Жетісу өңірінің экономикасы ілгерілеуде
2016 ж. 01 желтоқсан
1635
0
АЛҒАШҚЫ ҚАНТ АЛЫНДЫ
Көзді ашып-жұмғанша күздің екінші айының орта тұсына да аяқ бастық. Тәтті түбір өсіруге ден қойған диқандар да күздің әр күнін қалт жібермей, тиімді пайдалануда. Осы ретте облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ «Көксу қант зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болып, ондағы қауырт тірлікпен танысты. Зауыт алаңында үйілген қызылшаны көріп, одан алынған алғашқы қанттың дәмін татты.
Облыс басшысын аталмыш серіктестіктің құрылтайшысы Нұрлан Тілеубаев қарсы алды. Амандық Ғаббасұлы бастаған топ алдымен кәсіпорынды тұтастай аралап, іркіліссіз жүріп жатқан жұмысты көрді. Мұндағы жұмыс үрдісі негізінен озық қондырғылардың күшімен автоматты түрде жүзеге асырылуда. Оны білікті мамандар басқарады. Зауытқа жеткізілген өнім құрылғылар арқылы жуылып, шайылып, туралып, тәтті қантқа айналып жатыр. Облыс басшысы сол жерде қантты алақанына салып, дәмін татып көрді. Бұдан соң өнім қапталып, қатталып, тиісті орындарға жөнелтілетін цех жұмысына назар аударылды. Байқағанымыздай, жаңа жүйеде жұмыс атқарып тұрған өндіріс орнындағы құрылғылардың басым бөлігі жаңаланыпты. Нұрлан Тілеубаевтың айтуынша, биыл қомақты қаржы құйылып, өндіріс орны жаңғыртылған. Сөйтіп, барлық жүйе автоматтандырылыпты. Яғни, бұл өнімділікті көтеріп, электр қуатын тұтыну көлемін азайтуға ықпал еткен. Жаңғырту жұмыстары келесі жылы да жалғаспақ. Жақсы істің жаршысы бола білген Амандық Ғаббасұлы бұдан соң қызылша қабылдау пунктіне барып, алаңда үйілген ат басындай қызылша түбірлеріне көңіл аударды. Сол жерде шаруалармен тілдесіп, қал-жағдайларын білді. Қызылшашылар биыл өнімнің мол болғанын, алды гектарынан 600-700 центнерден тәтті түбір жинағандарын айтып, арқа-жарқа болды. Тіркемелеріне қызылша тиеген автокөліктер кезек күтіп, дақылды өткізуге асығуда. – Біз осы маусымдағы алғашқы қантты алдық. Мұндай жақсылыққа мемлекеттің қолдауы мен қажырлы еңбектің, бірлесе атқарған жұмыстың нәтижесінде қол жеткізіп отырмыз. Облыс бойынша биыл 6800 гектар жерге тәтті түбір себілді. Шамамен 240-250 мың тонна өнім жиналады деп көзделуде. Одан 24-25 мың тонна қант алынады. Қызылша алқабының көлемін жылдан жылға ұлғайтатын боламыз. Яғни, алынатын қант көлемі де өсе түспек. Алдағы уақытта Қарабұлақ, Алакөл, Ақсу қант зауыттарын іске қосу жоспарда бар. Қабылданған кешенді шаралар Мемлекет басшысының халықты отандық қантпен қамтамасыз ету туралы тапсырмасын абыроймен орындауға серпін береді деген ойдамыз. Ішкі қажеттілікті өтегеннен кейін біз өнімді экспортқа шығаруға талпынатын боламыз, – деді Амандық Ғаббасұлы. Сондай-ақ, өңір басшысы қызылша өсіретін аудандарда тәтті түбір қабылдайтын пункттер ашылатынын айтты. Онда зауыт құрылтайшылары зертхана мен өлшеу құрылғыларын орнатпақ. Қызылшашылар өсірген тәтті түбірді қабылдау пунктіне әкеліп тапсырады, ал құрылтайшылар оны зауытқа өз күштерімен жеткізеді. Есептесу жергілікті жерде сол мезетте жүргізіледі. Көксу ауданындағы қабылдау пунктінде қабылдау ісін жылдамдатуға серпін беретін германиялық құрылғы қойылмақ. Осылайша, зауытқа өнім әкелген шаруалар қызылшаны өсіру мен өткізуді жеңілдетуде қолға алынатын жаңалықтарды естіп, ризашылықтарын білдірді.
