Жетісуда білім деңгейі жоғары

МӘҢГІЛІК ЕЛДІҢ МАТЕМАТИКТЕРІ

Дубай төрінде қазақтың даңқы асқақтады. Ұлы дала елінен Біріккен Араб Әмірлігіне есепке жүйрік 68 бала аттанып, «UCMAS» академиясының халықаралық жарысынан жүлделі оралды. Бес құрлықты біріктірген логиканың бәсекесі Дубай қаласындағы «Hamdan sports complex» кешенінде өтті. Араб түбегінде ту тіккен ақыл жарысына Жетісу жерінен Медина ҚҰРМАНБАЕВА мен Гайнель ДУБЕКОВА қатысып, өз деңгейлері бойынша екінші және үшінші орын алып қайтты.

«UCMAS» академиясы жарысты осымен 21-нші рет ұйымдастырып отыр. Ментальді арифметика бойынша өтетін сайыстың талабы өте жоғары. Дубайдағы додаға тек қалалық, облыстық және республикалық байқауларда қатаң іріктеуден сүрінбей өткен абсолютті жүзден жүйріктер жолдама алды. Бүкіләлемдік ойша есептеу жарысына 4000 оқушы қатысты. Байқау кезінде үкілеген логиканың үздіктері үшін 57 республиканың жанкүйерлері тақымын қысты. Арифметиканы шемішкеше шағатын жас шәкірттер небәрі 8 минутта 200 мысал есепті шығаруы тиіс болды. Біздің облыстан барған Медина Құрманбаева № 5 М.Ломоносов атындағы орта мектептің оқушысы. Ал Гайнел Дубекова Талдықорғанның іргесіндегі Қарабұлақ орта мектебінің шәкірті. Сегіз жасар Мединаның мерейін тасытқан жарыс оңай болған жоқ. Өз деңгейінде мыңдаған оқушының арасынан оза шабу үлкен ерлікпен пара-пар. Он үш жастағы Гайнель де үшінші орнымен қалың қазақтың атын әлемге әйгіледі. «Ақыл – жастан, асыл – тастан» деп дана халқымыз тектен-текке айтпаса керек-ті. Жарыстан қазақстандық оқушылардың қоржыны бос қайтпады. Он екі ойға жүйрік жас өрен жүлде алып, елдің даңқын шығарды. Әр республикадан келген балалар «Beads for peace» атты ұранның аясында бас қосты. «Әлемге ортақ шар» деген мағына үстейтін бұл сөйлем адамның ақылында шекара жоқтығын дәлелдеп, бәріміздің бірлігіміз бен татулығымызды нығайта түседі. – Жарысқа бес құрлықтың балалары қатысып отырғандығы мені қатты қуантады, – дейді ойша есептеудің бағдарламасын құрып, жарыс талаптарының негізін қалаған Дино Вонг. – Мейлі, АҚШ, мейлі Ұлыбритания, мейлі, Үндістан болсын, бәрібір, кез келген мемлекетте балалар бірдей. Мәселен, Еуразияның кіндігі Қазақстанды алып қарайықшы. Мұнда біздің бесжылдық бағдарлама бар. Мұнда ата-аналар балаларын оқытуға, олардың жарқын болашағы үшін тер төгуге әрқашан дайын. Нәтижесінде, Қазақстан үшінші жыл қатарынан жүлделі орындармен қайтып жүр. Ойы терең, есепке жүйрік жастардың қатарында Ресейдің телевизиялық шоуына қатысқан, Қазақстанның жас данышпаны Данияр Құрманбаев, «калькулятор бала» атанған Ілияс Тоқтархан бар. Дубайда қазақтың абыройын асырып қайтқан жеткіншектер жеңістерін Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнады. Мектептің математиктерін тақымын қысып, тілеулес болып отырған туған елі күтіп алды. Қазақстанның озық ойлы оқушылары осымен сырт елдегі сайысқа үшінші мәрте қатысып отыр. Өткен жылы Таяу Шығыс елдерінен барған 3000 оқушының арасынан қазақстандық Тайыр Оспанов бесінші орын алған еді. Ал Үндістанның астанасы Нью-Делиде ұйымдастырылған халықаралық байқауда бір топ қазақстандық бес алтын, он бір күміс және бірнеше қола медаль тағып қайтқан. Жылдамдықты талап ететін дүниежүзілік жарыста Бақтияр Байбосынов, Максим Саруханов, Байжігіт Әли сынды қазақ оқушылары қиын да күрделі мысалдардың жауабын дәл тауып, ойша есептеуден әрдайым алда келеді.

