ТАҒДЫРЫҢДЫ ЖАРҒА ЖЫҚПА
2016 ж. 02 желтоқсан
1138
0
Бүгінгі күні Қазақстандағы конфессионалдық қауіпсіздікті қамтамассыз ету, сондай-ақ экстремизм мен терроризмге қарсы күрес ең күрделі мәселеге айналып отыр.
Қазақстан-да бүгінгі күні діни сенім бостандығы жарияланған. Әркім қай дінге сенемін десе де, өзі таңдайды. Бірақ ең бастысы – ол адамдарды психологиялық жағынан жарымжан етпеуі, адамдардың тағдырын жарға жықпауы керек, оларды елдің мемлекеттік саясатына қарсы қоймауы тиіс.
Расында бүкіл әлем қазіргі кезде бейбітшілікке ұмтылуда. Бірінші кезекте соның дәлелі ретінде біздің елімізді айтуға болады. Кез-келген қоғамда, соның ішінде қазақстандық қоғамда діннің маңызы ерекше екенін және жастар өмірінде оның белгілі орны бар екенін ескеруіміз керек.
Қазақстанда түрлі діни ағымдар жұмыс істейді. Бүгінгі күні мейірімділік пен татулық, моралдық нормаларына жауап беретін дұрыс бағыттағы діни ағымдарды танып, айыра білуіміз керек. Қазіргі кезде жастарға тоталитарлық секталар үлкен қауіп төндіруде.
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының бірінші съезінің жабылуында, Қазақстан Президенті өзінің сөзінде: «Дін атын жамылған бірлестіктердің саны мен әсерінің артуы проблемасына да назарларыңызды аударғым келеді. Ол барлық елдерде дерлік бар және негізінен әлемдегі барлық қиындықтарда солар қатысушы болып отыр. Олардың көпшілігі танымал себептермен анау айтқандай қиянатсыз емес идеясын насихаттайды, қайырымдылық шараларын жасағансиды, соның салдарынан тек қана азаматтық қоғамдағы ғана емес, сонымен қатар мемлекеттің сеніміне де селкеу түсіруі мүмкін. Біз мұндай ұйымдарға қарсы тұрып, азаматтарымызды кез-келген жағымсыз ықпалдан қорғай отырып, олардың қызметіне тосқауыл қоюымыз қажет», - деген болатын. Жастардың дінге деген көзқарасы ең алдымен оның дінге алғаш рет қай тұрғыда бетпе-бет келгеніне (жеке өзі, отбасылық дауда және т.б.), оған оның эмоциялық жағынан қалай әсер еткеніне, сол бүкіл ақпаратты санасында қалай қабылдағанына байланысты.
Шындығында, әсіресе, жасөспірімдерде өмірінің дәл сол кезеңдерінде дүниеге көзқарастары қалыптасады, санасының жетілу процесі жүріп жатады. Осы өтпелі кезеңді дәстүрлі емес дін өкілдері дөп басып пайдаланғысы келеді. Сол кезеңде жастардың басын жылдам айналдырып, теріс пиғылды ойларын санасына сіңіріп, қажетсіз бағытқа бастап, теріс жолға сала алады.
Қазақстанның соңғы онжылдықтағы және азаматтық қоғам негіздерінің қалыптасу процесіндегі саяси өміріне келсек, елдегі саяси ахуал динамикасы демократиялық қоғамның бүкіләлемдік заңдылықтарына сәйкес дамыды, дегенмен тоталитаризмнен жаңа жүйеге ауысқан кездегі туындаған шарасыз айрықша ерекшеліктер де орын алды. Еліміздің Тәуелсіздік алғанына көп уақыт өтпей-ақ, талай іргелі істер атқарылды, біз алдыға нық қадам басып келеміз. Жастар да өзінің түп-тамырындағы дәстүрлі дініне бет бұрып, бүгінгі күнге дейін рухани негізін іздеу үстінде.
Дәстүрлі емес діни ұйымдар мен әртүрлі діни мектептері өз идеологияларын ұлттық идеология ретінде түсіндіруде. Осы үрдісті үкімет пен конфессияның рухани көшбасшылары ерекше бақылап, зерделеуі қажет.
Бүгінгі шақта азаматтардың түрлі бағыттағы ақпараттарды, оның ішінде діни сипаттағы ақпараттарды алуға да мүмкіндіктері зор. Дін мәселесіне байланысты мәліметтер негізінен адамды иландыруға қатысты болғандықтан, ондай мәліметтермен танысқанда неғұрлым сақ болу керек. Тіпті ақпараттың барлығы да сенімді және дұрыс дей алмаймыз.
Осы мақсатта: Біз тыйым салынған кітаптардың жасырын таратылуын доғаруымыз керек. Себебі, барлық осы экстремистік қозғалыстар мемлекетіміздің іргесін сөгіп, әсіресе балаларымыздың психикасына орасан зор зиянын тигізеді.
Соңғы кездері көрініс беріп отырған Орта Азияға ықпал ету аймақтарын қайта бөлісу республика халқын ислам ұйымдарына тартуға мүдделі мұсылман елдері тарапынан көптің назарын Қазақстанға аударды.
Ақпараттың шынайылығы мен жалғандығын анықтау үшін Ислам туралы дұрыс білім керек. Қателессек немесе жазылған жолдардың мағынасын дұрыс түсінбей қалсақ, бізге қай жерде қалай қателескенімізді білу үшін тиісті мамандардан сұрауымыз қажет (ол үшін Қазақстан Мұсылмандарының Діни Басқармасы бекіткен имамдары бар).