БАҒАЛЫ ДАҚЫЛДЫҢ БАБЫ КӨП
Еңбек Ері Зылиха Тамшыбаеваның 80 жылдығына орай Көксу ауылшаруашылық колледжінде «Алматы облысын қант қызылшасын дамыту болашағы және жандануы» атты ғылыми-теориялық конференция өтті. Онда қант қызылшасын өсірудің түйткілді тұстары баяндалып, еңбеккерлердің қолын байлап отырған кемшіліктерді жою жолдары сөз болды. Конференцияны облыстық ауылшаруашылық басқармасының басшысы Сексембай Бекішов жүргізіп, ауылшаруашылық саласының білгір ғалымдары баяндама оқыды.
Шара аясында облыстың Құрметті азаматы Наурыз Қылышбаев пен Көксу ауданының Құрметті азаматы Ақжолтай Көлбаев Зылиха апамыздың адами болмысы мен өңірдің өркендеуіне қосқан үлесі жайын тілге тиек етті. Ал Қазақ егін және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, профессор С. Кененбаев, осы институттың Талдықорған филиалының қант қызылшасы бөлімінің басшысы К. Қонысбеков пен инситуттың минералды қорек және агроэкология бөлімінің бас ғылыми қызметкері Е. Сүлейменов, экономика ғылымдарының докторы А. Шәріпов, «Жетісу» ӘКК ҰҚ»АҚ-нің агротехнология бойынша кеңесшісі А. Бексұлтанов баяндама оқыды. Олар отандық селекцияның қант қызылшасы сорттары мен будандарын шығару мен оны өндіріске енгізу бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын таныстырып, тұқым шаруашылығын дамыту жолдарын түсіндірді. Сондай-ақ, қант қызылшасын өсірудің инновациялық технологиялары мен кооперацияға бірігудің тиімділігін айтып, мол өнім алу мүмкіндіктерін саралады. Ғалымдардың айтуынша, бүгінде күнделікті қолданатынымыз – шетелдік қант қамысынан жасалған шекер. Ал оның тәттілігі жергілікті өнімнен әлдеқайда төмен. Қазіргі кезде басымдыққа ие дақылдар қатарына жататын және күтімді қажет ететін қызылшаның бейнеті де жетіп-артылады. Өйткені оны өсіруде көбісі қол еңбегіне сүйенеді. Кезінде осындай тәтті дақылды өсірудегі қиындыққа қарамастан Жетісудың абыройын аспандатқан қаншама еңбек адамы абыройға бөленіп, жоғары марапаттарға ие болды. Сол қатарда Зылиха апамыздың атының да ерекше құрметпен аталатыны анық. Зылиха Жанболатқызының мамандығы мал дәрігері болса да Еңбекші ұжымшарын басқарып тұрған кезінде қант қызылшасының әр гектарынан 600 центнерден өнім алып, бүкіл одаққа танымал болыпты. Осыдан-ақ, апамыздың еңбексүйгіштігін, біліктілігін, жауапкершілігін, ұйымдастырушылық қабілетін аңғаруға болады. Ал технологиясы дамыған, өндірісі өркендеген бүгінгі таңда неліктен сондай жетістікке жете алмай отырмыз? Кеңес одағы кезінде елімізде 80 мың гектарға дейін қант қызылшасы себілген екен. Апамызбен ұзақ жылдар бірге жұмыс жасаған Ақжолтай Көлбаев ағамыздың айтуынша, 1979 жылы Еңбекші ұжымшары қант зауытына 78 мың тонна қант қызылшасын өткізіпті. Кейінгі жылдары бұл көрсеткіш бір жарым мың гектарға дейін төмендеген. Осы олқылықтың орнын толтыруға Елбасының Жетісу жеріне келген іссапары барысында қант қызылшасын қайта түлету жөнінде берген тапсырмасы айтарлықтай ықпал еткен. Жүктелген міндетті ойдағыдай орындау үшін облыс әкімі Амандық Баталов өткен жылы егіс көлемін 4 мың гектарға жеткізсе, биыл 6 мың гектардан асырып, одан мол өнім алу мүмкіндігіне негіз қалауда. Жоғары жетістікке қол жеткізуге Үкімет тарапынан да барынша қолдау көрсетіліп, демеуқаржы қарастырылып отыр. 2020 жылға қарай бағалы дақыл себілетін жер аумағы 14 мың гектарға жетіп, облысты сапалы қантпен қамтамасыз ету қиындығы шешілмек. Ол үшін тыңғылықты жұмыс, жүйелі басқару, белсенді еңбек керек. Осы тұста ғалымдар: «Зылиха Тамшыбаеваның қант қызылшасын өсірудегі озық тәжірибесін өндіріске қолдану артықтық етпейді» деген пікірде. Қалай десек те тәтті түбірдің күтіп-бапталуы жүйеге келтіріліп, механикаландырылса, қызылшашылар бұл дақылды егіп, өсіруден бас тартпайтыны рас. Сонда қаншама ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылып, тұрмысын түзетер еді. Пайдалы дақылға деген көзқарастың қайта өзгеріп, жаңалыққа бетбұрыс жасалынуы да сондықтан болса керек. Зылиха апамызға арналған конференция көпшілікке осындай терең ой салды.