КІШКЕНТАЙ ЖҮРЕКТЕГІ ҮЛКЕН ӨНЕР

Жетісу жұртшылығы өнер десе ішкен асын жерге қояды. Бағзыдан бабаларымыз ән-күйге жақын. Соның сарқыты іспеттес болған бүгінгінің балалары да өнер жолында құр алақан емес. Оны біз облыс әкімінің жүлдесі үшін өтетін XIV облыстық «Жетісу жұлдыздары – 2016» балалар байқауынан білдік. Ел егемендігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған ән-би кеші көңіл көкжиегін кеңейтіп, балалар шығармашылығын шыңдай түсті. 

Жас өнерпаздардың басын қосқан байқаудың басты мақсаты – балалар шығармашылығын дамыту, музыкалық-эстетикалық танымдарын арттырып, жер жаннаты Жетісу өрендерінің өнерлерін көпшілікке насихаттау. Шаттықты шараға аймақтан алдыға шығып, аудандық сыннан сүрінбей өткен  жас өнерпаздар жолдама алды.  Аталмыш  байқау осымен 14-рет өткізіліп отыр. Дәстүрлі өнер бәсекесіне қатысуға ниет білдіргендер саны жыл санап артып келеді. Қорытынды концертке қыркүйек айынан басталған бәйгеден іріктеліп, топ жарған таланттар қатысты.  Қазылар алқасы – республикалық байқаулардың лауреаты  Серікбол  Шыныбаев, ҚР  мәдениет  саласының  үздігі  Бақытгүл Әбенова, Сүйінбай атындағы облыстық филармониясының «Алтынай» МБА бас балетмейстері Анар Жабықбаева, облыстық халық шығармашылығы орталығының бөлім меңгерушісі Асқар Қалиұлы және жеке дауыстағы әнші Медет Қызбаев. Сайысқа 5 пен 15 жас аралығындағы өнерпаздар қатысты. Олар эстрадалық және дәстүрлі ән, хореография бойынша өз өнерлерін ортаға салып, талантын таныта білді. Көрермен қошеметі барлық қатысушының мерейін тасытты. Жанды дауыста ән шырқап, сахналанған бейнелер арқылы би көрсеткендерге деген құрмет толастамады.  Барлығы да жоғары дайындықпен келген. Биылғы байқау талаптары ерекше. Өйткені, балалар жанды дауыста қиын композицияларды орындады. Бағыты белгілі, бағдары биік балалар бұл жолда мүдірмеді. Мәселен, Отан, туған жер тақырыбындағы вокалдық шеберлік пен ерекше дауыс қажет ететін патриоттық әндерді айна-қатесіз орындап шықты. Өзінің қолтаңбасын қалдырып үлгерген байқау қатысушыларының ынта-жігері, қабілет-қарымы сайыста анық көрінді. Қазылар алқасы балалар шығармашылығының шыңдалып, өнерге деген қызығушылықтарының ерек екенін тілге тиек етті.  Жас өнерпаздардың арасында, домбырамен күй төгіп, дәстүрлі әнді дәріптегендер де болды. Ғаламтор сананы жаулап, шетелдің әуені баураған заманда жас та болса жұртына деген сүйіспеншілік танытып, дәстүрлі ән шырқап, күмбірлете күй төккен өрендер тәнті етті. Аудан, қалалардан келген жас өнерпаздар әнді шебер шырқап, мың бұрала билеп ақтық сынға 24 үміткер жолдама алған болатын. Дегенмен, өнер сайысы болғандықтан, жеңімпаздың шығуы заңдылық. Бәйге алғандардың басым көпшілігі кішкентай өрендер. Үлкен өнерді жанына серік етіп, үлкен сахнаға шыққандары да алғашқы рет. Қазылар алқасының шешімімен олардың ішінен ән номинациясы бойынша бас жүлдені Текелі қаласынан келген Шәрбәт Сыдық алса, Еңбекшіқазақ ауданынан келген «Ясмин» би тобы мың бұралған биімен мәреге жетіп, жеңімпаз атанды. Жеңімпаздар ендігі кезекте республикалық және халықаралық байқауларға қатыспақ. Атадан қалған асыл өнерді жалғастырып, ән әуелетіп, күй қалқытып, «Бұлақ көрсең – көзін аш»,  демекші жас дарындарды шыңдаған шараның берері мол  екеніне шүбә жоқ. Кішкентай жүректерімен үлкен өнерге үңіле білген балақайлар осы үрдістерін үзбесе үлкен додада топ жаратындары сөзсіз.