Әртүрлі радикалды діни ағымдардағы жастардың психологиялық тәуелділігі феноменінің кең таралуы бүгінгі әлемде қауіпті үрдіске айналып барады.
Сондықтан мектептегі, жоғары оқу орындарындағы білім беру жүйесі жастардың дінтану негіздерінен толыққанды хабардар болуымен сабақтасуы керек.
Бүгінгі әлемде ақпараттар легі және олардың сандық та, сапалық та өзгерістері өте жылдам қарқынмен артып келеді. Меңгеруі мен қорытуына бірнеше буын ғұмырын арнаған сол ақпараттар бүгінгі күні бірнеше жылда-ақ ескіріп қалуы мүмкін. Басқаша айтқанда, жастар жаңа ақпараттарды өз бетінше жеткілікті деңгейде қорытып, оның қолдану алгоритмін жасай алмайды, соған сәйкес белгілі бір деструктивті діни бірлестіктер туралы ақпараттармен жұмыс істеу машығы жоқтықтан солар үшін ойлап, солар үшін шешетін үстемдердің ықпалында кетеді. Олар өмірде әлеуметтік тұрғыда нендей нәрселерге ұмтылу керектігін, сол бағдармаланған мақсаттарды қандай тиімді жолмен іске асыру қажеттігін, неге қуанып, неден қашу керектігін шешеді. Тәжірибесіз жас діни ойындар мен соғыстардың «қалайы солдатына» айналғанын өзі де білмей қалады.
Бағдарламаның негізгі мақсаты жастардың қиын сәттерде дербес, жан-жақты салмақталған шешім қабылдауына қажетті сыни тұрғыда ойлау машығын қалыптастыру болуы тиіс. Тек білімді қолдана отырып, дін мен радикалды діни ұйымдардың арасын ажырата алады. Алға қойылған мақсат жастар мен жасөспірімдердің діни сауаттылығын дамытуға: арбау әрекеттеріне қарсы тұру мен залалсыздандырудың жеке мінез-құлықтық алгоритмін қалыптастыруға, адамгершілік және этикалық құндылықтарды, отаншылдық пен толеранттылықты қалыптастыратын оның негіздерімен танысуға ықпал етеді. Мұндай бағдарлама барысындағы семинар кезінде бағдарламаға қатысушылар радикалды, деструктивті діни ағымдардың әрекеттерін залалсыздандырудың қарапайым және тиімді тәсілдеріне жаттыға алатын еді. Сондықтан, жастардың радикалды діни ағымдарына тәуелділікті қалыптастыруға не ықпал ететінін білген маңызды. Ең жақсы қорғаныс – оны көре алу мен айыра білу қабілетінің болуы.
Жастар мен тәжірибесі жоқ азаматтар осындай ағымдармен бетпе-бет келгенде тығырыққа тіреледі. Олар өз қатарластарымен, отбасы мүшелерімен қарым-қатынас жасаудан бас тартады. Психологиялық шиеленіс арта түседі, тіпті олардың кейбірі кездейсоқ шешім қабылдайды. Біреулері үйден кетіп қалса, енді бірі өз-өзіне қол жұмсауға дейін барады. Әртүрлі жолдармен сектаға тартылған көптеген жас уақыт өте келе өз таңдауы үшін өкіне бастайды. Бірақ қателікті түзету қиынға соғады. Діни секталардың жетекшілері түрлі тәсілдермен (физикалық күш көрсету, психикалық қысым жасау т.б.) оларды қатарынан шығармауға тырысады.
Тілек білдіргендер үшін радикалды діни ағымдардың есігі қашанда ашық. Алайда олар үнемі өз мүшелерінің құқығын бұзады, оларға «сананы бақылау» деп аталатын белгілі бір тәсілдерді қолдану арқылы зиян шектіреді. Әсіресе, қатарларына жаңадан қосылған жастарды жасырын түрде ерекше бақылайды. Олардың тексеру тесті мен бағасы, басқа да өзгерістері арнайы журналдар мен картотекаға тіркеліп отырады.
Жастарды радикалды діни ағымдардың ықпалында кетірмеу мақсатында облыстық прокуратура тарапынан ҚР Конституциясының және «Діни сенім бостандығы, сонымен қатар діни бірлестіктер туралы» Заңы үнемі БАҚ арқылы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Мұндай мәселелер діни сауатсыз, ысылмаған жастар көбіне шахид рөлін орындайтын діни экстремизм мен терроризмнің белең алуы салдарынан пайда болды. Экстремистік көзқарастағы адамдар қызметіндегі проблема. Ал экстремизм – бұл кез-келген діни оқытудың бұрмалануы. Қазақстан – көпұлтты және көп конфессиалды мемлекет.
Мектептер мен жоғары оқу орындарында әлемдік және дәстүрлі діндердің шіркеулеріне, соборларына, мешіттеріне жиі экскурсия жасау ұйымдастырылып тұрса нұр үстіне нұр болар еді. Сол сияқты «Дінтану» курстарын жаппай енгізу қажет. Себебі, дәл қазіргі кезде жастардың діни және рухани мәселелері «қолдан қолға көшіп» жүр. Рухани мәселе бүгінгі күні жаттықтыруды, шынықтыруды қажет етеді. Дәл қазір жаппай технологияланған және интернетке оңай қолжетімді кезеңде ысылмаған санаға жүгінген жастар теріс жолға түсіп жатады. Ал жан бізге дұрыс бағытты, биік құндылықты, рухани жолды нұсқайтын ішкі дауысымызды тыңдату үшін аса қажет екенін естен шығармауға шақырамыз.
М.САРПЕКОВ,
Алматы облысы Іле ауданының прокуроры