ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ГЕНЕРАЛДАРЫ
2016 ж. 01 желтоқсан
2437
0
Бар ғұмырын ат үстінде алдаспан асынып өткізген өр Махамбет айтпақшы, «еңку-еңку жер шалмай, егеулі найза қолға алмай, ерлердің ісі біткен» емес. Ерге бес қаруын асынып, етігімен су кешсе ғана жарасар. Ер ер екенін танытқысы келсе, алтын ұя – Отанын сын сағатта соңғы демі қалғанша қорғаса керек-ті. Махамбет жырға қосқан «ерлердің ісі» сонда ғана бітеді. Ұлан-ғайыр жердің әрбір ұлтарақтай бөлшегі мен «сары бала, қара қазан қамы» үшін атқа қонған қазақ көп. Кешегінің сом білекті, ақ найзалы батырлары мен бүгінгінің генералдары топтастырылған жаңа кітап жарыққа шықты. Әлі сиясы кеппеген жинақ «Ұлы даланың генералдары» деп аталады.
Жаңа кітап Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Ұлт Көшбасшысы қорының қолдауымен жарық көрді. Кітаптың ең басты ерекшелігі, қазақ халқының арғы-бергі тарихында қол бастаған батырлардың қоғамдық-саяси өмірдегі қызметі мен ерлігі берілген. Сондай-ақ, бүгінгі жоғары әскери шенділердің ерлікке бастайтын өнегелі ғұмырынан да сыр шертіледі. Әсіресе, Қазақ хандығы тұсындағы жасақтың әскери құрылымы, мыңбасы, түменбасы, ноян сияқты шендерге жан-жақты түсініктеме беріледі.
Шыңғысхан тұсында қалыптасқан әскери құрылым атаулары Қазақ хандығының жасағында да жалғасын тапты. Кітапта Алтын орда, Ақ орда және Көк орда кезеңіндегі қаған атауын оқырманға бүгінгі лауазыммен түсіндіреді. Тарихтағы әскери құрылымдардан тамыр тартқан кітап өте мазмұнды. Ол дәуірде де әскери сала жан-жақты жетілген еді. Қол бастаған батырлардың қатарындағы Мұқали да бүгінгінің тілімен айтқанда генералиссимус – ең жоғары әскери атақ иегері болған. Авторлар жинақта Ресей империясы кезіндегі туыстық мұрагерлікпен берілетін генералдық шенге де тоқталады.
«Ұлы Дала генералдарының» оқырмандарына арнап Елбасы кітаптың алғашқы бетіне алғысөз жазған. Мұнда жаңа жинақтың арқау еткен тақырыбы мен қысқаша мазмұны қамтылған. Әрі кітаптың болашақ ұрпаққа отансүйгіштік тәрбие берудегі маңызы айтылады. «Бұл кітап бар ғұмырын Отанға қалтқысыз қызмет етуге арнаған Қазақстан генералдарының ерен ерлігі жайында баяндайды, – дейді Мемлекет басшысы алғысөзде. – Әскери мамандықтың ең нәзік тұстарына дейін толық меңгерген, бар қиындықтарды еңсерген және Отанға риясыз қызмет етудің бүкіл сатысынан өткен адам ғана генерал атанады. Бұл – шын мәнінде өз тағдырынан сан толғаулы әңгіме айта алатын әрі қайсар, әрі ең мықты жандардың жолы».
Жаңа кітап қазақстандық генералдардың бірнеше буынын әңгімелейді. Сонау ХVІІ ғасырдан бастап бүгінге дейінгі әскери шенділердің ерлікке толы өмірі, атап айтқанда, соғыс ардагерлері мен қазіргі таңдағы қауіпсіздік саласының, құқық қорғаушылардың ерен істері кім-кімді де бей-жай қалдырмайды. Атап өтерлігі, кітапқа генерал шенін абыроймен арқалаған біздің облыстың мақтаныштары да еніпті.
Кітапта 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі Ғабит Миразовтың мағыналы да жарқын өмірінен сыр шертіледі. Жамбыл облысының Жуалы ауданында туған ол егемендіктің қарсаңында Қазақ ұлттық университетінің заң факультетін тамамдайды. Ғабиттың әкесі Төре Ұлы Отан соғысына қатысқан өнегелі адам. Болашақ прокурор көп балалы отбасынан шықты. Анасы Зухра жеті баланы тәрбиелеп өсірді. Әкесі тәрізді Ғабит те екі жыл Ауғанстандағы шиеленіскен ұрыстарға қатысады. Міне, содан бергі ширек ғасырда прокуратура саласында абыройлы еңбек етеді. Алматы, Қапшағай қалаларында, Ақмола, Оңтүстік Қазақстан облыстарында жұмыс істеді. Бүгінге дейін ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталған әрі прокуратураның Құрметті қызметкері, сондай-ақ, І дәрежелі озаты.