САПАЛЫ БІЛІМ КЕПІЛІ

Елбасы Н. Назарбаевтың «Ел болашағы – жас ұрпақтың қолында» деп айтқанындай, бүгінгі мектеп оқушылары – ертеңгі тәуелсіз еліміздің тірегі. Сол өскелең ұрпақты білімді де саналы, өркениет көшіне ілескен, бастысы бәсекеге қабілетті тұлға етіп тәрбиелеу – бүгінгі ұстаздардың басты міндеті. 

Расында, ертеңгі күннің бүгінгіден нұрлы болуы тек білімге ғана байланысты. Сол себептен де қазіргі білім беру ісіне өзгертулер енгізіліп, жаңа мазмұнға ие болуда. Оқытудың жаңа жүйесін қабылдауымызға байланысты күнделікті сабақ беру әдісін де соның талаптарына сай құру қажеттігі туындап отыр. Бұл, әрине, ұстаздар қауымынан үлкен күш-жігер мен жаңа ізденісті талап етеді. Осы орайда жуырда «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы мен Іле аудандық әдістемелік кабинеттің ұйымдастыруымен Ақши ауылындағы №8 орта мектепте «Білім сапасын көтеруде жаңа технологияларды ұтымды пайдалану» тақырыбымен облыс көлеміндегі ауқымды семинар өтті. Шараның басты мақсаты – білім беру мазмұнын жаңарту аясында инновациялық технологиялар арқылы өзара тәжірибе алмасу, оқу мен оқытудағы кедергілер мен мәселелерді талқылап, мұғалімдердің кәсіби өсуіне қолдау көрсету. Шалғайдағы ауыл мектебі болса да бұл білім ошағында заманауи технологиялар кеңінен қолданылады. Ғаламтор, интерактивті тақта, қашықтан оқыту жүйесі де қолжетімді. Аталған білім шаңырағындағы  ұстаздардың ортақ мақсаты – оқушылардың білімі мен іскерлік дағдысын, мәдениеттілігін арттырып, қабілеттерін, шығармашылық мүмкіндіктерін қалыптастыру. Осы уақытқа дейін мектеп директоры Фарида Байгонусованың  басқаруымен мектептің жеткен жетістіктері де аз емес. Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Б. Абдрохманованың күнделікті бақылауымен жүргізілген бұл  мектептегі әрбір 45 минут жүйелі түрде өткізіледі десек те артық болмас. Семинарда аталмыш мектептің ұстаздары өз тәжірибелерін ортаға салды. Атап айтар болсақ, Зере Алыбаеваның қазақ тілі пәнінен 4-сыныпта өткізген «Сөйлем» тақырыбындағы сабағы мен Раушан Кулиеваның әдебиеттік оқу пәнінен «Киелі жеті саны» тақырыбындағы сабағы жоғары деңгейде өтсе, Айжан Икибаеваның, Амина Кемербаеваның 1-сынып оқушыларымен өткізген семинар сабақтары көпшіліктің көңілінен шықты. Сол секілді  Наталья Мальсагова, Бақыт Омарова сынды мектептің белді ұстаздары өз сабақтарында жаңа технологияларды тиімді пайдалана отырып, жоғары деңгейде өз тәжірибесімен бөлісті.  Сабақтар барысында жеті модульді кіріктіріп, сыни тұрғысынан ойлау стратегияларын қолдануы, Блум токсономиясына негіздеп сабақты жоспарлауы, бастауыш сынып оқушылары бірін-бірі критерийлер арқылы бағалауы үлкен жетістік болды.  Мектептегі бастауыш сынып мұғалімдерінен құралған «Балдырған»  әдістемелік бірлестігінің жетекшісі, жоғары санатты ұстаз Разия Манасованың бұл шараның жоғары деңгейде өткізілуіне қосқан еңбегін атап кетпесе болмас. Семинар соңында мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Нурзия Чонгитованың жүргізуімен  «Оқу мен оқытудағы көшбасшылық» тақырыбында коучинг өткізілді. Онда әрбір мектептен жиналған ұстаздар қауымы өзара топтасып, қызықты тапсырмалар орындап, әртүрлі ой-пікірлерді талқылады. Өзге мектептен келген мұғалімдер «Семинар сабақтар маған ұнады»,  «Білмеген әдіс-тәсілдерді үйреніп, қажеттісін өзіме түртіп алдым» деген лебіздерін жеткізіп, семинардың жоғары деңгейде өткендігін айтып, мектеп ұжымының еңбегіне жеміс тіледі. Шараның қорытындысы ретінде өз тәжірибесін ортаға салған №8 орта мектептің  ұстаздары «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының Мақтау қағаздарымен марапатталды. Жаңа технология – сапалы білім кепілі. Заман талабына сай жаңа технология әдістерін үйретіп, бағыт-бағдар беруші – ұстаздар қауымы. Олар оқушыларды жаңартылған оқу бағдарламасына бейімдеуші тұлға. «Мұғалім – өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім. Оқуды, ізденуді тоқтатысымен оның мұғалімдігі де жойылады» демекші, білім беру мазмұнын жаңарту аясында өз кәсіби біліктілігімізді шыңдап, құзыреттілігімізді қалыптастырсақ қана тиімді нәтижеге жетеміз деп сеніммен айта аламыз.