ТҰРМЫСТЫҚ ЗАТТАР ШЫҒАРЫЛАДЫ
Қарасай ауданында орналасқан «Colden and Younq» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмыс істеп келе жатқанына бес жылдай уақыт болды. Осы аралықта көпке танымал болып үлгерген серіктестіктің қазіргі тірліктері жаман емес.
Аталған кәсіпорын күнделікті тұрмыста қолданылатын сабын, шампунь, тіс пастасы сияқты әртүрлі жуғыш заттар мен тазартқыштар және косметикалық бұйымдар шығарумен айналысады. Дайын өнімдері елдің түкпір-түкпіріне таралады. Сондай-ақ, үлкен сұранысқа ие. Өйткені, мұнда саннан гөрі сапаға көп мән берілген. Ол үшін арнайы зертхана жұмыс істейді. Қырғызстанға да экспортталады. Кәсіпорынның іші-сырты мұнтаздай тазалығымен көз тартады. Бәрі өз орнында. Жұмысшылар да өз істерінің білгірі екендігін бірден аңғартады. Олар өз істерін шебер меңгеріп, жұмыс үрдісін қыздырып жатыр. Қалай десек те әлде бір шаруаны бастап, оны одан әрі дөңгелетіп әкету оңай емес. Алдымен оған қомақты қаражат, содан соң ынта мен жігер, ептілік қажет. Әйтсе де қолына түскен қаржыны ұқсатып, пайдаға асыру ақылды керек етеді. Мұндағы жұмыс барысын әңгімелеген өндіріс жөніндегі жетекші Олег Зубков: – Біз мемлекеттік «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында 154 миллион теңгеден астам несие алып, ол қаражатты осы зауыттың құрылысына жұмсадық. Одан бөлек 25 миллион теңге несиені айналымдағы қаржыны толтыруға алдық. «Даму» қоры 12 миллион 500 мың теңгеге кепілдік берді. Осының арқасында өндіріс ауқымы кеңейіп, өнім көлемі артты, – дейді. Мемлекет қолдауының арқасында биыл жаңа ғимарат салып, істерін одан әрі жандандырып жатқан кәсіпорын қазір тұрмыстық заттардың жүзден астам түрін өндіреді. Ал айына жүз тонна өнім дайындалады. Оған қажет шикізат шетелден әкелінеді. Ыдыстары Павлодарда жасалынады. Өндірісте жиырмадан аса адам еңбек етеді. Басым бөлігі тәжірибелі мамандар. Орташа жалақылары тоқсан мыңнан асады. Өнім бағасы шетелдікіне қарағанда бірнеше пайызға төмен. Алдағы уақытта Астанада да филиалдарын ашып, істерін одан әрі өрістетпек.
КӨГІЛДІР ОТЫН КЕЛЕР КҮН ЖАҚЫН
Біраз жыл бұрын Алматы қаласының маңындағы елді мекендер көгілдір отынмен қамтамасыз етілсе, 2014 жылы басталған «Алматы – Талдықорған» магистральді газ құбырын салу жобасы өткен жылдан бері қарқын алып, бірқатар қауырт шаруа тындырылды. Нәтижесінде, талдықорғандықтар табиғи газдың қызығын жуық арада көргелі отыр. Ол облыс орталығы мен оның маңындағы аудан тұрғындарының тіршілігіне серпін беріп, өндіріске өзгеше қан жүгіртеді деп күтілуде. Әсіресе, өңір кәсіпкерлері құбыр газының мазут пен қатты отынға тәуелділіктен құтқарып, сан-салалы кәсіпті өркендетуге жол ашатынына сенімді. Демек, табиғи газдың келуі өлкемізге өзгеше өң кіргізетіндігі анық. Десек те, ауқымды жобаның атқарылуы оңай болған жоқ. Сондықтан осы жобаның жүргізілу барысын тереңірек зерделеп, нақтылы жағдайға талдау жасап көру мақсатында сала мамандарымен пікірлесіп, қатысты мекемелердің жұмыс жағдайымен танысып шықтық.