Облыс прокуроры Ғабит Миразовтың сыбайлас жемқорлықты жою бағытында атқарған жұмысы ұшан-теңіз. Елбасы өзінің халыққа Жолдауында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте мемлекет пен халық біртұтас майдан ашуы керектігін, жемқорлықтың жай ғана құқық бұзушылық еместігін, оның мемлекеттің тиімділігіне қатысты сенімге селкеу түсіріп, ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретінін атап өтіп, күрес заңнамасын жетілдіру арқылы аса қауіпті қоғамдық дертті түбірімен жою қажеттігін ескерткен болатын. Ғабит Төреұлы осы бағытта облыстық прокуратура органдарының сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы заңнама талаптарының сақталуына баса назар аударып отыр.
«Бұл жұмыс негізінде жауапты мемлекеттік қызмет атқарып отырған лауазым иелерінің мемлекетімізге және азаматтарымызға едәуір зиян келтіріп отырған құқықбұзушылықтарын анықтап, олардың жолын кесуге бағытталуда, – дейді облыс прокуроры өзінің «Жегіқұрт» атты мақаласында. – Анықталған заңбұзушылықтарды жою шаралары міндетті түрде қолданыла отырып, тиісті тексерулер жүргізеді, заңдарға түсінік беріп, бұқаралық ақпарат құралдарында материалдар жариялайды».
Ғабит Миразовтың айтуынша, мемлекеттік сатып алулар мен жер қатынастарында сыбайлас жемқорлық жиі кездеседі. Дауларды сот арқылы шешу кезінде де жең ұшынан жалғасқан әрекеттер баршылық. Прокурор мұндай жымысқы әрекеттен кеден бекеттері де қалыс қалып отырмағанын айтады. Мақала түйінінде жемқорлықтың жегіқұрт екені көрсетіліп, мемлекет мүддесінен өз пайдасын артық көретін лауазым иелерінің заңсыз әрекеті жазасыз қалмау керектігі сөз болады. Сонымен қатар, облыста кәсіпкерлердің, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау бағытында да өрелі жұмыстар атқарылып жатыр.
Алаяқтыққа қарсы әрекет ету де бүгінгі таңда өзекті. Мұндай келеңсіз әрекетке ұрынғандар қоғамда көп. Заңсыздықтың үлкені яки кішісі болмайтынын Ғабит Төреұлы осындайда үнемі айтып келеді. Тұрғындармен ортақ түсінікте болу үшін облыс прокуроры «Нұр Отан» партиясымен бірлесіп қоғамдық қабылдау өткізіп тұрады. Сондай-ақ, Ашық есік күндерін ұйымдастырады. Ғабит Миразов заңды белден басқан жымысқы әрекеттердің қай-қайсысы да жазасыз қалмайтындығын, олардың қылмысы көп ұзамай әшкереленетінін түсіндіруден танған емес.
Мәселен, осы аптада ғана облыс прокуроры Ғабит Миразов «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында азаматтарды қабылдады. Келушілердің өтініштері негізінен қылмыстық процестің сотқа дейінгі сатысы органдарының шешімдеріне шағымдармен, азаматтық істер бойынша сот актілеріне, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық салаға байланысты болды. Ғ.Миразов өтініш иелерінің уәждеріне жан-жақты тексеріс жүргізуді, заңдылықтың бұзылуы анықталған кезде, прокурорлық қадағалау актілерін енгізуді және бұзылған құқықтарды қалпына келтіру жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды. Осындай игі істер мен бастамалар прокуратура саласында күнде жалғасын тауып жатады.
Ұлттық қауіпсіздіктің генерал-майоры Сәбит Құрманәлиевтің есімі жаңа жинақта ерекше аталады. Ол Хантәңірінің баурайында балалық шағын өткізді. Жалаңаш ауылындағы орта мектепті аяқтаған соң Жол құрылысы институтына оқуға түседі. Отан алдындағы борышын өтеп келгеннен кейін «автомобиль және автомобиль шаруашылығы» мамандығын алып шығады. Ал 2001 жылы Абай атындағы ҚазҰПУ-дың «құқықтану» мамандығын меңгереді. 1994 жылдан бері ұлттық қауіпсіздік саласында абыроймен жұмысын жалғастырып келеді. 2013 жылдың қарашасында ҚР ҰҚК облыс бойынша департамент басшысы болып тағайындалды. Осы аралықта ол өз саласындағы мінсіз қызметі үшін көптеген марапат алды. Атап айтқанда, «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі үлесі үшін» медальдары мен «Құрмет» орденінің иегері. Былтыр ғана Сәбит Тұңғышбайұлына жоғары офицерлік арнайы атақ – ұлттық қауіпсіздіктің генерал-майоры шені берілді.