ЖЕТІСУЛЫҚ ЖЕТКІНШЕКТЕР ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФЕСТИВАЛЬДІҢ ЖЕҢІМПАЗЫ

Жуырда Алматы қаласында «Балалар әлемді бейнелейді. Орталық Азия 2015-2016» ЮНЕСКО халықаралық фес­тивалі өтті. Әлемнің бірқатар елдері, атап айтар болсақ, Үндістан, Қазақстан, Қытай, Корея, Қырғызстан, Монғолия, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан және Жапония­ның 7 мыңға жуық жас суретшілерін қамтыған жоба шығармашыл жастардың дамуын, аймақ мемлекеттерінің достастығын нығайтуға бағытталған. Фес­тиваль аясында балаларға бейнелеу және қолөнер саласында шебер-класс, достастық кеші, әр мемлекеттің мәдениетін таныстыру және еліміздің оңтүстік астанасына ауқымды саяхат ұйымдас­тырылған.

Осындай халықаралық дәрежедегі жобаға біздің облыстың да жас-жеткіншектері белсене қатысып, өздерінің ең үздік туындыларын өткізген болатын. Олардың ішінен іріктеліп алынған бірқатар сурет «Балалар әлемді бейнелейді. Азия» арнайы альбомына енген. Бұл қатарда Талдықорған қаласындағы балалар көркемсурет және №22 Еңбек орта мектептерінің, Текелі қаласы мен Сарқан ауданы оқушыларының туындылары бар. Осыған орай Талдықорған қаласындағы балалар көркемсурет мектебінде облысымыздың дарынды шәкірттерін марапаттау шарасы өтіп, оларға халықаралық фестивальдің жеңімпаздары ретінде дипломдар мен сертификаттар табыс етілді. Осы ретте кітапқа суреттері енген, диплом иегерлері №22 орта мектептің дарынды оқушылары Ерлан Келдібаев пен Расима Айсайды ерекше айта кетуге болады. Ерланның «Ғарышкер» атты туындысы жұмбақ ғаламды суреттеуімен дараланса, Расиманың «Автопортреті» әдемілікке құштар суретші қыз­дың бейнесімен айшықталды. Жас қылқалам шеберлерінің осындай әсем туынды бейнелеуінде оларды өнерге баулып жүрген ұстазы, №22 Еңбек орта мектебінің сурет пәні мұғалімі Өміржан Нөгербековтің еңбегі мол. Оқушылардың дарынын байқап, таудай талабына қанат бітіріп жүрген ұстаздар қауымы екені рас. Осындай ұлағатты жандар мен дарынды шәкірттердің қатары көбейе берсін дейміз.