елім», «Ризашылық пен алғыс» тақырыптарында сурет және фотосурет көрмелері ұйымдастырылып, байқау, көрме жеңімпаздары марапатталғаны тағы бар. Екшей білсек, бұл да бүлдіршіндер жетістігі, ең бастысы, түрлі этнос өкілдерінен тараған ұрпақ татулығына бастайтын жол.

Алғыс айту күні аясында өткізілген қайырымдылық шараларында 132 адамға, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі, көп балалы, аз қамтылған отбасылардың балаларына, мүгедектерге, соғыс және тыл ардагерлеріне, жалғыз басты жандарға 3 897 203 теңге көлемінде материалдық және қаржылай көмек көрсетілді. «Облыстық славян қозғалысы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Біз – Қазақстан халқымыз» форумында Мемлекет басшысының «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі талқыланды. Поляк халқының күштеп қоныс аударылуының 80 жылдығына арналған «Киелі мекеніміз – Қазақстан» форумына қоғамдық келісім, аналар, «Ұлағат» ақсақалдар кеңестерінің мүшелері, зиялы қауым өкілдері мен бұқаралық ақпарат құралдары қатысты. Тарихи бейнефильм көрсетіліп, нақты деректерді пайдалана отырып, қоғамдық келісім, қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту бағытындағы баяндамалар тыңдалды. Негізі, Қазақстан халқы Ассамблеясы жұмысында түрлі қоғамдық ұйымдар ерекше рөл атқарады. Осы орайда, ең алдымен, ардагерлеріміз бен ұлттық саясатты қалыптастырудың басында тұрған бастамашылдар үлесінің зор болғанын айта кету керек.

Бұл жас ұрпақты қазақстандық біртектілік рухында тәрбиелеуде үлкен үлес қосып келе жатқан қозғаушы күш деуге болады. Сол қоғамдық ұйымдардың бірі – Аналар кеңесі жастардың тәрбиесіне өзіндік орнын айшықтады. І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік унивеситетінің жанынан құрылған Ассамблеяның ғылыми-сараптамалық тобы ауқымды ғылыми талдау жұмыстарын атқаруда. ҚХА кафедрасы түрлі өзекті мәселелер бойынша ғылыми-зерттеулер жасап, этносаралық жағдайларға мониторинг жасайды. Жуырда медиация бағыты бойын-ша Алматы облыстық соты, «Нұр Отан» партиясының филиалы және ҚХА Алматы облыстық филиалы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Достық үйінде медиация кабинеті ашылып, «сенім телефоны» жұмыс істейді. Дәл осындай кабинеттер облыстың барлық аудан, қалаларында бар. Осыдан үш жыл бұрын ҚХА-ның жаңа міндеттеріне байланысты ел аумақтарында қоғамдық келісім кеңестері құрылып, оларға әкімдіктер жанынан консультативтік-кеңес беру міндеттерін орындау жүктелді. Бұл орайда, облыста басталған жүйелі жұмысты әрбір ауылдарға дейін жеткізу көзделген. Жергілікті атқарушы органдар мен қоғамдық институттардың арасында өзара байланысты жетілдіру үшін бүгінгі күні 252 қоғамдық келісім кеңесі жұмыс істейді. Олар қоғамның өзін өзі басқаруын қалыптастыра отырып, азаматтық белсенділікке ынталандыруда. Сөйтіп, өзін еліміздің тұрақтылығы мен бірлігінің сенімді факторы ретінде орнықтырып үлгерді. Бұл ұйым жыл басынан бері тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін шешуге қатысты төрт жүзден астам отырыс өткізіпті. Қоғамдық келісім кеңесінің «Ауылым – алтын бесігім» атты облыстық қорытынды форумы Алакөл, Қарасай, Панфилов, Іле және басқа да аудандардағы кеңестер жұмысының қаншалықты тиімді екенін көрсетіп берді. Облыстық ҚХА басты бағыттарының бірі ретінде қайырымдылық шараларына зор мән беріп келеді. Мәселен, жыл басынан бері түрлі қайырымдылық шаралары нәтижесінде көмекке зәру 350 адамға 20 миллион теңге көлемінде көмек көрсетілген. Сондай-ақ, біз «Асыл бала» республикалық қауымдастығымен өзара әріптестік ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойдық.