Полиция генерал-майоры Мұрат Ұрұмхановтың құқық қорғау саласында жүріп өткен жолы кітаптың 404-ші бетінде тұр. ҚР Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері 1963 жылы Сарқан ауданында туған. Қарағандыдағы Ішкі істер министрлігінің жоғары мектебін құқықтану мамандығы бойынша аяқтаған түлекке танымал актерлар В. Высоцкий мен В. Конкин сомдаған милиционерлердің қалтқысыз қызметі үлкен әсер қалдырады. Содан бергі отыз жылдан астам уақыт бойы құқық қорғау қызметін атқарып келеді. Бүгінде облыстық ішкі істер департаментінің бастығы. Сонымен бірге, ол «Ерлігі үшін», «Ішкі істер органдарына мінсіз қызметі үшін», «Ішкі істер органдарының ардагері» сынды медальдармен марапатталған.
Облыстық ІІД бастығы Мұрат Жәлелұлының да бастамасы көп. Жарқын істердің жанында қашанда жақсы жүреді ғой. Атап айтқанда, көршілер бақылауы арқылы облыста қоғамдық тәртіп орнай бастады. Бұл – қылмысты алдын алудың ең кең таралған тиімді тәсілі. Оның мақсаты – үйді және есік алдын неғұрлым қауіпсіз ету. Ол үшін әр тұрғын көршілерімен бірлесіп, өз үйін қылмыскерлерден қорғауы тиіс. Бұл тәртіп сақшыларына айтарлықтай көмек. Себебі, тұрғындар тәртіп бұзушылықты немесе күдік тудыратын оқиғаларды көзі шалып, дереу полицияға хабарласа, қылмыскерді тез арада ұстау мүмкін болады. Көршілер бақылауына әркім өз еркімен қатысады. Себебі, адам өз қауіпсіздігіне ең бірінші өзі жауапты. Сондықтан, үй шаруашылығындағы адамдар, зейнеткерлер, балалар аулада, подъезде не болып жатқандығын терезеден не болмаса есіктің көз әйнегінен бақыласа, жұмысбасты тұрғындар үй арасындағы ұйымдастыру жұмыстарын мойындарына алады. Қоғам тарапынан осындай бірлескен жұмыс көшеде және қоғамдық ортада орын алатын қылмыстардың санын азайтпақ.
Тағы бір атап кететін жайт, генерал-майор Мұрат Ұрұмхановтың бастамасымен Алматы облысында спорт кешені ашылды. Спорт – тәннің сауықтырушысы. Дені саудың – денесі ширақ. Өткен ғасырдың 80-ші жылдарының ортасында салынған ғимаратқа қосымша нысандар салынып, кешен жаңарып шыға келді. Облыстық ІІД басшысы, полиция генерал-майоры Мұрат Ұрұмхановтың өтініші бойынша облыс әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен қайтадан жаңғырған нысанның құрылысына 365 миллион 504 мың 652 теңге жұмсалды. Жиналғандарға бокс және күрес залдарын, жүзу бассейнін, фитнес жаттығу залын, волейбол және баскетбол залдарын, шағын асханамен таныстырған ІІД бастығы, полиция генерал-майоры Мұрат Ұрұмханов көпшілікті кешеннің ашылу салтанатына арналған шағын футбол және волейбол ойындарының финалдық жарысына бастады.
Спорт біріншілігіне облыстық әкімдік, ҰҚК облыстық департаменті, облыстық ішкі істер департаменті, Алматы қаласының ішкі істер департаменті, мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің облыстық департаменті, төтенше жағдайлар департаменті командалары қатысып, тартысқа толы кездесуде бақ сынап, ең үздіктер арнайы кубок және бағалы сыйлықпен марапатталды. Мұрат Жәлелұлы – қашанда маңайына спортпен сергектік сыйлап жүретін ширақ жан. Генерал-майор нөлдік төзбеушілік бойынша да жарқын жұмыстардың бастамашысы. Сонымен бірге, учаскелік инспекторларға арналған тұрғын үй кешенін салуды қолға алды. Шалғайға қызмет ауыстырған тәртіп сақшылары баспанадан қиындық көрмеуі тиіс. Сақшы отбасын жайлы баспанаға орналастырып, қызметін алаңсыз жалғастыра білгені абзал. Әрі үйі қызмет орнына жақын болады. Осындай игілікті істің басы-қасында облыстық ІІД бастығы жүретіні қуантады.
Жаңа жинақты «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігі ұйымдастырып, баспаға ұсынған. Аталған кеңес екі дүркін Кеңес Одағының Батыры, авиация генерал-майоры Талғат Бигелдинов пен ҚР Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовке, Алматы облысының әкімдігіне, бірнеше қор мен кәсіпорындарға алғыс айтқан. Кітап – жоғары оқу орындарындағы курсанттарға, әскери-патриоттық салаға қызығатын адамдарға таптырмас рухани құрал. Әсіресе, генерал болуды армандайтын кез келген қатардағы жауынгер үшін кітаптың құны жоғары.
Қуаныш ТҰНҒАТАР,
"Жетісу" газеті