Облыстық энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметіне сүйенсек, бүгінде облысымызда 741 елді мекенде 2 миллионға жуық адам тіршілік етеді. Десе де, қазіргі шарт-жағдай бойынша 473 елді мекенге қоныстанған бір жарым миллион адамды ғана газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік бар. Алдын ала болжам бойынша осы елді мекендерді тұтастай газбен қамту үшін 3,3 мың шақырым газ желісін тарту керек.
Өткен жылдың 1-қаңтарындағы мәлімет бойынша облысымыздағы 66 елді мекендегі 359,5 мың адам газ желісіне қосылған. Ал жыл соңына дейін жүргізілген жұмыс нәтижесінде табиғи газды тұтынатындар саны 446,6 мың адамға жетіп, газбен қамту салыстырмасы облыс бойынша 20,7 пайызға жетті. Ал биыл сол жұмыс жалғасып, 604 мың адам тұратын 98 елді мекенге көгілдір отын келді. Алдағы уақытта жоспарланған 39 елді мекенге газ жетсе облыстың газбен қамту көрсеткіші 29 пайызға көтеріледі.
2014 жылы облысымызда «Алматы – Байсерке – Талғар» магистральді газ құбыры тартылды. Жоба бойынша, оның ұзындығы 64,4 шақырымды, ал құны 7,8 млрд. теңгені құрады. Осы желі арқылы Іле, Талғар аудандарындағы 10 елді мекен көгілдір отынның қызығын көрді. Сонымен қатар, өткен жылы қауырт қолға алынған «Алматы – Талдықорған» магистральді газ құбырының құрылысы аяқталса, облыстың 3 қала, 7 ауданындағы 409,8 мың адам табиғи газбен қамтамасыз етілетін болады. Бүгінде 260 шақырым ұзындықты алып жатқан «Алматы – Талдықорған» магистральді газ құбырының 240 шақырымы төселген. Сондай-ақ, облыстық бюджеттен «ЖетісуОблГаз» ЖШС-іне 3,0 млрд. теңге бөлініп, ауылдарды газдандыру мақсатында игерілуде. Осы қаржының 2,3 млрд. теңгесі Талдықорған қалаішілік газбен қамту желісінің 1-ші кезеңдік жобасын атқаруға жұмсалады. 440,4 млн. теңге Көксу ауданындағы Балпық би, 272,5 млн. теңге Іле ауданындағы Ақши газ қабылдау, тарату пункттерінің құрылыс жұмысына жұмсалады. Мұнымен қоса өңірлерге газ желілерін тарту үшін облыстық бюджеттен қосымша 546 млн. теңге бөлініп, 6 жоба іске асырылуда. Сондай-ақ, облыстық бюджеттен құрылыс құны 9,1 млрд. теңгені құрайтын 15 елді мекенді газдандыруға арналған жобаның сметалық құжатын жасауға 345,1 млн. теңге бөлініп отыр.
Өңірлерді газдандыруда Қапшағай газ қабылдау, бөлу стансысының құрылысына баса мән берілуде. Аталған нысанның барлық жоспары «Қапшағай аймақтық газ желілері» ЖШС-нің қаражатымен жүргізілуде. Қазірге дейін 1,6 млрд. теңге инвестиция тартылып, 63,1 шақырым қалаішілік газ құбырының желісі орнатылған. Оның 27,0 шақырымы жоғары қысымды, 36,1 шақырымы төмен қысымды құбырлар. Сонымен қатар, Қапшағай қаласының маңында «Қапшағай – Байсерке» магистральді газ құбырын төсеу жұмысы да қыза түскен. Аталған магистральдің қала маңындағы құны 4,4 млрд. теңге болатын 44 шақырымына газ құбырын төсеу міндеті келісімшарт негізінде «КазТрансГаз» АҚ-ға жүктелген. Сондай-ақ, жаңа өлшемге сай қолға алынған Қапшағай қалаішілік 22 шақырым аумаққа d530 санатты жоғары қысымды газ құбырын тарту үшін «Қапшағай аймақтық газ желілері» ЖШС мен «ЖетісуОблГаз» ЖШС меморандумға қол қойды.