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «Мәңгілік Ел» пойызы» жалпы-республикалық жобасы жылдың маңызды оқиғаларының бірі болды. Халықтың мақсатты топтарымен түрлі мамандар кездесіп, жұмыс жүргізді. Денсаулық сақтау, әлеуметтік көмек пен өтемақы төлеу, аграрлық сала, құқықтық сипаттағы және басқа да мәселелер бойынша қажетті кеңестер берілді. Бұл шарада жалпы саны бес мың адам тиісті кеңес алды. Облыстық Ассамблея биылғы шараларының

денін Тәуелсіздіктің 25 жылдығының аясында өткізіп отыр. Жиырма бес жыл – ширек ғасыр. Осы ширек ғасыр шежіресі Ақсуда өткен «Тәуелсіз елдің тарихы – Ұлы Дала перзенттері», Қапшағайдағы «Біз – Қазақстан халқы» облыстық форумдары, «Балқар, күрд, корей, татар мәдениеті күндері», Славян жазуы мен мәдениетінің күніне арқау болды. Биыл Талдықорған қаласында алғаш рет болгар халқының Раушан фестивалі ұйымдастырылды. Оған қоса, «Таубұлақ» экологиялық лагерінің базасында ұлттық ойындар фестивалі өткізілді. Бір мезгілде жаппай «Мәңгілік Ел – патриоттық актісі» тақырыбына диктант жазу шарасы да қолға алынды. Мемлекеттік тілді білуге қатысты емтиханға түрлі жастағы 1800-ге жуық адам қатысты.Өзі құрылғаннан бергі кезеңде ҚХА тек қана бірліктің насихатшысы ғана емес, елдің экономикалық қуатын арттыруға белсене атсалысып келеді. Бұл туралы ҚХА-ның соңғы «Тәуелсіздік. Келісім. Болашағы бір ұлт» атты ХХІV сессиясында да айтылып, оның соңы «Мәңгілік Ел» атты патриоттық актісін қабылдауға ұласты. Елбасы «Мәңгілік Ел» патриоттық актісін жалпыұлттық құндылықтарды жинақтаған, Қазақстанның даму тағдыры үшін мемлекет – қоғам – азамат үштігінің өзара жауапкершілігін айқындаған құнды құжат екенін атап өткен еді.

2015 жылы Алматы облысында жалпы өңірлік өнім 4,1%-ға өсіп, 2 трлн. 84 млрд.теңгені құраса, биылғы жылы 2% өсім қамтамасыз етеміз деген жоспар бар. Әлеуметтік-экономикалық дамуымыздағы табыстың кілті – татулықта. «Қазақстан-2050» Стратегиясындағы негізгі міндет татулық, ынтымақ, бірлік екені мәлім. ҚХА Алматы облыстық филиалы мүшелері бизнес құрылымдарын сауатты басқарып, облыстың қоғамдық өміріне белсенді араласуда. Мемлекеттік саясатқа сай атқарған жұмыстарында ұстанымдарын ел ішінде білдіріп отырады. Жаңа жұмыс орындарын ашу, осыған дейін халықты еңбекке тартып отырған жұмыс орындарын сақтап қалу, кадрларды қайта даярлауға жағдай жасау, заманауи экономикалық және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға белсенді бизнес өкілдері оң ықпал етуде. Ең бастысы, өзара жауапкершілікті, қолдауды сезіну бізге күш-жігер береді. Аудан, қала әкімдері «Мәңгілік Ел» патриоттық актісінің бірлік, бейбітшілік, келісім деген баға жетпес құндылығын әрбір шаңыраққа жеткізу үшін этномәдени бірлестіктердің әлеуетін кеңінен пайдалануда. Оның дәлелі жетіп артылады. Әрбір елді мекенде Ассамблея аясында қайырымдылық шаралары үйлесім тауып, әлеуметтік бағыттағы жұмыс көптеп атқарылуда. Оны қарапайым халық көріп, екшеп, жақсы бағасын беріп отыр. Сондықтан, қоғамдық келісім кеңестерінің рөлін күшейту мақсатында М.Тынышбаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану музейінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында және Жамбыл Жабаевтың 170 жылдығына арнап, облыстық «Бірлік» жастар қауымдастығы мен І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік

университеті пікірлесу алаңын ұйымдастырды. Шараға танымал қоғам қайраткерлері, ғалымдар, тарихшылар, тіл мамандары, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестіктердің төрағалары, жастар қауымдастығының белсенділері қатысты.

Қорыта айтқанда, еліміздегі көп этносты аймақ ретінде Жетісу жеріндегі облыстық Ассамблеяның маңызы ерекше екенін тағы бір айтып өткім келеді. Алматы облыстық Ассамблея бұдан әрі де ел игілігі үшін тыныштық пен татулық жолында тер төгіп, өңіріміз өзара сыйластық пен сенімнің жарқын үлгісі бола береді деп сенемін.

Амандық БАТАЛОВ,

Алматы облысының әкімі,

Қазақстан халқы Ассамблеясы Алматы облыстық филиалының төрағасы

"Егемен Қазақстан" газетінің 10.08. 2016 күнгі №152 саны