Газдандыру жобасы аясында шалғай ауылдарды да көгілдір отынмен қамту көзделіп отыр. Бүгінгі таңда құны 1,94 млрд. теңге болатын Еңбекшіқазақ және Панфилов аудандарының шалғай елді мекендерін газдандыру (Қазақстан – Қытай газ құбыры арқылы) мақсатында салынатын Бәйдібек би, Шелек, Жаркент газ қабылдау, бөлу пункттерінің құрылыс жобасының сметалық құжаттамасы дайындалды. Осыған орай облыстық әкімдік, «КазТрансГаз» АҚ және «PL Cоnstruction» ЖШС арасында үшжақты меморандумға қол қойды. Бұл жобаның сметалық құжатын «PL Cоnstruction» ЖШС дайындау үстінде. Жоба жүзеге асқаннан кейін осыған дейін шалғай елді мекендерді газбен қамтамасыз етіп келген «ЖетісуОблГаз» өз міндетін бұдан былай «КазТрансГаз» инвестициялық компаниясына өткізіп бермекші. Демек, облыс аумағындағы елді мекендерді газдандыру мәселесі осындай жолдармен қарқынды жүргізіліп келеді.
Осы ретте облыс орталығы Талдықорған қаласын газдандыру мақсатындағы жұмыстарға ерекше тоқтала кеткен жөн. Қаланы газбен қамтамасыз ету төрт кезеңге бөлініп орындалады. Алғашқы кезекте «Қаратал» шағын ауданы, Абылай хан, Жансүгіров, Гауһар ана көшелерінің бойындағы, облыстық аурухана, автобекет және орталық базардың маңындағы жеке және көп қабатты тұрғын үйлер, «Талдықорған» индустриялды аймағы мен Оңтүстік өндірістік аймақ газ желісімен қамтылады. Оның жалпы құны 6,3 млрд. теңге, бірінші кезең үстіміздегі жылы іске асады деп күтілуде. Екінші кезекте «Самал», «Жастар», «Мерекелік» шағын аудандары мен Жансүгіров, Желтоқсан, Қабанбай батыр, Чкалов, Белов, Шевченко көшелерінің бойындағы жеке және көп қабатты тұрғын үйлерге газ жеткізіледі. Жалпы құны 8,2 млрд. теңге. Үшінші кезекте Өтенай және «Шығыс» шағын ауданы мен Жансүгіров, Алматы, Тілек Әбжалиев көшесінің тұрғындары көгілдір отынға қол жеткізеді. Жалпы құны 5,75 млрд. теңгені құрап отыр. Төртінші кезекте Қаратал өзенінің бойындағы, Еркін, Көктал ауылдары мен қала маңындағы саяжайларға газ жеткізіледі. Қазір бұл кезеңдегі жұмысқа кететін 4,6 млрд. теңге қаржы Еуропалық банкпен келісімшарт негізінде шешілуде. Қатысты сала мамандарының айтуынша, Талдықорған қаласын газбен қамтамасыз етудің төрт кезеңдік жобасының 1-ші және 4-ші кезеңіне тиісті қаржы мәселесі шешілген. Демек, екі кезеңде газ жеткізіледі деген нысандар жуық арада көгілдір отынның қызығын көреді. Ал қалған екі кезеңге қажетті қаржы көзі қарастырылуда. Қалай болған жағдайда да бір-екі жыл көлемінде облыс орталығы тұтастай табиғи газдың қызығын көретін болады.
Бір қуанарлығы, Есік қаласында облыстық мәслихаттың бірлескен тұрақты комиссиясының көшпелі отырысы өтіп, өңірді сұйытылған табиғи газбен қамтамасыз ету жұмысын жалғастырып, Жетісу жеріндегі инфрақұрылымды дамыта түсу мақсатындағы ұзақмерзімді әрі өзара тиімді ынтымақтастық тағы бір мәрте бекіді. Меморандум шеңберінде автокөліктерді мотор отынымен қамтамасыз ету жайы да айтылды. Демек, алдағы уақытта газбен жүретін көліктер саны біздің өңірде көбейетін болады.